Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-172/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қазанда № 21557 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабының 73) тармақшасына, "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.10.2022 № ҚР ДСМ-117 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің міндеттерін атқарушы
А. Ғиният

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндеттерін атқарушы
2020 жылғы 30 қазаны
№ ҚР ДСМ-172/2020 бұйрығына
қосымша

Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамдарды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден өткізу қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабының 73) тармақшасына, "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағына сәйкес;

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.10.2022 № ҚР ДСМ-117 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидалар көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден (бұдан әрі – медициналық қарап-тексеру), механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу (бұдан әрі- жүргізушіні қайта медициналық қарап тексеруден өткізу) тәртібін айқындайды.

      3. Үміткерді медициналық қарап-тексеру және жүргізушіге қайта медициналық қарап-тексеру (бұдан әрі – Үміткерлер) кәсіптік жарамдылық сараптамасын жүргізу жөніндегі медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық денсаулық сақтау ұйымдарында (бұдан әрі – медициналық ұйымдар) өткізіледі.

2-тарау. Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткерді медициналық қарап -тексеруден өткізу тәртібі

1-параграф. Медициналық қарап-тексеруден өткізу тәртібі

      4. Үміткерді медициналық қарап-тексеруден өткізу үшін медициналық ұйымдарда тұрақты жұмыс істейтін медициналық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.

      5. Комиссия құрамын медициналық ұйымның басшысы бекітеді. Комиссияның құрамына: учаскелік дәрігер және (немесе) жалпы дәрігерлік практика дәрігері, психиатр, офтальмолог және отоларинголог енгізіледі. Медициналық комиссияның штатында көрсетілген мамандар болмаған кезде комиссияның құрамына медициналық ұйымдар басшыларының келісімі бойынша тиісті бейіндегі мамандар енгізіледі.

      Комиссияның төрағасы болып медициналық ұйым басшысының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары тағайындалады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Үміткерлерді медициналық қарап-тексеру осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген терапевтің, психобелсенді заттарды пайдалану тұрғысынан биологиялық ортаны зерттеуді қамтиды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 11.05.2021 № ҚР ДСМ -38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Үміткерлерді медициналық тексеру деректері Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілетін нысан бойынша амбулаториялық пациенттің медициналық картасына енгізіледі, онда денсаулық жағдайы туралы деректер көрсетіледі.

      8. Зерттеу нәтижелері бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрған (немесе тұрмаған) адамдарды және организмінде психикаға белсенді әсер ететін заттар алмасу өнімдері бар адамдарды басқаруға жіберу туралы мәселені қайта медициналық қарап-тексеру мерзімін кемінде бір жылдан кейін міндетті түрде көрсете отырып, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдардың дәрігерлік-консультациялық комиссиялары шешеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Үміткерлердің басқаруға жарамдылығы туралы қорытындыны әрбір маман өзінің бейіні бойынша жеке ұсынады.

      10. Көлік құралын басқаруға жарамды деп танылған адамдарға Анықтама беріледі.

      Көзілдірікпен басқаруға жарамды деп танылған адамдарға анықтамада "Қорытынды" деген сөзден кейін "Көзілдірік міндетті" деген белгі жасалады.

2-параграф. Қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу тәртібі

      11. Қайта медициналық-тексеру өткізу мынадай адамдардың контингенті үшін жүргізіледі:

      1) жолаушыларды және қауіпті жүктерді тасымалдауды орындайтын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;

      2) алпыс бес жасқа толған механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;

      3) мүгедектігі бар жүргізушілер;

      4) механикалық көлік құралдарын мас күйінде басқарғаны үшін немесе механикалық көлік құралын басқаруды осындай күйдегі адамға бергені үшін немесе жүргізушінің мас күйінде болуын анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден жалтарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған адамдар жатады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 02.05.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Жүргізушілердің қайта медициналық-тексеруден өту мерзімі "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 5-тармағында көзделген.

3-тарау. Көлік құралын басқаруға рұқсат беру туралы анықтама беру тәртібі

      13. "Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметті беруші көрсетеді.

      14. Мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсыну тәсілдерін, мерзімін, нысанын және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін қамтитын "Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) келтірілген.

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды жаңартады және денсаулық сақтау субъектілеріне, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторына және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 02.05.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Құжаттарды қабылдау көрсетілетін қызметті беруші (медициналық ұйымдар) арқылы жүзеге асырылады, ал мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

      Өтінімді электрондық түрде берген кезде жеке басты куәландыратын құжат туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші порталда тіркелген пайдаланушының ұялы байланыс абоненттік нөмірі арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімімен порталдың хабарламасына жауап ретінде бір реттік пароль беру немесе қысқа мәтіндік хабарлама жіберу жолымен іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен алады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық форматта алу үшін көрсетілетін қызметті алушы порталда электрондық-цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға сұрау салуды қалыптастырады.

      Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының "Жеке кабинетіне" электрондық құжат нысанында жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы Тізбенің 8-тармағында көзделген құжаттарды берген кезде "Жеке кабинетке" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ қол қойылған электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру күнінің белгіленуі туралы хабарлама не электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы Тізбенің 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық пакетін ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттар, анық емес мәліметтерді ұсынған жағдайларда, көрсетілетін қызметті беруші Тізбенің 9-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту түрінде бас тартады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 02.05.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15-1. Дербес медициналық деректерді шет мемлекеттердің аумағына трансшекаралық беру "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, көрсетілетін қызметті алушының келісімімен осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. Қағида 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.10.2022 № ҚР ДСМ-117 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін мынадай негіздер:

      1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтауы;

      2) көрсетілетін қызметті алушының Тізбенің 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық пакетін ұсынбауы және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынуы;

      3) Қағидаларға сәйкес медициналық қарап-тексерудің теріс қорытындысы;

      4) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ұсынылатын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімі болмауы.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту көрсетілетін қызметті беруші басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның қолы қойылған, бас тарту негізі көрсетілген хатпен ресімделеді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 02.05.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      18. Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасының, Алматы, Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының, облыстардың, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.

4-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      Ескерту. 4-тарау жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына беріледі.

      20. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 2) тармағына сәйкес тікелей мемлекеттік қызметті көрсететін көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      21. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Портал арқылы жүгінген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының телефоны бойынша алуға болады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды сотқа дейінгі тәртіппен қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті берушіге беріледі.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағым жібермеуге құқылы.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

  "Көлік құралдарын басқару
құқығын алуға үміткер адамды
медициналық қарап-тексеруден,
механикалық көлік құралдары
жүргізушісін қайта
медициналық қарап-тексеруден
өткізу қағидаларын бекіту
туралы" қағидаларына
1-қосымша

"Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 02.05.2024 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

"Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметі

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Медициналық ұйымдар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші)

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ұсыну тәсілдері

портал

3

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің мерзімі

портал арқылы – құжатты тапсырған сәттен бастап 30 (отыз) минуттан аспайды.

4

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нысаны

Электрондық (толық автоматтандырылған)

5

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі

"Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 073/е нысаны бойынша берілген көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы медициналық анықтама не осы Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

6

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Ақылы негізде, мемлекеттік қызмет көрсету құны "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 202-бабына сәйкес айқындалады.

7

Көрсетілетін қызметті берушінің және ақпарат объектілерінің жұмыс графигі

1) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес сенбі, жексенбі және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Бұл ретте әрбір көрсетілетін қызметті беруші жұмыс берушімен Еңбек кодексінің 63-бабына сәйкес еңбек тәртібі қағидаларына сәйкес жұмыс режимін бекітеді;
2) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

электрондық сұрау салу нысанындағы өтініш.
Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

9

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер

1) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықтауы;
2) көрсетілетін қызметті алушының осы мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық пакетін ұсынбауы және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынуы;
3) Қағидаларға сәйкес медициналық қарап-тексерудің теріс қорытындысы;
4) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ұсынылатын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.

10

Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қойылатын өзге де талаптар

073/е нысанындағы медициналық анықтаманы беру медициналық ақпараттық жүйеге енгізу және дәрігердің қол қойылған ЭЦҚ арқылы ғана электрондық форматта жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ болған жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.
Портал арқылы толық пакетті қалыптастыру үшін көрсетілетін қызметті алушы көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы медициналық анықтамасын электрондық форматта қалыптастыру үшін медициналық мекемеде медициналық қарап-тексеруден өтуі қажет.
Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін пандус, шақыру түймесі, күту залы, құжаттар үлгілері бар тағандар болуы тиіс.
Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушінің анықтамалық қызметтерінде, сондай-ақ "1414", 8-800-080-7777 Бірыңғай байланыс орталығында мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

  "Көлік құралдарын басқару
құқығын алуға үміткер адамды
медициналық қарап-тексеруден,
механикалық көлік құралдары
жүргізушісін қайта
медициналық қарап-тексеруден
өткізу қағидаларын бекіту
туралы" қағидаларына
2-қосымша

      Ескерту. Қағида 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.10.2022 № ҚР ДСМ-117 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Көрсетілетін қызметті алушының дербес медициналық деректерді трансшекаралық беруге келісімі

      Мен __________________________________ қол жеткізуге келісім беремін Тегі, Аты, Әкесінің аты (бар болса) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-172/2020 "Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамдарды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21557 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Заңының 8-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін қызметтер:

      1) дербес деректерді үшінші тұлғаларға беру;

      2) дербес деректерді өңдеу процесінде оларды трансшекаралық беруді қамтиды;

      3) дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде таратуды қамтиды.

      Ұсынылатын құжаттардың дұрыстығын растау үшін талап етілетін өзге де мәліметтерді қамтитын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісемін.

      Осы Келісім Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін алғанға дейін барлық кезең ішінде қолданылады.

      Қолы _________________________________ тегі, аты, әкесінің аты (бар болса))

      "___" ___________20 ____ жылғы "___" _________

  бұйрыққа
2-қосымша

Денсаулық сақтау саласындағы кейбір күші жойылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1) "Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 20 наурыздағы № 166 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8437 болып тіркелген, 2013 жылғы 20 желтоқсанда №190 (2565) "Заң газетінде" жарияланған);

      2) "Көлік құралдарын басқару құқықтарын алуға үміткер адамдарға медициналық тексеріп-қараулар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 20 наурыздағы № 166 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2014 жылғы 26 маусымдағы № 350 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9619 болып тіркелген, 2014 жылғы 6 тамызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      3) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 19 шілдедегі № ҚР ДСМ-106 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізімінде № 19072 болып тіркелген, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 22 шілдеде жарияланған) 1-тармағының 1) тармақшасы.