Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 қазандағы № ҚР ДСМ-147/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 қазанда № 21511 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Кіріспе жаңа редакцияда көзделген – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 26.04.2024 № 31 (23.10.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 7-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 22 қазаны
№ ҚР ДСМ-147/2020
бұйрығымен
бекітілген

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қағида жаңа редакцияда көзделген – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 26.04.2024 № 31 (23.10.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) анықтау, оларды есепке алу және талдау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) емделіп шыққан жағдай – пациентке емделуге түскен сәттен бастап емделіп шыққанға дейін стационарлық және (немесе) стационарды алмастыратын жағдайларда, ал амбулаториялық жағдайда – медициналық қызметке (көмекке) жүгінген сәттен бастап емдеу аяқталғанға дейін медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

      2) медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) – денсаулық сақтау субъектілерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту және паллиативтік бағыты бар іс-қимылы;

      3) медициналық оқыс оқиға – Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетумен және технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдаланумен байланысты, организмнің қалыпты жұмыс істеуінің ауытқуынан туындайтын, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі, сондай-ақ пациенттің қайтыс болуына алып келуі мүмкін оқиға.

      4) пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі (бұдан әрі – Қызмет)- медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі.

2-тарау. Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау тәртібі

      3. Медициналық оқыс оқиғаның болуы туралы куәландыратын жағдай (оқиға) мынадай деңгейде айқындалады:

      1) медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасына ішкі сараптама жүргізу шеңберінде медициналық ұйым:

      медицина қызметкері (дәрігер, орта медицина қызметкері);

      құрылымдық бөлімшенің басшысы (бар болған жағдайда);

      емдеу-профилактикалық жұмыс бойынша мәселелерге жетекшілік ететін басшының орынбасары (бар болған жағдайда);

      медициналық ұйымның басшысы.

      2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган (бұдан әрі – мемлекеттік орган):

      Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізілетін медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау шеңберінде бақылау субъектісінің қызметін тексеруді (профилактикалық бақылауды) жүзеге асыратын мемлекеттік органның өкілі.

      4. Медициналық ұйымдағы медициналық оқыс оқиға жағдайы (оқиға) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдардың медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасына ішкі сараптама шеңберінде өзін-өзі бағалау жүргізу кезінде айқындалады.

      Өзін-өзі бағалау айына бір рет медициналық ұйым дербес қалыптастыратын кестеге сәйкес емделген жағдайларды талдау арқылы жүргізіледі.

      Медициналық оқыс оқиға жағдайын (оқиғасын) айқындаған кезде ақпарат анықталған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде мән-жайлар мен себептерді көрсете отырып, Қызметке жіберіледі.

      5. Қызмет 5 (бес) жұмыс күні ішінде медициналық оқыс оқиға жағдайлары (оқиғалары) туралы анықтаманы (жиынтық ақпаратты) қалыптастырады және медициналық ұйымның басшысына жібереді.

      Медициналық ұйымның басшысы анықтаманы (жиынтық ақпаратты) мақұлдағаннан кейін Қызмет 3 (үш) жұмыс күні ішінде медициналық оқыс оқиға жағдайлары (оқиғалары) туралы ақпаратты денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымға (бұдан әрі – ұйым) жібереді.

      6. Ұйым медициналық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларын) айқындаған мемлекеттік орган не мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері ұсынған ақпараттың негізінде медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларын) есепке алуды жүргізеді.

      7. Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларын) есепке алу кезінде оқиға, медициналық оқыс оқиғаның себептері, емделіп шығу жағдайының сипаты, оның ішінде пациенттің анамнезі (өмірі, ауруы) көрсетіледі; медициналық ұйымның атауы көрсетілмейді.

      Ақпарат талдау үшін ұйымның ресми сайтында орналастырылады, оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, мемлекеттік орган, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы салаларындағы мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.

      Медициналық оқыс оқиғаны талдау нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету кезінде медициналық оқыс оқиғаның қайталама (ұқсас) жағдайларын (оқиғаларын) жою және болдырмау жөніндегі шаралар әзірленеді, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқықтық актілер өзектендіріледі.