Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 22 қазандағы № ҚР ДСМ-147/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 қазанда № 21511 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 26.04.2024 № 31 (23.10.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса берілген Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 22 қазаны
№ ҚР ДСМ-147/2020
бұйрығымен
бекітілген

Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 26.04.2024 № 31 (23.10.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ереже

      1. Осы медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) денсаулық сақтау саласындағы стандарт (бұдан әрі - стандарт) –медициналық, фармацевтикалық қызмет, денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, цифрлық денсаулық сақтау аясында денсаулық сақтау саласындағы стандарттауды қамтамасыз ету үшін қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) медициналық көрсетілетін қызметтер – денсаулық сақтау субъектілерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту немесе паллиативтік бағыты бар іс-қимылдары;

      5) медициналық оқыс оқиға – Қазақстан Республиканың әкімшілік және қылмыстық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетуге және технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдалануға байланысты, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі, сондай-ақ пациенттің өліміне алып келуі мүмкін организмнің қалыпты жұмыс істеуінен ауытқуға негізделген оқиға;

      6) пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі (бұдан әрі – Қызмет) –медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі.

2-тарау. Медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау тәртібі

      3. Медициналық көмек көрсету кезіндегі медициналық оқыс оқиғаларға:

      талапқа сай тағайындалған және дұрыс қолданылған дәрілік затқа пайда болған патологиялық реакциямен шартталған анафилактикалық шок (Т88. 6);

      талапқа сай тағайындалған және дұрыс қолданылған дәрілік затқа аллергиялық реакция (Т88. 7);

      хирургиялық және терапиялық араласулардан туындаған қолайсыз реакция (T88. 9);

      операциядан кейінгі жай-күй кезінде асқынбаған жағдайлар бойынша медициналық көмекке жүгіну (Z43, Z 44, Z93);

      жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі уақытта хирургиялық емшаралардың асқынулары (O00-O99);

      дәрі құюмен, трансфузиямен және емдік инъекциямен байланысты асқынулар (Т80);

      ортопедиялық құрылғылармен, имплантаттармен және трансплантаттармен шарттасатын асқынулар (Т82-85);

      дәрілік заттар мен дәрі-дәрмектермен шарттасатын дерматит (L23.3, L24.4, L25.1, L27. 0-027. 1);

      ауыстырылып салынған ағзалар мен тіндерді қабылдамауы (Т86);

      дәрілік заттар мен химиялық заттармен улану мен уытты әсері (T36-T65);

      жүрек пен тамырлардың протездік қондырғылармен имплантаттары мен трансплантаттармен байланысты асқынулар (Т82);

      несеп-жыныс протездік қондырғылармен, имплантаттары мен трансплантаттарымен байланысты асқынулар (Т83);

      ішкі ортопедиялық протездік қондырғылармен, имплантаттармен және трансплантаттармен байланысты асқынулар (Т84);

      ауыстырылып салынған ағзалар мен тіндердің өлуі және қабылдамауы (Т86);

      ортопедиялық имплантты, буын протезін немесе сүйек пластинкасын ендіруден кейінгі сынуы (М96.6);

      пациент пен дәрілік зат арасындағы үйлеспеуі;

      пациент пен медициналық бұйым арасындағы үйлеспеуі;

      сәйкестендірілмеген медициналық бұйым немесе оны пайдаланумен байланысты проблемалары;

      медициналық бұйымды пайдалану кезінде сұйықтықты немесе газды беру немесе алу проблемасы;

      медициналық бұйымның пациентке күтпеген механикалық әсері жатады.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес 10-шы қайта қаралған Аурулардың халықаралық жіктемесінің (бұдан әрі - АХЖ-10) кодтары бойынша медициналық оқыс оқиға осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген тұлғаларға медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына ішкі сараптама шеңберінде өзін-өзі бағалау жүргізу кезінде айқындалады.

      Өзін-өзі бағалау айына бір рет медициналық ұйым дербес қалыптастыратын кестеге сәйкес емделген жағдайларды талдау арқылы жүргізіледі.

      5. Медицина қызметкері (орта медицина қызметкері, дәрігер, құрылымдық бөлімшенің басшысы) медициналық оқыс оқиғаны айқындау кезінде ақпаратты анықталған сәттен бастап тәулік ішінде мән-жайлар мен себептерді көрсете отырып, Қызметке жібереді.

      Медициналық оқыс оқиғаны уақтылы анықтаған және ол туралы хабардар еткені үшін медициналық ұйымның басшысы қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып, медицина қызметкерлерін қосымша материалдық ынталандыруды белгілейді.

      6. Қызмет 5 (бес) жұмыс күні ішінде медициналық оқыс оқиға туралы анықтаманы (жиынтық ақпаратты) қалыптастырады.

      Медициналық ұйымның басшысы анықтаманы (жиынтық ақпаратты) мақұлдағаннан кейін Қызмет 3 (үш) жұмыс күні ішінде медициналық оқыс оқиға туралы ақпаратты денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымына (бұдан әрі – Ұйым) жібереді.

      7. Медициналық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде медициналық оқыс оқиғаларын айқындаған медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар не олардың аумақтық бөлімшелері ұсынған ақпараттың негізінде медициналық оқыс оқиғаны есепке алуды Ұйым жүргізеді.

      8. Медициналық оқыс оқиғаларды есепке алу кезінде оқиға, медициналық оқыс оқиғаның себептері, жағдайдың сипаты, оның ішінде пациенттің анамнезі (өмірі, ауруы) көрсетіледі; медициналық ұйымның атауы көрсетілмейді.

      9. Медициналық оқыс оқиғаның басталу фактілерін талдау медициналық ұйымның ішкі аудиті, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналым саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, сондай-ақ уәкілетті орган арқылы жүзеге асырылады.

      10. Медициналық оқыс оқиғаны талдау нәтижелері бойынша медициналық қызметтер көрсету кезінде медициналық оқыс оқиғаның қайталама жағдайларын жою және болдырмау жөніндегі шаралар әзірленеді, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқықтық актілер өзектілендіріледі.