Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 19 қазандағы № 101 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 қазанда № 21508 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      2020 жылғы____________________

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Басқармасының
2020 жылғы 19 қазаны
№ 101 қаулысымен
бекітілді

Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне, "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі − Инвестициялық қорлар туралы заң) 20-бабының 7-тармағына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі − Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.09.2021 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қағидалар инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу шарттары мен тәртібін белгілейді.

      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) басқарушы компания, көрсетілетін қызметті алушы – уәкілетті орган берген лицензия негізінде инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;

      2) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – "Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметі;

      3) пай – инвестициялық пай қорындағы оның иесінің үлесін, инвестициялық пай қоры жұмыс істеуін тоқтатқан кезде оның активтерін және (немесе) Инвестициялық қорлар туралы заңда белгіленген жағдайда өзге де мүлікті өткізуден алынған ақшаны алу құқығын, сондай-ақ Инвестициялық қорлар туралы заңда айқындалған инвестициялық пай қоры қызметінің ерекшеліктеріне байланысты өзге де құқықтарды растайтын, шығарылымы құжатталмаған нысандағы атаулы эмиссиялық бағалы қағаз;

      4) портал – "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы;

      5) өтініш – инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін өтініш;

      6) уәкілетті орган – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.

2-тарау. Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу шарттары мен тәртібі

      4. Басқарушы компания инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін уәкілетті органға Инвестициялық қорлар туралы заңның 20-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.

      5. Басқарушы компания талап етілетін құжаттармен қоса инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін өтінішті уәкілетті органға портал арқылы электрондық түрде береді.

      Уәкілетті орган мемлекеттік қызметті Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес көрсетеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.09.2021 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Көрсетілетін қызметті берушінің хат-хабарларды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті қызметкері өтініш келіп түскен күні оны қабылдауды, тіркеуді және мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты бөлімшеге (бұдан әрі – жауапты бөлімше) орындауға жіберуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушының өтініші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері келіп түскен кезде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құжаттарды қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      7. Жауапты бөлімшенің қызметкері өтініш тіркеген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда жауапты бөлімшенің қызметкері көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша дәлелді бас тартуды дайындайды және көрсетілетін қызметті алушыға жібереді.

      8. Ұсынылған құжаттардың толық болу және (немесе) қолданыс мерзімінің аяқталмау фактісі анықталған жағдайда жауапты бөлімшенің қызметкері 10 (он) жұмыс күні ішінде құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды және пайлардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы хаттың жобасын дайындайды.

      Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешімі, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарланған күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші куәлік не мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту береді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.09.2021 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы ақпарат мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингтеу ақпараттық жүйесінде ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгіленген тәртіпке сәйкес автоматты режимде жаңартылады.

      Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы ақпаратты мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингтеу ақпараттық жүйесіне ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен енгізуді қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті мәліметтер қамтылған ақпараттық жүйеде іркіліс болған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші 1 жұмыс күні ішінде "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына (Оператор) бірыңғай қолдау қызметіне sd@nіtec.kz электрондық пошта бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы, өтініштің әкімшілік құжатының нөмірі және коды (ӘҚНЖК) немесе өтініштің бірегей сәйкестендіру нөмірі (ӨБСН), әкімшілік құжатының нөмірі және коды (ӘҚНЖК) немесе рұқсат беру құжатының бірегей сәйкестендіру нөмірі (РҚБСН), көрсетілетін қызметті алушының жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН) жөніндегі ақпаратты міндетті түрде ұсынумен авторизациялау сәтінен бастап қатенің дәл уақытын көрсетіп қате туындаған сәтке дейінгі қадамдар бойынша скриншоттарды қоса бере отырып, сұрату жіберу арқылы хабарлайды.

      10. Басқарушы компания инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган басқарушы компанияның "жеке кабинетіне" электрондық құжат нысанында Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті және инвестициялық пай қорының қағидаларын жібереді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.09.2021 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеуден бас тартады:

      1) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      2) инвестициялық пай қорының қағидаларында, оларға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларда және келісуге ұсынылған өзге де құжаттарда қайшы келетін немесе анық емес мәліметтердің болуы;

      3) басқарушы компанияның қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      12. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шағымды уәкілетті органның жоғары лауазымды адамы, мемлекеттік көрсетілетін қызметті бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган қарайды.

      Шағым көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті берушінің лауазымды адамына беріледі.

      Егер Инвестициялық қорлар туралы заңда, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгіну сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.09.2021 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Уәкілетті органның басшысына жіберілетін шағымда заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі және күні көрсетіледі.

      Шағымды қабылдаған уәкілетті орган қызметкерінің тегі мен аты-жөнін, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орнын көрсете отырып, уәкілетті органның кеңсесінде оны тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) уәкілетті орган басшысының шағымның қабылданғанын растау болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шағым тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралады.

      Портал арқылы өтініш берген жағдайда шағымдану тәртібі туралы ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының 8-800-080-7777 немесе 1414 телефоны арқылы алуға болады.

      Шағым портал арқылы жіберілген жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінен" шағым туралы ақпарат қолжетімді болады, ол уәкілетті органның шағымды өңдеу (жеткізу, тіркеу, орындалуы туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) барысында жаңартылып отырады.

  Инвестициялық пай қоры
пайларының шығарылымын
мемлекеттік тіркеу
қағидаларына 1-қосымша

"Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.09.2021 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – уәкілетті орган)

2.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

"Электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал).

3.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімі

15 (он бес) жұмыс күні

4.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің нысаны

Электрондық (толық автоматтандырылған).

5.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі

Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті және инвестициялық қордың қағидаларын не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген негіздер бойынша беру.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық.

6.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан өндіріп алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны өндіріп алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет ақысыз көрсетіледі.

7.

Жұмыс кестесі

1) порталдың – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты болатын техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш жасаған кезде Кодекске сәйкес өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін жіберу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады);
2) уәкілетті органның – Кодекске сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен дүйсенбі - жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.

8.

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

1) көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған, электрондық құжат нысанындағы өтініш;
2) басқарушы компанияның жарғысына сәйкес оның директорлар кеңесі немесе акционерлерінің жалпы жиналысы (барлық дауыс беретін акцияларды иеленуші жалғыз акционері) қабылдаған инвестициялық пай қорын құру туралы шешімнің көшірмесі (электрондық құжат нысанында);
3) басқарушы компанияның жарғысына сәйкес оның директорлар кеңесі немесе акционерлерінің жалпы жиналысы (дауыс беретін барлық акцияларды иеленуші жалғыз акционері) бекіткен инвестициялық пай қорының қағидалары (электрондық құжат нысанында);
4) егер көрсетілген құжаттар бұрын уәкілетті органмен келісілмеген болса, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін басқарушы компания қызметінің талаптары мен тәртібін, басқарушы компания құрылымдық бөлімшелерінің және қызметкерлерінің инвестициялық пай қорын құру, қамтамасыз ету, оның жұмыс істеуі және жұмысын тоқтату бойынша қызметін регламенттейтін ішкі құжаттары (электрондық құжат нысанында).
Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді уәкілетті орган "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

9.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту негіздері

1) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
2) инвестициялық пай қорының қағидаларында, оларға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларда және келісуге ұсынылған өзге де құжаттарда қайшы келетін немесе анық емес мәліметтердің болуы;
3) басқарушы компанияның қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

10.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге талаптар

Мемлекеттік қызметтер көрсету орындарының мекенжайлары және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында және порталда орналастырылған.
Көрсетілетін қызметті алушының порталдағы "жеке кабинеті" арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі жөніндегі бірыңғай байланыс орталығынан мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Порталда іркіліс не техникалық ақаулар анықталған жағдайда Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығына жүгіну қажет.
Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 8-800-080-7777 немесе 1414.

  Инвестициялық пай қоры
пайларының шығарылымын
мемлекеттік тіркеу
қағидаларына 2-қосымша

Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.09.2021 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

20__ жылғы "___" _________

Алматы қаласы

      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

      _________________________________________________

      _________________________________________________

      _________________________________________________________________________

      (инвестициялық пай қорының толық атауы және орналасқан жері)

      _________________________________________________________________ құрылған

      __________________________________________________________________________

      (басқарушы компанияның атауы)

      пайлар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүргізді.

      Осы шығарылым пайларына халықаралық сәйкестендіру нөмірі (ІSІN коды)

      __________________________________________________________________ берілді.

      Пайлар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ауыстыру себебі (пайлар

      шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ауыстырған жағдайда

      толтырылады):

      __________________________________________________________________________

      __________________________________________________________________________

      Уәкілетті адам __________________________ _____________________

      (қолтаңбасы немесе ЭЦҚ)             (тегі, инициалдары)

      Мөрдің орны (қағаз нысан үшін)