ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі
"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармағының 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы 2020 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
2020 жылғы "___" "_____________"
Бекітілген |
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы заң) және "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына арналған тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 76 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16933 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.
2. Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағыналарында пайдаланылады.
Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары (бұдан әрі – қор) дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);
2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) – қорды қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері;
3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару) – қордың КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жүргізетін операцияларға қатысты);
4) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;
5) іскерлік қатынастар – қордың клиентке зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметке жататын қызметтер ұсынуы бойынша қатынастар.
3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) қарсы іс-қимыл мақсатында ұйым ішкі бақылауды:
1) қордың КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;
2) қордың ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;
3) қорды, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.
4. Қорда КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде қордың ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.
Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, қор оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар қордың ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.
2-тарау. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы
5. Қорда қордың ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен қордағы ішкі бақылау қағидаларының сақталуын мониторингтеуді жүзеге асыруға жауапты жоғары білімі, қордың қызметін ұсынуға байланысты бөлімше басшысының лауазымында кемінде бір жыл жұмыс өтілі не КЖ/ТҚҚ саласында кемінде екі жыл жұмыс өтілі не қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну және (немесе) реттеу саласында кемінде үш жыл жұмыс өтілі және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мінсіз іскерлік беделі бар лауазымды тұлға (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады, сондай-ақ құзыретіне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін қор бөлімшесінің (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше) қызметкерлері айқындалады.
6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;
2) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) болуына нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;
3) Тізбеден клиент туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларын қолдануды тоқтату тәртібі;
4) қор қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, қордың басқару органының және (немесе) атқарушы органының өздеріне белгілі болған, қор қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;
5) қорды (қордың бас ұйымын) бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сипаттау (бар болса).
7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функциялары мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) әзірленген және қордың атқарушы органымен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың), сондай-ақ қорда олардың сақталуына мониторингтің болуын қамтамасыз ету;
2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламалар ұсыну және олардың ұсынылуын бақылауды ұйымдастыру;
3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және қордың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;
4) уәкілетті органды анықталған клиентер мен нысаналы қаржылық санкциялар қолдану бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар ету;
5) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) шарттарда көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттердің операциялар жүргізуден бас тарту туралы шешімдер қабылдау не келісу;
6) қордың басқару органына және (немесе) атқарушы органына КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) қордың ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастарды орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін сұратулар жіберу;
7) қордың басқару органын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы қордың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен хабардар ету;
8) қордың басқару органына есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және тәуекелдері басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөніндегі ұсынылып отырған шаралар туралы ақпаратты дайындау.
8. Жауапты қызметкерге және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлеріне жүктелген функцияларды орындау үшін мынадай:
1) өз функцияларын толық көлемде және қордың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте қордың барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алу;
2) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету;
3) қордың бөлімшелерінен алынатын құжаттар мен файлдардың сақталуын қамтамасыз ету өкілеттіктер беріледі, бірақ олармен шектелмейді.
9. Қордың филиалдарында Талаптардың 7 және 8-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толығымен немесе ішінара жүктелген қызметкерлер бар болса осындай қызметкерлердің қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.
10. Жауапты қызметкердің, КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің, сондай-ақ қордың Талаптардың 7-тармағында көзделген функциялар жүктелген қызметкерлерінің функциялары ішкі аудит қызметінің функцияларымен, сондай-ақ қордың операциялық (ағымдағы) қызметін жүзеге асыратын бөлімшелердің функцияларымен қоса атқарылмайды.
11. Қор КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады.
3- тарау. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы
12. КЖ/ТҚ басқаруды ұйымдастыру мақсатында қор КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.
13. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) қордың КЖ/ТҚ тәуекелдерін оның құрылымдық бөлімшелері бөлінісінде басқаруды ұйымдастыру тәртібі;
2) клиент тәуекелінің деңгейіне;
қор қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне қатысты тәуекелдердің негізгі санаттарын (клиенттің типі, елдік тәуекел және қызметтер/өнімдер тәуекелі бойынша) ескере отырып, КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау әдістемесі;
3) алдын алу іс-шараларының тізбесін, оларды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін, қабылданған шараларға сәйкес нәтижелерді бақылауды көздейтін клиенттердің тәуекелдеріне және қор өнімдерінің (қызметтерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін тұрақты мониторингтеуді, талдауды және бақылауды жүзеге асыру тәртібі;
4) клиенттердің тәуекел деңгейлерін қайта қарау үшін беру тәртібі, мерзімдері мен негіздері.
14. Қор жыл сайынғы негізде кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызмет (өнім) және (немесе) оны ұсыну тәсілінің тәуекелін ескере отырып, қор қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.
Қор қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау клиенттердің операцияларын сәйкестендіру және мониторингтеу рәсімдерін өзгертуді, операцияларды жүргізуге лимиттерді белгілеуді, қызметтерді ұсыну шарттарын өзгертуді, қызметтерді ұсынудан бас тартуды қоса алғанда, анықталған тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қатар жүреді.
15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің типтері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) шетелдік жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және жақын туыстары, олардың өкілдері;
2) қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер, оның ішінде:
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын ұйымдар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
тұтынушылардан қолма-қол ақшаны, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы қабылдауды жүзеге асыратын қызметтерді (қаржылық қызметтен басқа) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірілген өкілдері);
ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде онлайн-казино қызметін көрсететін не одан кіріс алатын тұлғалар;
туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымына байланысты өзге де қызметтерді ұсынатын тұлғалар;
3) инвестициялық портфельді басқарушы брокер-дилерлер (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
4) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
5) қаржы лизингі бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
6) сақтандыру агенттері ретінде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
7) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
8) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;
9) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;
10) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;
11) Талаптардың 16-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
12) сенімхат бойынша олардың өкілдері атынан әрекет ететін зейнетақы төлемдерін алушылар.
16. Қор осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерден клиенттерге қызмет көрсетуге және осындай шет мемлекеттердің қатысуымен ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды жүзеге асыруға байланысты елдік (географиялық) тәуекелді бағалауды жүзеге асырады.
Мыналар өздерімен жасалатын операциялар КЖ/ТҚ тәуекелін ұлғайтатын шет мемлекеттер болып табылады:
1) уәкілетті орган КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);
2) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);
3) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметінің және бағалы қағаздар нарығындағы қызметтің өзге де лицензияланатын түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлардың қызметінің және бағалы қағаздар рыногы ұйымдарының қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" 2002 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысымен бекітілген оффшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар) (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген);
4) қор факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзит деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар) болып табылады.
17. Қордың КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын қызметтері, сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) дербес компьютерлер, телефондар, электрондық терминалдар арқылы қызмет көрсетуді қоса алғанда, клиенттерге қашықтықтан қызмет көрсету;
2) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметтер;
3) қолданыстағы, сондай-ақ енгізілетін өнімдер үшін жаңа және дамушы технологияларды пайдалана отырып беру тетіктерін қамтитын жаңа өнімдер мен іскерлік тәжірибелер.
18. Қор қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау кезінде Талаптардың 15, 16 және 17-тармақтарында көрсетілген тәуекелдер санаттарына және факторларына сәйкес мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, қор тәуекелдің қорытынды дәрежесіне әсер ететін қосымша мәліметтерді ескереді:
1) қордың уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны;
2) қордың уәкілетті органға клиенттердің шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.
19. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде қор Талаптардың 15, 16 және 17-тармақтарында көрсетілген санаттар мен тәуекелдер факторларын, сондай-ақ қор белгілейтін өзге де санаттар мен тәуекелдер факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу жөнінде шаралар қабылдайды.
Қор клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қорда бар клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпаратты талдау нәтижелері бойынша белгілейді және кемінде екі деңгейден тұратын кор әзірлеген тәуекел деңгейін айқындау шкаласы бойынша бағаланады.
Қор клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады).
20. Талаптардың 15, 16 және 17-тармақтарында көрсетілген тәуекел санаттары мен факторларын пайдалана отырып, тәуекелді бағалау клиенттерге (клиенттер топтарына) қатысты операциялар (іскерлік қатынастар) мониторингінің нәтижелері негізінде жүргізіледі.
Тәуекелді бағалау бұрын жүргізілмеген және (немесе) іскерлік қатынастар бұрын орнатылмаған клиенттер (клиенттер топтары) бойынша қор іскерлік қатынастар орнатылғанға дейін алынған деректер негізінде тәуекелді бастапқы бағалауды жүргізеді.
21. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру кезінде қор КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес КЖ/ТҚ тәуекелдері есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.
4-тарау. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы
22. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында қор клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.
Қордың зейнетақы жарналарының салымшысы (оның өкілі), зейнетақы төлемдерін алушы (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және дәйектілігін тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастардың болжанатын мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы Талаптарда көзделген мәліметтерді алу және тіркеу болып табылады.
Қор бенефициарлық меншік иесін анықтау жөніндегі іс-шараларды зейнетақы жарналарының салымшысына қатысты, ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ осындай зейнетақы төлемдерін алушыға қатысты жүргізеді.
Клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты қор жүргізетін іс-шаралар дәрежесі КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің оңайлатылған не күшейтілген шараларын қолданудан көрінеді.
23. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 6-бабының талаптарын ескерумен қор клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін іскерлік қатынастар орнатқанға дейін сәйкестендіру жүргізеді.
24. Талаптардың 23-тармағына сәйкес алынған мәліметтерді қор клиенттің досьесіне енгізеді, ол клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі бойында және олар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл сақталады.
Қор ішкі құжаттарға сәйкес досье жүргізетін клиенттер тобына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:
1) жеке тұлғалар;
2) заңды тұлғалар.
25. Клиентті сәйкестендіру процесінде (бенефициарлық меншік иесін анықтау) қор мұндай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) Тізбеде болуына тексеру жүргізеді.
Шетелдіктерге, олар бойынша қорда шет мемлекеті азаматтығының болуы туралы мәліметтер бар өзге де адамдарға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қор клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) процесінде мұндай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) шетелдік жария лауазымды адамға жататынына тексеру жүргізеді.
Көші-қон карточкалары туралы мәліметтер Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты талап етілмейді.
Клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің ЖҚҚТҚ бойынша Тізбеде (Тізбеге енгізу) болуын тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге өзгерістер енгізілуіне (Тізбенің жаңартылуына) қарай жүзеге асырылады.
26. Клиент (оның өкілі) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында ұсынылатын құжаттар олардың түпнұсқалығына тексеріледі.
27. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:
1) іскерлік қатынастар орнату және (немесе) операциялар жүргізу, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату тәртібін және олардан бас тарту негіздемелерін қоса алғанда, клиенттер қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;
2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шаралары;
3) қор қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылданатын жеке тұлғалардың арасынан шетелдік жария лауазымды адамдарды анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;
4) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде болуын тексеру тәртібі;
5) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;
6) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін қордың бас ұйымы (бар болса) белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды орындау аясында сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтермен алмасу ерекшеліктері;
7) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтерді алу мақсатында басқа ұйымдармен өзара іс-әрекеттесу ерекшеліктері;
8) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;
9) клиенттің досьесін жүргізу нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптар, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартулар;
10) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, мұндай тәуекелді бағалау негіздері.
5-бөлім. Клиенттер операцияларының мониторингі және оны зерделеу бағдарламасы
28. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша, сондай-ақ шекті және күдікті операцияларды анықтау және уәкілетті органға жіберу бойынша талаптарды іске асыру мақсатында қор клиенттер операцияларының мониторингі және оны зерделеу бағдарламасын әзірлейді.
29. Клиенттер операцияларының мониторингі және оны зерделеу бағдарламасы аясында қор клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді алу және (немесе) жаңарту бойынша, сондай-ақ клиенттерді зерделеу және шекті, күрделі, әдеттегіден тыс және күдікті операцияларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.
Қор клиенттер операцияларының мониторингін және оларды зерделеу нәтижелерін қор қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне бейімділігі дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттер тәуекелдерінің деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.
Клиенттер операцияларының мониторингі және оны зерттеп-зерделеу бағдарламасы аясында алынған мәліметтер Талаптардың 24 тармағында көзделген клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) клиенттермен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі бойында және олар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл қорда сақталады.
30. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді алу және (немесе) жаңарту кезеңділігін қор клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын қор қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне бейімділігі дәрежесін ескерумен белгілейді.
Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
31. Клиенттің операцияларын зерделеу дәрежесін қор клиенттер (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін ескерумен, сондай-ақ қорда қолда бар КЖ/ТҚ сценарийлерін (схемаларын) және (немесе) күрделі, әдеттегіден тыс, күдікті операциялар белгілерін ескерумен айқындайды.
Клиентке жоғары тәуекел деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операциялар жасаған жағдайда қор клиент белгілі бір уақыт кезеңінде жүргізетін (жүргізген) операцияларды зерттеп, зерделейді.
32. Клиенттер операцияларының мониторингі және оны зерделеу бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, күдікті операцияларды анықтау белгілерінің негізінде жасалған, сондай-ақ қор дербес әзірлеген күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;
2) қор бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту және (немесе) қосымша мәліметтер алу бойынша міндеттерді Талаптарда көзделген жағдайларда бөлу;
3) қор бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында шекті, күрделі, әдеттегіден тыс, күдікті операцияларды анықтау бойынша міндеттерді бөлу және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында беру;
4) жауапты қызметкердің клиент операциясының біліктілігі туралы шешім қабылдау тәртібі, негіздері және мерзімі;
5) күрделі, әдеттегіден тыс операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар (оның ішінде, операцияның сомасы) туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) тәртібі;
6) клиент жүйелі түрде және (немесе) айтарлықтай көлемде әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүзеге асырған жағдайда клиентке және оның операцияларына қатысты шаралар қабылдау тәртібі және қабылданатын шаралардың сипаты.
33. Операцияны шекті ретінде жіктеудің заңдылығы бөлігінде күмән туындаған, сондай-ақ әдеттегіден тыс немесе күдікті операция анықталған жағдайда, көрсетілген операцияны анықтаған қор қызметкері қордың ішкі құжаттарында белгіленген тәртіпте, нысанда және мерзімде жауапты қызметкерге (КЖ/ТҚК жөніндегі бөлімшеге) мұндай операция туралы хабарлама жолдайды.
Бір хабарламада бірнеше операция туралы ақпарат болады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламалар, сондай-ақ оларды зерделеу нәтижелерін қор клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл сақтайды.
6-бөлім. Қор қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы
34. Қор қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты қор қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және өзге де ішкі құжаттардың талаптарын орындау үшін қажетті білім алуы және дағдыларды қалыптастыруы болып табылады.
35. Оқыту бағдарламасына:
1) оқыту тақырыптарын, өткізу әдістерін, мерзімдерін және оқытуды өткізуге жауапты бөлімшені қамтитын қызметкерлерді оқыту тәртібі;
2) қызметкерлері оқытудан өтетін қор бөлімшелерінің тізбесі;
3) оқыту нәтижелерін сақтау тәртібі мен нысандары;
4) қызметкерлердің КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша білімдерін тексеру тәртібі мен нысандары енгізіледі.
36. Оқытуды өткізудің нысандары мен мерзімділігін қор КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен қызметкерлерді даярлау және оқыту бойынша қаржы мониторингі субъектілеріне қойылатын талаптарды ескерумен белгілейді.