ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі
"Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 8- тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған қаржы мониторингі субъектілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы даярлау және оқыту бойынша қойылатын талаптар осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 533 "Қаржы мониторингі субъектілерін жұмыскерлерді даярлау және оқыту бойынша қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік Тізімінде № 10001 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылдың 23 қаңтарында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті заңнамада бекітілген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақмашаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсыну.
4. Осы бұйрық 2020 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және
спорт министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 13 қазаны № 1000 бұйрығына қосымша |
Қаржы мониторингі субъектiлерiне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы даярлау және оқыту бойынша қойылатын талаптар
1 Тарау. Жалпы ережелер
1. Осы қаржы мониторингі субъектілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы даярлау және оқыту бойынша қойылатын Талаптар (бұдан әрі – Талаптар) 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы Заң) 11-бабы 8- тармағына сәйкес әзірленді және қаржы мониторингі субъектілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) оқытуға қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) оператор – "Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы" акционерлік қоғам базасында субъектілердің тестілеуді өткізуге жауапты қызметкері;
2) Орталық – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысына сәйкес айқындалған "Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы" акционерлік қоғамы;
3) субъектілер – өз қызметін жеке-дара жүзеге асыратын қаржы мониторингі субъектілері және КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнаманы сақтаумен байланысты функцияларды жүзеге асыратын қаржы мониторингі субъектісінің қызметкерлері;
4) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті.
3. Субъектілердің КЖ/ТҚҚ саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау үшін оларға қажетті субъектілердің оқуына қойылатын Талаптарға сәйкес КЖ/ТҚҚ саласында білім алуы даярлау мен оқытудың мақсаты болып табылады.
Тестілеу субъектілердің оқу процессінде зерделенген материалды зерделеуді растау мақсатында субъектілер тестілеуден өткен күннен бастап 3 (үш) жылда 1 (бір) реттен кем емес кезеңділікпен Орталық пен оның аумақтық бөлімшелерінің базасында тестілеуден өтеді.
Тестілеу нәтижелерінің қолданылу мерзімі аттестаттаудан өткен сәттен бастап 3 (үш) жылды құрайды.
Осы Талаптар қолданысқа енгізілген сәттен бастап келесі 2 (екі) жыл ішінде барлық субъектілер Тестілеуден өтеді.
2 Тарау. Қаржы мониторингі субъектілерін даярлау және оқыту бағдарламасы
4. Субъектілер Қазақстан Республикасының КЖ/ТҚҚ туралы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ субъектілер мен олардың клиенттері қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып КЖ/ТҚҚ саласында даярлау және оқыту бағдарламасын (бұдан әрі – оқыту бағдарламасы) әзірлейді.
5. Оқыту бағдарламасы:
1) Қазақстан Республикасының КЖ/ТҚҚ саласындағы нормативтік құқықтық актілерін және КЖ/ТҚҚ саласындағы халықаралық стандарттарды зерделеуді;
2) субъектілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде Ішкі бақылау ережелері және оларды жүзеге асыру бағдарламаларын зерделеу, сондай-ақ 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 214 бабымен белгіленген КЖ/ТҚҚ туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орныдамағаны үшін жауапкершілік шараларын зерделеуді;
3) КЖ/ТҚҚ туралы Заңының 4-бабының 5-тармағына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландыру типологияларын, схемалары мен тәсілдерін, сондай-ақ іс-жүзінде қолданылатын күдікті операцияларды анықтау белгілерін зерделеуді қамтиды.
6. Субъектілер осы Талаптардың 4 және 5 тармақтарына сәйкес әзірленген оқыту бағдарламасына сәйкес КЖ/ТҚҚ мақсатында оқудан өтеді.
Қосымша оқытуды КЖ/ТҚҚ туралы Заңының 11-бабына сәйкес бекітілген ішкі бақылау қағидаларын сақтауға жауапты субъектімен (өз қызметін жеке-дара жүзеге асыратын субъектілерді қоспағанда) мынадай жағдайларда жүргізеді:
Қазақстан Республикасының КЖ/ТҚҚ саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілері өзгерген және жаңасы күшіне енген кезде;
субъект КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың жаңа ережелерін және оны жүзеге асыру бағдарламаларын бекіткен немесе қолданыстағыларын өзгертен кезде.
7. Субъектінің басшысы КЖ/ТҚҚ туралы заңнаманы сақтаумен байланысты функцияларды жүзеге асыруды бастағанға дейін КЖ/ТҚҚ мақсатында оқудан өтетін жауапты тұлғалардың тізбесін бекітеді.
8. Субъектілерді оқытуды келесі талаптарға сәйкес келетін тұлғалар жүргізеді:
жоғарғы білімінің болуы;
КЖ/ТҚҚ саласында 5 (бес) жылдан кем емес жұмыс өтілінің болуы;
КЖ/ТҚҚ саласында оқудан өткендігі туралы сертификаттардың болуы.
9. Субъектілер КЖ/ТҚҚ саласында даярлау және оқыту мақсатында уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында "ҚМС көмек" бөлімінің "Қаржы мониторингі субъектілерін даярлау және оқыту" кіші бөлімінде орналастырылған ақпаратты пайдаланады.
3 Тарау. Қаржы мониторингі субъектілерінің оқудан және тестілеуден өтуін есепке алу
10. Субъект өз қызметкерлерінің оқыту бағдарламасынан өту есебін жүргізеді.
11. Субъект қызметкерлерінің оқыту бағдарламасынан өтуін есепке алу тәртібін субъект дербес белгілейді.
12. Субъектінің қызметкерімен оқыту жүргізу және КЖ/ТҚҚ саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен және ішкі бақылауды ұйымдастыру мақсатында қабылданған субъектілердің ішкі құжаттарымен танысу фактісі оның нысаны мен мазмұнын субъект дербес белгілейтін құжатта өз қолымен расталады.
Субъекті қызметкерінің оқу бағдарламасынан өткенін растайтын құжаттар қызметкердің жеке ісіне тігіледі.
13. Субъектінің тестілеуден өтуі Орталық беретін құжатпен расталады.
14. Тестілеуден өткен адамдарды есепке алуды Орталықтан алынған ақпарат негізінде уәкілетті орган жүргізеді.
15. Субъектілер тестілеуден өткені туралы ақпаратты уәкілетті органның веб-порталында орналасқан субъектінің жеке кабинетінде орналастырады.