Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, өзара сақтандыру қоғамдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 12 қазандағы № 97 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 қазанда № 21425 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 15.03.2021 № 48 (қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, өзара сақтандыру қоғамдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 15.03.2021 № 48 (қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармағының 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2020 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      2020 жылғы "___" "_____________"

  Бекітілген

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулыға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, өзара сақтандыру қоғамдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 15.03.2021 № 48 (қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, өзара сақтандыру қоғамдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы заң) 11-бабы 3-2-тармағының екінші абзацына сәйкес әзірленді және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, өзара сақтандыру қоғамдарына және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына (бұдан әрі – ұйым), сақтандыру брокерлеріне және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына (бұдан әрі – сақтандыру брокері) қолданылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 15.03.2021 № 48 (қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Талаптарда пайдаланылатын ұғымдар "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы заң) және КЖ/ТҚҚ туралы заңда көрсетілген мағыналарда қолданылады.

      Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ ұйым және сақтандыру брокері дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілерін ескере отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге жататын клиенттің операциясы (мәмілесі);

      2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) – ұйымды және (немесе) сақтандыру брокерін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту мүмкіндігі;

      3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару) – ұйым және (немесе) сақтандыру брокері КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды барынша азайту (өнімдерге/көрсетілетін қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жасайтын операцияларға қатысты) бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы;

      4) шекті операция – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциясы;

      5) іскерлік қатынастар – ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің клиентке ұйымның сақтандыру қызметіне және (немесе) сақтандыру брокерінің брокерлік қызметіне қатысты қызмет көрсетуі (өнім беруі) бойынша қатынастар.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 15.03.2021 № 48 (қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) қарсы іс-қимыл мақсатында ұйым және (немесе) сақтандыру брокері ішкі бақылауды:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;

      2) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі бақылау жүйесінің КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) ұйымды және (немесе) сақтандыру брокерін, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      4. Ұйымда және (немесе) сақтандыру брокерінде КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде ұйымның ішкі аудит қызметінің (ішкі аудит жүргізуге уәкілетті сақтандыру брокерінің) КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.

      Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.

2-тарау. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы

      5. Ұйымның басқару органы (сақтандыру брокерінің уәкілетті органы) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен ішкі бақылау қағидаларының сақталуын мониторингтеуді жүзеге асыруға жоғары білімі, ұйымда және (немесе) сақтандыру брокерінде кемінде бір жыл жұмыс өтілі (техникалық немесе қосалқы қызметші лауазымдарында жұмыс тәжірибесін қоспағанда) не КЖ/ТҚҚ саласында кемінде екі жыл жұмыс өтілі не қаржылық қызметтерді ұсыну және (немесе) реттеу саласында кемінде үш жыл жұмыс өтілі, Сақтандыру қызметі туралы заңға сәйкес мінсіз іскерлік беделі бар жауапты лауазымды қызметкерді (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындайды, сондай-ақ құзыретіне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін ұйымның қызметкерлерін не бөлімшесін (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше) айқындайды.

      6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау рәсімі;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) мақсатты қаржы санкцияларын қолдану және клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;

      3) Тізбеден клиент туралы мәліметтерді алып тастаған кезде нысаналы қаржы санкцияларын қолдануды тоқтату тәртібі;

      4) ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, ұйымның атқарушы органдарының (сақтандыру брокерінің уәкілетті органдарының) және лауазымды тұлғаларының өздеріне белгілі болған, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету рәсімі;

      5) ұйым және (немесе) сақтандыру брокері кіретін сақтандыру тобының КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарын сипаттау (бар болса).

      7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функцияларына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) әзірленген және атқарушы органымен және (немесе) сақтандыру брокерімен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ ұйымда және (немесе) сақтандыру брокерінде олардың сақталуын мониторингтеуді қамтамасыз ету;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес уәкілетті органға хабарламалар ұсыну және олардың ұсынылуына бақылау жасауды ұйымдастыру;

      3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;

      4) анықталған клиенттер және мақсатты қаржы санкцияларын қолдану жөнінде қабылданған шаралар туралы ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің лауазымды тұлғасына хабарлау;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда және ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің) ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын тоқтата тұру не жүргізуден бас тарту туралы шешімдер қабылдау не ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің басқару және атқарушы органдарымен келісу;

      6) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің басқару және атқарушы органдарын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен хабардар ету;

      7) ұйымның басқару органына (сақтандыру брокерінің уәкілетті органына) есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және тәуекелдері басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөнінде ұсынылып отырған шаралар туралы ақпаратты дайындау және ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің басқару органдарымен және (немесе) атқарушы органымен келісу.

      8. Жауапты қызметкер және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлері жүктелген функцияларды орындау үшін мыналарды жүзеге асыруға құқылы:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастарды орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің басқару органына және (немесе) атқарушы органына сұрау салулар жіберу;

      2) өз функцияларын толық көлемде және ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алу;

      3) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің бөлімшелеріне операциялар жүргізуге қатысты нұсқаулар беру;

      4) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету;

      5) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің бөлімшелерінен алынатын құжаттар мен файлдардың сақталуын қамтамасыз ету.

      9. Ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің филиалдарында Талаптардың 7 және 8-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толығымен немесе ішінара жүктелген қызметкерлер бар болса осындай қызметкерлердің қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.

      10. Жауапты қызметкердің, ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің Талаптардың 7-тармағында көзделген функциялар жүктелген қызметкерлерінің функциялары ішкі аудит қызметінің функцияларымен, сондай-ақ ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің операциялық (ағымдағы) қызметін жүзеге асыратын бөлімшелердің функцияларымен қоса атқарылмайды.

      Сақтандыру брокерінің бірінші басшысы сақтандыру брокерінің жауапты қызметкерінің функцияларын орындай алмайды.

      11. Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі бақылау ережелерінің талаптарына сәйкес келетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады.

3-тарау. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы

      12. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында ұйым және (немесе) сақтандыру брокері КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.

      13. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің КЖ/ТҚ тәуекелдерін оның құрылымдық бөлімшелері бөлінісінде басқаруды ұйымдастыру рәсімі;

      2) клиент тәуекелінің деңгейіне;

      ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне қатысты тәуекелдердің негізгі санаттарын (клиенттің типі, елдік тәуекел және қызметтер/өнімдер тәуекелі бойынша) ескере отырып, КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау әдістемесі;

      3) алдын алу іс-шараларының тізбесін, оларды жүргізу рәсімі мен мерзімдерін, қабылданған шараларға сәйкес нәтижелерді бақылауды көздейтін клиенттердің тәуекелдеріне және ұйым және (немесе) сақтандыру брокері өнімдерінің (қызметтерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін тұрақты мониторингтеуді, талдауды және бақылауды жүзеге асыру рәсімі;

      4) клиенттердің тәуекел деңгейлерін қайта қарау үшін беру рәсімі, мерзімдері мен негіздері.

      14. Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері жыл сайынғы негізде кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызмет (өнім) және (немесе) оны ұсыну тәсілінің тәуекелін ескере отырып, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау клиенттердің операцияларын сәйкестендіру және мониторингтеу рәсімдерін өзгертуді, операцияларды жүргізуге лимиттерді белгілеуді, қызметтерді (өнімдерді) ұсыну шарттарын өзгертуді, қызметтерді ұсынудан бас тартуды қоса алғанда, анықталған тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қатар жүреді.

      15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің түрлеріне:

      1) шетелдік жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасылары мен жақын туыстары, олардың өкілдері;

      2) егер қайта сақтандыру бойынша мәміле сақтандыру брокерінің қатысуынсыз жасалатын болса және мұндай шетелдік қайта сақтандырушылардың (цеденттердің) қаржылық сенімділік рейтингі немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен құпталған рейтингтік агенттіктер берген кредиттік рейтингі болмаған жағдайда, шетелдік қайта сақтандырушылар (цеденттер);

      3) шетелдік сақтандыру брокерлері (Қазақстан Республикасында еншілес ұйымы бар, сақтандыру брокерлік қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясы бар және КЖ/ТҚК бойынша талаптарды сақтайтындарды қоспағанда);

      4) заңды тұлғалар және қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      қызметін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде тек айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      қызметінің айырықша түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын ұйымдар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

      тұтынушылардан қолма-қол ақша қабылдауды, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы жүзеге асыратын қызметтерді (қаржылықтан басқа) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірілгендер);

      құмар ойындар бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс онлайн-казино қызметін ұсынатын не онлайн-казино қызметінен түсетін кірістерді алатын адамдар;

      туристік қызметтер ұсынатын адамдар;

      5) қаржы лизингі бойынша қызметтер ұсынатын адамдар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      6) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын адамдар;

      7) қызметі қару-жарақ, жарылғыш заттар өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;

      8) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған өнімдерді өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алу-сатумен байланысты тұлғалар;

      9) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдары;

      10) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде және (немесе) ішкі аумақтарда орналасқан (тіркелген) адамдар, сондай-ақ мұндай тұлғалардың Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдары мен өкілдіктері;

      11) клиент ұсынған мәліметтердің дәйектілігі күмән тудырған жағдайда;

      12) клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиентті тиісінше тексеру рәсімінен жалтаруына бағытталған іс-қимылдарды жасауы кіреді, бірақ олармен шектелмейді.

      16. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін төмендететін клиенттердің түрлеріне:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан бақыланатын заңды тұлғалар;

      2) мемлекеттік мекемелердің немесе мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдинг не дауыс беруші акцияларының жүз пайызы (қатысу үлесі) ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар құрған заңды тұлғалар;

      3) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, Қазақстан Республикасының резиденттері - бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары;

      4) сақтандыру брокерлері - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар резиденттер, сақтандыру брокерлері - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар Қазақстан Республикасында еншілес ұйымы бар бейрезиденттер;

      5) акциялары қор биржасының және (немесе) шет мемлекеттің қор биржасының ресми тізіміне енгізілген ұйымдар;

      6) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан не олардың қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық ұйымдар;

      7) қаржылық сенімділік рейтингі немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен құпталған, рейтингтік агенттіктер берген кредиттік рейтингі бар шетелдік сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары;

      8) бағалы қағаздары (акциялары және (немесе) облигациялары) халықаралық қор биржаларында немесе Қазақстанның қор биржасында бағаланатын не қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен құпталған рейтингтік агенттіктер берген кредиттік рейтингі бар заңды тұлғалар;

      9) Мемлекеттік кредиттік бюроның дерекқорында олар туралы ақпарат бар және осы ұйымның тиісті тексеруінен өткен сақтандырушылар кіреді, бірақ олармен шектелмейді.

      17. Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерде қызметті жүргізуге, осындай шет мемлекеттер клиенттеріне қызметтерді (өнімдерді) көрсетуге, осындай шет мемлекеттердің қатысуымен операцияларды жүзеге асыруға байланысты елдік (географиялық) тәуекелді бағалауды жүзеге асырады.

      Мыналар өздерімен жасалатын операциялар КЖ/ТҚ тәуекелін ұлғайтатын шет мемлекеттер болып табылады

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлейтін топтың (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      2) Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) оларға қатысты қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);

      3) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін офшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген) оффшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      4) ұйым және (немесе) сақтандыру брокері басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзит деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер және басқалар) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар).

      БҰҰ-ның және халықаралық ұйымдардың деректері бойынша мұндай мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне сілтемелер уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына орналастырылады.

      18. Ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын қызметтері (өнімдері, операциялары), сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі бақылау қағидаларында айқындалған жаңа және дамушы технологиялар сияқты жаңа, сондай-ақ іс жүзінде бар өнімдерге жаңа тетіктер беруді қоса алғанда, жаңа өнімдер және жаңа іскерлік тәжірибелер;

      2) ерікті жинақтаушы сақтандыру қызметтері;

      3) ерікті жинақтамайтын сақтандыру шарттары бойынша 10 000 000 теңгеден асатын сомаға не шетел валютасында баламасы 10 000 000 теңге сомаға сақтандыру төлемдерін қолма-қол ақшамен жүзеге асыру;

      4) клиенттің күрделі, әдеттегіден тыс ірі не айқын экономикалық мәні жоқ немесе анық қойылған заңды мақсаты жоқ ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар жасауы.

      19. Ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің КЖ/ТҚ тәуекелін төмендететін қызметтері (өнімдері, операциялары), сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) міндетті сақтандыру шарттарын жасау;

      2) зейнетақы аннуитеті шарттарын жасау.

      20. Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қызметтерінің (өнімдерінің, операцияларының) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау кезінде Талаптардың 15, 16, 17, 18 және 19-тармақтарында көрсетілген тәуекелдер санаттарына және факторларына сәйкес мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері тәуекелдің қорытынды дәрежесіне әсер ететін қосымша мәліметтерді ескереді:

      1) ұйым және (немесе) сақтандыру брокері уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы жіберген хабарламалардың саны;

      2) ұйым және (немесе) сақтандыру брокері уәкілетті органға клиенттердің шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.

      21. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйым және (немесе) сақтандыру брокері Талаптардың 15, 16, 17, 18 және 19-тармақтарында көрсетілген санаттар мен тәуекелдер факторларын, сондай-ақ ұйым және (немесе) сақтандыру брокері белгілейтін өзге де санаттар мен тәуекелдер факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу жөнінде шаралар қабылдайды.

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін ұйымда және (немесе) сақтандыру брокерінде бар клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпаратты талдау нәтижелері бойынша белгілейді және ұйым және (немесе) сақтандыру брокері әзірлеген, кемінде екі деңгейден тұратын тәуекел деңгейін айқындау шкаласы бойынша бағаланады.

      Талаптардың 15, 16, 17, 18 және 19-тармақтарында көрсетілген тәуекел санаттары мен факторларын пайдалана отырып, тәуекелді бағалау клиенттерге (клиенттер тобына) қатысты операциялар (іскерлік қатынастар) мониторингінің нәтижелері негізінде жүргізіледі.

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің және операцияларды (іскерлік қатынастарды) мониторингтеу нәтижелерінің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.

      22. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру кезінде ұйымдар және (немесе) сақтандыру брокері КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес КЖ/ТҚ тәуекелдері есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.

4-тарау. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы

      23. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің сақтанушы (оның өкілі және (немесе) сақтандыру брокері), сақтандырылушы, пайда алушы (оның өкілі), клиенттің бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қарым-қатынастардың болжанатын мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ туралы Заңда көзделген өзге де сақтанушы (оның өкілі және (немесе) сақтандыру брокері), сақтандырылушы, пайда алушы (оның өкілі), клиенттің бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді алу және тіркеу жөніндегі іс-шараларды жүргізуі болып табылады.

      Клиенттің бенефициарлық меншік иесін анықтау бойынша іс-шараларды ұйым және (немесе) сақтандыру брокері сақтанушыға қатысты, ал ерікті жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша пайда алушыға қатысты жүргізеді.

      Клиент тәуекелінің деңгейіне байланысты ұйым және (немесе) сақтандыру брокері жүргізетін іс-шаралар дәрежесі КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің оңайлатылған не күшейтілген шараларын қолданудан көрінеді.

      24. КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 6-бабының талаптарын ескере отырып, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері іскерлік қарым-қатынастар орнатылғанға дейін клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру жүргізеді. (

      25. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 7-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруді жүргізеді, іскерлік қатынастарды тексереді және операцияларды зерделейді, қажет болған кезде жасалатын операцияларды қаржыландыру көздері туралы мәліметтер алу мен белгілеуді қоса алғанда, клиенттің тәуекел деңгейін ескере отырып, сондай-ақ клиент туралы алынған мәліметтердің дәйектілігін мынадай жағдайларда тексереді:

      1) клиент шекті операция (мәміле) жасағанда;

      2) клиент күдікті операция (мәміле) жасағанда (жасауға әрекет еткенде);

      3) клиент әдеттегіден тыс операция (мәміле) жасағанда;

      4) клиент қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және әсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операцияны (мәмілені) жасағанда.

      Клиент белгіленген іскерлік қатынастар шеңберінде операция (мәміле) жасаған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген, сондай-ақ бұрын алғандарын жаңарту не клиент тәуекелінің деңгейіне және Талаптарға сәйкес қосымша мәліметтер алу қажеттігі жағдайларын қоспағанда, егер ол мұндай іскерлік қатынастар орнату кезінде жүргізілсе клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жүргізілмейді.

      26. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасына мыналар:

      1) іскерлік қарым-қатынастар белгілеуге және (немесе) операциялар жүргізуге, сондай-ақ іскерлік қарым-қатынастарды тоқтатуға арналған рәсімді және негіздемелерді қоса алғанда, қызмет көрсетуге клиенттер қабылдау рәсімі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру, оның ішінде клиентті тиісінше тексеру бойынша күшейтілген және жеңілдетілген шаралар қолдану рәсімі;

      3) шетелдік қайта сақтанушылармен (цеденттермен) іскерлік қарым-қатынас орнату (қайта сақтануға тәуекелдерді қабылдау) кезінде сәйкестендіру жүргізу ерекшеліктері;

      4) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылданатын жеке тұлғалардың, шетелдік жария лауазымды тұлғалардың арасынан анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      5) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде болуын тексеру рәсімі;

      6) іскерлік қарым-қатынастарды қашықтықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;

      7) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сақтандыру тобының КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды (бар болса) орындау шеңберінде сәйкестендіру барысында алынған мәліметтер алмасу ерекшеліктері;

      8) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтер алу мақсатында басқа ұйымдармен өзара іс-қимыл ерекшеліктері;

      9) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру рәсімі;

      10) клиенттің досье жүргізу, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсете отырып, досье бойынша мәліметтерді жаңарту нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптар;

      11) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау рәсімі, осындай тәуекелді бағалау негіздері кіреді, бірақ олармен шектелмейді.

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокерінің клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бойынша қосымша шаралар бағдарламасына енгізуіне рұқсат етіледі.

      Егер ұйым және (немесе) сақтандыру брокері КЖ/ТҚҚ туралы Заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды ұйым клиенттеріне қатысты қолдануды тапсырса, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері мұндай тұлғалармен өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлейді, ол мыналарды қамтиды:

      сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен ұйым және (немесе) сақтандыру брокелерінің шарт жасау рәсімін, сонымен қатар сондай шарт жасауға уәкілетті ұйымның және (немесе) сақтандыру брокері лауазымды тұлғаларының тізбесін;

      сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен ұйым және (немесе) сақтандыру брокерінің арасындағы шартқа сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін;

      сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен сәйкестендіру жүргізу кезінде алынған мәліметтерді ұйым және (немесе) сақтандыру брокерінің беру мерзімі мен рәсімін;

      сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардан алынған мәліметтерді ұйым және (немесе) сақтандыру брокерге беру мерзімі мен толықтығын қоса алғанда, сәйкестендіру бойынша талаптарды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұйым және (немесе) сақтандыру брокерінің қабылдаған шараларының сақталуын бақылауды ұйым және (немесе) сақтандыру брокерінің жүзеге асыру рәсімін;

      сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен олар сәйкестендіру бойынша талаптарды, оның ішінде ұйымға және (немесе) сақтандыру брокеріне алынған мәліметтерді беру мерзімі мен толықтығын сақтамаған жағдайда олармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы ұйым және (немесе) сақтандыру брокердің шешім қабылдауының негіздерін, рәсімін және мерзімін;

      сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті ұйым және (немесе) сақтандыру брокері лауазымды тұлғаларының тізбесін;

      ұйым және (немесе) сақтандыру брокері сәйкестендіру жүргізу тапсырған тұлғалардың олардың сәйкестендіру бойынша талаптарды алынған мәліметтерді ұйымға және (немесе) сақтандыру брокеріне берудің рәсімін, мерзімін және толықтығын қоса сақтамағаны үшін жауапкершілігі туралы ереже;

      сәйкестендіру бойынша талаптарды орындау мақсатында оларға әдістемелік көмек көрсету мәселесі жөнінде сәйкестендіру жүргізу тапсырылған ұйым және (немесе) сақтандыру брокерінің өзара іс-қимыл рәсімін.

      Ұйым тапсырма шартын жасаған сақтандыру агентімен клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      Өзара іс-қимыл қағидаларына ұйымның (немесе) сақтандыру брокерінің қосымша шарттар енгізуіне рұқсат етіледі.

      27. Тиісінше тексеру шаралары клиент – жеке тұлға сақтандыру шарттары бойынша, егер осындай операция сомасы 100 000 теңгеден не шетел валютасында баламасы 100 000 теңгеден аспайтын сомаға сақтандыру сыйлықақысын төлеу операциясын жасаған кезде, клиент күдікті операцияларды жасаған жағдайларды қоспағанда жүргізілмейді.

      28. Клиентті (оның өкілін) сәйкестендіру шеңберінде Талаптардың 24 және 25-тармақтарына сәйкес алынған мәліметтер құжатпен тіркеледі, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиенттің досьесіне енгізеді, ол клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кем дегенде бес жыл ұйымда және (немесе) сақтандыру брокерінде сақталады.

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 6-тармағының 1) тармақшасын қолданған кезде ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиент туралы қаржы мониторингінің басқа субъектілерінен клиенттің досьесіне енгізу (қосу) үшін, сондай-ақ растайтын құжаттардың көшірмелерін сұрату бойынша кідіріссіз алады, оларға оның ішінде ақпарат, ақпараттық жүйеден немесе ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиентті тиісінше тексеру шараларына сүйенетін басқа қаржы мониторингі субъектілерінің дерекқорынан үзінді көшірмелер жатады.

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері ішкі құжаттарға сәйкес досьелер жүргізетін клиенттердің топтары мыналарды қамтиды, бірақ шектелмейді:

      1) жеке тұлғаларды;

      2) заңды тұлғаларды, оның ішінде шетелдік қайта сақтанушыларды (цеденттер).

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиент досьесін ол туралы ұйым және (немесе) сақтандыру брокері ішкі бақылау қағидаларына сәйкес оған ұйым және (немесе) сақтандыру брокері берген тәуекел деңгейіне қарай қалыптастырады. Клиентке төмен деңгей берілген жағдайда оған қатысты тиісінше тексерудің жеңілдетілген шаралары жүргізіледі және КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтер тізбесі бекітіледі.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда қосымша мәліметтерге КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 5-тармағында көзделген мәліметтер жатады (салықтық резиденттілігі, қызметінің түрі және жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтер).

      29. Клиентті сәйкестендіру, немесе бенефициарлық меншік иесін анықтау барысында ұйым және (немесе) сақтандыру брокері осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) Тізбеде болуына тексеру жүргізеді.

      Шетелдіктерге, шет мемлекеті азаматтығының болуы туралы мәліметтер ұйымда және (немесе) сақтандыру брокерінде болған өзге де тұлғаларға қатысты, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) шетелдік жария лауазымды тұлғаға тиістілігін тексереді.

      Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты миграциялық карточкалар туралы мәліметтер алу талап етілмейді.

      Клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде болуын (Тізбеге енгізілуін) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес Тізбеге өзгерістер енгізілуіне қарай (Тізбені жаңарту) жүзеге асырылады.

      30. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) алу қажеттілігінің кезеңділігі клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып белгіленеді.

      Тәуекелдің жоғары деңгейі бар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту кемінде жылына бір рет жүзеге асырылады.

5-тарау. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы

      31. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша, сондай-ақ қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы хабарламаларды анықтау және уәкілетті органға жіберу бойынша талаптарды іске асыру мақсатында ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.

      32. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ бұлармен шектелмейді:

      1) уәкілетті орган заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес айқындаған, сондай-ақ ұйым және (немесе) сақтандыру брокері дербес әзірлеген күдікті операцияларды айқындау белгілері негізінде жасалған ерекше және күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;

      2) клиенттің уәкілетті орган КЖ/ТҚҚ туралы заңы 4-бабының 5 тармағына сәйкес бекіткен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру үлгілеріне, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларын анықтау рәсімі;

      3) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) және (немесе) сақтандыру брокері арасында Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу бойынша міндеттерді бөлу;

      4) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) және (немесе) сақтандыру брокері арасында қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру бойынша міндеттерді бөлу;

      5) жауапты қызметкердің клиент операциясын жіктеу туралы шешім қабылдау тәртібі, негізі және мерзімі;

      6) күрделі, ерекше операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) және сақтау тәртібі;

      7) клиент ерекше, күдікті операцияларды немесе қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру үлгілеріне, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциялар жүйелі және (немесе) айтарлықтай көлемде жүзеге асырған жағдайда, клиент пен оның операцияларына қатысты шаралар қабылдауы тәртібі және ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қабылдайтын шараларды сипаттау.

      33. Клиенттердің операциялары мониторингінің және зерделеудің бағдарламасы шеңберінде ұйым және (немесе) сақтандыру брокері барлық шекті, ерекше, күдікті операциялардың және қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операциялардың мақсатын және негіздерін белгілеуге бағытталған іс-шаралар жүргізеді.

      Клиенттердің операциялары мониторингінің және зерделеудің нәтижелерін ұйым және (немесе) сақтандыру брокері қызметтерінің КЖ/ТҚҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау үшін, сондай-ақ клиенттер тәуекелдерінің деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.

      Клиенттер операциялары мониторингінің және зерделеудің бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 28-тармағында көзделген клиенттің досьесіне енгізіледі, ұйым және (немесе) сақтандыру брокері клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңінде кемінде бес жыл бойы сақтайды.

      34. Шекті операция біліктілігінің заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттегіден тыс күдікті операцияны немесе қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операцияны анықтаған кезде көрсетілген операцияны анықтаған ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызметкері осындай операция туралы ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде жауапты қызметкерге (КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімшеге) хабарлама жібереді.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда ұйым және (немесе) сақтандыру брокері белгілі бір уақыт кезеңінде жүргізетін (жүргізген) операциялардың барлығын зерделейді.

      35. Шекті операция біліктілігінің заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттегіден тыс күдікті операцияны немесе қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операцияны анықтаған кезде көрсетілген операцияны анықтаған ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызметкері осындай операция туралы ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде жауапты қызметкерге (КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімшеге) хабарлама жібереді.

      Бір хабарламада бірнеше операциялар туралы ақпараттың болуына рұқсат етіледі.

      Ұйым және (немесе) сақтандыру брокері осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламаны, сондай-ақ оларды зерттеудің нәтижелерін операциялар аяқталғаннан кейін кемінде бес жыл сақтайды.

6-тарау. Ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы

      36. Ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және ұйым және (немесе) сақтандыру брокерінің өзге де ішкі құжаттарының талаптарын орындау үшін қажетті білім алуы және дағдыларды қалыптастыруы ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты болып табылады.

      37. Оқыту бағдарламасына:

      1) оқытудың тақырыптарын, өткізудің әдістерін, мерзімдерін және оқытуды өткізуге жауапты бөлімшені қамтитын қызметкерлерді оқыту рәсімі;

      2) қызметкерлері оқытудан өтетін ұйым және (немесе) сақтандыру брокері бөлімшелерінің тізбесі;

      3) оқыту нәтижелерін сақтау рәсімі мен нысандары;

      4) ұйымның және (немесе) сақтандыру брокерінің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша білімдерін тексеру рәсімі мен нысандары енгізіледі.

      38. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес ұйым және (немесе) сақтандыру брокері уәкілетті орган бекіткен қызметкерлерді даярлау және оқыту бойынша қаржы мониторингі субъектілеріне қойылатын талаптарды ескере отырып, оқытуды өткізудің нысандары мен мерзімділігін белгілейді.