Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Медициналық көрсетілетін қызметтерге (көмекке) тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар бекітілсін.
2. "Тәуелсіз сарапшылар ретінде тәуелсіз сараптама жүргізуге үміткер жеке тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 6 қыркүйектегі № 680 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15757 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 10 қазанда электрондық түрде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет - ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 12 қазаны № ҚР ДСМ-125/2020 бұйрығымен бекітілген |
Медициналық көрсетілетін қызметтерге (көмекке) тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық көрсетілетін қызметтерге (көмекке) тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Осы Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылды:
1) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;
2) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
3) тәуелсіз сарапшы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұратын жеке тұлға.
2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтерге (көмекке) тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар
3. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге үміткер жеке тұлғалар:
1) жеке басын куәландыратын құжаты;
2) жоғары медициналық білімі туралы дипломы (шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар үшін "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес тану немесе нострификациялау рәсімінен өткенін растайтын құжаттың болуы қажет);
3) мәлімделген мамандығы бойынша тәуелсіз cараптама бойынша қызметі басталған сәтте мәлімдеген мамандығы бойынша үздіксіз кемінде 7 жыл үздіксіз еңбек өтілінің бар екендігін растайтын құжаты (еңбек кітапшасы не 2015 жылғы 23 қаашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес өзге де құжат);
4) тәуелсіз сараптама жүргізу мәселелері бойынша жалпы көлемі 4 кредиттен кем емес (120 сағат), соңғы 5 жылдың ішінде қосымша және бейресми білім алудан өткенін растайтын құжаты;
5) жеке тұлғаның біліктілігін және оның денсаулық сақтау саласындағы кәсіби қызметке дайындығын клиникалық практикамен қоса алғандағы (клиникалық практикамен айналысатын тұлғалар үшін) маман сертификаты болған кезде тәуелсіз сараптама жүргізуге жіберіледі.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 23.09.2021 № ҚР ДСМ-99 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.4. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау ұйымы:
1) Кодекстің 8-бабының 9) тармақшасына сәйкес айқындалатын тәртіппен берілген медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына тәуелсіз сараптаманы жүзеге асыру құқығына аккредиттеу туралы куәлігі;
2) "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әділет органдарында заңды тұлға ретінде тіркеу;
3) меншік құқығындағы үй-жай немесе ғимарат, жалға алу шартының немесе жылжымайтын мүлікті өтеусіз (несие) пайдалану шарты немесе мүлікті сенімгерлік басқару немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;
4) штат кестесінде не тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізілімінде тұрған және осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келетін кемінде 20 (жиырма) түрлі бейінді маманның мүшелікте (қатысуда);
5) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сараптаманың жүзеге асырылғанын растайтын жарғы және (немесе) ережелер болған кезде тәуелсіз сараптама жүргізуге жіберіледі.