Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу бойынша тәуелсіз сарапшылардың қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 12 қазандағы № ҚР ДСМ-125/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 қазанда № 21421 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың атауы жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.06.2024 № 26 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.06.2024 № 26 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу бойынша тәуелсіз сарапшылардың қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.06.2024 № 26 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Тәуелсіз сарапшылар ретінде тәуелсіз сараптама жүргізуге үміткер жеке тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 6 қыркүйектегі № 680 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15757 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 10 қазанда электрондық түрде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет - ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 12 қазандағы
№ ҚР ДСМ-125/2020 бұйрықпен
бекітілген

Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу бойынша тәуелсіз сарапшылардың қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.06.2024 № 26 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Осы талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) денсаулық сақтау субъектілері – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;

      2) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) тәуелсіз сарапшы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұратын жеке тұлға.

2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу бойынша тәуелсіз сарапшылардың қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптар

      3. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге үміткер жеке тұлғалар:

      1) жеке басын куәландыратын құжаты;

      2) жоғары медициналық білімі туралы дипломы (шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар үшін "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес тану немесе нострификациялау рәсімінен өткенін растайтын құжаттың болуы қажет);

      3) мәлімделген мамандығы бойынша кемінде 7 жыл үздіксіз еңбек өтілінің болуын растайтын құжаттың болуы (еңбек кітапшасы не Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес өзге құжат), сондай-ақ сараптама жүргізу кезінде мәлімделген мамандық бойынша денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыру қажет, кемінде 7 жыл жұмыс өтілі бар медициналық жоғарғы оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын қоспағанда;

      4) сараптама жүргізу мәселелері бойынша жалпы көлемі 4 кредиттен кем емес (120 сағат) болатын, соңғы 5 жылдың ішінде қосымша және бейресми білім алудан өткенін растайтын құжат;

      5) "Денсаулық сақтау қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби даму нәтижелерін растау, біліктілік деңгейлерін беру және растау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-283/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21843 болып тіркелген) сәйкес біліктіліктің салалық негіздемесіне сәйкес біліктілік деңгейі 7.2 R-ден төмен емес, ал амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін қызметкерлер үшін 7.2I-дан төмен емес көрсете отырып, тиісті мамандық/мамандану бойынша денсаулық сақтау саласындағы маманның сертификаты немесе бірінші және (немесе) жоғары біліктілік санатын беру туралы куәлік.

      4. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау ұйымдары:

      1) "Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-299/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21852 болып тіркелген) сәйкес айқындалатын тәртіппен берілген медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптаманы жүзеге асыру құқығына аккредиттеу туралы куәлігі;

      2) "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабына сәйкес әділет органдарында заңды тұлға ретінде тіркеу;

      3) меншік құқығындағы үй-жай немесе ғимарат, жалға алу шартының немесе жылжымайтын мүлікті өтеусіз (несие) пайдалану шарты немесе мүлікті сенімгерлік басқару немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;

      4) сарапшылардың бірыңғай тізілімінде тұрған және осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келетін кемінде 20 (жиырма) түрлі бейінді мамандардың штатта не мүшелікте (қатысуда) болуы. Бейінді мамандардың Ұйым штатында болу фактісі еңбек шартымен не enbek.kz. сайтында орналастырылған ақпаратпен, ал Ұйымның мүшелігінде (қатысуда) - Ұйымның жарғысымен немесе ережесімен расталады.

      5) денсаулық сақтау саласындағы сараптаманың жүзеге асырылғанын растайтын жарғы және (немесе) ережелер болған кезде сараптама жүргізуге жіберіледі.