Ішкі істер органдарының әскери қызметшісін қызметтік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы негізгі демалысынан шақыртып алу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 653 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 2 қазанда № 21355 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 139-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдарының әскери қызметшісін қызметтік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы негізгі демалысынан шақыртып алу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры А.Д. Калайчидиге жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрі
Е. Тургумбаев

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрінің
2020 жылғы 29 қыркүйегі
№ 653 бұйрығымен
бекітілген

Ішкі істер органдарының әскери қызметшісін қызметтік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы негізгі демалысынан шақыртып алу қағидалары

      1. Осы Ішкі істер органдарының әскери қызметшісін қызметтік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы негізгі демалысынан шақыртып алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының (бұдан әрі – Әскери қызмет өткеру қағидалары) 139-тармағына сәйкес әзірленді және ішкі істер органдарының әскери қызметшісін (бұдан әрі – әскери қызметші) қызметтік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы негізгі демалыстан (бұдан әрі – демалыс) шақыртып алу тәртібін айқындайды.

      2. Әскери қызметші қызметтік қажеттілік жағдайында демалыстан әскери бөлім (мекеме) қолбасшылығының хабарламасы бойынша шақыртылады.

      3. Әскери қызметшіге қызметтік қажеттілік жағдайында демалыстан шақыртып алу туралы бұйрықты (өкімді) әскери бөлім (мекеме) командирінің атынан ол тікелей бағыныста тұрған лауазымды адам шақыртып алу себебін көрсете отырып, ауызша жеткізіледі. Әскери қызметшіге ауызша бұйрықты (өкімді) жеткізу мүмкін болмаған жағдайларда әскери бөлімнің (мекеменің) штабы Әскери қызмет өткеру қағидаларының 113-тармағына сәйкес әскери қызметші әскери есепке тұрған органды хабардар етеді.

      4. Әскери қызметшіні қызметтік қажеттілікке байланысты демалыстан шақыртып алу мынадай негіздемелер бойынша жүзеге асырылады:

      бөлімшені немесе әскери бөлімді (мекемені) көшіру кезінде;

      әскери бөлімде (мекемеде) әскери қызметшінің қаза табуы, әскери қызметшілердің топтасып қызмет орнын тастап кетуі, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жеткізгіштерді, қаруды, техниканы, материалдық немесе қаржы қаражатын жоғалту, жалпы жарғыдан тыс өзара қарым-қатынастардың көріністері сияқты төтенше жағдайлар болған кезде;

      төтенше жағдайлар (әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы) туындаған кезде, төтенше жағдайлардың салдарларын жою кезінде және жауынгерлік немесе жедел-қызметтік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру кезінде жедел жағдайға байланысты әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) шешімі бойынша;

      егер жаңа штатқа ауысу мерзімі әскери қызметшінің демалыстан шығуынан бұрын өтетін болса, әскери бөлімде (мекемеде) ұйымдық-штаттық іс-шаралар жүргізу кезінде;

      басқа қызметтік қажеттілік жағдайларында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының шешімі бойынша.

      5. Шақыртып алуға байланысты жыл сайынғы негізгі демалыстың пайдаланылмаған бөлігі Әскери қызмет өткеру қағидаларының 122-тармағына сәйкес беріледі.