"Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидаларды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 465 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 17 қыркүйекте № 21224 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Б. Атамкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министірінің
2020 жылғы 11 қыркүйегі
№ 465 бұйрығымен
бекітілген

"Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 11-13) тармақшасына сәйкес әзірленді және "бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыруға арналған портал (бұдан әрі – Портал) – құрылыс саласын, құрылыс қызметі субъектілерін реттеуге және салынып жатқан объектілердің атқарушылық-техникалық құжаттамасын электрондық форматта жүргізуге арналған ақпараттық портал;

      2) "бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыруға арналған ақпараттық жүйелер (бұдан әрі – АЖ) – құрылыс қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға әзірлеген, Порталмен интеграциялануы мүмкін ақпараттық жүйелер;

      3) Портал операторы – Порталды жүргізуді және техникалық қолдауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) Портал пайдаланушысы (бұдан әрі – Пайдаланушы) – Порталда тіркелген және құрылыс жүргізуді ұйымдастырумен байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандырылған орындау үшін оның ресурстары мен құрамдауыштарын пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;

      5) жеке кабинет – Порталды пайдаланушыға ақпаратты жүктеуге, құрылыстың жай-күйі және статистикалық ақпараты туралы деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін Портал компоненті.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      3. Портал қорғалуы құпиялылық режимінің талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік шифрлау құралдарын және (немесе) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғаудың өзге де құралдарын қолдана отырып жүзеге асырылатын, мемлекеттік құпияларға жатқызылған қорғалған орындаудағы ақпараттық жүйелерге жатпайды.

2-тарау. Порталды жүргізу тәртібі

      4. Құрылыспен байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандыру мақсатында Портал:

      1) Пайдаланушыларды тіркеуді;

      2) электрондық құжаттарды жүктеуді және сақтауды;

      3) объектінің құрылысына барлық қатысушылардың сақтауы үшін міндетті, жаңа объектілерді салу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған объектілерді (кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды және олардың кешендерін) реконструкциялау және жөндеу кезінде құрылыс өндірісін ұйымдастыруға Пайдаланушыларға мәліметтер мен электрондық құжаттарды беруді;

      4) Пайдаланушыға құрылыс процестері туралы ақпарат беруді, сондай-ақ оларды одан әрі сақтауды;

      5) интеграцияланған интернет-ресурстармен және АЖ-мен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

1-параграф. Портал пайдаланушысын тіркеу

      5. Порталға кіру "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке немесе заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады.

      6. Порталда тіркелу үшін Пайдаланушы мынадай әрекеттерді орындайды:

      1) Порталда орналастырылған тіркеу нысанын қосымшаларымен бірге толтырады:

      заңды тұлға үшін – заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, салық және басқа да міндетті төлемдер туралы заңнамада көзделген құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ банк деректемелерін растайтын құжаттардың көшірмелері;

      жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ банк деректемелерін растайтын құжаттардың көшірмелері (болған жағдайда);

      2) ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, Порталды пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қояды.

      Портал операторы Пайдаланушы құжаттарды ұсынған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде оны растайды не Пайдаланушыны тіркеуден бас тартады.

      7. Бұрын тіркелген Портал пайдаланушыларының тізімінде жүгінген пайдаланушының болуы тіркеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

      8. Электрондық өтінімдерді беру үшін Портал операторы Пайдаланушыға жеке кабинетті және Порталмен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықты ұсынады.

2-параграф. Портал пайдаланушыларының ақпаратты жүктеуі және толтыруы

      9. Пайдаланушы Порталда тіркелген күннен бастап және объектіні пайдалануға бергенге дейін жеке кабинет арқылы жаңа құрылыс, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған объектілерді (кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды және олардың кешендерін) реконструкциялау және жөндеу туралы мәліметтерді және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерін жүктейді.

      10. Порталға жүктелген электрондық құжаттар және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелері Пайдаланушының немесе осы құжатты куәландыруға өкілеттігі бар тұлғаның ЭЦҚ-сымен куәландырылуға жатады.

      11. Құрылыс процесінің барысы туралы мәліметтерді, сондай-ақ ЭЦҚ-ны пайдалану арқылы Портал Пайдаланушысы қол қойған электрондық құжаттарды Порталдың бір пайдаланушысы Порталдың басқа пайдаланушысының жеке кабинетіне жібере алады.

      12. Порталда орналастырылған және ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжаттар мен құжаттардың электрондық көшірмелері оларды Порталда сақтау мерзімі ішінде жойылуға, өзгертуге немесе ауыстыруға жатпайды.

      13. Құрылысты жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі ақпарат, оның ішінде оны пайдаланушылар Порталға жіберген тиісті электрондық құжаттар мен құжаттардың электрондық көшірмелері олар Порталда тіркелген күннен бастап 5 жыл бойы сақталады.

3-тарау. Ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібі

      14. Құрылыс қызметін жүзеге асыратын, өзінің ақпараттық жүйелері бар жеке және заңды тұлға объектілер экономикасының барлық салаларының жаңа объектілерін салуға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарын (кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды және олардың кешендерін) реконструкциялау мен жөндеуге байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандыру мақсатында Порталмен интеграциялануы мүмкін.

      Ақпараттық жүйелерді Порталмен интеграциялау үшін Портал операторымен келісім жасау қажет.

      Ақпараттық жүйелерді Порталмен интеграциялағаннан кейін Ақпараттық жүйелер Порталдың құрамдас бөлігіне айналады және оның ажырамас бөлігі ретінде жұмыс істеуін жалғастырады.

      15. Бір және одан да көп ақпараттық жүйелер:

      1) электрондық құжаттарды жүктеуді және сақтауды;

      2) Порталға ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, Порталды пайдаланушы қол қойған құрылыс барысы туралы мәліметтерді, атқарушылық-техникалық құжаттардың жобаларын беруді;

      3) интеграцияланған интернет-ресурстармен және басқа да ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

      16. Ақпараттық жүйелердің операторлары мынадай іс-шараларды орындайды:

      1) АЖ техникалық қызмет көрсетуді, сүйемелдеуді және дамытуды жүзеге асырады;

      2) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына және осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес АЖ жұмыс істеуін және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      3) АЖ пайдаланушыларына олармен жасалған келісімдердің шарттарына сәйкес техникалық қолдау көрсетеді;

      4) құрылыс саласындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қолданыстағы заңнаманы сақтау тұрғысынан АЖ пайдаланушыларының іс-қимылдарын бақылауды және мониторингілеуді жүзеге асыру мақсатында АЖ-ге қол жеткізуді ұсынады.