Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-103/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 17 қыркүйекте № 21218 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Кіріспе жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.04.2022 № ҚР ДСМ-39 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 8-бабының 15) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары бекітілсін.

      2. Мынадай:

      1) "Сыртқы сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 274 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 11207 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 17 маусымда жарияланған);

      2) "Сыртқы сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 274 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 2 тамыздағы № 683 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 14201 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 13 қыркүйекте жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.04.2022 № ҚР ДСМ-39 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының жетекшілік ететін Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 16 қыркүйегі
№ ҚР ДСМ-103/2020
бұйрығымен бекітілген

Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 8-бабының 15-тармақшасына сәйкес әзірленген және медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алуды және оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      2) денсаулық сақтау субъектілері – жекеменшік медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке тұлға;

      3) медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына тәуелсіз сараптама – медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділік, толықтылық және стандарттарға сәйкестік көрсеткішін көрсететін индикаторларды пайдалана отырып, денсаулық сақтау субъектілері ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі туралы қорытынды шығару мақсатында өткізілетін рәсім (бұдан әрі – сараптама);

      4) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган – медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында басшылықты, медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі – мемлекеттік орган);

      5) тәуелсіз сарапшы - уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұрған жеке тұлға.

      3. Тәуелсіз сарапшыларды тартудың мақсаты:

      1) көрсетілетін медициналық қызметтердің (көмектің) тиімділік, толықтылық, және стандарттарға сәйкестік көрсеткішін көрсететін индикаторларды пайдалана отырып, денсаулық сақтау субъектілері ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасының деңгейі туралы қорытынды шығару;

      2) денсаулық сақтау субъектілерінің кадрлық, материалдық-техникалық ресурстарын оңтайлы пайдалану және заманауи медициналық технологияларды қолдану негізінде пациенттердің қажетті көлемдегі және тиісті сападағы медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз ету;

      3) денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін, медицина қызметкерлерінің құзыретін, мамандардың біліктілік деңгейін қамтамасыз ету болып табылады.

      4. Тәуелсіз сарапшылар туралы мәліметтер Кодекстің 8-бабының 18-тармақшасына сәйкес мемлекеттік орган құратын тәуелсіз сарапшылар тізілімінде болады.

      5. Тәуелсіз сарапшы сараптамаға Кодекстің 7-бабының 42-тармақшасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасына сәйкес оның мамандығын ескере отырып тартылады.

2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту тәртібі

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      6-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.04.2022 № ҚР ДСМ-39 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Тәуелсіз сарапшыларды медициналық қызметтердің (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптама шеңберінде:

      1) мемлекеттік орган;

      2) қор;

      3) жеке және заңды тұлғалар тартады.

      7. Мемлекеттік орган комиссия құрамында тәуелсіз сарапшыларды:

      1) медициналық қызметтерді (көмек) көрсету саласында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылау;

      2) медициналық қызметтердің (көмек) сапасына сыртқы сараптама жүргізу жағдайларында тартады.

      8. Мемлекеттік орган денсаулық сақтау саласында тәуелсіз сараптаманы жүзеге асыратын аккредиттелген денсаулық сақтау субъектісімен (бұдан әрі – аккредиттелген денсаулық сақтау субъектісі) шарт жасасқан сәттен бастап тәуелсіз сарапшыларды комиссия құрамына тартқан кезде қажетті мамандығын көрсете отырып тексеру жүргізу үшін сарапшы(лар)ды ұсыну қажеттілігі туралы сұрау-хат жібереді.

      Аккредиттелген денсаулық сақтау субъектісі тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұратын сұратылған мамандыққа сәйкес күнтізбелік үш күннің ішінде сарапшыларды береді.

      Денсаулық сақтау субъектілеріне тексеру жүргізген кезде мемлекеттік органның маманы сараптама пәні болып табылатын барлық қажетті материалдарды сарапшыға ұсынады. Қажет болған жағдайда олар өтініш иесімен (өтініш иесінің келісуімен) кездесу ұйымдастырады.

      9. Қор тәуелсіз сарапшыларды:

      1) өлім жағдайларын, сирек кездесетін аурулармен емделген жағдайларды, аз мамандандырылған емделген жағдайларды (клиникалық жағдайда), асқынуларымен емделген жағдайларды, Кодекстің 7-бабының 60) тармақшасына сәйкес шетел клиникаларына жіберілген Қазақстан Республикасы азаматтарының шетел клиникаларында өлім жағдайларын қарау кезінде, сондай-ақ нақты жұмсалған шығындар бойынша көрсетілген қызметтерге ақы төлеу кезінде медициналық көмектің сапасын растау қажеттілігі;

      2) көрсетілген медициналық қызметтерге жоспарлы, жоспардан тыс, нысаналы, медициналық-экономикалық мониторингтер жүргізу;

      3) азаматтық процессте тарап ретінде қатысу жағдайларында тартады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қағида 9-1-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.04.2022 № ҚР ДСМ-39 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Жеке және заңды тұлғалар азаматтық-құқықтық шартпен айқындалған негіздер мен шарттар бойынша тәуелсіз сарапшыларды тартады.

      11. Тәуелсіз сарапшылар тәуелсіз сараптама жүргізу орнына барып және бармай сараптама жүргізуге тартылады.

      Тәуелсіз сараптама жүргізу орнына бармай сараптама жүргізу ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, оның ішінде сараптаманы жүзеге асыру үшін қажетті медициналық және басқа да құжаттардың көшірмелерін бере отырып қашықтан жүргізіледі.

      12. Мемлекеттік орган тәуелсіз сарапшыларды тартқан кезде "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес аккредиттелген денсаулық сақтау субъектісімен шарт жасасады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      13-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 29.04.2022 № ҚР ДСМ-39 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Қор тәуелсіз сарапшыларды тартқан кезде тікелей тәуелсіз сарапшымен немесе аккредиттелген денсаулық сақтау субъектісімен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасады.

      14. Егер:

      1) тексерілетін денсаулық сақтау субъектісімен еңбек немесе шарттық қарым-қатынасы бар болса;

      2) жүргізілетін сараптама нәтижелеріне жеке өзі, тікелей немесе жанама қызғушылық танытса тәуелсіз сарапшылар сараптама жүргізу үшін тартылмайды.