"Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 19 наурыздағы № 105 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 наурызда № 20153 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес "Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Әділет министрлігінің
2020 жылғы 19 наурыздағы
№ 105 бұйрығына
қосымша

"Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және "Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін реттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Бiрыңғай байланыс орталығы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк және өзге де қызметтер көрсету мәселелерi бойынша – ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөнiндегi ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;

      2) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;

      3) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу (бұдан әрі – аккредитация) – ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың заңды құқықтарын уәкілетті органның ресми тану рәсімі;

      4) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі;

      5) www.egov.kz, www.elicense.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;

      6) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiлiгiн және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандардың жинағы.

2-тарау. Аккредиттеу жүргізу мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

      3. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      4. Мемлекеттік қызметті алу үшін заңды тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетілетін қызметті берушіге портал арқылы:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық түрде аккредиттеуді алу үшін өтінішті жібереді.

      Өтініш аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі;

      2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес аккредиттеуден өту үшін мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым ұсынатын мәліметтер нысанын жібереді.

      5. Аккредиттеуді мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – аккредиттеу жөніндегі комиссия) қорытындысы негізінде көрсетілетін қызметті беруші жүзеге асырады.

      Аккредиттеу жөніндегі комиссияның құрамын және ол туралы ережені көрсетілетін қызметті беруші бекітеді.

      6. Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты) берілген.

      7. Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күні оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      8. Көрсетілетін қызметті берушінің жауапты құрылымдық бөлімшесінің қызметкері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттар тіркелген кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің толықтығын тексереді және оларды аккредиттеу жөніндегі комиссияның қарауына береді.

      Аккредиттеу жөніндегі комиссия отырысының қорытындылары бойынша көрсетілетін қызметті беруші комиссия отырысы өткізілген күннен кейін бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Аккредиттеуден бас тартылған жағдайда уәкілетті орган уәжді жауап жібереді.

      Көрсетілетін қызметті беруші басшысының орынбасары бір жұмыс күні ішінде куәлікке немесе аккредиттеуден бас тартуға қол қояды.

      Оң қорытынды болған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес аккредиттеу туралы куәлік береді және көрсетілетін қызметті алушыға бес жыл мерзімге куәлік береді .

      9. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құжаттарды ұсынбау;

      2) ұсынылған құжаттарда қамтылған мәлiметтердің толық болмауы;

      3) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргені, сондай-ақ қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылу;

      4) ұйымның "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабында көзделген міндеттерді орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіздер болып табылады.

      Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректер мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне автоматты режимде келіп түседі.

3-тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      10. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына уәкілетті органның www.adilet.gov.kz (телефон: 8 (7172) 55-87-35) интернет-ресурстарында электрондық форматта, веб-порталдағы "жеке кабинет" арқылы, сондай-ақ жазбаша нысанда поштамен не Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, 13-кіреберіс мекенжайы бойынша көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне қолма-қол шағым беру арқылы жүзеге асырылады.

      Шағымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөнін көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде оны тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) шағымның қабылданғанын растау болып табылады. Шағымға көрсетілетін қызметті алушы қол қояды.

      Веб-портал арқылы шағымдану тәртібі туралы ақпаратты 1414 Бірыңғай байланыс орталығының телефондары арқылы алуға болады.

      Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымды қарау нәтижелері туралы уәжді жауап көрсетілетін қызметті алушыға пошта арқылы жіберіледі не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде қолма-қол беріледі.

      Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушылардың шағымдары тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.

      11. Көрсетілетін қызметті беруші шешімінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда өтініш беруші нәтижелерге сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

  "Мүліктік құқықтарды
ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарды аккредиттеу"
мемлекеттік қызмет
көрсету қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігі
____________________________
басшының аты-жөні, тегі (бар
болғанда) (бұдан әрі – Т.А.Ә.)
____________________________
(ұйым атауы, қызметі,
басшының Т.А.Ә.)
Деректемелері: _____________
(заңды мекенжайы,
байланыс телефоны)

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым аккредиттеуден өту үшін ұсынатын өтініш

      Бірлестік мүшелерінің атынан "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-1-бабының тәртібімен аккредиттеуді сұраймын:

      _________________________________________________________

      (ұйымның орналасқан мекенжайы)

      орналасқан, тіркеу нөмірі ____________________________________________________

      (заңды тұлғаның тіркелу нөмірі)

      БСН:______________________________________________________________

      (бар болғанда) (бизнес-сәйкестендіру нөмірі)

      __________________________________________________________________

      (мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның толық атауы)

      ұжымдық басқарудың мына саласында: ________________________________________

      ("Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының

      43-бабының 3 тармағына сәйкес)

      Өтінішке қосымша мынадай құжаттар қоса беріледі:

      __________________________________________________________________

      __________________________________________________________________

      __________________________________________________________________

      Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен

      қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

  "Мүліктік құқықтарды
ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарды аккредиттеу"
мемлекеттік қызмет
көрсету қағидаларына
2-қосымша

"Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі.

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күні ішінде.

4

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электрондық (толық автоматтандырылған).

5

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Осы "Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына 4-қосымшаға сәйкес бес жыл мерзімге берілетін аккредиттеу туралы куәлік не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап.
Қызмет көрсету нәтижесінің нысаны – электрондық (толық автоматтандырылған).

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет тегін және заңды тұлғаларға көрсетіледі.

7

"Электрондық үкімет" веб-порталының және көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі

Веб-портал –жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы Кодекске сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады), көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс – сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары www.egov.kz порталында орналастырылған.

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер тізбесі

Көрсетілетін қызметті алушы порталға жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
2) аккредиттеуден өту туралы жалпы жиналыс шешімінің электрондық көшірмесі;
3) ұйымның ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын шетелдiк ұйымдармен жасасқан екiжақты және көпжақты келiсiмдерiнің электрондық көшірмесі;
4) жалпы жиналыстың сыйақы мөлшеріне қатысты шешімінің электрондық көшірмесі;
5) жалпы жиналыстың пайдаланушылармен лицензиялық шарт жасасу талаптарына қатысты шешімінің электрондық көшірмесі;
6) жалпы жиналыстың жиналған сыйақыны бөлу және төлеу тәсіліне қатысты шешімінің электрондық көшірмесі;
7) авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілері құқық иеленушілерінің көрсетілетін қызметті алушыға қатысты пікірлерінің электрондық көшірмесі;
8) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес мәліметтер нысаны.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздері

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту кезінде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға бас тарту себептерін көрсете отырып жауап жібереді:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құжаттарды ұсынбау;
2) ұсынылған құжаттарда қамтылған мәлiметтердің толық болмауы;
3) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргені, сондай-ақ қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылу;
4) ұйымның "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабында көзделген міндеттерді орындамауы және (немесе) тиісінше орындауы.

10

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары уәкілетті органның www.adilet.gov.kz интернет-ресурстарында орналастырылған.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті ЭЦҚ болған жағдайда портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдағы "жеке кабинеті", сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары:
8 (7172) 74-07-54, 74-06-19. Бірыңғай байланыс-орталығы: 1414, 8 800 080 7777.

  "Мүліктік құқықтарды
ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарды аккредиттеу"
мемлекеттік қызмет
көрсету қағидаларына
3-қосымша
  Мәліметтер нысаны

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым аккредиттеуден өту үшін ұсынатын мәліметтер

      1. Авторлық құқықтарды және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару үшін жасасқан

      қолданыстағы шарттардың саны _______________________;

      2. Авторлық құқық және сабақтас құқық объектілерін пайдаланушылармен жасасқан

      қолданыстағы шарттардың саны ___________;

      3. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым мүшелерінің тізімі

      _________________________________________________;

      4. Құқық иелері мен пайдаланушылар үшін қажетті Қазақстанның өңірлерінде осындай

      ұйымның атынан уәкілеттігі бар тұлғалар туралы мәліметтер

      ________________________________________________________;

      5. Интернет-ресурсының бар болуы туралы мәліметтер ______________;

      6. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласындағы мүліктік құқықтарды

      ұжымдық негізде басқаратын ұйымның соңғы екі жылдағы қызметін тексеру туралы

      мәліметтер __________________________________.

  "Мүліктік құқықтарды
ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарды аккредиттеу"
мемлекеттік қызмет
көрсету қағидаларына
4-қосымша