Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 105 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Ұлттық пошта операторының, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 105 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Мыналардың:
1) "Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 250 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8080 болып тіркелген, 2012 жылғы 27 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 852-856 (27927) жарияланған);
2) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 18 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18297 болып тіркелген, 2019 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.
2. Қолма-қол ақша айналысы департаменті (Қажымұратов Ж.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Қасенов А.С.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Ақпарат және коммуникациялар департаменті – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі (Адамбаева Ә.Р.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы | Е. Досаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту агенттігі
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 14 қаулысымен бекітілді |
Екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Ұлттық пошта операторының, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидалары
Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 105 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Ұлттық пошта операторының, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Ұлттық пошта операторының (бұдан әрі – банктер), банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың (бұдан әрі – инкассаторлық ұйымдар), қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың (бұдан әрі – уәкілетті ұйымдар) және олардың филиалдарының үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 105 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Қағидаларда мына ұғымдар пайдаланылады:
1) бокс – қолма-қол ақшаны және құндылықтарды тиеу-түсіру жұмыстарын жүзеге асыру үшін көлік құралын орналастыруға арналған оқшауланған үй-жай;
2) касса – қолма-қол ақшаны қабылдау, беру, қайта санау, сұрыптау және орау бойынша кассалық операцияларды жүзеге асыруға арналған арнайы жабдықталған үй-жай;
3) кассалық торап – банктің, инкассаторлық ұйымның кассалық операцияларды, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды жүзеге асыруға арналған арнайы жабдықталған үй-жайлардың жүйесі;
4) қойма – қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға арналған арнайы үй-жай;
5) қойма алдындағы бөлме – қоймаға кіретін жердің алдында орналасқан, қолма-қол ақша мен құндылықтарды қоймаға кіргізуге және одан шығаруға арналған үй-жай;
6) қолма-қол ақша – ұлттық және шетел валютасының банкноттары мен монеталары;
7) қолма-қол ақшаны қайта санауға арналған үй-жай – қолма-қол ақшаны қайта санауға арналған арнайы үй-жай;
8) мобильді кассалық торап – Қағидалардың 8-тармағында көзделген жағдайларда кассалық операцияларды жүзеге асыруға арналған банктің стационарлық не стационарлық емес үй-жайы (орны);
9) операциялық зал – кассаның алдында кассалық тораптан тыс орналасқан, клиенттерге банктік қызмет көрсетуге арналған үй-жай;
10) орталықтандырылған күзет пункті – күзетілетін объектінің дабыл сигналдарын қабылдауға және қарулы күзеттің одан әрі ден қоюына арналған объектіні күзетудің стационарлық техникалық пункті;
11) сейф бөлмесі – қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға арналған, сейфтер (металл шкафтары) орнатылатын, арнайы жабдықталған үй-жай;
12) тиеу-түсіру алаңы – бөгде адамдардың қолжетімділігі мен қарап шығуын болдырмайтын, қолма-қол ақшамен және құндылықтармен тиеу-түсіру жұмыстарын жүзеге асыруға арналған арнайы бөлінген орын.
2-тарау. Күзетті ұйымдастыру тәртібі
3. Банктер, инкассаторлық ұйымдар, уәкілетті ұйымдар кассалық операцияларды, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға арналған үй-жайлардың күзетін қамтамасыз етеді.
Банктердің, инкассаторлық ұйымдардың, уәкілетті ұйымдардың кассалық операцияларды, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға арналған үй-жайларын қарулы күзет посттарын қою жолымен не орталықтандырылған күзет пунктіне түскен дабыл сигналы бойынша күзетілетін объектіге бару жолымен жеке күзет ұйымдары күзетеді және Қазақстан Республикасының күзет қызметі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес күзет сигнализациясы құралдарымен жабдықталады.
Орталықтандырылған күзет пункті жоқ елді мекендерде күзетілетін үй-жайлардан дабыл және өрт сигнализациясы күзет постында орнатылған қабылдау-бақылау құралына, орталықтандырылған бақылау пультіне беріледі. Банктердің, инкассаторлық ұйымдардың, уәкілетті ұйымдардың кассалық операцияларды, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға арналған күзетілетін үй-жайынан дабыл сигналдарын тиісті ұйым басшысының және (немесе) учаскелік полиция инспекторының тұрғын-жайына беруге жол беріледі.
4. Банктердің, инкассаторлық ұйымдардың, уәкілетті ұйымдардың кассалық операцияларды, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға арналған үй-жайларын күзету Қазақстан Республикасының күзет қызметі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес күзет қызметін көрсету туралы шарт негізінде жүзеге асырылады.
5. Кассалық операцияларды, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға арналған үй-жайлардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бастапқы өрт сөндіру құралдарымен және өрт автоматикасымен жабдықталады.
3-тарау. Кассалық операцияларды, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды жүзеге асыруға арналған банктердiң, инкассаторлық ұйымдардың үй-жайларын жайластыру тәртiбi
6. Банктерде кассалық операцияларды жүзеге асыру үшін кассалық торап жабдықталады.
7. Кассалық торапқа мынадай үй-жайлар кіреді:
1) қойма және (немесе) сейф бөлмесі;
2) қойма алдындағы бөлме (қойма болған кезде);
3) касса;
4) қолма-қол ақшаны қайта есептеуге арналған үй-жай.
8. Кассалық торап басқа өндірістік, қосалқы, жертөлелік және қызметтік үй-жайлардан қызметкерлер кіріп-шығатын бір есікпен оқшаулануға тиіс.
Бокста немесе тиеу-түсіру алаңында қолма-қол ақшамен және құндылықтармен тиеу-түсіру операцияларын жүзеге асыру үшін қосымша жабылатын есікті жабдықтауға рұқсат етіледі.
9. Қойма және (немесе) сейф бөлмесі мынадай операцияларды орындау кезінде:
1) банкноттардың, монеталар мен құндылықтардың қосымша үй-жайда жұмыстан тыс уақытта сақталуын қоспағанда, оларды күнделікті инкассациялауды ұйымдастырған;
2) кассалық операциялар тек автоматты режимде жұмыс істейтін құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылған жағдайларда банктің қосымша үй-жайында жабдықталмайды.
10. Іс-шараға қатысушыларға және (немесе) тұрғындарға, сондай-ақ ауылдық жерлерде кассалық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды талап ететін іс-шараларды өткізу кезінде жылжымалы кассалық торапты пайдалануға жол беріледі.
11. Банк касса қызметкерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және кассалық торап үй-жайларындағы терезе саңылауларын қорғау үшін қолма-қол ақша мен құндылықтардың ұрлану мүмкіндігін болдырмау үшін қорғаныс құралдарымен жабдықталған металл торларды және (немесе) бұзушылыққа қарсы және оқ өткізбейтін ролеттерді пайдаланады.
12. Қойманың үй-жайының құрылғысы мынадай өлшемдерге сәйкес келеді:
1) қойманың темірбетон қабаты қабырғасының және төбесінің қалыңдығы кемінде 200 (екі жүз) миллиметр болып айқындалады;
2) қойманың қабырғалары бір мезгілде кассалық тораптың қоршап тұрған қабырғалары болмайды;
3) қойманың бір ғана есігі болады, қоймаға терезелер орнатуға рұқсат етілмейді;
4) қойманың есігі брондалған, қоймаға еніп кетуден қорғауды қамтамасыз етеді;
5) есіктің ойығына бір құлыппен жабылатын ішкі торлы металл есік орнатылады;
6) жаңа кассалық торапты жабдықтаған кезде қойманың барлық периметрі бойынша бақылау дәліздері, қойма қабырғаларын бұзатын жасырын жұмыстардың жүргізілуін қоспағанда, қойманың темірбетон қаптамасының үстіңгі жазықтығы мен жабын плитасының арасында көзбен шолып бақылау үшін кемінде 500 (бес жүз) миллиметрлік бақылау тесігі көзделеді.
13. Сейф бөлмесінің үй-жайының құрылғысы мынадай өлшемдерге сәйкес келеді:
1) сейф бөлмесінің қабырғалары қалыңдығы кемінде 380 (үш жүз сексен) миллиметр кірпіш немесе қалыңдығы кемінде 200 (екі жүз) миллиметр темірбетон қабырғалардан тұруы тиіс;
2) сейф бөлмесінің ішіндегі қабырғалары, төбесі мен едені периметрі бойынша ұзындығы 150 (бір жүз елу) миллиметрден және ені 150 (бір жүз елу) миллиметрден аспайтын ұяшық құрап, диаметрі кемінде 16 (он алты) миллиметр болатын болат шыбықтардың темір торымен нығайтылады;
3) сейф бөлмесінің есігі металл, қалыңдығы кемінде 4 (төрт) миллиметр, оны екі құлыппен бекітуге болады. Осы саңылауға бір құлыппен жабылатын ішкі торлы металл есік орнатылады.
14. Қоймада және сейф бөлмесінде кассалық операцияларды, қауіпсіздік және сигнализация жүйелерін механизациялау құралдарына арналған құбырлар мен электр қуатының кабельдерін қоспағанда, коммуникациялық құрылыстар (кабельдік трассалар, жылумен, сумен жабдықтау трассалары және коммуникациялық трассалар) өтпеуі тиіс.
15. Қойма алдындағы бөлменің үй-жайында бір ғана есігі болуы тиіс, терезелер орнатуға жол берілмейді.
16. Кассаның үй-жайының құрылғысы мынадай өлшемдерге сәйкес келеді:
1) кассаның құлыппен жабылатын есігі бар жеке кіретін жері болады;
2) кассаның қабырғалары, төбесі мен едені касса қызметкерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс құралдарымен жабдықталады;
3) кассаның алдыңғы бөлігінде касса қызметкерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс құралдарымен жабдықталған және қолма-қол ақша мен құндылықтардың ұрлануын болдырмайтын терезе ойықтары болады;
4) кассаның алдыңғы бөлігі қолма-қол ақша мен құндылықтарды беру үшін арнайы тасымалдау құрылғылармын жабдықталады. Тасымалдау құрылғыны іске қосу және бекіту тетігі жарамды күйінде кассаның ішінде болады.
Кассаның төмен жағының алдыңғы бөлігін 10 (он) бумадан астам банкнотты және (немесе) 5 (бес) қаптан астам монетаны қабылдауға және беруге мүмкіндік беретін инкассаторлық бункермен жабдықтауға жол беріледі;
5) кассалардың арасы касса қызметкерлерінің жұмыс орындарын бөліп тұратын қалқалармен жабдықталады;
6) касса бейнебақылау жүйесінің бейнекамераларымен жабдықталады;
7) касса сөйлесу құрылғысымен (микрофонмен) жабдықталады.
17. Қарулы күзеті бар Сауда, ойын-сауық, қонақүй кешендерінде, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және басқа ғимараттарда орналасқан кассаның үй-жайларын Қағидалардың 16-тармағының талаптарын сақтамай, банктің ішкі құжаттарына сәйкес жабдықтауға жол беріледі.
18. Автоматты режимінде жұмыс істейтін құрылғыларды пайдалана отырып кассалық операцияларды жүргізу кезінде касса үй-жайларының болуы талап етілмейді.
19. Қолма-қол ақшаны қайта санауға арналған үй-жайлардың құрылғысы мынадай өлшемдерге сәйкес келеді:
1) қолма-қол ақшаны қайта санауға арналған үй-жайының құлыппен жабылатын есігі бар жеке кіретін жері болады;
2) қолма-қол ақшаны қайта санауға арналған үй-жайының қабырғаларын дыбысты басатын материалдармен қаптауға рұқсат етілді;
3) қолма-қол ақшаны қайта санауға арналған үй-жайы кассалық торапта жабдықталады.
20. Банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды жүзеге асыру үшін мынадай үй-жайлардың болуы қажет:
1) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18961 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 1 шілдедегі № 602 бұйрығымен бекітілген Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымының қағидаларына сәйкес жабдықталған қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға арналған үй-жай;
2) қойма және (немесе) сейф бөлмесі;
3) қойма алдындағы бөлме (қойма болған кезде);
4) бокс немесе тиеу-түсіру алаңы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген үй-жайларды жайластыру Қағидалардың 12, 13, 14, 15 және 21-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
21. Банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүзеге асыру үшін құлыппен жабылатын есігі бар кассалық торапқа кіретін жерге жапсарласатын бокс үй-жайы не банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау үшін тиеу-түсіру алаңы жабдықталады.
Банк бокс үй-жайын және тиеу-түсіру алаңын жайластыру кезінде бөгде адамдардың кіруін және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларының жүргізілуіне қарап тұруын болдырмауды қамтамасыз етеді.
4-тарау. Уәкілетті ұйымдардың үй-жайларын жайластыру тәртібі
22. Көшеден жеке кіру есігі бар, үйлерде (ғимараттарда, үй-жайларда) орналасқан уәкілетті ұйымның үй-жайы мынадай үй-жайларды қамтиды:
1) касса;
2) операциялық зал немесе клиентке қызмет көрсетуге арналған үй-жай.
23. Уәкілетті ұйым кассасының үй-жайларын жайластыру Қағидалардың 16 және 17-тармақтарға сәйкес жүзеге асырылады.
Көшеден жеке кіру есігі бар уәкілетті ұйым кассасының терезе ойықтары Қағидалардың 11-тармағына сәйкес жабдықталады.
24. Көшеден жеке кіру есігі бар уәкілетті ұйымның үй-жайына кіретін металл есік орнатылады.