Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 27-тармағы негізінде БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі |
Н. Ермекбаев |
| Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 1060 бұйрығымен бекітілген |
Кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидалары
1. Кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне (бұдан әрі – Қарулы Күштер) келісімшарт бойынша әскери қызметке кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Кәсіби және психологиялық іріктеуді қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің және әскери бөлімдердің (мемлекеттік мекемелердің) психологиялық жұмыс мамандары жүргізеді.
3. Кәсіби және психологиялық іріктеу психологиялық тексеруді және әлеуметтік-психологиялық зерделеуді қамтиды.
4. Психологиялық тексеру кандидаттардың зияткерлік даму деңгейін, әскери қызмет өткеруге психологиялық жарамдылығын, кәсіби және жеке басының қасиеттерін (бұдан әрі – кәсіби тұрғыдан маңызды қасиеттер) психологиялық тестілеу әдісімен зерделеуді көздейді.
5. Психологиялық тексеру барысында мынадай міндеттер шешіледі:
1) зияткерлік қабілеттерінің деңгейін айқындау;
2) оқи, жаза және өз ойын айта білуін тексерумен ақыл-ой кемістігі белгілерін анықтау;
3) өзіне-өзі қол жұмсау мінез-құлқының белгілерін анықтау;
4) нервтік-психикалық тұрақсыздық белгілерін анықтау;
5) лауазымдық және функционалдық құзыреттерін орындау үшін қойылатын талаптарға сәйкес кандидаттың жеке басының басқа да қасиеттерін белгілеу.
6. Әлеуметтік-психологиялық зерделеу жеке тұлғаны тәрбиелеу және дамыту жағдайларын, оның әскери-кәсіби бағыттылығын, моральдық және жігерлік қасиеттерін, қарым-қатынас ерекшеліктерін бағалауды көздейді және психологиялық тексеру нәтижелерін растау мақсатында жүргізіледі.
Әлеуметтік-психологиялық зерделеу құжаттарды зерделеу, жеке әңгімелесу және байқау әдістерімен жүргізіледі.
7. Кәсіби және психологиялық іріктеу нәтижелері бойынша кандидаттың кәсіби тұрғыдан жарамдылығы туралы мынадай қорытындылардың бірі шығарылады:
1) "ұсынылады", осы санатқа жататын кандидаттар кәсіби тұрғыдан маңызды қасиеттерінің даму деңгейі бойынша әскери-кәсіби қызметтің талаптарына толық немесе негізінен сәйкес келеді;
2) "ұсынылмайды", осы санатқа жататын кандидаттар кәсіби тұрғыдан маңызды қасиеттерінің даму деңгейі бойынша әскери-кәсіби қызметтің талаптарына сәйкес келмейді.
8. Кәсіби және психологиялық іріктеу (зерделеу) нәтижелері кандидаттың жеке ісіне қоса тіркелетін психологиялық іріктеу (зерделеу) картасында көрсетіледі.