Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 217 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 6 желтоқсанда № 19714 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 217 қаулысымен
бекітілді

Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және электрондық тәсілмен микрокредиттер беру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Заңда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аутентификаттау – клиенттің, электрондық хабарламалардың және өзге де құжаттардың, оның ішінде микрокредит беру үшін қажетті, сондай-ақ клиентті және оның өз еркінің мазмұнын айқындайтын құжаттардың электрондық көшірмелерінің шынайылығын тексеру рәсімі;

      2) клиент – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйыммен микрокредит беру туралы шарт жасасқан немесе микрокредит алуға өтініш берген (бергісі келетін) жеке немесе заңды тұлға;

      3) көпфакторлы аутентификаттау – кемінде екі түрлі өлшемді пайдаланып, оның ішінде парольдерді немесе аутентификаттау белгілерін (цифрлық сертификаттар, токендер, смарт-карталар, бір реттік парольдер және биометрикалық өлшемдер) жасау және енгізу арқылы жүзеге асырылатын аутентификаттау;

      4) сәйкестендіруші – клиентке жеке кабинетке кіру үшін берілетін цифрлардан, әріптерден немесе өзге символдардан тұратын код;

      5) жеке кабинет – электрондық тәсілмен микрокредиттер беру шеңберінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мен клиент арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін көпфункционалды қорғалған сервис;

      6) мобильдік қосымша – абоненттік ұялы байланыс қондырғысында пайдаланылатын және ұялы байланыс қызметі немесе интернет арқылы жеке кабинетке кіруге мүмкіндік беретін бағдарламалық өнім;

      7) терминал – микрокредиттерді берумен байланысты операцияларды жүзеге асыруға арналған электрондық-механикалық құрылғы;

      8) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-тарау. Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру

      3. Микрокредиттерді электрондық тәсілмен берумен байланысты операциялар микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсындағы клиенттің жеке кабинетінде, мобильдік қосымшасында және (немесе) терминалдарында жүзеге асырылады.

      4. Микрокредиттерді электрондық тәсілмен беру жүзеге асырылатын интернет-ресурс, мобильдік қосымша және (немесе) терминал ашылғанға дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.

      Уәкілетті органға жіберілетін хабарлама:

      1) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсының, мобильдік қосымшасының атауын және (немесе) терминалдың тұрған жерін;

      2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсы, мобильдік қосымшасы және (немесе) терминалы арқылы көрсетуге болатын қызметтердің (операциялардың) тізбесін;

      3) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымда интернет-ресурс, мобильдік қосымша және (немесе) терминал арқылы қызметтер көрсету кезінде растайтын құжаттармен қоса ақпарат қауіпсіздігінің және оған заңсыз қол жеткізуден қорғаудың бекітілген рәсімдерінің болуы туралы ақпаратты қамтиды.

      5. Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген хабарламадағы ақпарат өзгерген кезде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мұндай өзгерістер жүзеге асырылғанға дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.

      6. Клиенттің жеке кабинетке кіруі ол сәйкестендірілгеннен және аутентификатталғаннан кейін жүзеге асырылады.

      7. Клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау үшін мынадай тәсілдер пайдаланылады:

      1) электрондық цифрлық қолтаңба;

      2) биометрикалық сәйкестендіру құралдары;

      3) клиент белгілеген немесе әріптердің, цифрлардың немесе символдардың жиынтығынан тұратын үйлесімді жасалған парольдің жиынтығынан тұратын, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым белгілеген бірегей сәйкестендіруші.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған клиентті сәйкестендірудің және аутентификаттаудың бір немесе бірнеше тәсілінің жиынтығын пайдалануға жол беріледі.

      Клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау тәсілдері микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның ақпарат қауіпсіздігінің және оған заңсыз қол жеткізуден қорғаудың ішкі рәсімдерінде айқындалады.

      8. Жеке кабинет клиентке мынадай, бірақ олармен шектелмей, іс-қимылдарды жүзеге асыру мүмкіндігін береді:

      1) клиенттің микрокредит алуға өтініш беруі;

      2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым туралы мәліметтерді (заңды және (немесе) нақты мекенжайы, байланыс телефондары, факс, электрондық пошта мекенжайы және басқа мәліметтер), микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның бірінші басшысы туралы мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты (болса)) қарау;

      3) клиенттің микрокредит беру туралы шартын (шарттарын) (шарт жасалғанға және жасалғаннан кейінгі) қарау;

      4) клиенттің микрокредит алуға өтінішінің қаралу барысы және нәтижелері туралы ақпаратты қарау;

      5) клиенттің микрокредит (микрокредиттер) бойынша ағымдағы берешегінің сомасы, клиенттің алдағы және нақты төлемдері туралы, оның ішінде негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар) сомасы туралы ақпаратты қарау;

      6) клиенттің микрокредитті өтеу тәсілдері туралы ақпаратты қарау;

      7) клиент пен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым арасында хаттар (хабарлар) алмасу.

      9. Микрокредит электрондық тәсілмен берілгенге дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым:

      1) клиентті Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына және ішкі құжаттарға сәйкес клиентті тиісінше тексеруді жүзеге асырады;

      2) клиентті микрокредиттер беру қағидаларымен таныстырады;

      3) клиентке микрокредитті алумен, қызмет көрсетумен және өтеумен (қайтарумен) байланысты төлемдер және аударымдар туралы толық әрі дәйекті ақпарат береді;

      4) клиентке микрокредитті өтеу әдісімен танысу және таңдау үшін түрлі әдістермен (сараланған төлемдер, аннуитеттік төлемдер әдісімен немесе микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес есептелген әдіспен) есептелген өтеу кестелерінің жобаларын ұсынады;

      5) клиентті микрокредит алумен байланысты құқықтары мен міндеттер туралы хабардар етеді.

      10. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мен клиент арасында электрондық тәсілмен микрокредит беру туралы шарт жасасу клиенттің электрондық цифрлық қолтаңбасы және (немесе) көпфакторлы аутентификаттау арқылы жүзеге асырылады.

      Электрондық тәсілмен микрокредит беру микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның банк шотынан клиенттің банк шотына (төлем карточкасына) ақша қаражатын аудару жолымен, сондай-ақ клиентке қолма-қол ақшаны терминал арқылы беру арқылы жүзеге асырылады.

      11. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында көзделген негіздер бойынша клиентке микрокредит беруден бас тартады.

      12. Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның:

      1) клиенттің мынадай деректерді:

      клиенттің жеке куәлігінде көрсетілген тегін, атын, әкесінің атын (болса);

      клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірін (бизнес сәйкестендіру нөмірін);

      клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін және мерзімін;

      клиенттің абоненттік ұялы байланыс қондырғысының нөмірін міндетті түрде ұсынуын;

      2) клиенттің электрондық тәсілмен микрокредит алуға құқығын растау үшін оны сәйкестендіруді және аутентификаттауды;

      3) клиентке электрондық тәсілмен микрокредит беруге негіз болған электрондық құжаттардың мазмұнындағы бұрмалаушылықтарды және (немесе) өзгерістерді анықтауды;

      4) микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізуден қорғауды және клиент берген сәйкестендіру және аутентификаттау деректерін кредит алу кезінде заңсыз қайта пайдаланудан қорғауды қоса алғанда, осы ақпараттың тұтастығын көздейтін ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Клиенттің сұратуы бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым электрондық тәсілмен микрокредиттің берілгенін (алынғанын) растайтын электрондық құжаттарды жіберу және (немесе) алу туралы растауды оған микрокредит беру туралы шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.

      14. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым клиентке берілген және одан алынған электрондық хабарлар мен өзге құжаттардың тұтастығы мен конфиденциалдылығын сақтай отырып, олардың микрокредит беру туралы шарт бойынша тараптардың міндеттемелері тоқтатылғаннан кейін кемінде 5 (бес) жыл бойы қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді.

      Электрондық хабарларды және өзге құжаттарды сақтау олар қалыптастырылған, клиентке берілген немесе одан алынған форматта жүзеге асырылады.

      15. Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз қол жеткізу, оны заңсыз өзгерту, заңсыз іс-қимылдарды жүзеге асыру анықталған жағдайда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мұндай әрекеттердің себептері мен салдарларын жою үшін тез арада шаралар қабылдайды, сондай-ақ бір жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды хабардар етеді.