Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 217 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 6 желтоқсанда № 19714 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 217 қаулысымен
бекітілді

Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және электрондық тәсілмен микрокредиттер беру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Заңда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аутентификаттау – клиенттің, электрондық хабарламалардың және өзге де құжаттардың, оның ішінде микрокредит беру үшін қажетті, сондай-ақ клиентті және оның өз еркінің мазмұнын айқындайтын құжаттардың электрондық көшірмелерінің түпнұсқалығын тексеру рәсімі;

      2) берешек – қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы шартта көзделген негізгі борыштың қалдық сомасын, есептелген, бірақ төленбеген сыйақыны, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) қоса алғанда, микрокредит бойынша борыш сомасы;

      3) биометриялық сәйкестендіру – жеке басты физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде сәйкестендіретін шаралар кешені;

      4) бір реттік пароль – электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алатын субъектілерді сәйкестендірудің бір сеансы үшін ғана жарамды пароль;

      5) екі факторлы аутентификаттау – үш түрлі мынадай факторларды: білімнің, иеленудің, бөлінбеушіліктің екеуін қолдана отырып, жүзеге асырылатын аутентификаттау;

      6) жеке кабинет – электрондық тәсілмен микрокредиттер беру шеңберінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мен клиент арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін көпфункционалды қорғалған сервис;

      7) клиент – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйыммен микрокредит беру туралы шарт жасасқан немесе микрокредит алуға өтініш берген (беруге ниеттенген) жеке немесе заңды тұлға;

      8) клиентті сәйкестендіру – клиенттің одан әрі аутентификаттауды жүргізу мақсатында өзінің сәйкестендіру деректерін ұсыну рәсімі;

      9) мобильдік қосымша – ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында пайдаланылатын және ұялы байланыс қызметі немесе интернет арқылы жеке кабинетке кіруге мүмкіндік беретін бағдарламалық өнім;

      10) сәйкестендіруші – клиентке жеке кабинетке кіру үшін берілетін цифрлардан, әріптерден немесе өзге символдардан тұратын бірегей код;

      11) сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы (СДАО) – клиенттерді сәйкестендіру рәсімдерін жүргізу үшін қолжетімді көздерден клиенттердің деректерімен алмасу бойынша қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін банкаралық ақша аудару жүйесінің операциялық орталығы;

      12) смарт-карта – орнатылған микросхемасы бар пластик карта;

      13) терминал – микрокредиттер беруге байланысты операцияларды жүзеге асыруға арналған электрондық-механикалық құрылғы;

      14) токен – пайдаланушының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның иесін сәйкестендіруге, ақпараттық ресурстарға қауіпсіз қашықтан қолжетімділікке арналған құрылғы;

      15) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      16) "электрондық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесін" білдіретін ақпараттық жүйе.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 13.12.2021 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру

      3. Микрокредиттерді электрондық тәсілмен берумен байланысты операциялар микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсындағы клиенттің жеке кабинетінде, мобильдік қосымшасында және (немесе) терминалдарында жүзеге асырылады.

      4. Микрокредиттерді электрондық тәсілмен беру жүзеге асырылатын интернет-ресурс, мобильдік қосымша және (немесе) терминал ашылғанға дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.

      Уәкілетті органға жіберілетін хабарлама:

      1) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсының, мобильдік қосымшасының атауын және (немесе) терминалдың тұрған жерін;

      2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсы, мобильдік қосымшасы және (немесе) терминалы арқылы көрсетуге болатын қызметтердің (операциялардың) тізбесін;

      3) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымда интернет-ресурс, мобильдік қосымша және (немесе) терминал арқылы қызметтер көрсету кезінде растайтын құжаттармен қоса ақпарат қауіпсіздігінің және оған заңсыз қол жеткізуден қорғаудың бекітілген рәсімдерінің болуы туралы ақпаратты қамтиды.

      5. Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген хабарламадағы ақпарат өзгерген кезде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мұндай өзгерістер жүзеге асырылғанға дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.

      6. Жеке кабинетте тіркеу үшін клиент - жеке тұлға мынадай деректерді енгізеді:

      жеке басын растайтын құжатта көрсетілген тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      жеке сәйкестендіру нөмірі;

      жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі және қолданылу мерзімі;

      ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірі;

      клиенттің банктік шотының деректемелері (IBAN) және/немесе төлем карточкасының деректемелері (терминалдар арқылы микрокредиттер беруді қоспағанда);

      клиенттің беті бейтарап қалыпта және аузы жабық ашық түстегі анфас фотосуреті.

      Жеке кабинетте тіркеу үшін клиент-заңды тұлға мынадай деректерді (сканерленген түрдегі құжаттар) енгізеді (қоса береді):

      заңды тұлғаның атқарушы органының басшысын тағайындау туралы бұйрық немесе микрокредит беру шартына қол қоюға уәкілетті тұлғаның өкілеттіктерін растайтын сенімхат;

      микрокредит беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      клиенттің - заңды тұлғаның банктік сәйкестендіру нөмірі;

      микрокредит беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі;

      микрокредит беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі және қолданылу мерзімі;

      клиенттің - заңды тұлғаның ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірі;

      клиенттің - заңды тұлғаның банктік шотының деректемелері (IBAN) және/немесе төлем карточкасының деректемелері;

      микрокредит беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті клиенттің беті бейтарап қалыпта және аузы жабық ашық түстегі анфас фотосуреті.

      Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым клиентті тіркеуді растау үшін ұсынылған мынадай деректерді салыстырып тексеруді жүзеге асырады:

      клиент - жеке тұлға: клиенттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі және фотосуреті;

      клиент – заңды тұлға: микрокредит беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және микрокредит беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлғаның фотосуреті.

      Клиентті жеке кабинетте тіркеу осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады.

      Клиентті жеке кабинетке тіркегеннен кейін, қарыз алушыны жеке кабинетке кейіннен кіргізу парольдерді жинақтау және енгізу арқылы немесе аутентификаттау мүмкіндіктерінің кем дегенде біреуін (токендер, смарт-карталар, бір реттік парольдер) пайдалану арқылы жүзеге асырылады;

      Клиенттің ұялы байланысының абоненттік құрылғысының нөмірі және банк шотының деректемелеріне (терминалдар арқылы микрокредит беруді қоспағанда) өзгерістер енгізу клиенттің жеке кабинетінде Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірін қолдана отырып, жүзеге асырылады.

      Жеке кабинетте клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес-сәйкестендіру нөмірі туралы деректер өзгертілмейді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 13.12.2021 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Клиентті сәйкестендіру және аутентификаттау үшін клиенттің жеке кабинетінде мынадай тәсілдер пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының ұлттық куәландыру орталығы ұсынған клиенттің электрондық цифрлық қолтаңбасы;

      2) СДАО-ның қызметін пайдалану арқылы клиентті биометриялық сәйкестендіру;

      3) клиентті екі факторлы аутентификаттау.

      Клиенттің екі факторлы аутентификаттау мынадай факторлардың кем дегенде екеуін қолдану арқылы жүзеге асырылады:

      білім факторын растау: клиенттің тіркеу кезінде берілген парольді немесе код сөзін өз бетінше енгізуі;

      иелену факторын растау: клиенттің клиент тіркелген токенмен автоматты түрде генерацияланған бір реттік парольді енгізуі немесе клиенттің клиент тіркелген смарт-картаны оқу құрылғысына қосылуы немесе клиенттің клиент көрсеткен клиенттің байланыс құрылғысының абоненттік нөміріне автоматты түрде генерацияланған және берілген бір реттік парольді енгізуі, клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірін ұялы байланыс операторының дерекқорындағы абоненттік нөмір иесінің жеке сәйкестендіру нөмірімен салыстырып тексеру немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы клиенттердің ұялы телефон нөмірлері базасындағы клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірін салыстырып тексеру арқылы осы абоненттік нөмірдің клиентке тиесілілігі туралы ақпарат алу арқылы клиентке осы абоненттік нөмірдің тиесілілігін тексеру;

      бөлінбеушілік факторын растау: нақты уақыт режимінде клиент тұлғасының бейнесін оның жеке басын куәландыратын құжаттағы бейнесімен салыстыру, бұл ретте клиенттің нақты уақыт режимінде бейненің орнына клиент тұлғасының статикалық бейнесін немесе бейнежазбасын пайдаланудан қорғау қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 13.12.2021 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Жеке кабинет клиентке мынадай, бірақ олармен шектелмей, іс-қимылдарды жүзеге асыру мүмкіндігін береді:

      1) клиенттің микрокредит алуға өтініш беруі;

      2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым туралы мәліметтерді (заңды және (немесе) нақты мекенжайы, байланыс телефондары, факс, электрондық пошта мекенжайы және басқа мәліметтер), микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның бірінші басшысы туралы мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты (болса)) қарау;

      3) клиенттің микрокредит беру туралы шартын (шарттарын) (шарт жасалғанға және жасалғаннан кейінгі) қарау;

      4) клиенттің микрокредит алуға өтінішінің қаралу барысы және нәтижелері туралы ақпаратты қарау;

      5) клиенттің микрокредит (микрокредиттер) бойынша ағымдағы берешегінің сомасы, клиенттің алдағы және нақты төлемдері туралы, оның ішінде негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар) сомасы туралы ақпаратты қарау;

      6) клиенттің микрокредитті өтеу тәсілдері туралы ақпаратты қарау;

      7) клиент пен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым арасында хаттар (хабарлар) алмасу.

      9. Микрокредит электрондық тәсілмен берілгенге дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым:

      1) клиентті Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына және ішкі құжаттарға сәйкес клиентті тиісінше тексеруді жүзеге асырады;

      2) клиентті микрокредиттер беру қағидаларымен таныстырады;

      3) клиентке микрокредитті алумен, қызмет көрсетумен және өтеумен (қайтарумен) байланысты төлемдер және аударымдар туралы толық әрі дәйекті ақпарат береді;

      4) клиентке микрокредитті өтеу әдісімен танысу және таңдау үшін түрлі әдістермен (сараланған төлемдер, аннуитеттік төлемдер әдісімен немесе микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес есептелген әдіспен) есептелген өтеу кестелерінің жобаларын ұсынады;

      5) клиентті микрокредит алумен байланысты құқықтары мен міндеттер туралы хабардар етеді.

      10. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мен клиент арасында электрондық тәсілмен микрокредит беру туралы шарт жасасу, микрокредит беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу клиенттің электрондық цифрлық қолтаңбасы және (немесе) парольдарды жинақтау және енгізу немесе аутентификаттау белгілерінің (токендер, смарт-карталар, біржолғы парольдар) кемінде біреуін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

      Электрондық тәсілмен микрокредит беру микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның банктік шотынан клиенттің банктік шотына (төлем карточкасына) ақша аудару жолымен, сондай-ақ клиентке терминал немесе касса арқылы қолма-қол ақшаны беру арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.04.2021 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында көзделген негіздер бойынша клиентке микрокредит беруден бас тартады.

      12. Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның клиентке электрондық тәсілмен микрокредит беруге негіз болған электрондық құжаттардың мазмұнындағы бұрмалаушылықтарды және (немесе) өзгерістерді анықтауды, сондай-ақ микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізуден қорғауды және клиент берген сәйкестендіру және аутентификаттау деректерін кредит алу кезінде заңсыз қайта пайдаланудан қорғауды қоса алғанда, осы ақпараттың тұтастығын көздейтін ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.04.2021 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Клиенттің сұратуы бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым электрондық тәсілмен микрокредиттің берілгенін (алынғанын) растайтын электрондық құжаттарды жіберу және (немесе) алу туралы растауды оған микрокредит беру туралы шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.

      14. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым клиентке берілген және одан алынған электрондық хабарлар мен өзге құжаттардың тұтастығы мен конфиденциалдылығын сақтай отырып, олардың микрокредит беру туралы шарт бойынша тараптардың міндеттемелері тоқтатылғаннан кейін кемінде 5 (бес) жыл бойы қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді.

      Электрондық хабарларды және өзге құжаттарды сақтау олар қалыптастырылған, клиентке берілген немесе одан алынған форматта жүзеге асырылады.

      15. Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, оны заңсыз өзгерту, алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық қудалау органдарының процестік әрекеттерімен расталған үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру анықталған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мұндай әрекеттердің себептері мен салдарын жою үшін екі жұмыс күні ішінде шаралар қабылдайды, сондай-ақ бұл туралы бір жұмыс күні ішінде клиентті және уәкілетті органды хабардар етеді.

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес құқық қорғау органдары ұсынған қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы енгізілген ұсыным негізінде күнтізбелік 3 (үш) күннен кешіктірмей микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйым:

      мұндай микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұрады;

      клиент бойынша талап–арыз жұмысын тоқтатады;

      үшінші тұлғаларға микрокредитті алаяқтық тәсілмен ресімдеуге тікелей кінәлі адамдарды анықтау мақсатында құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жалғастырады.

      Клиенттің микрокредит алмау фактісін растайтын, заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйым:

      клиенттің осы микрокредит бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдайды;

      клиенттің кредиттік тарихына түзетулер енгізеді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 13.12.2021 № 108 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.