Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінің іріктеу комиссияларын құру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 13 қарашадағы № 910 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 19 қарашада № 19616 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 27-тармағы негізінде БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінің іріктеу комиссияларын құру және олардың жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қорғаныс министрі Н. Ермекбаев

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2019 жылғы 13 қарашадағы
№ 910 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінің іріктеу комиссияларын құру және олардың жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінің іріктеу комиссияларын құру және олардың жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің (бұдан әрі – Қарулы Күштер) әскери бөлімдері мен мекемелерінің іріктеу комиссияларын құру және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Іріктеу комиссиясы алқалы орган болып табылады және Қарулы Күштерде бос әскери лауазымға орналасуға кандидаттарды іріктеуді жүзеге асырады.

      3. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің іріктеу комиссиясы офицерлер құрамының бос әскери лауазымдарына тағайындау үшін кандидаттарды іріктеуді жүргізеді.

      4. Әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) іріктеу комиссиясы сержанттар (старшиналар) мен сарбаздар (матростар) құрамдарының бос әскери лауазымдарына тағайындау үшін кандидаттарды іріктеуді жүргізеді.

      5. Азаматтарды Қарулы Күштерге келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери лауазымдар және оларға сәйкес әскери атақтар тізбесінде көзделген және бос болып табылатын лауазымдарға жүзеге асырылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінің іріктеу комиссияларын құру тәртібі

      6. Қорғаныс істері жөніндегі департамент іріктеу комиссиясының құрамы тиісті департамент бастығының бұйрығымен, әскери бөлім (мемлекеттік мекеме) іріктеу комиссиясының құрамы тиісті командирдің (бастықтың) бұйрығымен бекітіледі.

      Іріктеу комиссиясының төрағасы болып қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының, әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме бастығының) орынбасары тағайындалады.

      Іріктеу комиссиясының құрамы мүшелердің тақ санынан кемінде бес адамнан тұрады.

3-тарау. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелері іріктеу комиссияларының жұмыс істеу тәртібі

      7. Іріктеу комиссиясы сапалы жұмысты ұйымдастыру мақсатында мынадай іс-шараларды жүргізеді:

      1) қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде офицерлер құрамының әскери лауазымдарына тағайындауға жататын кандидаттармен:

      кандидаттардың жеке істерін тексереді;

      кандидаттарды әскери лауазымға тағайындау үшін қаралатын бар әскери-есептік мамандығының (білімінің) сәйкес келуіне тексереді;

      кандидаттардың дене шынықтыру дайындығын тексереді;

      кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;

      іріктелген кандидаттарды қорғаныс істері жөніндегі департамент іріктеу комиссиясының отырысында қарайды;

      2) әскери бөлімде (мемлекеттік мекемеде) сержанттар (старшиналар) мен сарбаздар (матростар) құрамдарының әскери лауазымдарына тағайындау үшін кандидаттармен:

      кандидаттардың жеке істерін тексереді;

      кандидаттарды әскери лауазымға тағайындау үшін қаралатын бар әскери-есептік мамандығының (білімінің) сәйкес келуіне тексереді;

      кандидаттардың дене шынықтыру дайындығын тексереді;

      кәсіби және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;

      іріктелген кандидаттарды әскери бөлім (мемлекеттік мекеме) іріктеу комиссиясының отырысында қарайды.

      8. Іріктеу комиссиясының отырысы іріктеу комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі.

      9. Іріктеу комиссиясының отырысы, егер оған құрамының кемінде үштен екі бөлігі қатысса, заңды болып саналады. Іріктеу комиссиясының жоқ мүшелерін ауыстыруға жол берілмейді.

      10. Іріктеу комиссиясының отырысы мынадай тәртіппен өткізіледі:

      1) психологиялық іріктеу, кандидатты оның білімінің, әскери-есептік мамандығының, дене шынықтыру дайындығының, сондай-ақ оның кәсіби тұрғыдан жарамдылығының сәйкес келуіне тексеру нәтижелері қоса берілген қалыптастырылған жеке ісінің материалдарын қарау;

      2) кандидатпен әңгімелесу;

      3) іріктеу комиссиясы мүшелерінің пікірлерін тыңдау;

      4) дауыс беру және шешім қабылдау;

      5) кандидатқа қабылданған шешімді жариялау.

      11. Іріктеу комиссиясының шешімі қатысқан мүшелердің көпшілік дауысымен қабылданады. Іріктеу комиссиясы мүшелерінің дауыстары тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      12. Іріктеу комиссиясының шешімі хаттамамен ресімделеді.

      13. Іріктеу комиссиясының хатшысы дауыс беруге қатыспайды.

      14. Іріктеу комиссиясы отырыс қорытындылары бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) ұсынылады;

      2) ұсынылмайды.

      15. Келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдаудан бас тартылған жағдайда бас тарту себептерін көрсетумен екі данада хабарлама жасалады. Бірінші дана кандидатқа беріледі, ал екіншісі қорғаныс істері жөніндегі департаментте қалдырылады (әскери бөлімге, мемлекеттік мекемеге жолданады).

4-тарау. Қорытынды ережелер

      16. Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің бастығы) іріктеу комиссиясының хаттамасынан үзінді негізінде кандидатпен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасайды, әскери қызметке қабылдау және әскери бөлім жеке құрамының тізімдеріне қабылдау туралы бұйрықтар шығарады.

      Әскери қызметшіні әскери есептен шығару үшін қорғаныс істері жөніндегі департаментке әскери қызметке қабылданғаны және әскери бөлім жеке құрамының тізімдеріне алынғаны туралы бұйрықтардан үзінділер жолданады.

      17. Қорғаныс істері жөніндегі департамент шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хаттамадан үзіндіні және іріктеу комиссиясы оған қатысты "ұсынылады" деп шешім қабылдаған кандидатқа материалдарды оның әскери қызметке кіруі және онымен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасау туралы бұйрық шығару үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаментіне жолдайды.

      Әскери бөлімнен (мемлекеттік мекемеден) кандидаттың сержанттар (старшиналар) мен сарбаздар (матростар) құрамдарының әскери лауазымдарына тағайындау үшін әскери қызметке қабылданғаны және әскери бөлімнің тізімдеріне алынғаны туралы бұйрықтан үзіндіні алғаннан кейін аудандардың (қалалардың) қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерін (басқармаларын) хабардар етеді.