Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 30 қазандағы № 871 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 1 қарашада № 19541 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2020 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 70-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл және қару-жарақ бастығының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қорғаныс министрі Н. Ермекбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      ___________________________

      2019 жылғы " ____ " ________

      КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      ___________________________

      2019 жылғы " ____ " ________

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2019 жылғы 30 қазандағы
№ 871 бұйрығымен
бекітілген

Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін ақшаны жұмсау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери-медициналық мекемелерінің (бұдан әрі - әскери-медициналық мекемелер) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін ақшаны жұмсау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларға сәйкес әскери-медициналық мекемелер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесі шегінде медициналық көмекті (бұдан әрі - ақылы медициналық қызмет түрлері):

      1) әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен шығарылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауырған, сондай-ақ жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар адамдарға;

      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің (бұдан әрі - Қарулы Күштер) келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне;

      3) Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілеріне;

      4) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлеріне;

      5) Қарулы Күштердің азаматтық персоналына;

      6) басқа да медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға көрсетеді.

      3. Әскери-медициналық мекемелерде медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі - Қор) мен әскери-медициналық мекемелер арасында жасалған медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарттары негізінде "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 591 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15604 болып тіркелген) (бұдан әрі - Сатып алу қағидалары) сәйкес көрсетіледі.

      4. Осы Қағидалардың күші тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсететін әскери-медициналық мекемелерге қолданылады.

2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсету тәртібі

      5. Әскери-медициналық мекемелерде медициналық көмек көрсету денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Әскери-медициналық мекемелер медициналық көмек көрсету кезінде қолданыстағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес құрылған медициналық көрсетілетін қызметтер сапасы жөніндегі комиссия қабылдайтын клиникалық хаттамаларды, сондай-ақ "Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 931 бұйрығын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16141 болып тіркелген) (бұдан әрі - Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр) пайдаланады.

      6. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлері медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға мынадай түрлер бойынша көрсетіледі:

      1) дәрігерге дейінгі медициналық көмек;

      2) білікті медициналық көмек;

      3) мамандандырылған медициналық көмек;

      4) жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызмет;

      5) медициналық-әлеуметтік көмек.

      7. Медициналық көмек медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға мынадай нысандарда ұсынылады:

      1) консультациялық-диагностикалық көмек нысанында амбулаторлық-емханалық көмек;

      2) стационарлық көмек;

      3) стационарды алмастыратын көмек.

      8. Әскери-медициналық мекеме қолданыстағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес алғашқы медициналық құжаттаманы жүргізуді қамтамасыз етеді.

      9. Әскери-медициналық мекеменің медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жасалған шарттар шеңберінде құжаттаманы толтыруы және ұсынуы Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстар арқылы жүзеге асырылады.

      10. Әскери-медициналық мекеме көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемелерінің бір бөлігін орындау үшін деректер базасына енгізілген денсаулық сақтау субъектілерімен сатып алу қағидаларына сәйкес бірлесіп орындаудың азаматтық-құқықтық шартын жасайды, сондай-ақ бірлесіп орындаушы ретінде тартылады.

3-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеу тәртібі

      11. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеуді "Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу қағидаларын және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерге фармацевтикалық көрсетілген қызметтердің құнын төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 138 бұйрығына сәйкес Қор жүзеге асырады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16685 болып тіркелген) (бұдан әрі - Ақы төлеу қағидалары).

      12. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеу "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 5 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-10 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17353 болып тіркелген) бекітілген тарифтер бойынша жүргізіледі.

      13. Көрсетілген медициналық қызметтердің ақылы түрлері үшін төлем құжаттарын, есептерін және нысандарын қалыптастыру, сондай-ақ оларды Қорға ұсыну Ақы төлеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      14. Бірлесіп орындау шарты бойынша міндеттемелерді орындайтын әскери-медициналық мекемелерге көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеуді денсаулық сақтау субъектісі жүзеге асырады, олармен Қормен жасалған медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты шеңберінде бірлесіп орындау шарты жасалды.

      Медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға бірлесіп орындаушылар медициналық көмек көрсеткен кезде көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеуді әскери-медициналық мекемелер жүзеге асырады.

4-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін ақшаны жұмсау тәртібі

      15. Әскери-медициналық мекемелердің медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуінен түсетін өздерінің иелігінде қалатын ақша "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) (бұдан әрі - Бюджеттің атқарылуы қағидалары) сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ашатын қолма-қол ақшаның бақылау шотына есепке жатқызылады.

      16. Әскери-медициналық мекемелер көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынатын өздерінің иелігінде қалатын ақша есебінен операция жүргізу үшін Бюджеттің атқарылуы қағидаларында айқындалған тәртіппен жыл сайын медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден алынатын ақшаның түсу және жұмсау жоспарын жасайды.

      17. Әскери-медициналық мекемелердің медициналық қызметтердің ақылы түрлерін көрсетуден алған ақшасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 26 қарашадағы № 801 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5946 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 801 бұйрық) бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесінде айқындалған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметке байланысты шығындар шеңберінде:

      1) клиникалық хаттамаларға және Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға сәйкес дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды және шығыс материалдарын сатып алуға (қамтамасыз етуге);

      2) "Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтаудың ең төменгі нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қаңтардағы № 128 қаулысына сәйкес пациенттерді тамақтандыруға және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтауға;

      3) кадрлардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға;

      4) коммуналдық қызметтерге: жылуға, электр энергиясына, ыстық және суық суға ақы төлеуге;

      5) өзге де шығыстарға, оның ішінде интернетті қоса алғанда, байланыс қызметтеріне, іссапар шығыстарына, ағымдағы жөндеу жүргізуге, үй-жайды жалға алуға, кеңсе, шаруашылық және жанар-жағармай тауарларын, басқа да тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға (қамтамасыз етуге), сервистік қызмет көрсетуге, банк қызметтеріне ақы төлеуге;

      6) № 801 бұйрықпен бекітілген ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру қағидаларында көзделген тәртіппен уәкілетті орган бекітетін ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге (медициналық көрсетілетін қызметтер кешеніне) арналған тарифтерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспарында көзделген жағдайларда негізгі құралдарды жаңартуға жұмсалады.

      ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарына сәйкес есептелген тұрақсыздық айыбы әскери-медициналық мекемелердің медициналық қызметтердің ақылы түрлерін көрсетуден алған ақшасы есебінен төленеді.

      Осы Қағидаларға сәйкес медициналық көмек алатын пациенттерді тамақтандыруды қамтамасыз ету үшін әскери-медициналық мекеме осы мекемедегі әскери қызметшілер қатарынан пациенттер үшін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін жеткізушімен азаматтық-құқықтық шарт жасайды.

      18. Медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін ақшаның түсу және жұмсалу жоспарларының орындалуы туралы есепті жасау және ұсыну "Мемлекеттiк мекемелердiң, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттiк есептiлiкті жасау және ұсыну қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 630 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14613 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      19. Әскери-медициналық мекемелер медициналық көрсетілетін қызметтердің ақылы түрлерін бухгалтерлік есепке алуды "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырады.

      20. Ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуден түскен қаражатқа салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.