Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 20.02.2024 № 31/қе (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы Заңы 56-бабының 28) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Әкімшілік ұстауға тартылған адамдарды арнайы жабдықталған үй-жайларда ұстау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2013 жылғы 25 маусымдағы № 325 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8582 болып тіркелген, 2013 жылғы 11 қыркүйекте "Казахстанская правда" № 271 (27545), "Егемен Қазақстан" № 209 (28148) республикалық газеттерінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
осы бұйрықпен бекітілген Әкімшілік ұстауға тартылған адамдарды арнайы жабдықталған үй-жайларда ұстау қағидаларында:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Кодекстің 788-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұстап алынған адамның өтініші бойынша оның қайда екендігі туралы туыстары, жұмыс немесе оқу орнының әкімшілігі, қорғаушысы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет мемлекеттің елшілігі, консулдығы немесе өзге де өкілдігі дереу хабардар етіледі. Кәмелетке толмаған адамның ұстап алынуы туралы оның ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың хабардар етілуі міндетті.".
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының заңмасымен белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықты бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директорына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Төраға | К. Масимов |