Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 318 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 29 тамызда № 19319 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Д. Абаев

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық
даму министрінің
2019 жылғы 29 тамыздағы
№ 318 бұйрығына
қосымша

Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай - Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы пайдалануға берілетін тұрғынжай;

      2) жұмыс істеп жүрген жастар - жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары;

      3) уәкілетті орган - мемлекеттік жастар саясаты саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі.

2-тарау. Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру тәртібі

      3. Уәкілетті орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында өтініштерді қабылдаудың басталу және аяқталу күнін көрсете отырып, жұмыс істеп жүрген жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы хабарландыру жариялайды.

      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен бекітілген "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беріледі.

      5. Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);

      3) білімі туралы құжаттың көшірмесі;

      4) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

      5) балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);

      6) өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;

      7) жұмыс орнынан анықтама;

      8) өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;

      9) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;

      10) банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;

      11) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).

      6. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 5 (бес) жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын және олардың осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарына сәйкестігін тексереді.

      Өтініш беруші осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар пакетін толық ұсынбаған жағдайда, өтініш берушіге 1 (бір) жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды қосымша ұсынуға мүмкіндік беріледі.

      Өтініш беруші осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беруден жазбаша түрде бас тартады.

      7. Уәкілетті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде балдарды есептейді және ең көп балл саны бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алуға үміткерлердің тізімін қалыптастырады.

      Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:

      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нарықта 100 (жүз) сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге -10 балл;

      2) отбасы болған жағдайда - 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін - 2 балл;

      3) 1 (бір) бала болған жағдайда - 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін - 2 балл;

      4) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл - 5 балл, әрбір жыл үшін - 1 балл;

      5) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда - 2 балл;

      6) бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін (мемлекеттік мекемелерде мен мемлекеттік кәсіпорындарда) - 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін - 1 балл;

      7) екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін - 2 балл.

      Балдар тең болған жағдайда өтініш берген күннен бұрын өтініш берген үміткерлер басымдыққа ие болады.

      8. Жалға берілетін тұрғынжайды сатып алу құқығынсыз беру туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды және оған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының бірінші басшысы қол қояды.

      9. Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру туралы шешім қабылдағаннан кейін 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады.

      10. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 5 (бес) жыл мерзімге беріледі.

  Жұмыс істеп жүрген жастарға
сатып алу құқығынсыз жалға
берілетін тұрғынжай беру
қағидаларына
1-қосымша
_________________________
_________________________
(тегі, аты-жөні)
__________ мекенжайы
бойынша тұратын азамат(ша)
________________________
(тегі, аты, бар болса
әкесінің аты)

Өтініш

      Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беруді сұраймын.

      Менің және менімен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің осы елді мекенде коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтерді тексеруге қарсылық білдірмеймін.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

  (күні) (қолы)
  _________________

      Құжаттар қабылданды:

      20 __ жылғы "__" _____________

      _____________ __________________________________________________

      Қолы                  құжаттарды қабылдаған лауазымды тұлғаның Т.А.Ә.

      __________________________________________________________________________

      (кесу сызығы)

      Азамат(ша) _____________________ қоса берілген _______ дана құжаттарымен өтініші

      20 __ жылғы "__" __________ қабылданды.

      _____________ _____________________________________________________________

      Қолы                  құжаттарды қабылдаған адамның Т.А.Ә.