Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 30 шілдеде № 19123 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 39) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын;

      6) осы бұйрықтың облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының назарына жеткізілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика

      министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2019 жылғы 29 шілдедегі
№ 280 бұйрығымен
бекітілген

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-бабы 1-тармағы 39) тармақшасына сәйкес әзірленген және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың тәртiбiн айқындайды.

      2. Үлгілік қағидалардың негізінде және Заңның 7-бабының 2-тармағы 17-10) тармақшасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын (бұдан әрі - Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары) әзірлейді және бекітеді.

      3. Осы Үлгілік қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;

      2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту -азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;

      3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану - тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;

      4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру - сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;

      5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары - тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, олардың есебінен адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары;

      6) мамандандырылған ұйымдар - тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын ұйымдар;

      7) сатып алу интервенциялары - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында бағалар төмендеген кезде мамандырылған ұйымдардың азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;

      8) тауар интервенциялары - бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар.

      4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырылады.

      5. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімі Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.

      6. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімінің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, кәсіпкерлік, сауда және ауыл шаруашылығы басқармаларының (бөлімдерінің) қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.

      7. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      8. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;

      2) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;

      3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес қарыз беруге кәсіпкерлік субъектісін анықтау;

      4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша мамандандырылған ұйымдардың ұсыныстарын қарау.

      9. Комиссияның жұмысын құруды және ұйымдастыруды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы қамтамасыз етеді.

      10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.

      11. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі - мамандандырылған ұйым) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      12. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ай сайын айдың 20-на дейін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынады.

2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі

      13. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:

      1) тұрақтандыру қорларының қызметі;

      2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.

      14. Осы Үлгілік қағидаларда регламенттелмеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың ерекшеліктері (егжей-тегжейі) Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағиадаларымен айқындалады.

1-параграф. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі

      15. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.

      16. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.

      17. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген тізімнен қалыптастырылады.

      18. Мамандандырылған ұйым жүзеге асыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 282 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11245 болып тіркелген) сәйкес жергілікті атқарушы органдар бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінен 10% немесе одан төмен бағаларды ұстауды есепке ала отырып қалыптастырылады.

      19. Комиссия облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.

      20. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.

      21. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде азық-түлік тауарларын тікелей тауар өндірушілерден және (немесе) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алу жүзеге асырылады.

      22. Өңірлік тұрақтандыру қорларына сатып алынатын азық-түлiк тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде оның қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.

      23. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интернвенциялары туралы шешімді қабылдайды.

      24. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.

      25. Мамандандырылған ұйым әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндері ұлғайған жағдайда 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      26. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.

      27. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.

      28. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздердерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.

      29. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімі бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.

      30. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органның және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халыққа жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.

2-параграф. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі

      31. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы мамандандырылған ұйымға кейін кәсіпкерлік субъектілеріне беру үшін қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасау жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық шарттарымен жүзеге асырылады.

      32. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бекітілген төмендетілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу жолымен қамтамасыз етіледі.

      33. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектілерін Комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында белгіленген кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарға (өлшемшарттарға) сәйкес айқындайды.

      34. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.

      35. Кәсіпкерлік субъектісі міндетті түрде мамандандырылған ұйымның қарызды қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай түрде беріледі: кепіл және/немесе банктік кепілдендіру және/немесе сақтандыру шарты және/немесе үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жазбаша нысанда рәсімделеді.

      36. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.

      37. Қаржыландыру көзі жергілікті атқарушы органдар бөлетін ақшалай қаражат болып табылады.

      38. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.

      39. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.