Стандартты үлгінің типін бекіту және өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 933 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 18106 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 11.04.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-2-бабының 23) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Стандартты үлгінің типін бекіту және өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2019 жылғы 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2018 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 933 бұйрығымен
бекітілген

Стандартты үлгінің типін бекіту және өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Стандартты үлгінің типін бекіту және өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-2-бабының 23) тармақшасына сәйкес әзірленген және стандартты үлгінің типін бекіту және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде (бұдан әрі – ҚР МӨЖ тізілімі) тіркеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) стандартты үлгі – өлшем дәлдігінің және метрологиялық бақылап тексерудің белгіленген көрсеткіштері бар, болжанатын мақсатына сәйкес сапалық қасиеттерді өлшеу кезінде немесе бағалау кезінде пайдалану үшін белгілі бір қасиеттерге қатысты жеткілікті біртекті және тұрақты материал (зат);

      2) мемлекетаралық стандартты үлгі – сипаттамалары мемлекетаралық стандартты үлгі ретінде танылған 2006 жылы 24 маусымда Қазан қаласында қабылданған Заттар мен материалдардың құрамы және қасиеттерінің стандартты үлгілерін құру және қолдану туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттердің ұлттық нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес оны мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік береді;

      3) уәкілетті орган – техникалық реттеу және метрология саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3. Заңның 22-бабына сәйкес мемлекеттік метрологиялық бақылау объектілері болып табылатын стандартты үлгілер типін бекітуге және ҚР МӨЖ тізілімінде тіркеуге жатады.

2-тарау. Стандартты үлгінің типін бекіту және стандартты үлгінің өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімін тіркеу тәртібі

      4. Стандартты үлгінің типін бекіту туралы шешімді Мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталық (бұдан әрі – МҒМО) жүргізетін метрологиялық сараптаманың оң нәтижелері негізінде уәкілетті орган қабылдайды және "Мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесі. Заттар мен материалдардың құрамы және қасиеттерінің стандартты үлгілері. Негізгі ережелер" МЕМСТ 8.315 (бұдан әрі – МЕМСТ 8.315) белгіленген нысан бойынша стандартты үлгінің типін бекіту туралы сертификатпен куәландырылады.

      5. Стандартты үлгіні әзірлеу жөніндегі құжаттарға метрологиялық сараптама жүргізу үшін өтініш беруші МҒМО-ға мынадай құжаттарды жібереді:

      1) стандартты үлгінің атауын, мақсатын және қолдану саласын көрсете отырып ерікті нысанда өтінішті;

      2) стандартты үлгіні әзірлеуге арналған техникалық тапсырманы (бұдан әрі - ТТ);

      3) ТТ барлық тармақтары бойынша жұмыс нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын ғылыми-техникалық есепті;

      4) өлшем құралдарын салыстырып тексеруді және/немесе аттестатталған мәндерді анықтау үшін пайдаланылған өлшемдерді орындау әдістемесін аттестаттауды растайтын құжаттардың көшірмелері немесе деректемелері;

      5) МЕМСТ 8.315 сәйкес стандартты үлгінің типін сипаттау жобаларының екі данасы, стандартты үлгінің паспорты, стандарты үлгінің затбелгісі;

      6) стандартты үлгінің бір данасы немесе оның фотосуреті.

      6. Стандартты үлгіні әзірлеу жөніндегі құжаттарға метрологиялық сараптама кезінде МҒМО:

      1) стандартты үлгінің техникалық және метрологиялық сипаттамаларының ТТ талаптарына сәйкестігін бағалауды;

      2) МЕМСТ 8.315 талаптарына сәйкес стандартты үлгіге арналған ТТ ресімдеудің толықтығы мен дұрыстығын бағалауды;

      3) "Мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесі. Өлшем құралдарының нормаланатын метрологиялық сипаттамалары" МЕМСТ 8.009 және "Мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесі. Шама бірліктері" МЕМСТ 8.417 сәйкес метрологиялық нормалар мен қағидалардың сақталуын тексеруді;

      4) Халықаралық бірліктер жүйесіне, ұлттық эталондарға және (немесе) шама бірліктерінің халықаралық эталондарына не өлшемдерді орындаудың бастапқы референттік әдістемелеріне метрологиялық бақылап тексеру қамтамасыз етілетін шама бірліктерінің эталондарын, өлшем құралдарын, бекітілген типтердің стандартты үлгілерін, өлшемдерді орындау әдістемелерін зерттеу кезінде әзірлеу барысында тексеруді;

      Республикада мемлекеттік эталондар болмаған жағдайда Халықаралық өлшем және салмақ бюросының маңызды салғастыру дерекқорында барабарлық дәрежесі расталған басқа елдердің шама бірліктерінің ұлттық эталондарына дейін бақылап тексеруді қамтамасыз етуге рұқсат етіледі;

      5) Заңның 6-2-бабының 13) тармақшасына сәйкес бекітілетін Өлшемдерді орындау әдістемелерін және өлшемдерді орындаудың референттік әдістемелерін әзірлеу, метрологиялық аттестаттау, бекіту және өлшем бірлігін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеу қағидаларымен белгіленген тәртіпте аттестатталған өлшемдерді орындау әдістемелерін пайдалануды тексеруді;

      6) МЕМСТ 8.315 - талаптарына сәйкес зертханааралық аттестаттау нәтижелерін қарауды;

      7) стандартты үлгіні дайындаудың есептік-эксперименттік рәсімін қарауды жүзеге асырады.

      7. МҒМО стандартты үлгіні әзірлеу жөніндегі құжаттардың метрологиялық сараптамасының оң нәтижелері кезінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күнге дейінгі мерзімде ерікті нысанда сараптамалық қорытындыны және стандартты үлгі типінің бекітілген сипаттамасын өтініш берушіге жібереді.

      МҒМО метрологиялық сараптаманың теріс нәтижелері кезінде ескертулерді жою туралы ұсынымдарымен сараптамалық қорытындыны жібереді және құжаттарды өтініш берушіге қайтарады.

      8. Стандартты үлгінің типін бекіту үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды:

      1) стандартты үлгінің типін бекітуге өтінім;

      2) МҒМО-ның оң сараптамалық қорытындысын жібереді.

      9. Уәкілетті орган стандартты үлгінің типін бекітуге өтінім түскен күннен бастап күнтізбелік 15 күн мерзімінде:

      1) МҒМО-ның сараптамалық қорытындысын қарайды;

      2) МЕМСТ 8.315 сәйкес нысан бойынша стандартты үлгінің типін бекіту туралы сертификатты ресімдейді;

      3) өтініш берушіге типін бекіту туралы сертификатты береді.

      10. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте өндірілген стандартты үлгілер Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 145 шешімімен бекітілген Өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін өзара тану қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында танылады.

      11. Мемлекетаралық стандартты үлгілер Келісімге және Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің 1996 жылғы 12 сәуірдегі № 9 хаттамасымен қабылданған мемлекетаралық стандарттау жөніндегі қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында танылады.

      12. Шетел шығарған стандартты үлгілер "Қазақстан Республикасы өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі. Шетелде шығарылған заттар мен материалдардың құрамы және қасиеттерінің стандартты үлгілері. Қолдануға жіберу тәртібі. Негізгі ережелер" ҚР СТ 2.79 Қазақстан Республикасының ұлттық стандартына сәйкес қолдануға рұқсат етіледі.

      13. Бекітілген типтің стандартты үлгісі Заңның 6-2-бабының 17) тармақшасына сәйкес бекітілетін Өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімін жүргізу қағидаларымен белгіленген тәртіпте ҚР МӨЖ тізілімінде тіркеледі.

      14. Стандартты үлгіні ҚР МӨЖ тізілімінде тіркеуді МҒМО уәкілетті орган стандартты үлгінің типін бекіткен күннен бастап күнтізбелік 10 күн мерзімінде жүзеге асырады.