Ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптама жасау, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 918 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 желтоқсанда № 18075 болып тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 11.04.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптама жасау, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары бекітілсін.

      2. "Әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге әскери стандарттарды қоспағанда, ұлттық стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеу, келісу, есепке алу, бекіту, сараптау, өзгерту, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 495 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8314 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2013 жылғы 6 сәуірдегі № 101 (28040) санында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2019 жылғы 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
2018 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 918 бұйрығымен бекітілген

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қағидалар жаңа редакцияда көзделген – ҚР Сауда және интеграция министрінің 28.05.2021 № 371-НҚ (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптама жасау, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізуқағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптама жасау, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) (бұдан әрі – стандарттар), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын (бұдан әрі – ұлттық сыныптауыштар) және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптама жасау, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Стандарттарды, ұлттық сыныптауыштарды және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу тәртібі

      2. Стандарттарды, ұлттық сыныптауыштарды және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу Заңның 9-бабының 6) тармақшасына сәйкес бекітілетін ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес және (немесе) бастамашылық тәртіпте жүзеге асырылады.

      Бастамашылық тәртіппен әзірленетін стандарттар, ұлттық сыныптауыштар және стандарттау жөніндегі ұсынымдар туралы ақпарат, әзірлеуді бастаудың алдында Стандарттау жөніндегі ұлттық органына (бұдан әрі – СҰО) жолданады.

      СҰО әзірленетін стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар туралы ақпаратты келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде тексереді және әзірлеушіге қолданыстағы және әзірленуі жоспарланған стандарттау жөніндегі құжаттармен қайталануын анықтау немесе болмауы туралы хабарлайды.

      3. Стандарттар:

      1) ғылыми зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер нәтижелері;

      2) халықаралық, өңірлік стандарттар, ұйымдардың стандарттары, шет мемлекеттердің стандарттары және стандарттау объектісіне қойылатын талаптарды белгілейтін өзге де құжаттар;

      3) өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін қолдануда жиналған практикалық тәжірибе ескеріле отырып әзірленеді.

      Ғылыми зерттеулер мен өлшемдер негізінде әзірленетін стандарттарды әзірлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.

      4. Стандарттарды әзірлеуді ұлттық стандарттау жүйесінің мүдделі субъектілері жүзеге асырады.

      5. Ұлттық сыныптауыш экономика салаларында пайдаланылатын және есепке алуды талап ететін техникалық-экономикалық ақпараттың негізгі түрлері бойынша әзірленеді.

      6. Стандарттау жөніндегі ұсынымдар қолданылуы ерікті, стандарттау, сондай-ақ өлшем бірлігін қамтамасыз ету және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысты, тиісті стандартты қолдануға ықпал ететін ұйымдастырушылық-әдістемелік ережелерді немесе стандартта белгілегенге дейін практикада алдын ала тексеру орынды болатын ережелерді қамтиды.

      7. Стандартты, ұлттық сыныптауышты және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуші стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы мен оған түсіндірме жазбаны әзірлеуді жүзеге асырады.

      Түсіндірме жазбада мыналар:

      1) стандартты, ұлттық сыныптауышты және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуді техникалық негіздеу;

      2) тиісті тапсырманы көрсетіп, стандартты, ұлттық сыныптауышты және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу үшін негіздеме;

      3) стандарттау объектісінің сипаттамасы;

      4) стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасының техникалық регламенттермен және стандарттау жөніндегі құжаттармен өзара байланысы туралы мәліметтер;

      5) стандартты, ұлттық сыныптауышты және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды болжалды пайдаланушылар;

      6) стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасын келісуге тарату туралы мәліметтер;

      7) оның негізінде стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы әзірленетін ғылыми зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер нәтижелері, стандарттау жөніндегі құжаттар мен өзге құжаттар туралы ақпарат;

      8) стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасын әзірлеуші мен қоса орындаушылар (байланыс деректері), әзірлеу мерзімі туралы деректер келтіріледі.

      8. Стандарттар, ұлттық сыныптауыштар және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды құрылуы, рәсімделу, мазмұнына, жазылу рәсімдері негізге алынатын ұлттық стандарттармен белгіленеді.

3-тарау. Стандарттарды, ұлттық сыныптауыштарды және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды келісу тәртібі

      9. Стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды келісу мына кезеңдерді қамтиды:

      1) жария талқылау;

      2) ұлттық стандарттау жүйесінің мүдделі субъектілерімен келісу;

      3) стандарттау жөніндегі техникалық комитетте (стандарттар үшін), ал ол болмаған жағдайда – СҰО-да техникалық талқылау.

      10. Стандарттардың, ұлттық сыныптауышттардың және стандарттау жөніндегі ұсынымдардың жобаларын СҰО-ның интернет-ресурсында жария талқылау күнтізбелік алпыс күн ішінде жүзеге асырылады.

      Жария талқылау негізге алынатын ұлттық стандартына сәйкес жүргізіледі.

      11. СҰО стандартты, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеудің басталғаны және аяқталғаны туралы хабарламаны, түсіндірме жазба мен стандарттың, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобаларын келіп түскеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      12. Әзірлеуші стандартты, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдарды стандарттау объектісіне байланысты:

      1) әзірлеуге тапсырыс беруші (бар болған жағдайда);

      2) олардың құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдарға;

      3) Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасына;

      4) жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің мүшелеріне;

      5) сәйкестікті растау жөніндегі органдарға;

      6) зерттеу зертханаларына;

      7) ғылыми-зерттеу институттарына (бар болған жағдайда) келісуге жібереді.

      Ұлттық стандарттау жүйесінің өзге мүдделі субъектілері стандарттың, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобаларын СҰО интернет-ресурсында қарастырады.

      13. Жария талқылау кезеңінде стандарттардың жобалары стандарттау жөніндегі бейіндік техникалық комитетте, ал ол болмаған жағдайда СҰО-да міндетті техникалық талқылаудан өтеді.

      Егер стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің базалық ұйымы стандарттар жобаларының әзірлеушісі болып табылса, техникалық талқылау СҰО-да өткізіледі.

      Стандарт ісіне енгізілетін техникалық талқылау қорытындысы хаттамада көрсетіледі.

      Техникалық талқылау шеңберінде консенсусқа қол жеткізілмеген жағдайда, стандарт жобасын әзірлеушінің бастамасы бойынша қайта техникалық талқылау бейіндік стандарттау жөніндегі техникалық комитетте немесе СҰО-да өтеді.

      Техникалық талқылауды стандарттау жөніндегі техникалық комитетте өткізу ҚР СТ 1.15 "Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер. Құру және әрекет ету тәртібі" сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Жария талқылау аяқталғаннан кейін стандарт, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасына келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар әзірлеушінің қалауы бойынша қабылданады.

      Мемлекеттік органдары, жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің мүшелері, сәйкестікті растау жөніндегі органдары, зерттеу зертханалары, ғылыми-зерттеу институттары (бар болған жағдайда) стандарт, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасына күнтізбелік алпыс күн ішінде келісу ұсынбаған жағдайда, стандарт, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы ескертулерсіз келісілді деп есептеледі.

      15. Стандарттың, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдардың әзірлеушісі келісу қорытындылары бойынша келісуші тараптардың қабылдаған және қабылдамаған ескертулері мен ұсыныстарын қосып, пікірлер жиынтығын дайындауды жүзеге асырады. Келісуші тараптардың ескертулері мен ұсыныстары қабылданбаған жағдайда, әзірлеуші қабылдамау себептерінің негіздемелері бар жауапты жібереді.

      Стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасының қорытынды редакциясы жобаның рәсімделуіне қатысты болмайтын стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы бойынша келіспеушіліктері бар тараптарға қайта келісуге жолданады. Стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы пікірлер жиынтығымен бірге таратылады.

      Қайта келісу мерзімі стандарт, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасын келісуші тараптарға жолдаған күннен бастап күнтізбелік он бес күнді құрайды.

      16. Стандартты, ұлттық сыныптауышты әзірлеуші стандарт, ұлттық сыныптауыш ісін қалыптастырады, онда мыналар қамтылады:

      1) қағаз және электрондық тасығышта стандарт, ұлттық сыныптауыш жобасы;

      2) түсіндірме жазба;

      3) пікірлер жиынтығы;

      4) техникалық талқылаудың хаттамасы (стандарттар үшін);

      5) стандарт, ұлттық сыныптауыш жобасын әзірлеудің басталғаны және аяқталғаны туралы хабарламалар;

      6) стандарт, ұлттық сыныптауыш жобасын келісуді растайтын құжаттар;

      7) оның негізінде стандарт, ұлттық сыныптауыш жобасы әзірленетін ғылыми зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер нәтижелерінің, стандарттау жөніндегі құжаттар мен өзге де құжаттардың көшірмелері;

      8) стандарт, ұлттық сыныптауыш жобасының бірінші редакциясы.

      17. Стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуші стандарттау жөніндегі ұсынымдар ісін қалыптастырады, онда мыналар қамтылады:

      1) қағаз және электрондық тасығышта стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы;

      2) түсіндірме жазба;

      3) стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасын әзірлеудің басталғаны және аяқталғаны туралы хабарламалар;

      4) пікірлер жиынтығы;

      5) стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасын келісуді растайтын құжаттар;

      6) оның негізінде стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы әзірленетін ғылыми зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер нәтижелерінің, стандарттау жөніндегі құжаттар мен өзге де құжаттардың көшірмелері.

      18. Әзірлеуші рәсімделген стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар ісін СҰО-ға сараптама жүргізу үшін жібереді.

4-тарау. Стандарттарға, ұлттық сыныптауыштарға және стандарттау жөніндегі ұсынымдарға сараптама жүргізу тәртібі

      19. Стандарт жобасын сараптау:

      1) стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мәселелерін қозғайтын стандарттарды әзірлеу жағдайларын қоспағанда, стандарттау жүйесі субъектілерінің консенсусқа қол жеткізуін белгілеу;

      2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестікті белгілеу;

      3) осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес стандарт ісінің толық жинақталуын тексеру;

      4) қолданыстағы стандарттар талаптарының қайталануын болдырмау;

      5) осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес пікірлер жиынтығына стандарт жобасының толық келісілуін талдау;

      6) осы Қағидалардың 2 және 3-тарауларында көзделген стандарт жобасын әзірлеу және келісу тәртібінің сақталуын белгілеу;

      7) оның негізінде стандарт жобасы әзірленетін халықаралық, өңірлік стандарттары, ұйымдардың стандарттары, шет мемлекеттердің стандарттары және стандарттау объектісіне қойылатын талаптарды белгілейтін өзге де құжаттардың талаптарына сәйкестігін белгілеу;

      8) негізге алынатын ұлттық стандарттарға сәйкес мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіннің аудармасының теңтүпнұсқалығын белгілеу мақсатында жүзеге асырылады.

      20. Ұлттық сыныптауыш жобасын сараптау:

      1) осы Қағидалардың 2 және 3-тарауларында көзделген ұлттық сыныптауыш жобасын әзірлеу және келісу тәртібінің сақталуын белгілеу;

      2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестікті белгілеу;

      3) осы Қағидалардың 16-тармағына сәйкес ұлттық сыныптауыш ісінің толық жинақталуын тексеру;

      4) осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес пікірлер жиынтығына ұлттық сыныптауыш жобасының толық келісілуін талдау мақсатында жүзеге асырылады.

      21. Стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасын сараптау:

      1) әзірленетін стандарттау жөніндегі ұсынымдардың Қазақстан Республикасы заңнамасының және стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкестігін белгілеу;

      2) қолданыстағы немесе бұрын әзірленген стандарттау жөніндегі құжаттарды қайта қарау, жаңарту және (немесе) бірдейлендіру қажеттігін айқындау;

      3) осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес стандарттау жөніндегі ұсынымдар ісінің толық жинақталуын тексеру;

      4) осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасының толық келісілуін талдау мақсатында жүзеге асырылады.

      22. Ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың 16, 17-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, пысықтау үшін стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасының ісін СҰО күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей, қайтарып береді.

      23. Стандарт, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобаларына сараптаманы СҰО олар түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізеді.

      СҰО стандарт, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобаларына пікірлер жиынтығын сараптамаға келіп түскен сәтінен бастап күнтізбелік он күн ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      24. Сараптама жүргізу қорытындысы бойынша стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобалары қарауға СҰО стандарттау жөніндегі ғылыми техникалық кеңеске (бұдан әрі – СҰО ҒТК), әрі қарай стандарттау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) ғылыми-техникалық комиссия (бұдан әрі – ҒТК) қарауына шығарылады.

      СҰО ҒТК стандарттар, ұлттық сыныптауыштар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобаларын қарастыру мерзімі СҰО қорытынды берген сәтінен бастап күнтізбелік он төрт күнді құрайды.

      СҰО ҒТК мүшелерінің ескертулері болған жағдайда, стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы әзірлеушіге пысықтауға жіберіледі.

      ҒТК стандарттар, ұлттық сыныптауыштар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобаларын қарастыру мерзімі СҰО ҒТК стандарттар, ұлттық сыныптауыштар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобаларын қарастырған және әзірлеушінің СҰО ҒТК ескертулерін түзеткен сәтінен бастап күнтізбелік он төрт күнді құрайды.

      ҒТК мүшелерінің ескертулері болған жағдайда, стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар жобасы әзірлеушіге пысықтауға жіберіледі.

5-тарау. Стандарттар, ұлттық сыныптауыштар, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды бекіту тәртібі

      25. Стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мәселелерін қозғайтын стандарттарды қоспағанда, стандарттарды бекітудің міндетті шарты консенсусқа қол жеткізу болып табылады.

      Стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мәселелерін қозғайтын стандарттарды бекіту туралы шешімді мүдделі мемлекеттік органмен келісу бойынша уәкілетті орган қабылдайды.

      Негізге алынатын ұлттық стандартына сәйкес ұлттық стандарттау жүйесінің мүдделі субъектілерінің көпшілігі келіскен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтар болмаған жағдайда консенсусқа қол жеткізілді деп саналады.

      26. Стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар ҒТК оң шешімінен кейін күнтізбелік жиырма күн ішінде бекітіледі.

6-тарау. Стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды тіркеу және есепке алу тәртібі

      27. Әзірлеуші уәкілетті орган стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды бекіткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оларды уәкілетті органда тіркеу үшін стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар ісін мынадай құжаттармен толықтырады:

      1) уәкілетті органның стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды бекіту туралы бұйрығы;

      2) ҒТК хаттамасы;

      3) СҰО ҒТК хаттамасы;

      4) СҰО-ның сараптамалық қорытындысы;

      5) мемлекеттік және орыс тілдерінде қағаз және электрондық тасығышта стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдардың жобасы.

      28. СҰО стандарт, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдар оларды уәкілетті орган бекіткен күнінен кейін мынадай мәліметтер көрсетіліп, ұлттық стандарттау жүйесінің тізіліміне күнтізбелік жиырма күн ішінде енгізіледі:

      1) тіркелген күні мен реттік нөмірі;

      2) стандарт белгіленуі;

      3) стандарт атауы;

      4) мемлекетаралық стандарттар сыныптауышы бойынша тобы;

      5) бекіту туралы бұйрық нөмірі мен күні;

      6) стандарт әзірлеушінің атауы:

      жеке тұлға үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), байланыс деректері;

      заңды тұлға үшін – атауы, байланыс деректері;

      7) стандартты өзгерту және жою жөнінде ақпарат;

      8) енгізілген күні;

      9) түпдерек туралы.

      29. Әзірлеуші осы Қағидалардың 16, 17 және 27-тармақтарында көрсетілген құжаттардың толық пакетін ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган құжаттар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар ісін әзірлеушіге пысықтауға қайтарады.

      30. Уәкілетті орган стандарт, ұлттық сыныптауыш, стандарттау жөніндегі ұсынымдар ісін тіркеуден өткізгеннен кейін, күнтізбелік жеті күн ішінде ҚР СТ 1.22 "Стандарт ісі. Қалыптастыру, сақтау, өзекті ету және мұрағатқа тапсыру тәртібі" сәйкес басылымға дайындау үшін СҰО-ға жібереді.

7-тарау. Стандарттар, ұлттық сыныптауыштар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдарға өзгертер енгізу тәртібі

      31. Стандартқа, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдарға енгізілетін өзгерістер жекелеген талаптар ауыстырылған, толықтырылған немесе алып тасталған, олардың қолданылуы ұзартылған, шектелген немесе қайта қалпына келтірілген кезде қолданыстағы стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар бойынша жасалатын өніммен жаңа өнімнің өзара ауыстырушылық және үйлесімділік талаптарын бұзбайтын жаңа талаптар енгізу және халықаралық стандарттармен үйлестіру қажет болған кезде енгізіледі.

      32. Стандартқа, ұлттық сыныптауыш пен стандарттау жөніндегі ұсынымдарға өзгерістер осы Қағидалардың 2-6-тарауларында белгіленген тәртіппен әзірленеді және бекітіледі.

8-тарау. Стандарттарды, ұлттық сыныптауыштарды мен стандарттау жөніндегі ұсынымдарды қайта қарау тәртібі

      33. Стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды қайта қарау оның мазмұнын өзгерту (көлемінің 20 % астам), стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдар құрылымы және (немесе) атауын өзгерту қажеттігі, стандарттау жөніндегі құжатты жаңартқан, сондай-ақ онда жаңа және (немесе) барынша прогрессивті талаптарды белгілеген жағдайда жүзеге асырылады.

      34. Стандарт, ұлттық сыныптауыш және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды қайта қарау осы Қағидалардың 2-6-тарауларында белгіленген тәртіппен әзірленеді, бекітіледі және ұлттық стандарттау жүйесінің тізіліміне енгізіледі.

9-тарау. Стандарттар, ұлттық сыныптауыштар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдарды күшін жою тәртібі

      35. Стандарттың, ұлттық сыныптауыштың және стандарттау жөніндегі ұсынымдардың күшін жою мынадай:

      1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келгені;

      2) қолданыстағы стандарттың, ұлттық сыныптауыштың, стандарттау жөніндегі ұсынымдардың орнына жаңасын қолданысқа енгізген;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетаралық стандарттарды (стандарттар үшін) қабылдаған;

      4) стандартты, ұлттық сыныптауышты, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды қолданудың өзектілігі жойылған жағдайда жүзеге асырылады.

      36. Стандартты, ұлттық сыныптауышты, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды күші жойылған кезде күшін жоюға бастама жасаған тұлғалар уәкілетті органға ұсыныс жібереді.

      37. Уәкілетті орган СҰО талдау жүргізгеннен кейін стандарттардың, ұлттық сыныптауыштардың, стандарттау жөніндегі ұсынымдардың күшін жою туралы мәселені қарастырады.

      38. СҰО стандарттардың, ұлттық сыныптауыштардың, стандарттау жөніндегі ұсынымдардың күшін жою туралы ұсынысқа, олар СҰО келіп түскеннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде талдау өткізілуін және СҰО ҒТК отырысында карастыруын қамтамасыз етеді.

      39. СҰО талдау нәтижелері және СҰО ҒТК стандарттың, ұлттық сыныптауыштың, стандарттау жөніндегі ұсынымдардың күшін жою туралы ұсынысқа ұсынымдары ҒТК отырыстарында қарастырылады. ҒТК отырыстарында стандарттардың, ұлттық сыныптауыштардың, стандарттау жөніндегі ұсынымдардың күшін жою туралы мәселені қарастыру қорытындысы бойынша уәкілетті орган тиісті шешім қабылдайды.

10-тарау. Стандарттар, ұлттық сыныптауыштар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдарды қолданысқа енгізу тәртібі

      40. Уәкілетті орган стандарттар, ұлттық сыныптауыштарды және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды қолданысқа енгізу мерзімін белгілейді.

      41. Стандарттың, ұлттық сыныптауыштың және стандарттау жөніндегі ұсынымдардың, сондай-ақ оларға өзгерістердің енгізілген күні олардың енгізілуін, стандарттау объектісінің өндіріс (көрсетілетін қызметтерді орындау) технологиясын жаңарту мерзімін қамтамасыз ететін іс-шаралардың іске асырылуын ескере отырып, оларды бекіткен күнінен бастап кем дегенде алты айдан кейін белгіленеді.

      Стандартты, ұлттық сыныптауышты және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды қолданысқа енгізу мерзімін, сондай-ақ оларға енгізілген өзгерістерді, олардың мүдделі тұлғаларға басылған күйде қол жетімді болуы жағдайында, уәкілетті органның шешімі бойынша қысқарту рұқсат етіледі.