Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 18 қыркүйекте № 17379 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 43-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті (С.А. Жақыпова) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы
Б. Асылова

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушысының
2018 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 464 бұйрығына қосымша

Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 43-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті өнім беруші - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасуға үміткер заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      2) білім беру саласындағы уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      3) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы (бұдан әрі - оператор) - жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) өнім беруші - кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), онымен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартта тапсырыс берушінің контрагенті ретінде әрекет ететін заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      5) студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс - студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету бойынша қызметтер үшін ақшалай төлемдер.

      3. Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың көлемі Заңның 5-бабының 2-4) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесіне сәйкес анықталады.

      4. Оператор жыл сайын ағымдағы қаржы жылының қаңтар айында жасалған студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс шарттары (бұдан әрі - шарт) негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылына арналған мемлекеттік тапсырыс мөлшерінің есептеулерін ұсынады.

      5. Білім беру саласындағы уәкілетті орган ағымдағы қаржы жылының ақпан айында оператордан мемлекеттік тапсырыс сомаларының есептеулерін алғаннан кейін жасалған шарттардың талаптарына сәйкес оператордың мемлекеттік тапсырысты өнім берушілерге одан әрі орналастыруы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оператордың шотына мемлекеттік тапсырыстың жалпы сомасын аударады.

      6. Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында:

      1) салынып жатқан жатақханадағы немесе жатақхана етіп реконструкция жасалып жатқан ғимараттағы орындардың жалпы саны есепке алынады, ол облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар мен астана үшін кемінде жүз орынды, ал қалған елді мекендер үшін кемінде елу орынды құрайды.

      Реконструкция жасалып жатқан жатақханадағы орындардың жалпы саны реконструкция жасалып жатқан жатақханада бұрын қолданылған орындардан басқа кемінде елу жаңа орынды құрайды. Бұл ретте, мемлекеттік тапсырыс реконструкция жасалған жатақханадағы қосымша енгізілген жаңа орындар үшін орналастырылады;

      2) оператор техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының көмегімен өнім берушілердің дерекқорларын құру және енгізу арқылы өнім берушінің жатақханадағы студенттер, магистранттар мен докторанттар нақты орналасқан жаңа орындардың енгізілуіне мониторинг жүргізуді жүзеге асырады.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі

      7. Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды студенттер, магистранттар және докторанттар үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді жеткізушілерге жүзеге асырылады.

      8. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді әлеуетті жеткізуші операторға Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мынадай құжаттарды (қағаздағы көшірмелерде немесе электронды цифрлық нысанда) ұсына отырып, өтініш береді:

      1) жаңа жатақхана салынған жағдайда:

      жатақхана салу үшін пайдаланылатын жер учаскесіне (меншікті, жалға алынатын немесе жерді өтеусіз пайдалану құқығындағы) құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттарының көшірмелері;

      2) жатақханаға немесе ғимаратты жатақхана етіп реконструкция жасалған жағдайда:

      жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы қоса бере отырып, жатақханаға немесе жатақхана етіп реконструкция жасалатын ғимаратқа құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттарының көшірмелері;

      3) егер әлеуетті өнім беруші жекеше әріптес болып табылған жағдайда:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған, қажет болған жағдайда жекеше әріптестер үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын, шығындарды өтеу және табыс алу көздерін көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының көшірмесі. Бұл ретте, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына қатыспай шарт жасасуды жоспарлаған әлеуетті өнім берушіде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының болмауына жол беріледі.

      9. Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар пакеті толық, дұрыс ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор бір уақытта әлеуетті өнім берушіге хабарлай отырып, білім беру саласындағы уәкілетті органға шарт жасасу рәсімін жүзеге асыру үшін материалдарды жолдайды.

      Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) дұрыс ресімделмеген өтінішті ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, оператор әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік немесе өтініш жасалған тілде шарт жасасудан бас тарту туралы негізделген жауабын жолдайды.

      10. Білім беру саласындағы уәкілетті орган оператордан материалдар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен тікелей шарт жасасу арқылы шарт жасау рәсімін жүзеге асырады.

      11. Шарт "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2005 жылғы 28 желтоқсанда № 12590 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына 21-қосымшаға сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шартқа сәйкес жасалады.

      12. Шарт бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде тіркелгеннен кейін күшіне енеді және ол бойынша міндеттемелері толық орындалғанға дейін әрекет етеді.

      13. Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін әлеуетті өнім беруші операторға жатақханадағы жаңа орындардың пайдалануға енгізілгенін және жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығының тіркелгенін растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынады

      14. Өнім берушінің жатақханадағы жаңа орындарды пайдалануға енгізуі шартқа қол қойылған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде жүргізіледі.

      15. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі, егер шартта өзгеше белгіленбесе, оператордан жатақхананың пайдалануға енгізілуін және шартта көзделген жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығының тіркелуін растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілген хабарламаны алған күннен бастап тоқсан алты айды құрайды.

      Жатақхананың меншік иесі ауысқан жағдайда Қағидалардың осы тармағында белгіленген мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі жатақхананың алдыңғы меншік иесі кезіндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзіміне барабар азайтылады.

      16. Шарт ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесінен кейін жасалған жағдайда студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру өнім берушіге алдыңғы қаржы жылындағы студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдерді өтей отырып, келесі қаржы жылында жүзеге асырылады.

      17. Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 6-тармағы 1) тармақшасының талаптары сақталған кезде, айдың соңғы күніндегі жағдай бойынша жатақханадағы студенттер, магистранттар және докторанттар нақты тұрып жатқан орындар туралы ақпаратты құрайтын өнім беруші ай сайын ұсынатын тізілім негізінде жатақхана пайдалануға енгізілгеннен және жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығы тіркелгеннен кейін Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүзеге асырылады.

  Студенттерді, магистранттар
мен докторанттарды
жатақханалардағы орындармен
қамтамасыз етуге мемлекеттік
тапсырысты орналастыру
қағидаларына
1-қосымша
Нысан
_______________________
(оператордың атауы)

Өтініш

      Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен

      қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сәйкес,

      ________________________________________________________________________________

      (әлеуетті өнім берушінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде, ЖСН, БСН, орналасқан жері)

      студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен

      қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға шарт жасасуды сұрайды.

      Жатақхананы _________________________________ жоспарлануда.

      (жаңадан салу немесе реконструкциялау)

      Осы арқылы сәйкестендіру сипаттамаларын хабарлаймын:

      1) жатақханадағы пайдалануға енгізілуі жоспарланған жаңа орындар:

      орындардың жалпы саны - _____ орын;

      нысаналы мақсаты - оқу кезеңінде студенттердің, магистранттардың және

      докторанттардың тұруына арналған;

      қабаттар саны - ____ қабат;

      ауданы (жалпы, тұрғын және пайдалы) - ____ шаршы метр;

      орналасқан жері (мекенжайы) - __________________________________.

      2) жатақханадағы жаңа орындардың пайдалануға енгізілуі жоспарланған жер

      учаскесінің сипаттамасы:

      кадастрлық нөмірі - __________;

      бөлінушілігі - __________________;

      нысаналы мақсаты - ______________;

      ауданы - _________________;

      орналасқан жері (мекенжайы) - __________________________________.

      Жатақхананы пайдалануға енгізу

      ________________________________________________________________________________

      студенттер/магистранттар/докторанттар оқитын техникалық және кәсіптік, орта білімнен

      кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының атауы

      _______________________________________________________ тұруына арналған орындарға

      студенттердің/магистранттардың/докторанттардың

      қажеттілікті қанағаттандыруға көзделген.

      Жатақханаларда тұрғаны үшін студенттерден, магистранттардан және докторанттардан

      алынатын төлемнің мөлшері __________________ теңге.

      Жатақхананы жабдықтау және пайдалану Қазақстан Республикасының аумағындағы

      қолданыстағы құрылыс, өртке қарсы, санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен

      талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Жатақхана етіп реконструкция жасалатын ғимарат:

      1) ағаш, каркас, қалқанды, қамыс және есепті қызмет ету мерзімі елу жылға дейінгі

      басқа материалдардан салынған;

      2) пайдаланылып жүргеніне немесе пайдалануға енгізілгеніне елу жылдан астам уақыт

      өткен, сондай-ақ апатты (тозығы жеткен) деп танылған;

      3) қажеттіліктерін жатақхана өтейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі,

      жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу корпусы

      қалалық немесе ауылдық елді мекендердің шегінен тыс орналасқан жағдайлардан басқа,

      өнеркәсіптік (өндірістік) кәсіпорындардың аумағында, сондай-ақ қалалық немесе ауылдық

      елді мекендер шегінен тыс орналасқан;

      4) өнеркәсіптік (өндірістік) ғимараттар мен қоймаларды;

      5) жеке тұрғын үй құрылысын;

      6) мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде тыйым салған, сондай-ақ жылжымайтын

      мүлікті пайдалануға, оған билік етуге өзге шектеулері (тыйым салулары) бар болып

      табылмайды.

      Қосымша ___ парақта.

      Қолы

      Мөр орны (бар болған жағдайда)                              Күні

  Студенттерді, магистранттар
мен докторанттарды
жатақханалардағы орындармен
қамтамасыз етуге мемлекеттік
тапсырысты орналастыру
қағидаларына
2-қосымша
Нысан
_______________________
(оператордың атауы)

20___ жылғы "___"________ жағдай бойынша жатақханадағы адамдар нақты тұрып жатқан орындар туралы тізілім

Т.А.Ә.

ЖСН

Оқитын жері

Оқитын курсы

Оқу деңгейі













      Қолы

      Мөр орны (бар болған жағдайда)