Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидаларын және тексеру парақтарының нысанын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2018 жылғы 31 шiлдедегi № 3 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 14 қыркүйекте № 17371 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 85-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына және 141-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тексеру парағының нысаны бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелді бағалау жүйесін қалыптастыруы әдістемесін, міндетті ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы № 722 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12389 болып тіркелген, 2015 жылғы 18 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушы
Р. Дәленов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасының

      Құқықтық статистика және

      арнайы есепке алу жөніндегі

      комитетінің төрағасы

      ______________Қ.Т. Жақыпбаев

      2018 жылғы 27 шілде

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 31 шілдегі
№ 3 бұйрығына
1-қосымша

Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар реттеуші мемлекеттік органдардың тексерулер және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу мақсатында бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын, сондай-ақ Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес бекітілетін тексеру парақтарын әзірлеуіне арналған.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) тәуекел – бақылау және қадағалау субъектісінің қызметі нәтижесінде адам өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне салдарларының ауырлық дәрежесін ескере отырып зиян келтіру ықтималдығы;

      2) тәуекелдерді бағалау жүйесі – тексерулер мен бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және қадағалауды белгілеу мақсатында бақылау және қадағалау органы жүргізетін іс-шаралар кешені;

      3) тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті өлшемшарттары (бұдан әрі – объективті өлшемшарттар) – белгілі бір қызмет саласында тәуекел дәрежесіне байланысты және жеке бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) тікелей байланыссыз бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;

      4) тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемшарттары (бұдан әрі – субъективті өлшемшарттар) – нақты бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметі нәтижелеріне байланысты бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;

      5) тексеру парағы – бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге алып келетін талаптарды қамтитын талаптар тізбесі.

      4. Мемлекеттік органдардың тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы нормативтік құқықтық актілері бекітілгенге дейін тәуекелдерді бағалау жүйелерін автоматтандырудың техникалық мүмкіндігі және тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі – ақпараттық жүйесінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс.

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен келісу мерзімі бес жұмыс күнін құрайды.

      5. Тексерулерді және бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және қадағалауды жүргізудің ерекше тәртібі жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты қолданылады.

      Жоспардан тыс тексерулер мен бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) бармай профилактикалық бақылау және қадағалау жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған және жатқызылмаған бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты қолданылады.

2-тарау. Жартыжылдық кестелер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібіне арналған тәсілдер

      6. Жартыжылдық кестелер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібіне арналған тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары объективті және субъективті өлшемшарттар арқылы қалыптастырылады.

1-параграф. Объективті өлшемшарттар

      7. Объективті өлшемшарттарды айқындау мынадай:

      1) тәуекелді айқындау;

      2) бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тәуекел дәрежелері бойынша (жоғары және жоғары дәрежеге жатқызылмаған) топтастыру және бөлу кезеңдері арқылы жүзеге асырылады.

      8. Тәуекелді айқындау:

      1) объектінің қауіптілік (күрделілік) деңгейі;

      2) реттелетін салаға (аяға) келтірілетін зиянның ықтимал теріс салдарларының ауырлық ауқымы;

      3) адам өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүдделеріне қолайсыз жағдайлардың туындау ықтималдығы өлшемшарттарының бірін ескере отырып, мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын саланың ерекшелігіне байланысты жүзеге асырылады.

      9. Барлық ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізілгеннен кейін бақылау және қадағалау субъектілер (объектілер) екі тәуекел дәрежесі (жоғары және жоғары дәрежеге жатқызылмаған) бойынша бөлінеді.

      Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты жартыжылдық кестелер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібі қолданылады.

      10. Тәуекел дәрежесі жоғары бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тексерулер мен бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және қадағалауды жүргізудің мерзімділігі реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарымен жылына бір реттен жиілетпей, ал халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерге қатысты жарты жылда бір реттен жиілетпей айқындалады.

2-параграф. Субъективті өлшемшарттар

      11. Адал бақылау және қадағалау субъектілерін көтермелеу және бақылау мен қадағалауды бұзушыларға шоғырландыру қағидаттарын іске асыру мақсатында тәуекел дәрежесі жоғары бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) субъективті өлшемшарттарды қолдану арқылы реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында айқындалатын кезеңге тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібінен босатылады.

      Бақылау және қадағалау субъектісінде жеңілдететін индикаторлардың бірі бар болған жағдайда бақылау және қадағалау субъектісі тексерулер жүргізудің мынадай ерекше тәртібінен босатылады.

      Жеңілдететін индикаторларға:

      1) деректерді онлайн-режимде беретін аудио және (немесе) бейне жазбалардың болуы;

      2) деректерді мемлекеттік органдар жүйесіне беретін датчиктер мен басқа да бекіту құрылғыларының болуы (су датчиктері, атмосфераға шығарындыларды тіркеу датчиктері және басқа құрылғылар) жатады.

      12. Жартыжылдық кестелер негізінде тексеру жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулерден босату мынадай:

      1) субъективті өлшемшарттарды айқындау;

      2) нәтижелерді бағалау кезеңдері арқылы тәуекел дәрежесі жоғары бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) үшін субъективті өлшемшарттарды қолдану арқылы жүзеге асырылады.

      13. Субъективті өлшемшарттар сақталмауы реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес белгілі бір бұзушылықтар дәрежесіне сәйкес келетін тексеру парақтарының талаптары негізінде әзірленеді. Тексеру парақтарындағы әрбір талапқа қатысты бұзушылық дәрежесі – өрескел, елеулі және болмашы дәрежелер айқындалады.

      Бұл ретте өрескел, елеулі және болмашы бұзушылықтарды айқындау реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың тиісті саласының ерекшелігі ескеріле отырып белгіленеді.

      Субъективті өлшемшарттарды қалыптастыру кезінде бұзушылық дәрежесі (өрескел, елеулі, болмашы) өрескел, елеулі және болмашы бұзушылықтардың белгіленген анықтамаларына сәйкес беріледі.

      14. Тәуекел дәрежесінің көрсеткіші реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында белгіленген өлшемшарттар негізінде 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша есептеледі және субъективті өлшемшарттар бойынша алынған көрсеткіштерді қосу жолымен осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес есептеледі.

      Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша тәуекел дәрежесі жоғары бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі):

      1) тәуекел дәрежесі 0-ден 60-қа дейінгі қоса алғанда көрсеткіш кезінде реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында белгіленетін мерзімге арналған жартыжылдық кестелер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібінен босатылады;

      2) тәуекел дәрежесі 61-ден бастап 100-ді қоса алғанға дейінгі көрсеткіш кезінде жартыжылдық кестелер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібінен босатылмайды.

      15. Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібінен босату реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес тәуекелдерді бағалаудың және талдаудың қолданылатын балама (тәуелсіз) жүйелерінің, аудиттің, сараптамалардың негізінде мүмкін болады.

      16. Ерекше тәртіппен тексерулердің жарты жылдық кестелері Кодекстің 141-бабының 2-тармағымен белгіленген тәртіппен құрылады.

3-тарау. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізуге арналған тәсілдер

      17. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары объективті және субъективті өлшемшарттар арқылы қалыптастырылады.

1-параграф. Объективті өлшемшарттар

      18. Объективті өлшемшарттарды анықтау осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      19. Тәуекелді айқындау осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Тәуекел айқындалғаннан кейін бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) екі тәуекел дәрежесі (жоғары және жоғары дәрежеге жатқызылмаған) бойынша бөлінеді.

      Объективті өлшемшарттар бойынга жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалауды жүргізу мақсатымен субъективті өлшемшарттар қолданылады.

2-параграф. Субъективті өлшемшарттар

      21. Субъективті өлшемшарттарды айқындау мынадай:

      1) деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау;

      2) ақпаратты талдау және тәуекелдерді бағалау кезеңдерін қолдана отырып жүзеге асырылады.

      22. Деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) анықтау үшін қажет. Осы мәліметтерді дұрыс пайдалану мемлекеттік бақылауды және қадағалауды анағұрлым тиімді жүзеге асыруға және реттеуші органдардың ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді.

      Тәуекел дәрежесін бағалау үшін мынадай ақпарат көздері:

      1) бақылау және қадағалау субъектісі ұсынатын, оның ішінде мемлекеттік органдар, мекемелер және салалық ұйымдар жүргізетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы ұсынатын есептілік пен мәліметтерді мониторингілеу нәтижелері;

      2) бұрынғы тексерулер мен бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау нәтижелері пайдаланылады;

      3) бақылау және қадағалау субъектісі кінәсінен туындаған қолайсыз жағдайлардың болуы. Қолайсыз жағдайларға инфекциялық аурулар және (немесе) паразиттік және топтық инфекциялық аурулар мен уланулар жағдайларының тіркелуі, оның ішінде тағам, өрт, өндірістік жарақаттар мен апаттар, оқиғалар, қираулар, жағдайлар, аса қауіпті зиянды ағзаларды және карантиндік объектілерді, олардың таралу ошақтарын анықтау, жануарлар әлемі объектілерінің санының азаюы және олардың мекен ету ортасының нашарлауы, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің болуы және басқалар жатады;

      4) расталған шағымдар мен өтініштердің болуы және саны;

      5) тәуелсіз ұйымдар аудитінің (сараптамасының) нәтижелері (энергия аудиті, энергия сараптамасы, жою кезіндегі тәуелсіз аудит, өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы және аудиттің (сараптамалардың) басқа түрлері);

      6) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және қадағалау нәтижелері (бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша берілген қорытынды құжаттар (анықтама, қорытынды, ұсынымдар және басқа);

      7) мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарын, бұқаралық ақпарат құралдарын, бар болған жағдайда "бұзушылар" рейтингтерін, зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар тізбесін талдау;

      8) уәкілетті органдар мен ұйымдар ұсынатын мәліметтерді талдау нәтижелері пайдаланылады.

      Бақылау және қадағалау субъектісінде жеңілдететін индикаторлардың бірі бар болған жағдайда бақылау және қадағалау субъектісі бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы келесі профилактикалық бақылау және қадағалаудан босатылады.

      Жеңілдететін индикаторларға:

      1) деректерді онлайн-режимде беретін аудио және (немесе) бейне жазбалардың болуы;

      2) деректерді мемлекеттік органдар жүйесіне беретін датчиктер мен басқа да бекіту құрылғыларының болуы (су датчиктері, атмосфераға шығарындыларды тіркеу датчиктері және басқа құрылғылар);

      3) бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қосымша шараларының болуы (өзара сақтандыру қоғамында мүшелікте болу, жазатайым жағдайдан ерікті сақтандыру туралы келісім, қосымша сараптамаларды өткізу, аудит жасау, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мемлекеттік емес қызметтерімен келісімдер жасау және бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа шаралар) жатады.

      Тәуекелдерді бағалау тиімділігін арттыру мақсатында басқа мемлекеттік органдармен және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара ақпарат алмасу бойынша жұмыс жүргізіледі.

      Сондай-ақ тәуекел дәрежесін бағалау үшін реттеуші мемлекеттік органның тәуекелдерін бағалау өлшемшарттарында көзделген қызмет ерекшелігіне байланысты басқа ақпарат көздері қолданылады.

      23. Қолда бар ақпарат көздері негізінде реттеуші мемлекеттік органдар бағалауға жататын субъективті өлшемшарттарды қалыптастырады.

      Субъективті өлшемшарттарды талдау және бағалау бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және қадағалауды ең жоғары әлеуетті тәуекелі бар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты шоғырландыруға мүмкіндік береді.

      Бұл ретте, талдау және бағалау кезінде нақты бір бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты бұрын есепке алынған және пайдаланылған субъективті өлшемшарттардың деректері қолданылмайды немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап қою мерзімі біткен деректер.

      24. Ықтимал тәуекел мен проблеманың маңыздылығына, бұзушылықтың біржолғы немесе жүйелі сипатына, әрбір ақпарат көзі бойынша бұрын қабылданған шешімдерді талдауға байланысты реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес бұзушылық дәрежесіне – өрескел, елеулі және болмашы дәрежелерге сәйкес келетін субъективті өлшемшарттар айқындалады.

      Бұл ретте өрескел, елеулі және болмашы бұзушылықтарды айқындау реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында тиісті мемлекеттік бақылау және қадағалау саласының ерекшелігі ескеріле отырып белгіленеді.

      Субъективті өлшемшарттарды қалыптастыру кезінде бұзушылық дәрежесі (өрескел, елеулі, болмашы) өрескел, елеулі, болмашы бұзушылықтардың белгіленген анықтамаларына сәйкес беріледі.

      25. Қолданылатын ақпарат көздерінің басымдығын негізге ала отырып, реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша есептеледі.

      Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) мыналарға:

      1) тәуекел дәрежесі 61-ден бастап 100-ді қоса алғанда дейінгі көрсеткіш кезінде және өзіне қатысты бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізілгенде жоғары тәуекел дәрежесіне;

      2) тәуекел дәрежесі 0-ден 60-қа дейінгі қоса алғанда көрсеткіш кезінде және өзіне қатысты бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізілмегенде жоғары дәрежеге жатқызылмаған тәуекел дәрежесіне жатады.

      Осы Қағидалардың 24 және 25-тармақтарының ережелері осы Қағидалардың 3-тарауының 3-параграфында көрсетілген мемлекеттік органдарға қолданылмайды.

      26. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізудің мерзімділігі субъективті өлшемшарттар бойынша алынатын мәліметтерге жүргізілетін талдау мен бағалаудың нәтижелері бойынша айқындалады және жылына ең көбі бір реттен аспайды.

      27. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау Кодекстің 141-бабының 3-тармағына сәйкес құрылатын бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалаудың жарты жылдық тізімдері негізінде жүргізіледі.

      28. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау тізімдері субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің барынша жоғары көрсеткіші бар бақылау және қадағалау субъектісінің басымдығы ескеріле отырып жасалады.

3-параграф. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ерекшелік пен құпиялылық ескеріле отырып, ақпараттық жүйелерді қолданатын мемлекеттік органдарға арналған тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру ерекшеліктері

      29. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ерекшелік пен құпиялылық ескеріле отырып, ақпараттық жүйелерді қолданатын мемлекеттік органдарға арналған тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру кезінде тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткішін есептеу, сондай-ақ оларға сәйкес бақылау және қадағалау субъектісі тәуекел дәрежесі жоғарыға жатқызылатын немесе тәуекел дәрежесі жоғарыға жатқызылмаған тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында белгіленеді.

      30. Тәуекелдерді бағалау жүйелерін автоматтандырудың техникалық мүмкіндігі және тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі – ақпараттық жүйенің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес құпия болып табылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен олардың құпиялылығын қамтамасыз ете отырып келісуге жатады.

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен келісу мерзімі бес жұмыс күнін құрайды.

4-тарау. Субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткішін есептеу тәртібі

      31. Осы Қағидалардың 14 және 25-тармақтарына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісін тәуекел дәрежесіне жатқызу үшін тәуекел дәрежесінің көрсеткішін есептеудің мынадай тәртібі қолданылады.

      Бір өрескел бұзушылық анықталған жағдайда бақылау және қадағалау субъектісіне тәуекел дәрежесінің 100 көрсеткіші теңестіріледі және оған қатысты ерекше тәртіп бойынша тексеру немесе бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізіледі.

      Егер өрескел бұзушылық анықталмаса, онда тәуекел дәрежесінің көрсеткішін анықтау үшін елеулі және болмашы дәрежедегі бұзушылықтар бойынша жиынтық көрсеткіш есептеледі.

      Елеулі бұзушылықтар көрсеткішін айқындау кезінде 0,7 коэффициенті қолданылады және бұл көрсеткіш мына формула бойынша есептеледі:

      SР3 = (SР2 х 100/SР1) х 0,7,

      мұнда:

      SР3 – елеулі бұзушылықтардың көрсеткіші;

      SР1 – елеулі бұзушылықтардың талап етілетін саны;

      SР2 – анықталған елеулі бұзушылықтардың саны;

      Болмашы бұзушылықтардың көрсеткішін айқындау кезінде 0,3 коэффициенті қолданылады және бұл көрсеткіш мына формула бойынша есептеледі:

      SРН = (SР2 х 100/SР1) х 0,3,

      мұнда:

      SРН – болмашы бұзушылықтардың көрсеткіші;

      SР1 – болмашы бұзушылықтардың талап етілетін саны;

      SР2 – анықталған болмашы бұзушылықтардың саны;

      Тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші (SР) 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша есептеледі және мына формула бойынша елеулі және болмашы бұзушылықтардың көрсеткіштерін қосу арқылы айқындалады:

      SР = SР3 + SРН,

      мұнда:

      SР – тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші;

      SР3 – елеулі бұзушылықтардың көрсеткіші;

      SРН – болмашы бұзушылықтардың көрсеткіші.

      Осы тармақтың ережелері осы Қағидалардың 3-тарауының 3-параграфында көрсетілген мемлекеттік органдарға қолданылмайды.

5-тарау. Тексеру парақтары

      32. Тексеру парақтары бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) біртекті топтары үшін жасалады және Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес және Кодекстің 143-бабының 2-тармағында анықталған шарттарды сақтай отырып талаптарды қамтиды.

      33. Біртекті топтар дегенде бірдей талаптар қойылатын бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) түсініледі.

      34. Тексеру парақтары осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      35. Кодекстің 141-бабы 2-тармағының төртінші бөлігінде көрсетілген бақылау және қадағалау салалары үшін тексеру парақтарының талаптары осы Қағидалардың 13-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес әзірленген субъективті өлшемшарттарға сәйкес келтіріледі.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2018 жылғы 31 шілдегі
№ 3 бұйрығына
2-қосымша
  Нысан

Тексеру парағы

      ___________________________________________________________________

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің

      _________________________________________________ саласында/аясында

      138 және 139-баптарына сәйкес

      ___________________________________________________________ қатысты

      бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) біртекті

      тобының атауы

      Тексеруді тағайындаған мемлекеттік орган __________________________

      __________________________________________________________________

      Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы

      тексеруді/профилактикалық бақылауды және қадағалауды тағайындау

      туралы акт ________________________________________________________

      №, күні

      Бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы _________

      ___________________________________________________________________

      Бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) (жеке

      сәйкестендіру нөмірі), бизнес-сәйкестендіру нөмірі ________________

      ___________________________________________________________________

      Орналасқан жерінің мекенжайы_______________________________________

      ___________________________________________________________________

Талаптар тізбесі

Талап етіледі

Талап етілмейді

Талаптарға сәйкес келеді

Талаптарға сәйкес келмейді

1

2

3

4

5

6













      Лауазымды адам (адамдар) ___________________________ ______________

      лауазымы      қолы

      _____________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

      Бақылау және қадағалау

      субъектісінің басшысы ______________________________ ______________

      лауазымы қолы

      _____________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)