"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 17-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ашық бюджеттер интернет-порталында ақпарат орналастыру тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1271 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12803 болып тіркелген, 2016 жылғы 2 ақпанда "Әділет" Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Ашық бюджеттер интернет-порталында ақпарат орналастыру қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Ашық бюджеттер интернет-порталында ақпарат орналастыру қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ашық бюджеттер интернет-порталында ақпарат орналастыру қағидаларында:
3, 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын барлық өзге ұғымдар мен қысқартулар Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінде (бұдан әрі – Кодекс), Қазақстан Республикасының "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы, "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы, "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы және "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы заңдарында көрсетілген мағынада пайдаланылады.
4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Порталға Кодекстің 124-бабы 1-тармағының 3) тармақшасының екінші, үшінші абзацтарында және 4) тармақшасының екінші абзацында (тиісті қаржы жылында республикалық бюджетті орындау туралы жылдық есеп бөлігінде) көрсетілген бюджеттік есептілікті орналастырады.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері Порталға Кодекстің 118-бабында көрсетілген шоғырландырылған қаржылық есептілікті есептік жылдан кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей орналастырады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері Порталға Кодекстің 124-бабының 1-тармағы 2) тармақшасының жетінші, сегізінші абзацтарында көрсетілген бюджеттік есептілікті орналастырады.
Бюджеттік есептілікті Порталда оны қалыптастыру мерзімдері өткеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде орналастырады.
Тиісті қаржы жылына республикалық бюджеттің орындалуы туралы жылдық есеп Порталға бекіткеннен кейін ай өткен соң орналастырылады.
Бюджеттік есептілік және шоғырландырылған қаржылық есептілік қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Кодекстің 67-1-бабына сәйкес Порталға ақпарат орналастырады.".
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі |
Д. Абаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б.Т. Сұлтанов
2018 жылғы 21 маусымда
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т.М. Сүлейменов
2018 жылғы 12 шілдеде