Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 13 шілдедегі № 514 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 6 тамызда № 17281 болып тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрыққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Ішкі істер министрінің 10.12.2018 № 896 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-37) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қағидалары бекітілсін.

      2. Мына:

      1) "Авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын және құтқарушыларды, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау және қайта аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 18 наурыздағы № 246 бұйрығының 1-тармағы 2) тармақшасының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10831 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 5 маусымда жарияланған);

      2) "Авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын және құтқарушыларды, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау және қайта аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 18 наурыздағы № 246 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 29 қарашадағы № 1108 бұйрығының 1-тармағы 3-40 абзацтарының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14749 болып тіркелген, 2017 жылғы 22 ақпанда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жолдауды;

      4) осы бұйрықты оны ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
полиция генерал-полковнигі
Қ. Қасымов

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар министрі

      ________________ Д. Абаев

      2018 жылғы 20 шілде

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________ Т. Сүлейменов

      2018 жылғы 20 шілде

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2018 жылғы 13 шілдедегі
№ 514 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді ұйымдарда, елді мекендер мен объектілерде өрттердің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттау тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қызметкерлердің штат санының, техникалық жарақталуы мен кәсіби жарамдылығының "Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге қойылатын рұқсат беру талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 7 қарашадағы № 783 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9942 болып тіркелген) бекітілген мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге қойылатын рұқсат беру талаптарына (бұдан әрі – рұқсат беру талаптары) және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізіледі.

      3. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді ұйымдарда, елді мекендер мен объектілерде өрттердің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттауды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) жүзеге асырады.

2-тарау. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге аттестаттау жүргізу тәртібі

      4. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге (бұдан әрі – МеӨҚҚ) аттестаттау жүргізу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша МеӨҚҚ аттестаттау туралы өтініш (бұдан әрі – өтініш);

      2) "Жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлік бланкілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 8 желтоқсандағы № 874 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 10064 болып тіркелген) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;

      3) "Механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізу кезеңділігін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 329 бұйрығымен бекітілген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеру, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізу кезеңділігін ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына қосымшаға сәйкес нысан бойынша (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 11333 болып тіркелген) автомобильді техникалық қарап-тексеру диагностикалық картасының көшірмесі;

      4) рұқсат беру талаптарына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өрт сөндіруге өрт сөндіру автомобилінің әзірлігін техникалық қарап-тексеру актісі (аттестаттауды өтініш берушінің өтініш берген сәтінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті аумақтық бөлімшесі комиссиясы ресімдейді және қол қояды, әр тарапқа біреуден екі данада жасалады);

      5) гараж боксының, қызметтік үй-жайлардың фотосуреттерін қоса ұсына отырып, қызметкерлерді, өрт сөндіру-құтқару техникасын, жабдық пен құрал-жабдықты орналастыруға арналған объектіні пайдалану құқығының немесе өзге де заңды құқығының бар-жоғын растайтын құжаттың көшірмесі;

      6) заңды тұлғаның мөрімен (бар болған жағдайда) расталған МеӨҚҚ ұйымдық-штаттық құрылымы;

      7) МеӨҚҚ қызметкерінің білімі туралы құжаттың көшірмелері (шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қазандағы Заңының талаптарына сәйкес танылады);

      8) "Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің мамандарын арнайы даярлау бойынша оқыту курстарының бағдарламасын, сондай-ақ оларды бітіргені туралы куәліктің үлгісін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 24 қаңтардағы № 48 бұйрығына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 10382 болып тіркелген) МеӨҚҚ мамандарын арнайы даярлау бойынша оқыту курстарын аяқтағаны туралы куәлік көшірмелері;

      9) МеӨҚҚ қызметкерлерінің психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден алған анықтамалары;

      10) мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелеріндегі және/немесе МеӨҚҚ қызметкерлерінің еңбек қызметін растайтын (кадр қызметі растаған) құжаттар көшірмелері, ал қызмет басшысы үшін – қызметтік тізім көшірмесі.

      5. Құжаттарды қабылдау және оларды қарау нәтижесін беру қағаз немесе электронды нысанда жүзеге асырылады.

      Электронды нысанда құжаттар тапсыру кезінде олардың сканерленген көшірмелері ұсынылады.

      6. Құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығы тексеріледі. Ұсынылған құжаттардың толық емес фактісі анықталған жағдайда, құжаттарды өтініш берушіге бере отырып, көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту беріледі.

      7. Құжаттарды қарау және олар бойынша шешім қабылдау мерзімі өтініш тіркелген күннен бастап жеті жұмыс күнін құрайды.

      8. Ведомство МеӨҚҚ атауында өртке қарсы қызмет түрін - жолға шығатын және/немесе жолға шықпайтын техникасын көрсетіп, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұйымдарда, елді мекендер мен объектілерде өрттің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына тиісті аттестатты (бұдан әрі – аттестат) бере отырып, өтініш берушілерге көрсетілген мерзімде аттестаттау бойынша өзінің шешімі туралы не мына негіздерде аттестаттаудан дәлелді бас тарту туралы хабарлайды:

      1) қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда баяндалған деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

      2) өтініш берушінің және (немесе) ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің көрсету үшін қажетті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 7 қарашадағы № 783 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге қойылатын рұқсат беру талаптарына сәйкес келмеуі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9942 тіркелген);

      3) өтініш берушіге қатысты аттестаттаудан өту үшін талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы.

      9. Аттестаттау нәтижелері осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша МеӨҚҚ тіркеу журналына енгізіледі және ведомствоның сайтына орналастырылады.

      10. МеӨҚҚ аттестаттау жүргізу үшін ұсынылған құжаттар, сондай-ақ оның нәтижелері іске қалыптастырылады.

      11. Аттестаттың жарамдылығы мынадай негіздер бойынша тоқтатылады:

      1) МеӨҚҚ-ның аттестаттың жарамдылығын тоқтату туралы өтініш (еркін нысанда) ұсынуы;

      2) заңды тұлғаның таратылуы.

  Мемлекеттік емес өртке
қарсы қызметтерді
аттестаттау қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
Төтенше жағдайлар
комитетінің төрағасына
______________________

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті аттестаттау туралы өтініш

      Сізден қоса беріліп отырған құжаттар тізбесін қарауды және

      ____________________________________________________________________

      МеӨҚҚ атауы

      ____________________________________________________________________

      өртке қарсы қызмет түрі

      Ұйымдарда, елді мекендер мен объектілерде өрттің алдын алу және сөндіру,

      өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын

      жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат беруіңізді сұраймын.

      БСН: ______________________________________________

      МеӨҚҚ орналасқан жері: ______________________________

      М.О.

      (болған кезде)

      Ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді

      пайдалануға келісемін.

      Басшы __________________________________

      Т.А.Ә. (бар болған жағдайда), қолы

      __________________

      күні

  Мемлекеттік емес
өртке қарсы қызметтерді
аттестаттау қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы

Аттестат

      №__________________

      аттестат нөмірі

      Осы аттестат _______________________________________________________

      заңды мекенжайы

      ____________________________________________________________________

      мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет атауы

      Ұйымдарда, елді мекендер мен объектілерде өрттің алдын алу және сөндіру,

      өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын

      жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына

      ______________________________________________________________

      берілді өртке қарсы қызмет түрі

      Мөр орны

      Төраға _____________________ ___________________________

      қолы Т.А.Ә. (бар болған жағдайда)

      Астана

  Мемлекеттік емес өртке қарсы
қызметтерді аттестаттау
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді тіркеу журналы (тізілімі)

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің атауы

Аттестаттың тіркеу нөмірі

Өртке қарсы қызметтің түрі

Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің орналасқан мекенжайы, телефондары

1

2

3

4

5