Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 28 мамырдағы № 214 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 маусымда № 17042 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертуі!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 140-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2- қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 28 мамырдағы
№ 214 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 140-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссияның (бұдан әрі - Орталық комиссия) қызметін ұйымдастыру тәртібін, құрамын, жұмыс регламентін және іс қағаздарын жүргізуді айқындайды.

      2. Орталық комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Орталық комиссия құрамын Қазақстан Республикасының Энергетика министрі бекітеді. Орталық комиссия құрамына, келісім бойынша, мүдделі мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдары, геология, геофизика, гидрогеология, кен орындарын игеру, жер қойнауын пайдаланудың экономикалық және құқықтық мәселелеріне мамандандырылған ұйым өкілдері, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы тәжірибелі мамандар кіреді.

      4. Осы ережеде пайдаланылатын терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Орталық комиссияның міндеті және функциялары

      5. Орталық комиссияның негізгі міндеті геология және кен орындарын әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, базалық жобалау құжаттары және/немесе әзірлеме талдауларының мемлекеттік сараптамасын қамтамасыз ету болып табылады.

      6. Орталық комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын базалық жобалау құжаттары (оған толықтырулар мен өзгерістер) және/немесе көмірсутек кен орнын әзірлеудің талдаулары бойынша сараптамалық қорытындыларды қарайды және береді;

      2) базалық жобалау құжаттарында көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеудің анағұрлым тиімді әдістері мен технологияларын қолдануды қамтамасыз етеді;

      3) жобалау ұйымдары мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін көмірсутек кен орындарын ұтымды әрі кешенді пайдалануды арттыру бойынша ұсынымдар жібереді;

      4) ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдары, жер қойнауын пайдаланушылар мен ғалымдардың жер қойнауын пайдалану, көмірсутек кен орындарын ұтымды әрі кешенді пайдалану мәселелері жөніндегі әзірлемелерін және баяндамаларын қарайды;

      5) ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарынан және жер қойнауын пайдаланушылардан жер қойнауын пайдалану, көмірсутек кен орындарын ұтымды әрі кешенді пайдалану мәселелері бойынша анықтамалық, ақпараттық материалдарды және басқа да материалдар мен есептерді сұратады;

      6) қажет болған жағдайда, жекелеген мәселелерді қарастыру және тиісті шешімдерді дайындау үшін құрамын Орталық комиссия төрағасы бекітетін жұмыс топтары құрылуы мүмкін;

      7) жобалау ұйымдары мен жер қойнауын пайдаланушыларға ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының және жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану, көмірсутек кен орындарын ұтымды әрі кешенді пайдалану мәселелері бойынша жаңа нысандар мен әдістер қолдануды ұсынады.

      7. Орталық Комиссия өзінің қызметі шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Орталық Комиссияның міндеттерін шешу үшін қажетті ақпарат пен материалдарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардан және базалық жобалау құжаттарының авторларынан қосымша ақпарат пен материалдарды сұратуы мүмкін.

3-тарау. Орталық комиссияның жұмыс регламенті мен іс қағаздарын жүргізуі

      8. Жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжатының бір данасын, қағаз және электрондық жеткізгіште бір аннотацияны, сондай-ақ осы Ережеге қосымшаға сәйкес өтінішін жібереді.

      9. Орталық комиссияға мыналар ұсынылады:

      1) осы Кодекстiң 139-бабының 2-тармағында көзделген барлау жұмыстарының жобаларын қоспағанда, барлау жұмыстарының жобалары, оларға өзгерiстер мен толықтырулар;

      2) сынамалап пайдалану жобалары, оларға өзгерiстер мен толықтырулар;

      3) көмірсутек кен орнын игеру жобалары, оларға өзгерiстер мен толықтырулар;

      4) Кодекстің 142-бабының 8-тармағына сәйкес көмірсутек кен орнын әзірлеуге талдаулар.

      10. Барлау жұмыстары жобасының (оған өзгерістер мен толықтырулар) мемлекеттік сараптамасы жер қойнауын пайдаланушыдан алынған күннен бастап 2 (екі) ай ішінде, ал сынамалап пайдалану жобалары, кен орындарын игеру жобалары (оларға өзгерістер мен толықтырулар), әзірлеу талдаулары - 3 (үш) ай ішінде жүргізіледі.

      Сынамалап пайдалану жобаларына, кен орнын әзірлеу жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға), әзірлеу талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі Орталық комиссияның шешімі бойынша ұзартылуы, бірақ 3 (үш) айдан аспайтын мерзімге ұлғайтылуы мүмкін.

      11. Орталық комиссия базалық жобалау құжатын немесе әзірлеу талдауын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оларды тәуелсіз сараптама жүргізу үшін өзі анықтаған сарапшыға (сарапшыларға) жібереді.

      12. Сарапшыны (сарапшыларды) Орталық комиссияның төрағасы немесе Орталық комиссия төрағасының орынбасары тағайындайды.

      13. Бір жобалау құжатын және әзірлеу талдауын тәуелсіз сараптауға бірнеше сарапшылар тағайындалуы мүмкін.

      14. Жер қойнауын пайдаланушы Орталық комиссияға ұсынылатын жобалау құжаттары (оларға өзгерістер мен толықтырулар) және әзірлеу талдаулары бойынша тәуелсіз сараптама жүргізу және қорытынды дайындау үшін сарапшымен тиісті шарт жасайды.

      15. Сарапшыны тағайындағаннан кейін жобалау құжатына және/немесе әзірлеу талдауына тәуелсіз сараптама кемінде 5 (бес) жұмыс күні жүргізіледі.

      16. Тәуелсіз сараптама жүргізу шығындарын, Орталық комиссия мүшелерінің жобалар бойынша функционалдық міндеттерін атқаруға байланысты іссапар шығындарын жер қойнауын пайдаланушылар өтейді.

      17. Базалық жобалау құжатының немесе әзірлеу талдауының мемлекеттік сараптамасының нәтижелері Орталық комиссияның отырысында тәуелсіз сараптаманың қорытындысын ескере отырып, базалық жобалау құжатын немесе әзірлеу талдауын қарау арқылы анықталады.

      18. Жобалау құжаттарына немесе әзірлеу талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол оң немесе теріс болуы мүмкін. Сараптамалық қорытынды көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.

      19. Орталық комиссия отырысын оның төрағасы немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары өткізеді.

      20. Орталық комиссияның отырысында жобалау құжатының авторлары және жер қойнауын пайдаланушы қарастырылып отырған мәселенің негізгі ережелерін баяндайды. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) жобалау құжаты және/немесе әзірдеу талдауы бойынша өзінің сараптамалық қорытындысын ұсынады.

      21. Сараптамалық қорытынды Орталық комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілігімен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Орталық комиссия отырысының кворумы үшін Орталық комиссия мүшелерінің кем дегенде жартысы болуы тиіс. Дауыс беру тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      22. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысы отырыста қаралған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде отырыс хаттамаларымен ресімделеді.

      23. Орталық комиссия отырыстарының хаттамаларына отырыстың төрағасы, оның орынбасары (орынбасарлары) және хатшы қол қояды.

      24. Орталық комиссияның отырысы аяқталғаннан кейін қағаз жеткізгіштегі жобалау құжаттары, әзірлеу талдаулары, есептер, аннотациялар, таныстырылым және қосымша материалдар жобалау ұйымдарына қайтарылады.

      25. Жобалау құжаттарды электрондық жеткізгіште сақтауды көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      26. Жобалау құжатын қағаз және электрондық жеткізгіштерде сақтауды жобалардың авторлары мен жер қойнауын пайдаланушылар қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасының
көмірсутек кен орындарын
барлау және әзірлеу жөніндегі
орталық комиссия туралы
ережеге қосымша
  Нысан

Жобалау құжатын (немесе әзірлеу талдауын) қарауға арналған өтініш

      _______________________________________________________________

      (базалық жобалау құжатының немесе әзірлеу талдауының атауы)

      1. Жер қойнауын пайдаланушы ________________________________________

      2. Жер қойнауын пайдалануға__________________________________________

      (құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы)

      ______________арасында жасалған _________________________келісімшарт.

      (күні)

      3. Базалық жобалау құжатын немесе әзірлеу талдауын әзірлеуші жобалау ұйымының

      атауы ____________________________________________________________________

      Құжатты ұсынатын кәсіпорын басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған

      жағдайда) және қолы

      Мөр орны

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 28 мамырдағы
№ 214 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1) "Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6524 болып тіркелген, 2010 жылғы 9 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінің № 461-468 (26311) санында жарияланған);

      2) "Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2013 жылғы 22 тамыздағы №160 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8726 болып тіркелген, 2013 жылғы 17 қазанда "Егемен Қазақстан" газетінің № 233 (28172) санында жарияланған);

      3) "Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы №157 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10052 болып тіркелген, 2015 жылғы 13 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      4) "Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2010 жылғы 1 қазандағы № 341 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 маусымдағы №425 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11740 болып тіркелген, 2015 жылғы 5 тамызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).