"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 265-бабының 10-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және қарау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті заңнамамен белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі |
Ж. Қасымбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
___________ Қ. Бозымбаев
2018 жылғы 21 мамыр
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 339 бұйрығымен бекітілген |
Кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және қарау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 265-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленген және кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және қарау тәртібін айқындайды.
2. Кодекстің 264-бабының 1-тармағына сәйкес кен іздеушілікке арналған лицензия (бұдан әрі – лицензия) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша облыстардың жергілікті атқарушы органдары айқындайтын аумақтарға беріледі.
2-тарау. Кен іздеушілікке арналған лицензияларды беруге өтініштерді беру және қарау тәртібі
3. Лицензияларды алуға мүдделі тұлға (бұдан әрі – өтініш иесі) облыстың жергілікті атқарушы органына кен іздеушілік учаскесі орналасқан жері бойынша Кодекстің 265-бабының 1-тармағына сәйкес бекітілген нысан бойынша жазбаша өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді.
4. Өтінішке Кодекстің 265-бабының 3-тармағында көрсетілген, 265 баптың 4 және 5 тармақтарындағы талаптарын ескере отырып рәсімделген құжаттар беріледі.
5. Өтініштің облыстың жергілікті атқарушы органына түскен күні мен уақыты өтініш беру кезі деп айқындалады және тұлғалардың кен іздеушілікке арналған өтініштерін есепке алу журналында (бұдан әрі – журнал) есепке алынады.
6. Облыстың жергілікті атқарушы органының кеңсесі өтінішті қабылдау кезінде өтінішке бірегей есептік нөмірі, журналда тіркеу күні мен уақытын (сағатын, минутын) көрсете отырып, тіркейді және береді.
Келіп түскен өтініш алынған сәтте тіркеледі.
7. Журнал мыналарды қамтиды:
1) өтініштің бірегей есептік нөмірін;
2) өтініш иесінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);
3) өтiнiшті тiркеу күнi мен уақытын (сағат, минут).
8. Облыстың жергілікті атқарушы органы өтінішті келіп түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде қарайды және лицензия береді не оны беруден бас тартады.
9. Берілген өтініш туралы мәліметтер облыстың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде орналастыруға жатады және олар мыналарды:
1) өтініш иесінің тегін, атын және әкесінің атын (болған жағдайда);
2) өтініш иесі пайдалануына беру үшін сұраған кен іздеушілік учаскесі аумағының координаттарын;
3) өтініштің келіп түскен күні мен уақыты.
10. Облыстың жергілікті атқарушы органына берілген, сол бір аумақты қамтитын, лицензияларды беруге арналған өтініштер келіп түсу кезектілігі тәртібімен қаралады.
11. Облыстың жергілікті атқарушы органы кезекті өтінішті қарауға алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана кіріседі.
Кезекті өтінішті қарау алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні өткен соң басталады.
Егер өтініш иесі бас тарту туралы шешімге сотқа шағым жасаса, облыстың жергілікті атқарушы органы кезекті өтінішті қарау туралы мәселені соттың оң шешімі болған жағдайда, күшіне енгеннен кейін шешеді.
12. Лицензия өтініш иесіне Кодекстің 266-бабының 3 және 4 тармағына сәйкес беріледі.
13. Облыстың жергілікті атқарушы органы мынадай негіздемелердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Қағидалардың 4-тармағында талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) өтініш берілгенге дейін екі жыл ішінде өтініш иесінің осы Кодекстің 276-бабының 3-тармағымен көзделген негіздер бойынша лицензиясы қайтарылып алынған болса;
4) сұралып отырған аумақ немесе оның бір бөлігі басқа адамға берілген лицензия бойынша жер қойнауы учаскесіне немесе Кодекске сәйкес лицензияны беру тыйым салынған аумаққа жататын болса;
5) өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде өтініш иесі бұрын берілген лицензия сұралып отырған жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) қатысты тоқтатылған болса;
6) сұралып отырған кен іздеушілік учаскесінің аумағы осы Кодекстің 269-бабының талаптарына сәйкес келмесе, лицензияларды беруден бас тартады.
14. Лицензияларды беруден бас тарту Кодекстің 267-бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес шығарады.
15. Уәкілетті органның ескертулерін жойған жағдайда өтініш беруші осы Қағидалармен белгіленген тәртіппен қайта уәкілетті органға өтініш береді.
16. Лицензияларды беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш беруші бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасайды.