Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 283 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 14 наурызда № 16591 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 507-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 05.08.2021 № 767 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.

      2. "Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарының бейнеақпараттарға қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 29 наурыздағы № 144 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13684 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 18 мамырда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 283 бұйрығымен
бекітілген

Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 05.08.2021 № 767 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 507-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес әзірленген және уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

2-тарау. Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету тәртібі

      2. Кодекстің 503-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес уақытша сақтау қоймасы тәулік бойы режимінде жұмыс істейтін, мемлекеттік кірістер органының нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауға қашықтықтан қол жеткізуіне, уақытша сақтау қоймасының аумағында күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты жинақтауға және қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бейнебақылау құралдарымен жабдықталады.

      3. Уақытша сақтау қоймасының аумағында болған оқиғалар туралы бейнежазба күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде сақталады.

      Уақытша сақтау қоймасының иесі бейнематериалды жүктеу мүмкіндігімен қашықтықтан қол жеткізу арқылы нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауын қамтамасыз етеді.

      4. Уақытша сақтау қоймасының иесі мемлекеттік кірістер органдарына нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауын жүзеге асыруға арналған қолжетімділікті (логин және пароль, сілтемелер (URL), орнату бағдарламалары) ұсынады.

      Нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауын жүзеге асыруға арналған қолжетімділік туралы ақпарат (логин және пароль, сілтемелер (URL), орнату бағдарламалары) сұрау салу келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізген мемлекеттік кірістер органының сұрау салуы бойынша ұсынады.

      5. Осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес ұсынылатын логин мен парольді өзгерткен кезде, уақытша сақтау қоймасының иесі логин мен парольді өзгерткен сәттен бастап 1 (бір) сағаттан кешіктірмей, осы жайлы оны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізген мемлекеттік кірістер органын жазба немесе электронды нысанда хабардар етеді.