Шығыс Қазақстан облысында ортақ су пайдалану ережелерін белгілеу туралы

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 6 қазандағы № 14/156-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 30 қазанда № 5262 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 38-бабының 1) тармақшасына, 65-бабының 4-тармағына, "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 11434), Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысында ортақ су пайдалану ережелері белгіленсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


      Сессия төрағасы А. Анчугин
      Шығыс Қазақстан облыстық
      мәслихатының хатшысы В. Головатюк

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау министрлігі
      Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің
      Шығыс Қазақстан облысы
      қоғамдық денсаулық сақтау
      департаментінің басшысы
      ______________ Ғ. Сүлейменов

      2017 жылғы " 17 " 10

  Шығыс Қазақстан облыстық
мәслихатының
2017 жылғы 6 қазандағы
№ 14/156-VІ шешімімен
бекітілді

Шығыс Қазақстан облысында ортақ су пайдалану ережелері

      1. Шығыс Қазақстан облысында ортақ су пайдаланудың осы ережелері (бұдан әрі – ережелер) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 38-бабының 1) тармақшасына, 65-бабының 4-тармағына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығымен бекітілген Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 11434) әзірленді және Шығыс Қазақстан облысында ортақ су пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      4. Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.

      5. Экологиялық, техникалық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.

      6. Ортақ су пайдалануға:

      1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;

      2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда;

      3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;

      4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.

      7. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      8. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша облыстың жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.

      9. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.

      Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында:

      1) қолданыстағы заңнамаға сәйкес және санитарлық қорғау аймағында жабдықталмаған су қоймалары учаскелерінде шомылуға;

      2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның ауыз су сапасының санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтер талаптарына сәйкессіздігін анықтаған жерлердегі жерүсті және жерасты су объектілерінен ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алуға;

      3) ортақ су пайдалану тәртібінде су объектілерінің ластануы мен қоқыстануының алдын алу үшін суату алаңдары мен басқа да құрылғылары болмаған жағдайда ауыз сумен жабдықтау көздерін санитарлық қорғау аймағында мал суаруға жол берілмейді.

      11. Облыс аумағында орналасқан су объектілерінде, шағын көлемді кемелер мен басқа да суда жүретін заттардың қозғалуы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 354 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 11197) бекітілген Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтауға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары тиісті аумақта орналасқан су объектілерінің, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі туралы халықты хабардар етуді жүзеге асырады.

      13. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешiмдерiнде өзгеше белгiленбесе, Кодекстің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды.

      14. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.

      15. Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.

      16. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.

      17. Су пайдаланушы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатынан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салынатыны және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      18. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:

      1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;

      2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;

      3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;

      4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитариялық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.

      19. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:

      1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;

      2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;

      3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;

      4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;

      5) аумақта жанар-жағар май материалдарын сақтауға;

      6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;

      7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.