Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 24 қазандағы № 541 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 мамырда № 16899 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім жән ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті (С.А. Жақыпова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ________Б. Cұлтанов

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрі

      ________А. Мұхамедиұлы

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________Т. Сүлейменов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2017 жылғы 24 қазандағы
№ 541 бұйрығымен
бекітілген

Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары 1-тарау. Негізгі ережелер

      1. Осы Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібін анықтайды.

2-тарау. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі тәртібі

      2. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 63-бабына сәйкес мемлекеттік білім беру мекемелері мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс ақылы қызметтер көрсету туралы шартты жасай отырып, тиісті тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша ақылы негізде мынадай:

      1) қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар және жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтарды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру) іске асыру;

      2) оқу жоспары мен бағдарламалары бойынша бөлінген оқу уақытынан тыс пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша жекелеген білім алушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыру;

      3) пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша білім алушылармен ғылым негіздерін тереңдетіп оқып үйренуді ұйымдастыру;

      4) білім алушылар мен тәрбиеленушілер, педагог қызметкерлер мен ересек жұртшылық арасында әртүрлі: спорт жарыстарын, семинарлар, кеңестер, конференциялар, сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;

      5) музыка аспаптарын пайдалануға беру және Интернет-байланыстың қосымша қызметтерін ұсыну;

      6) жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, білім беру ұйымында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысушылардың тамақтануын қамтамасыз ету;

      7) энергия қондырғылары мен қазандықтар беретін жылу энергиясын жіберу;

      8) кәсіптік білім беруді ұйымдастыру (білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру);

      9) оқу-өндірістік шеберханалардың, оқу шаруашылықтарының, оқу-тәжірибе учаскелерінің өнімдерін өндіру мен өткізуді ұйымдастыру бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) беру;

      10) ғылыми зерттеулерді жүргізу бойынша ақылы негізде қызметтер ұсынады.

      Әскери, арнаулы оқу орындары да қарамағында әскери, арнаулы оқу орындары бар мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітетін әскери, арнаулы оқу орындарының тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидаларына сәйкес мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарының талаптарынан тыс ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) ұсынуға құқылы.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 11.12.2018 № 678 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Мемлекеттік білім беру мекемелері ғимараттарының көрінетін жерінде ұсынылатын ақылы қызметтердің тізбесі мен ұсынылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) баға көрсеткішін көрсете отырып ақпарат орналастырады.

      4. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлері "Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының негізінде әзірленген және мемлекеттік (аудандық, қалалық және облыстық) білім беру органдарымен келісілген жұмыс оқу жоспарлары (бағдарламалары) бойынша ұсынылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 20.06.2019 № 275 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Білім алушыларға және (немесе) тәрбиеленушілерге тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлері кәмелет жасқа толған білім алушының және (немесе) тәрбиеленушінің және ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің еркін нысандағы өтініштерінің негізінде жеке кесте бойынша ұсынылады.

      "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ақылы қызмет түрлерін ұсыну туралы өтініш мемлекеттік білім беру мекемесіне келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады

      6. Ақылы негізде қызмет көрсететін мемлекеттік білім беру мекемесі мен білім алушының (тәрбиеленушінің), оның ата-анасының және өзге де заңды өкілдердің өзара қатынастары Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне сәйкес шартпен реттеледі.

      7. Мемлекеттік білім беру мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсеткені үшін қолма-қол ақша алу кассалық кіріс ордерлерінің негізінде міндетті түрде бақылау-кассалық машиналарды қолдана отырып тараптардың қол жеткізген уағдаластықтары негізінде жүргізіледі.

3-тарау. Мемлекеттік білім беру мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібі

      8. Мемлекеттік білім беру мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуден түсетін қаражат мемлекеттік білім беру мекемесінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарлары бойынша пайдаланылады.

      Мемлекеттік білім беру мекемесінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарлары "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 9934 болып тіркелген) тәртіппен жасалады.

      9. Мемлекеттік білім беру ұйымдары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өткізуден түсетін қаражат мынадай бағыттар бойынша жұмсалады:

      1) білім беру мекемелерінiң оқу-материалдық базасын нығайту;

      2) оқу жабдықтары мен мүкәммалдарды, оның iшiнде оқу тәжiрибе учаскесiнде жұмыс iстеу үшiн сатып алу;

      3) білім алушылардың тамақтануын жақсарту, тұрмыстық және мәдени қызмет көрсету жөнiндегi шығыстарын жабу;

      4) оқу-өндiрiстiк шеберханалар мен қосалқы шаруашылықтарды кеңейту;

      5) бiлiм алушыларды көтермелеу және бiлiм алушылардың әлеуметтiк жағынан қорғалмаған жекелеген бөлiгiне материалдық көмек көрсету;

      6) күнi ұзақ болатын орта білім беру ұйымдарында және орта білім беру ұйымдарында күн ұзақ болатын топтардағы білім алушыларды тамақтандыру;

      7) асханаларды ұстау (жалақы, тамақ өнiмдерiн сатып алу, жабдықтар мен мүкәммал сатып алу, күрделi жөндеу);

      8) орта білім беру ұйымдарының білім алушыларының орындаған жұмыстарына ақы төлеу;

      9) экскурсиялар мен сыныптан тыс кештерді өткiзу;

      10) орта білім беру ұйымдарын, оқу корпустары мен жатақханаларды ағымдағы жөндеу;

      11) мектеп жанындағы учаскенi дамыту және мектеп шеберханаларының жабдықтарын жаңарту;

      12) спорт алаңдарын салу;

      13) қоғамдық-пайдалы еңбекте көзге түскен білім алушыларға стипендиялар мен сыйлықақылар беру;

      14) сауықтыру iс-шаралары;

      15) жарысқа қатысушыларды тамақтандыру, төрешiлердiң (судьялардың) және медицина қызметкерлерiнiң еңбегіне ақы төлеу жөнiндегi шығыстарды жабу;

      16) қосымша оқу бағдарламалары бойынша оқу процесiн ұйымдастыру;

      17) секциялар мен үйірме жетекшiлерiнiң еңбегіне ақы төлеу;

      18) секцияларды және үйiрмелердi ұйымдастыруға байланысты iс-шаралар;

      19) ақылы бiлiм беру қызметтерiн көрсететiн қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу;

      20) ынталандыру сипатындағы қосымша ақы, үстемақы, сыйлықақы және басқа да төлемдер белгiлеу;

      21) көлік құралдарын сатып алу;

      22) жабдықтар, мүккәммал (оның iшiнде жұмсақ) және киiм-кешек сатып алу;

      23) жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау үшiн ақы төлеуге арналған шығыстар және басқа да коммуналдық шығыстар, ағымдағы және шаруашылық мақсаттар үшiн заттар мен материалдарды сатып алу, ғимаратқа қызмет көрсету бойынша ақы төлеу, көлiктiк қызметтерге ақы төлеу және тауарларды сатып алуға арналған өзге де шығыстар;

      24) ғимараттар мен үй-жайларды реконструкциялау және күрделi жөндеу;

      25) демалыс лагерьлерi тәрбиешiлерiнiң және көмекші қызметкерлерiнiң еңбегіне ақы төлеу;

      26) музыкалық аспаптарды жөндеу;

      27) қозғалтқыштарды пайдалануға және жөндеуге байланысты шығыстар;

      28) оқу-көмекшi, қосалқы шаруашылықтардың және оқу-тәжiрибе учаскелерiнiң өндiрiстiк қызметiне байланысты, оның iшiнде осы қызметпен айналысатын қызметкерлердiң еңбегіне ақы төлеуге жұмсалатын шығындар;

      29) iссапар шығыстары;

      30) білім беру ұйымдарын аккредиттеуден өткзіу.

      Ескерту. 3-тарау 9-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 11.12.2018 № 678 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Ғылыми зерттеулерді жүргізуде тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өткізуден түскен қаражат мынадай бағыттарда жұмсалады:

      1) еңбекақы – барлық салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді қоса алғанда, ғылыми зерттеулер жүргізуге қатысушы зерттеу тобы мүшелерінің еңбегіне сыйақы;

      2) ғылыми іссапарлар – зерттеулер жүргізуге байланысты іссапарлар;

      3) бөгде ұйымдар көрсететін қызметтер – ұжымдық пайдаланылатын ғылыми зертханалар, өзге зертханалар көрсететін, зерттеулерді орындауға қажетті қызметтер, өзге де ұйымдар көрсететін қызметтер, оның ішінде конференцияларға қатысу үшін ұйымдастыру жарналары;

      4) материалдар сатып алу – зерттеулер жүргізу үшін жұмсалатын материалдарды сатып алу;

      5) жабдықтар мен бағдарламалық қамтылымды сатып алу;

      6) ғылыми-ұйымдастырушылық сүйемелдеу – талдама материалдарды жариялау, патенттеу және сатып алу, сондай-ақ жобаны сүйемелдеу бойынша өзге қызметтер үшін шығыстар;

      7) үй-жайды жалдау;

      8) жабдықты және техниканы жалдау;

      9) зерттеулерді іске асыру үшін пайдаланылатын жабдықтар мен техникаларды пайдалану шығыстары.

      Ескерту. 3-тарау 10-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 11.12.2018 № 678 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.