"Аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінімнің мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлерін және оларды енгізу мен қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы"

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 466 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 17 қаңтарда № 16240 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 5-5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінімнің мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлерін және оларды енгізу мен қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрi

      Т. Сүлейменов ___________

      2017 жылғы 27 желтоқсан

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2017 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 466 бұйрығымен бекітілген

Аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінімнің мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлерін және оларды енгізу мен қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінімнің мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлерін және оларды енгізу мен қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңы (бұдан әрі - Заң) 6-бабының 5-5) тармақшасына сәйкес әзірленген және аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінім мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлері мен оларды енгізу және қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) аукциондық баға – аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған және тиісті шекті аукциондық баға деңгейінен аспайтын, жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі - ЖЭК) пайдалану объектісі өндіретін электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының сатып алуына арналған баға;

      2) аукциондық сауда-саттық – аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы аукцион негізінде электрондық жүйеде ұйымдастыратын және өткізетін және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспары ескеріле отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың жаңа объектілерін салу бойынша жобаларды іріктеуге және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясының аукциондық бағаларын айқындауға бағытталған процесс;

      3) аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімі – аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша ұйымдастырушы қалыптастыратын және өткізілген сауда-саттық нәтижелерін растайтын құжат;

      4) аукциондық сауда-саттыққа қатысушы (бұдан әрі - қатысушы) – Ұйымдастырушыда тіркелген және қатысушы дәрежесін алған өтінім беруші;

      5) аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы (бұдан әрі - Ұйымдастырушы) – Заңға сәйкес уәкiлеттi орган айқындайтын және осы Қағидаларға сәйкес аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) банктік кепілдік – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 қаңтардағы № 21 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №14915 тіркелген) Екінші деңгейдегі банктердің банк кепілдіктері мен кепілгерлігін беру қағидаларына сәйкес ресімделген және банктің клиентке (борышкер тұлғаға) оның өтініші негізінде үшінші тұлғаның (кредитор тұлғаның) пайдасына берілетін жазбаша құжат, осы құжат негізінде онда көрсетілген шарттарға сәйкес банк шекті соманы үшінші тұлғаға (кредитор тұлғаға) төлеуге міндеттенеді;

      7) бенефициар – пайдасына төлем және (немесе) ақша аударуды жүзеге асыратын тұлға;

      8) борышкер тұлға – эмитент банкке бенефициар пайдасына банк кепілдігін немесе резервтік аккредитивті шығаруға тапсырма беретін заңды тұлға;

      9) бір жақты аукцион – аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерін аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардың сараланған тізімінен бірізді іріктеу жолымен жеңімпаздарды анықтауға бағытталған аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру нысаны;

      10) жаңартылатын энергия көздерi (бұдан әрі - ЖЭК) – табиғи жаратылыс процестерi есебiнен үздiксiз жаңартылатын энергия көздерi, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесiнiң энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердiң, су айдындарының жылуы, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендiк көздерi: биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру үшiн пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын өзге де отын;

      11) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы (бұдан әрі - қаржы-есеп айырысу орталығы) – жүйелік оператор құратын және уәкілетті орган айқындайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне берілген электр энергиясын Заңда көзделген тәртіппен орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      12) ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуаты – электр энергетикалық жүйенің техникалық мүмкіндіктеріне сүйене отырып анықталған, электр желісіне қосылатын күн және жел электр станциялары қуатының барынша рұқсат етілген көлемі;

      13) ЖЭК пайдалану объектісі – жаңартылатын энергия көздерiн пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін игеру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым;

      14) өтінім беруші – аукциондық сауда-саттыққа қатысуды жоспарлайтын заңды тұлға;

      15) резервтік аккредитив – жағдай орын алған (борышкер тұлға бенефициар алдында міндеттемелерін орындамаған) кезде бенефициар пайдасына аккредитив бойынша соманы төлеуге банк міндеттемесі. Резервтік аккредитив SWIT жүйесі бойынша шығарылады;

      16) сараланған кесте – аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерінде көрсетілген бағалардың өсуі бойынша реттелген өтінімдер тізімі;

      17) сатып алу шарты – қаржы-есеп айырысу орталығы мен ЖЭК-ті пайдаланатын энергия өндіруші ұйым арасында жасалатын, ЖЭК-ті пайдаланатын энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясын аукциондық бағамен сатып алу шарты;

      18) сауда жүйесі – интернет арқылы аукциондық сауда-саттықты өткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастыру, техникалық, бағдарламалық компоненттер кешені;

      19) сауда сессиясы – аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардың өтінім беруі, аукциондық сауда-саттық бағаларын, көлемдерін анықтау жүзеге асырылатын және аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімі қалыптастырылатын процесс;

      20) уәкілетті орган – жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      21) шекті аукциондық баға – электр энергиясына аукциондық бағаның ең жоғары шамасы;

      22) электр желісіне қосылу нүктесі – энергия өндіруші ұйымның жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін энергия беруші ұйымның электр желісіне физикалық қосу орны;

      23) белгіленген қуаттың рұқсат етілетін ең аз көлемі – одан төмен болса қатысушы ЖЭК пайдалану бойынша жаңа объекті құрылысының жобасын іске асыра алмайтын белгіленген қуаттың көлемі.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу тәртібі

1-параграф. Аукциондық сауда-саттыққа дайындық

      3. Уәкілетті орган аукциондық сауда-саттықты өткізудің болжамды күнінен кемінде 3 (үш) ай бұрын аукциондық сауда-саттықты өткізудің күнтізбелік жылға арналған графигін (бұдан әрі - График) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әзірлейді және өзінің интернет-ресурсында жариялайды. Графикте көрсетілген ақпарат түзетуге жатпайды.

      4. Графикте ЖЭК объектісін салу үшін бөлінген жер учаскелерін және барынша рұқсат етілген қуатты және ықтимал қатысу санын көрсете отырып, энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне қосу нүктелері туралы ақпарат болады.

      5. Облыстық, республикалық маңызы бар қала және астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне сәйкес аукциондық сауда-саттықтың жеңімпаздарына жер учаскесіне құқық берілгенге дейін, Заңның 7-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес жоспарланған ЖЭК пайдалану объектілерін салу үшін жер учаскелерін резервке қоюды жүзеге асырады және тиісті ақпаратты уәкілетті органға Графиктің 1-кестесіне сай нысанда жібереді.

      6. Аукциондық сауда-саттық жеңімпазымен ЖЭК пайдалану объектілерін қосу туралы шартты жасаған сәтке дейін энергия беруші ұйымдар уәкілетті органға ұсынған электр желісіне қосылу нүктелері салуға жоспарланған ЖЭК пайдалану объектілерін қосу туралы шартты және (немесе) электр желісіне қосылуға техникалық шартты беру үшін резервке қойылады және тиісті ақпаратты уәкілетті органға Графиктің 2-кестесіне сай нысанда жібереді.

      7. Графикті жариялаған сәттен бастап График бойынша барлық жоспарланған аукциондар аяқталғанға дейін энергия беруші ұйымдар резервке қойылған нүктелер бойынша электр желісіне қосуға техникалық шарттар алуға өтінімдерді қабылдауды тоқтата тұрады.

      8. ЖЭК пайдалану объектісін салу және пайдалану Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы мен құрылыс қызметі және электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, ЖЭК пайдалану объектісін салу жаңа генерациялау (бұған дейін пайдаланылмаған) қондырғыларын пайдаланып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Құжаттарды қабылдау және өтінім берушілерді аукциондық сауда саттықта тіркеуді Ұйымдастырушы уәкілетті орган бекіткен Графикте көрсетілген мерзімде жүргізеді.

      10. Сауда жүйесінің деректер базасында тіркелу үшін өтінім беруші онлайн тіркеуден өту үшін Ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсына жүгінеді және Ұйымдастырушыға осы Қағидалардың 19-тармағының 1)-5) тармақшаларына сәйкес құжаттарды электрондық түрде ұсынады.

      11. Өтінім беруші осы Қағидалардың 4-параграфына сәйкес қаржы-есеп айырысу орталығына аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз еті жөніндегі құжаттардың түпнұсқаларын аукциондық сауда-саттық басталу күніне дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

      12. Өтінім беруші осы Қағидалардың 19-тармағының 1)-5) тармақшаларына сәйкес құжаттарды ұсынған, өтінім беруші мен Ұйымдастырушы арасында шартты жасасқан және Ұйымдастырушының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеген кезде Ұйымдастырушы өтінім берушіге аукциондық сауда-саттықтарға қатысушының мәртебесін тағайындайды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Ұйымдастырушы уәкілетті орган бекіткен аукциондық сауда-саттық жүргізу графигіне сәйкес аукциондық сауда-саттық басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтінім берушілерден құжаттарды қабылдауды тоқтатады.

      14. Қатысушы аукциондық сауда-саттықтар басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей Ұйымдастырушыға деректемелерінің, қатысушының сауда жүйесіне қосыла алатын қызметкерлері тізімінің өзгеруі туралы хабарлайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Сауда жүйесіне қосылуға рұқсат беретін паролді үшінші тұлғаларға берілуге жатпайды.

      16. Ұйымдастырушының қызметіне тариф Қазақстан Респубдикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді және өтінім беруші мен ұйымдастырушы арасында жасалатын шарт (бұдан әрі-Шарт) негізінде төлененді.

      17. Шартта:

      1) Шарт мәні, Ұйымдастырушы көрсететін қызметтердің түрлері, төлемнің мерзімдері және тәртібі;

      2) Аукциондық сауда-саттыққа қатысу және аукциондық сауда-саттық рұқсат етілуі үшін өтінім берушіге қойылатын өлшем шарттар мен талаптар;

      3) аукциондық сауда-саттықты өткізу әдістері;

      4) Шартқа қатысушылардың Шарт талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігі қамтылады.

      18. Ұйымдастырушы аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу мақсатында:

      1) сауда жүйесінің аукциондық сауда-саттықты өткізу бойынша жұмысқа қабілетін қамтамасыз етеді;

      2) аукциондық сауда-саттықты өткізу бойынша әдістемелік нұсқаулар мен регламенттерді әзірлейді және бекітеді;

      3) қатысушыларға аукциондық сауда-саттыққа қол жеткізу үшін тең жағдайларды қамтамасыз етеді;

      4) қатысушылардың қызметкерлеріне сауда жүйесінде жұмыс істеу бойынша нұсқама өткізеді;

      5) уәкілетті органмен және қаржы-есеп айырысу орталығымен аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізумен байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      6) ресми интернет-ресурста Аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімін жариялайды.

2-параграф. Аукциондық сауда-саттыққа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары

      19. Аукциондық сауда-саттыққа қатысу үшін Қатысушылар құқықтық қабілеттілігі және төлем қабілеттілігі бойынша біліктілік талаптарын мынадай құжаттарды ұсыну арқылы растайды:

      1) Жарғы көшірмесі;

      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы анықтаманың көшірмесі;

      3) бірінші басшыны тағайындау туралы заңды тұлғаның тиісті органы шешімінің көшірмесі;

      4) өкілге сенімхаттар (мүдделерді бірінші басшы жүзеге асырмаған жағдайда);

      5) заңды тұлғаның деректемелері туралы ақпарат (банк деректемелері, мекенжайы, байланыс телефондары, электронды мекенжайы);

      6) аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз етуді енгізуді растайтын құжат.

      Осы тармақтың 1) – 5) тармақшалары бойынша шетелдік заңды тұлғалар осындай құжаттарды өздері тіркелген ел заңнамасына сәйкес әрбір құжатқа аударманың дұрыстығы немесе аудармашының қол таңбасының түпнұсқасы нотариалды түрде куәландырылған мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі аудармасын міндетті түрде қоса бере отырып ұсынады.

      Осы тармақтың 6) тармақшасы бойынша шетелдік заңды тұлғалар осы Қағидалардың 4-параграфына сәйкес аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз етуді енгізуді растайтын құжатты ұсынады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Банктік кепілдік түріндегі аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз ету қаржы-есеп айырысу орталығының пайдасына шығарылған резервтік аккредитив бойынша ұсынылады.

3-параграф. Өтінімнің мазмұны және оны беру тәртібі

      21. Аукциондық сауда-саттық Ұйымдастырушының сауда жүйесінің интернет-ресурсы арқылы интернет желісін пайдалана отырып, қашықтықтан анонимді өткізіледі.

      22. Аукциондық сауда-саттық бір жақты аукцион түрінде өткізіледі.

      23. Аукциондық сауда-саттықты өткізу кезіндегі сауда сессиясы уәкілетті орган бекіткен Графикке сәйкес жүргізіледі және 3 (үш) сағатқа созылады.

      24. Сауда сессиясы ашылғанға дейін Ұйымдастырушы:

      1) сауда жүйесіне белгіленген қуатты іріктеуге жоспарланған көлемдері туралы ақпаратты, шекті аукциондық бағаны және уәкілетті орган бекіткен Графикке сәйкес өзге де ақпаратты енгізеді;

      2) сауда жүйесіне уәкілетті органнан алынған, салынуы жоспарланған ЖЭК пайдалану объектілері үшін резервке қойылған бос жер учаскесінің болуы және электр желісіне қосу нүктелері бойынша барынша рұқсат етілген қуатты және ықтимал қосу санын көрсете отырып, энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне қосылу мүмкіндігі туралы ақпаратты енгізеді;

      3) сауда жүйесіне аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз ету шамалары туралы қаржы-есеп айырысу орталығынан алған ақпаратты енгізеді.

      25. Сауда сессиясын өткізу рәсімі мыналарды қамтиды:

      1) Ұйымдастырушының сауда сессиясын ашуы;

      2) қатысушылардың сауда жүйесінде аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді беруі;

      3) Ұйымдастырушының сауда сессиясын жабуы;

      4) аукциондық бағаларды айқындауды қоса алғанда, аукциондық сауда-саттықтың қорытындысын шығару;

      5) Ұйымдастырушының аукциондық сауда-саттық жеңімпаздары тізілімін қалыптастыруы және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оны өзінің интернет-ресурсында жариялауы.

      26. Қатысушының аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімінде мынадай негізгі мәліметтер қамтылады:

      1) Қатысушының атауы;

      2) Электр энергиясының бір киловатт-сағаты үшін ҚҚС-сыз Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы бөлу белгісінен кейінгі белгілеу цифрларының саны екеуден аспайтын бағасы;

      3) белгіленген қуат көлемі кемінде 100 кВт және 1 (бір) киловатқа еселенген;

      4) ЖЭК пайдалану объектілерін салу жоспарланған жер учаскесі және электр желісіне қосу нүктесі;

      5) белгіленген қуаттың рұқсат етілетін ең аз көлемі.

      Бұл ретте жер учаскесі және (немесе) электр желісіне қосылу нүктелері бар Қатысушылар электр желісіне қосылуға берілген техникалық шарттарға сай, өтінімде тиісті деректерді көрсетеді.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. Қатысушылар сауда жүйесіне аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді сауда сессиясын өткізу барысында береді, бұл ретте өтінімдерде көрсетілген бағалар тиісті шекті аукциондық бағалар шамасынан аспауға тиіс.

      28. Қатысушылар сауда сессиясы барысында берген, бағалары сауда жүйесіне берілген басқа Қатысушылардың аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерінде көрсетілген бағалармен бірдей аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдер қабылданбайды.

      29. Қатысушылар мыналардан:

      1) уәкілетті органның аукциондық сауда-саттыққа шығарған белгіленген қуат көлемінен;

      2) электр желісіне қосу нүктелері бойынша қуаттың барынша рұқсат етілген көлемінен;

      3) аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімнің қаржылық қамтамасыз ету шамасынан асатын көлем көрсетілген аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді бере алмайды.

      30. Қатысушылар ЖЭК пайдалану объектілерін салу жоспарланған бірнеше жер учаскелеріне және әрбір берілген аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімнің қаржылық қамтамасыз ету шегінде бірнеше электр желісіне қосу нүктелеріне бір мезгілде өтінім беруі мүмкін.

      31. Сауда жүйесіне аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінім берген Қатысушы оны аукциондық сауда-саттықтан алып тастай алмайды.

      32. Қатысушылар өз қалауына қарай аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін жаңа өтінім беру арқылы бұрын берілген өтінімді өзгертеді. Бұл ретте қатысушылар жаңа өтінімде бағаны алдыңғысынан жоғары етіп көрсете алмайды, ал алдында берілген өтінімнің көлемі өзгертілмейді.

      33. Сауда жүйесіне аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді беру күні мен уақытын тіркеуді миллисекундке дейінгі дәлдікпен Ұйымдастырушы жүзеге асырады.

4-параграф. Аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлері және оларды енгізу мен қайтару шарттары

      34. Қатысушылар өздері қабылдаған міндеттемелердің, сондай-ақ аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарында туындаған міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру мақсатында көрсетілген тұлғалар осы Қағидаларда анықталған тәртіпте және шарттарда қаржылық қамтамасыз етуді енгізеді.

      35. Қаржылық қамтамасыз ету үшінші тұлғалардың талап ету құқықтарынан, сондай-ақ қатысушының және (немесе) аукциондық сауда-саттық жеңімпазының басқа міндеттемелерінен ерікті болуы тиіс.

      36. Банктік кепілдеме немесе резервтік аккредитив бойынша шартты негңзде төленген қаражат қаржы-есеп айырысу орталығының резервтік қорының арнайы шотына қосылады.

      37. Қаржылық қамтамасыз етуді енгізу және қайтару шарттары осы параграфқа сәйкес анықталады.

      38. Аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз етуді өтінім берушілер ұйымдастырушыға ұсынады және ол осы Қағидаларда көзделген шарттар мен мерзімдерде аукциондық сауда-саттық жеңімпазы болып анықталған жағдайда қаржы-есеп айырысу орталығымен сатып алу шартын жасауға және сатып алу шартының орындалуын қамтамасыз етуді енгізуге кепілдік болып табылады.

      39. Аукциондық сауда-саттық жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 наурыздағы № 164 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10662 болып тіркелген) Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының орталықтандырылған сатып алу және сату қағидаларына сәйкес сатып алу шарты талаптарының орындалуын қаржылық қамтамасыз етуді сатып алу шартына қол қойғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде қаржы-есеп айырысу орталығына ұсынады.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40. Аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз ету қаржы-есеп айырысу орталығының пайдасына шығарылады және оған аукциондық сауда-саттық басталатын күнге дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынылады.

      41. Қаржы-есеп айырысу орталығы Ұйымдастырушыға сомаларды көрсете отырып, қаржылық қамтамасыз етуі бар өтінім берушілердің тізімін аукциондық сауда-саттық басталғанға дейін 2 (екі) сағат бұрын жібереді.

      42. Өтінім беруші аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз етудің SWIFT жүйесі бойынша шығарылған мына түрлерінің бірін таңдайды:

      1) банк кепілдігі;

      2) резервтік аккредитив.

      43. Аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз етудің мөлшері 1кВт белгіленген қуатқа 2000 (екі мың) теңгені аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімде көрсетілген ЖЭК пайдалану объектісінің белгіленген қуатына көбейту жолымен анықталады.

      44. Банк кепілдігі немесе резервтік аккредитив түрінде өтінім берушімен енгізілген аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз ету қаржы-есеп айырысу орталығымен тиісті хатты аукциондық сауда-саттықты өткізген күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде банкке (банктерге) жолдау арқылы мына жағдайлардың бірі туындаған кезде қайтарылады (босатылады):

      1) қатысушы аукциондық сауда-саттық қорытындысына сәйкес аукциондық сауда-саттық жеңімпазы болып табылмаса;

      2) аукциондық сауда-саттықтың жеңімпазы сатып алу шартын жасаса және сатып алу шарты талаптарының орындалуын қаржылық қамтамасыз етуді енгізсе.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      45. Өтінім беруші енгізген аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қаржылық қамтамасыз ету аукциондық сауда-саттық жеңімпазы сатып алу шартын жасасудан бас тартқан жағдайда ұсталады.

      46. Қаржылық қамтамасыз ету аукциондық сауда-саттық өткізген күннен бастап кемінде 150 (бір жүз елу) күнтізбелік күнге жарамды мерзімге ресімделеді және қайтарып алуға болмайтын болып табылады.

      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      47. Банк қаржылық қамтамасыз етуді қаржы-есеп айырысу орталығы мынадай құжаттарды ұсынған кезде орындайды (ұстайды):

      1) қаржы-есеп айырысу орталығының уәкілетті тұлғасы қол қойған және қаржы-есеп айырысу орталығы мөрінің баспа таңбасымен куәландырылған борышкер тұлғаның міндеттемелерін орындамауы туралы қағаз түріндегі өтініші;

      2) осы Қағидаларға сәйкес өтеу сомасы көрсетілген төлемге талап.

      48. Қаржылық қамтамасыз етумен байланысты барлық банктік, соның ішінде Алушы (бенефициар) банктің комиссиялары мен шығыстарын борышкер тұлға төлейді.

      49. Аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету ретіндегі банк кепілдігі немесе резервтік аккредитив шетелдік валютадағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Standard&Poor’s бойынша "В" немесе Fitch бойынша "В-" немесе Moody’sInvestorsService бойынша "В3"-тен төмен болмайтын немесе бас ұйымның (Қазақстан Республикасы резидент банкі акцияларының 50% астамына ие) рейтингі Standard&Poor’s бойынша "ВВВ" немесе Fitch бойынша "ВВВ" немесе Moody’sInvestorsService бойынша "Ваа2" деңгейінен төмен емес Қазақстан Республикасы резидент банктерінен ұсынылады.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасының резиденті емес банктерден банк кепілдігін немесе резервтік аккредитивті резидент банктер резидент емес банктердің контр-міндеттемелеріне кепілдеме шығару жолымен растауы тиіс.

      Standard & Poor's, "BBB" Fitch "Baa2" бойынша Moody's Investorservice бойынша "BBB"-тен төмен емес шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі, Қазақстан Республикасының резидент емес-банктері, тиісті қарсы міндеттемелерді шығарусыз банк кепілдігі немесе резервтік аккредитив шығаруы мүмкін.

      Ескерту. 49-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

5- параграф. Қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібі

      50. Сауда сессиясының барысында қатысушылар үшін мына ақпараттар ашық болады:

      1) уәкілетті орган бекіткен Графикте көрсетілген аукциондық сауда-саттықты сипаттайтын жалпы ақпарат;

      2) қатысушының барлық (баға, өтінімді беру уақыты) параметрлерін қамти отырып, берген аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімі;

      3) сатуға аукциондық сауда-саттыққа қатысуға берген өтінімдердегі көрсетілген ең төменгі баға (көлемдері көрсетілмейді).

      51. Ұйымдастырушы мына шарттар орындалған жағдайда бағалар есептеуін жүргізеді:

      1) сатуға берілген аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдердің белгіленген қуатының жалпы көлемі сұраныс көлемінен кемінде 130% болғанда;

      2) сауда жүйесінде тиісті аукциондық сауда-саттыққа қатысуға тіркелген және жіберілген қатысушылардың саны кемінде екеу болғанда.

      Жоғарыдағы шарттар орындалмаған жағдайда, Ұйымдастырушы бағалар есептеуін жүргізбейді, сауда-саттық сессиясын аяқтау уақытына дейін сауда-саттықты жабады және сауда-саттықты өткізілмеді деп жариялайды.

      Ескерту. 51-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      52. Қатысушылардың аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерінен Ұйымдастырушы онда көрсетілген бағалардың өсу ретімен қалыптастырылған сараланған тізімді жасайды.

      53. Жеңімпаздардың алдын ала тізімін анықтау сауда сессиясына аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін, сараланған тізімнен мәлімделген бағалардың өсу реті бойынша сұранысты толық қанағаттандырғанға дейін бірізді іріктеу арқылы жүзеге асырылады.

      54. Жеңімпаздардың алдын ала тізімінде техникалық талаптары осы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдердің жалпы көлемінің осы қосылу нүктесі бойынша барынша рұқсат етілген қуат мөлшерінен және/немесе ықтимал қосылулар санынан артып түсу себебінен орындалмайтын қосылудың бір атаулы нүктесі көрсетілген бірнеше алдын ала қанағаттандырылған аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдер болған жағдайда, жеңімпаздардың алдын ала тізімінен аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімдер бағалардың төмендеу ретімен, берілген қосу нүктесі бойынша барынша рұқсат етілген қуат және ықтимал қосу саны туралы шарттар орындалғанға дейін алып тасталатын болады.

      55. Егер жеңімпаздардың алдын ала тізіміндегі сұранысқа ие болған соңғы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінім сұраныс болса да толығымен қанағаттандырылмайтын болса, онда сауда-саттықты өткізген кезде мынадай шарттар қолданылады:

      1) егер сұранысқа ие болған соңғы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімінің қанағаттандырылған көлемі мәлімделген көлемнің 50% немесе одан жоғары пайызын құраса, онда мұндай аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінім сауда-саттықтың қорытындылары бойынша толық көлемде немесе қосылу нүктесінің ең жоғары рұқсат етілетін көлемінің шамасынан аспайтын көлемде қанағаттандырылады. Бұл ретте уәкілетті орган жариялаған белгіленген қуатты іріктеу көлемі сараланған тізімнен сұранысқа ие болған соңғы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімнің қанағаттандырылмаған шамасына (немесе оның бөлігіне) арттырылады;

      2) егер сұранысқа ие болған соңғы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімінің қанағаттандырылған көлемі мәлімделген көлемнің 50%-нан төмен болса, онда мұндай аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінім белгіленген қуаттың рұқсат етілетін ең аз көлемі туралы талабына тексеріледі.

      Ескерту. 55-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      56. Ұйымдастырушы осы Қағидалардың 54 және 55-тармақтарында көрсетілген шарттарды тексергеннен кейін аукциондық сауда-саттықтың жеңімпазын (-дарын) анықтайды және оны аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізіліміне қосады. Бұл ретте аукциондық бағалар аукциондық сауда-саттыққа қатысуға берілген өтінімдерде көрсетілген бағалар бойынша анықталады.

      57. Ұйымдастырушы өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша сауда сессиясы жабылғаннан кейін 1 (бір) сағат ішінде Қатысушыларға өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындысы туралы электронды хабарлама жібереді. Қатысушыларға жазбаша хабарламалар келесі жұмыс күні Астана уақыты бойынша сағат 18-00 кешіктірілмей жіберіледі.

      58. Аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімі сауда сессиясы жабылғаннан кейін 1 (бір) сағат ішінде аукциондық бағалар мен аукциондық сауда-саттық барысында іріктелген ЖЭК пайдалану объектілерінің белгіленген қуат көлемін көрсете отырып, Ұйымдастырушының веб-сайтында жарияланады.

      59. Ұйымдастырушы сауда сессиясы жабылғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей өткізілген аукциондық сауда-саттықтың өткізу тәртібі ашып көрсетілген және сауда жүйесіне берілген барлық өтінімдер тұратын толық ақпаратты көрсете отырып, аукциондық сауда-саттық қорытындысын және Аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімін қалыптастырады және уәкілетті органға жібереді.

      60. Уәкілетті орган Ұйымдастырушыдан Аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімін алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарын ЖЭК пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына және ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар тізбесіне енгізеді.

      Бұл ретте аукциондық сауда-саттықтың жеңімпаздары ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар тізбесіне енгізілген күннен кейін күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде қаржы-есеп айырысу орталығымен сату шартын жасасу үшін өтінім береді.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      61. Аукциондық сауда-саттықты өткізу мына жағдайлар туындағанда 30 минутқа дейінгі тоқтатыла тұруы мүмкін:

      1) сауда жүйесінің жұмыс істемеуіне алып келген сервер жабдығындағы техникалық ақаулар немесе электрондық жүйедегі іркіліс;

      2) сауда жүйесіне қолжетімділікке кедергі туғызған Интернет желісі жабдықтарының немесе байланыс арналарының техникалық ақаулары.

      62. Аукциондық сауда-саттықты өткізу тоқтатыла тұрған кезде Ұйымдастырушы шұғыл түрде Қатысушыларға қолжетімді техникалық байланыс құралдары арқылы аукциондық сауда-саттықты өткізу процесі қайта қалпына келтірілетін уақытын көрсетіп, сауда-саттықтың тоқтатыла тұру себебі туралы хабарлайды.

      63. Аукциондық сауда-саттықты өткізу мына жағдайлар туындағанда тоқтатылуы мүмкін:

      1) осы Қағидалардың 61-тармағында көрсетілген техникалық ақауларды жоюға 30 минуттан артық уақыт керек болса;

      2) сауда залы және (немесе) сауда жүйесінің сервер жабдығындағы электрмен жабдықтаудағы ұзақ (екі сағаттан артық) үзіліс.

      64. Аукциондық сауда-саттықты осы Қағидалардың 63-тармағында көрсетілген себептер бойынша тоқтатқан жағдайда, аукциондық сауда-саттық екінші қайтара аукциондық сауда-саттықты өткізу күнінің келесі жұмыс күні өткізіледі.

      65. Аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу барысында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

  Аукционға қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын, өтінімнің мазмұнын және оны беру тәртібін, аукционға қатысуға арналған өтінімді қаржылық қамтамасыз ету түрлерін және оларды енгізу мен қайтару шарттарын, қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтау тәртібін қамтитын аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Аукциондық сауда-саттықты өткізу графигі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 11.09.2018 № 360 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Сауда-саттық күні

Сауда-саттықты өткізу уақыты (Астана уақыты)

Аукциондық сауда-саттыққа қатысушылар тізіліміне енгізу үшін құжаттар қабылдау кезеңі

БЭЖ аймағы

ЖЭК типі

Сатып алынатын белгіленген қуат көлемі, МВт

Шекті аукциондық баға шамасы, тг/кВт*сағ

Пайдалануға енгізу талап етілетін күн, шарттың қолданылу мерзімі

Жобаның белгіленген қуатының 1 кВт есебінен аукциондық сауда-саттыққа қатысуға өтінімнің қаржылық қамтамасыз етуі

Жобаның белгіленген қуатының 1 кВт есебінен сатып алу шартының талаптарын орындауды қаржылық қамтамасыз ету

шағын 0,1-ден 10 МВт дейін қоса алғанда ( 0,75 МВт басталатын ЖЭС үшін)

ірілері 10 МВт және одан жоғары












1-кесте (Резервтелген жер учаскелері туралы ақпарат)

р/с №

Облыс

Аудан

Елді мекен

Жер ауданы, Га

Жер санаты







2-кесте (Электр желілеріне қосу нүктелері және болжамды қосу саны бойынша барынша рұқсат етілген қуатын көрсете отырып, энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне қосылу мүмкіндігі туралы ақпарат)

Энергия беруші ұйым

Облыс

Аудан

ЭЖЖ

Кіші станция

Қосылу қуаты бойынша шектеу (белгіленген қуаттың барынша рұқсат етілген көлемі), МВт

Жаңа қосылулар саны бойынша шектеу (қосылу)

Атауы, координаттары

Шиналары















  Аукционға қатысушыларға
қойылатын біліктілік
талаптарын, өтінімнің мазмұнын
және оны беру тәртібін,
аукционға қатысуға арналған
өтінімді қаржылық қамтамасыз
ету түрлерін және оларды енгізу
мен қайтару шарттарын,
қорытынды шығару және
жеңімпаздарды анықтау тәртібін
қамтитын аукциондық сауда-
саттықты ұйымдастыру мен
өткізу қағидаларына
2- қосымша
  Нысан

20__ жылғы "__" ______ № __ аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімі

р/с№

Сауда-саттық күні

Мәміле нөмірі

ЖЭК типі

Жеңімпаз атауы

Жер телімі

Қосу нүктесі

Аукциондық баға, тг/кВт*сағ (ҚҚС-сыз)

Белгіленген қуат , кВт

1









2










БАРЛЫҒЫ: