Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 15 қарашадағы № 1433 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 30 қарашада № 16030 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 100 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9259 болып тіркелген, 2014 жылғы 11 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 100 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 601 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12342 болып тіркелген, 2015 жылғы 23 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түріндегі қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

  2017 жылғы 15 қарашадағы
№ 1433
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
бұйрығымен бекітілген

Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар

      1. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайы әкімшілік ғимаратта, кеңседе немесе кісі тұрмайтын үй-жайда орналасады.

      3. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайы жеке сот орындаушысының қызметі немесе оның кеңсесі үшін Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы анықтаған атқарушы округтың аумағында еркін қатынау үшін ашық және азаматтарды қабылдау үшін жарамды жерде болады.

      Жеке сот орындаушысының жұмыс уақыты мен қабылдау сағаты көрсетілген сыртқы маңдайша жазу қызметтік үй-жайға кіретін есікке орналастырылады.

      4. Қызметтік үй-жай жеке сот орындаушысының кабинетінен және атқарушылық iс жүргiзулерді сақтайтын үй-жайдан тұрады.

      Атқарушылық iс жүргiзулерді сақтауға арналған жеке үй-жай болмағанда, атқарушылық iс жүргiзулерді жеке сот орындаушысының кабинетінде жабылатын темір шкафтарда сақтауға жол беріледі.

      Жеке сот орындаушысы азаматтарды қабылдау және олардың күтуі үшін тиісті жағдайды қамтамасыз етеді.

      Жеке сот орындаушысының лицензиясы азаматтарға қол жетімді жерде орналастырылады.

      5. Жеке сот орындаушысының жұмыс орнына кеңсе үстелі, компьютер не ноутбук, принтер кіреді. Қызметтік үй-жайда көшіру аппаратының және сканердің болуы қажет. Үй-жайда құжаттарды, мөрлер мен мөртабандарды сақтауға арналған темір сейфтің болуы қажет.

      6. Жеке сот орындаушысының көмекшісі (-лері) болған жағдайда, қызметтік үй-жай кеңсе үстелі, компьютер не ноутбук, принтер кіретін көмекшінің жұмыс орнымен жабдықталады.

      7. Жеке сот орындаушысы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мүшелігіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде қызметін жүзеге асыратын жері бойынша Әділет департаментіне және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына өзінің қызметтік үй-жайының орналасқан жері туралы хабарлама жібереді.

      8. Қызметтік үй-жайының орналасқан жері өзгерген жағдайда, жеке сот орындаушысы ол туралы жүзеге асыратын жері бойынша Әділет департаментін және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасын мекенжайы өзгерген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабардар етеді.