Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 15 қарашадағы № 1433 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 30 қарашада № 16030 болып тіркелді.

      "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 100 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9259 болып тіркелген, 2014 жылғы 11 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Жеке сот орындаушысы кеңсесінің орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 100 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 601 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12342 болып тіркелген, 2015 жылғы 23 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түріндегі қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2017 жылғы 15 қарашадағы
№ 1433 бұйрығымен бекітілген

Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 10.09.2021 № 787 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленген.

2-тарау. Жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне қойылатын талаптар

      2. Жеке сот орындаушысының үй-жайы жеке сот орындаушысының меншігінде болады немесе шарт бойынша оның иелігіне және пайдалануына беріледі.

      3. Жеке сот орындаушысының үй-жайы жеке сот орындаушысының қызметі үшін Республикалық жеке сот орындаушыларының палатасы (бұдан әрі-Республикалық палата) белгілеген атқару округінің аумағында орналасады.

      4. Жеке сот орындаушысы Республикалық палатаға мүшелікке қабылданған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде өзінің үй-жайының орналасқан жері туралы қызметті жүзеге асыру орны бойынша аумақтық әділет органына және Республикалық палатаға хабарлама жібереді.

      5. Үй-жайдың орналасқан жері өзгерген жағдайда жеке сот орындаушысы бұл туралы қызметті жүзеге асыру орны бойынша аумақтық әділет органына және Республикалық палатаға өзгерген кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлайды.

3-тарау. Жеке сот орындаушысының үй-жайының жабдықталуына қойылатын талаптар

      6. Үй-жай жеке сот орындаушысына атқарушылық әрекеттер жасауға жүгіну үшін адамдардың еркін кіріп-шығуы қамтамасыз етілетін ғимаратта орналасады.

      7. Ғимаратқа кіреберісте стационарлық маңдайшада жеке сот орындаушысы ғимаратта үй-жайдың болуы және оның жұмыс режимі туралы ақпаратты орналастырады.

      8. Үй-жай стационарлық телефон байланысымен жабдықталады, сондай-ақ интернет- байланыспен қамтамасыз етіледі (деректерді беру жылдамдығы 100 Мбит/с кем емес).

      9. Үй-жайдағы кабинеттердің (залдардың) саны, олардың функционалдық мақсаты, орналасуы мен мөлшерін жеке сот орындаушысы мынадай факторларды ескере отырып, дербес айқындайды:

      жеке сот орындаушысы қабылдау жүргізетін кабинет басқа үй-жайлардан оқшауланады және табиғи және жасанды жарығы болады;

      қабылдауды күтуге арналған үй-жайдың (залдың) жарықтандырылуы, сондай-ақ, келушілерді орналастыру үшін кеңсе жиһазымен жабдықталады сондай-ақ, жеке сот орындаушысы орналасқан үй-жайдан тыс жерде болуы және оған жақын орналасуы мүмкін (ортақ зал, ортақ дәліз, ортақ холл, фойе).

      Қабылдауды күтуге арналған үй-жайда іс жүргізу құжаттарының жобаларын, олардың көшірмелерін дайындау жөніндегі қызметті жүргізуге, сондай-ақ мұрағаттың болуына жол берілмейді.

      10. Қабылдауды күтуге арналған үй-жайда қолжетімді нысанда көру үшін ыңғайлы жерде ақпараттық стенд орналастырылады.

      11. Мұрағатты сақтауға арналған үй-жайды жеке сот орындаушысы құжаттарды қауіпсіз жағдайда сақтау үшін стеллаждармен немесе шкафтармен жабдықтайды, жеке сот орындаушысының кеңсесінде іс жүргізу нұсқаулығымен белгіленген мерзім ішінде олардың жоғалуына және ұрлануына жол бермейді, оларға уақтылы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      12. Мұрағатты сақтауға арналған жеке үй-жай болмаған жағдайда мұрағаттық құжаттарды жеке сот орындаушысы кабинетінде жабылатын металл шкафтарда сақтауға болады.

      13. Жеке сот орындаушысының кабинеті жанбайтын металмен және бұзуға төзімді сейфпен жабдықталады.

      14. Жеке сот орындаушысының жұмыс орны атқарушылық әрекеттер жасау үшін ұйымдастыру техника жиынтығын қамтиды. Мөрлер мен мөртабандарды үй-жайда сақтау сейфте жүзеге асырылады.

      15. Жеке сот орындаушысының көмекшісі (-лері) болған жағдайда, қызметтік үй-жайда көмекшіге арналған жұмыс орны жабдықталады.