"Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 77-бабының 3-2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тұрғын үй комиссияларының қызметі қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу және ресми жариялау үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Ә.Б. Сқақовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Генерал-полковник | С. Жасұзақов |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 тамыздағы № 405 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тұрғын үй комиссияларының қызметі қағидалары
1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тұрғын үй комиссияларының қызметі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тұрғын үй комиссияларының (бұдан әрі – Комиссия) қызметі тәртібін айқындайды.
2. Комиссия дауыс беру құқығы бар тақ санды (кемінде бес адам) адамнан және дауыс беру құқығы жоқ Комиссия хатшысынан құрылады.
3. Комиссияның құрамына мыналар кіреді:
1) Комиссия төрағасы – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі аудандық пайдалану бөлімінің бастығы (бұдан әрі – ҚР ҚМ АПБ);
2) ҚР ҚМ АПБ заң қызметінің бастығы;
3) ҚР ҚМ АПБ қаржы қызметінің бастығы;
4) ҚР ҚМ АПБ кадрлар қызметінің бастығы;
5) ҚР ҚМ АПБ тұрғын үй бөлімінің (тобының) бастығы;
6) комиссия хатшысы – ҚР ҚМ АПБ тұрғын үй бөлімінің (тобының) инспекторы.
4. Комиссияның негізгі міндеті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру туралы, тұрғынжайды жекешелендіру туралы шешім қабылдау болып табылады.
5. Комиссияның функциялары:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 тамыздағы № 1091 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларының 2-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларының 4, 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес оларды қарау жүргізілетін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен қызметшілерінің (бұдан әрі – ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілері) құжаттарын тексеру және қарау;
2) тұрғынжайды жалдау шарты бойынша алу, жекешелендіру тәртібінде меншігіне сатып алу не бұдан бұрын жалдау шарты бойынша берілген тұрғынжайды ауыстыру үшін өтініш білдірген ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілерінің баянттары мен өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз ету;
3) әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжай алу немесе тұрғынжай жағдайларын жақсарту үшін гарнизон бойынша кезекке қосу туралы баянаттар мен өтініштерді қарау;
4) ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілерінің баянаттары мен өтініштерін қанағаттандыру не дәлелді бас тартуды шығару, ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілеріне тұрғынжай беру туралы не оларды тұрғынжайға мұқтаждар тізімінен шығару, қызметтік тұрғынжайды жалдау шартын жасасу және ұзарту туралы хаттамалық шешім қабылдау;
5) ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілерінің баянаттары мен өтініштерін, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттарын сақтау және жүргізу;
6) белгіленген тәртіппен жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың тұрғын үй қорын бөлу және көрсетілген әскери қалашықтарда орналасқан әскери бөлімдерде құрылған тұрғын үй комиссияларының қолдаухаты бойынша тұрғынжайды жалдау шарттарын жасасу болып табылады.
6. Комиссия қажеттілігіне қарай, бірақ оның барлық мүшелері бар болған кезде айына бір реттен сиретпей отырыс жасайды.
7. Комиссияның хатшысы комиссия отырысының хаттамасын (бұдан әрі – Хаттама) (еркін нысанда) жүргізеді.
Комиссияның дауыс беру құқығы бар мүшелері Хаттамада көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына жауап береді.
8. Хаттамаға Комиссияның дауыс беру құқығы бар мүшелері қол қояды.
9. Комиссияның шешімдері ашық және ауызша дауыс беру арқылы кемінде 3/5 дауыспен қабылданады.
10. ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілерінің баянаттары мен өтініштерін қарау олардың қатысуынсыз жүргізіледі. Қажет болған кезде Комиссия кемінде 3/5 дауыспен бірлесіп дауыс беру арқылы оларды және/немесе олардың отбасы мүшелерін отырысқа шақырумен баянатты қарау туралы шешім қабылдауға құқылы.
11. Жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың тұрғын үй қорын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі аудандық пайдалану бөлімдерінің тұрғын үй комиссиясы алдында қолдау көрсетілген осы қалашықтарда орналасқан әскери бөлімдерде құрылған тұрғын үй комиссиясы тұрғынжайды жалдау шартын ресімдеу үшін бөледі.
12. Комиссия өз қызметін уәкілетті орган тараған не қайта ұйымдастырылған кезде тоқтатады.