"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін іріктеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник |
С. Жасұзақов |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 371 бұйрығымен бекітілген |
Шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы
Күштердің әскери қызметшілерін іріктеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін (бұдан әрі – шетелдік ӘОО-лар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін ұйымдастыру және іріктеу тәртібін айқындайды.
2-тарау. Іріктеуді ұйымдастыру
2. Әскери қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік ӘОО-ларда оқуға іріктеуді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университеті әскери кадрларды даярлау саласындағы халықаралық келісімдерге сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13268 болып тіркелген) Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
3. Жоғары әскери білімінің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік ӘОО-ларда оқуға іріктеу оқуды шетелдік ӘОО-ларда жалғастыруға ниет білдірген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарының (одан әрі – ҚР ҚМ ӘОО) бірінші курс курсанттары қатарынан іріктеу жылының 1 наурызына дейін ҚР ҚМ ӘОО бастығының атына берілген баянат негізінде жүзеге асырылады.
Баянатта әскери атағы, тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде), туған жылы мен айы, оқуға түскісі келетін шетелдік ӘОО-ның атауы (оқитын мамандығына қарамастан) көрсетіледі.
Баянатқа өмірбаян (өз қолымен жазылған), қызметтік мінездеме (еркін түрде), 3 фотосурет (бас киімсіз, өлшемі 4,5 х 6 см) қоса беріледі.
4. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен іріктеу жылының 20 мамырына дейін курсанттарды шетелдік ӘОО-ларға іріктеу жөніндегі іріктеу комиссиясы (бұдан әрі – комиссия) құрылады.
5. Комиссияның төрағасы болып қарамағында ҚР ҚМ ӘОО бар Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшылары басқармаларының өкілдерінен, төрағаның орынбасары болып ҚР ҚМ ӘОО бастығы тағайындалады.
6. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің (бұдан әрі – БҒД) және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің өкілдері қосылады.
Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды және комиссия шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беру құқығы жоқ.
Комиссия хатшысы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттаманы (бұдан әрі – хаттама) жүргізуді қамтамасыз етеді.
7. Комиссияның құрамы мүшелердің тақ санынан (кемінде 5 адам) тұрады. Шешімдер комиссия мүшелері жалпы санының қарапайым көпшілік дауыс беруімен қабылданады.
Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.
8. Комиссияның отырыстары комиссияның төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және хаттамамен ресімделеді.
9. Іріктеу кезеңінен өту нәтижесімен келіспеген әскери қызметші бір жұмыс күнінің ішінде комиссияның төрағасына жазбаша өтінішпен (еркін түрде) жүгінеді.
Комиссияның хаттамасымен ресімделген өтініштің мәнісі бойынша шешімі өтініш келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде шығарылады.
10. Комиссияның оқуға іріктеу немесе одан бас тарту туралы шешімі іріктеу жылының 15 маусымына дейін әскери қызметшілердің сауалнамалық деректерін көрсете отырып, БҒД-ға ұсынылады.
11. Әскери қызметшілер, оларға қатысты бөлігінде комиссияның шешімдерімен жазбаша танысады.
Әскери қызметшілер комиссияның шешіміне сот тәртібінде шағымдана алады.
12. Комиссияның мүшелері іріктеу ақпаратына қатысты қатаң құпиялылықты сақтайды және бөгде адамдардың құжаттарға толық қолжетімділігінің болмауын қамтамасыз етеді.
3-тарау. Іріктеу тәртібі
13. Кәсіби іріктеу талаптарына жауап беретін және шетелдік ӘОО-лар қағидаларына сәйкес келетін жоғары әскери білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік ӘОО-ларға әскери қызметшілерді іріктеу үш кезеңде жүзеге асырылады:
1) бірінші кезеңде – осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген келіп түскен құжаттардың негізінде әскери қызметшілердің тізімдері қалыптастырылады;
2) екінші кезеңде – кәсіби-психологиялық тестілеу өткізіледі;
3) үшінші кезеңде – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13268 болып тіркелген) тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген тәртіппен жасалған рейтингке сәйкес іріктеу жүзеге асырылады.
14. Іріктеудің әрбір кезеңінен тек бір рет өтуге рұқсат етіледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген әскери қызметші келесі кезеңге жіберілмейді.
15. Кәсіби-психологиялық тестілеу ынталылық, күйзеліске төзімділік, сын тұрғысынан және қисынды ойлау деңгейін тексеруді қамтиды және оны комиссия ҚР ҚМ ӘОО-ның тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімімен бірлесіп жүргізеді.
16. Шетелдік ӘОО денсаулық жағдайына анағұрлым жоғары медициналық талаптар қойған жағдайларда әскери қызметшілер іріктеу жылының 20 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 373 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11846 болып тіркелген) сәйкес кезектен тыс стационарлық (амбулаторлық) медициналық куәландыруға жіберілуге жатады.
17. Іріктеу қорытындылары шетелдік ӘОО-ларға жіберу туралы бұйрық шығару үшін негіздеме болып табылатын хаттамамен ресімделеді.
18. Егер шетелдік ӘОО-ға қабылдау шарттары осы Қағидаларда көрсетілген қабылдау шарттарынан өзгеше болған жағдайда, іріктеу Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдері мен келісімшарттары, сондай-ақ оқуға шақырулар негізінде жүргізіледі.
Қабылдаушы тарап іріктеуден өткен оқуға түсушімен қабылдаушы тараптың талаптарына сәйкестігіне әңгімелесу және/немесе емтихан өткізеді. Оқуға түсуде әңгімелесу және/немесе емтиханның нәтижелері шешуші болып табылады.
19. Іріктелген әскери қызметшілерді шетелдік ӘОО-ларға жіберу Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен жүзеге асырылады.
20. Әскери қызметшілерді оқуға жіберу туралы бұйрықтан үзінді көшірмелер әскери қызметшілер іріктелген ҚР ҚМ ӘОО-ларының кадр органдарына жіберіледі.
ҚР ҚМ ӘОО-ның кадр органы шетелдік ӘОО-да оқу үшін іріктелген әскери қызметшімен ҚР ҚМ ӘОО-ға оқуға түсу кезінде жасасылған әскери қызмет өткеру туралы келісімшартқа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығына сілтеме жасаумен одан әрі шетелдік ӘОО-ға оқуға жіберілгені туралы жазба жасайды. Енгізілген жазба іріктелген әскери қызметшіге қолтаңбасын қойғызумен жеткізіледі және жеке ісіне қоса тігіледі.
21. Шетелдік ӘОО-ларда оқуды жалғастыру үшін іріктелген әскери қызметшілер шетелдік ӘОО-ларға түскен ҚР ҚМ ӘОО жеке құрамының тізімдерінде қалады және әскери кадрларды даярлау саласындағы халықаралық келісімдер мен келісімшарттарға, сондай-ақ оқуға шақыртуға сәйкес тиісті ризық түрлерімен қамтамасыз етіледі.
22. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік ӘОО-ларға оқуға іріктелген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университеті бастығының өкіміне қабылданады және шетелдік ӘОО-ларға адъюнктар ретінде қабылдану үшін жіберіледі.
Шетелдік әскери оқу орындарында даярлау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін іріктеу қағидаларына қосымша Нысан |
№ ____ ХАТТАМА ___________________________________________________________________ іріктеу комиссиясының отырысы (комиссия құрылатын органның атауы) ___________________________________________________________________ іріктеуден өткені (бас тартылғаны) туралы (ӘОО-ның атауы) Комиссия құрамы: төрағасы ______________________ төрағаның орынбасары _____________________________ мүшелері: _______________________________________________________________________________________ өз отырысында кандидаттарды қарады, зерделеді және қаулы етті:
Р/с | Т.А.Ә. (бар болған жағдайда) | Туған күні, айы және жылы | Ұлты | Бөлімше | Орташа үлгерім балы | Кәсіби-психологиялық тестілеу | Комиссия шешімі |
Комиссия төрағасы:
_______________________________________________________________________
(әскери атағы, аты-жөнінің бас әріптері және тегі)
Комиссия мүшелері:
_______________________________________________________________________
(әскери атағы, аты-жөнінің бас әріптері және тегі)
Комиссия хатшысы:
_______________________________________________________________________
(әскери атағы, аты-жөнінің бас әріптері және тегі)