Қазақстан Республикасында аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 26 маусымдағы № 446 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 28 шілдеде № 15397 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауға және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л. М. Ақтаеваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2017 жылғы 26 маусымдағы
№ 446 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасында аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру
Стандарты

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасында аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі – Стандарт) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабы 1- тармағының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Стандарт меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын деңгейлерде аллергиялық аурулармен және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптарды белгілейді.

      3. Осы Стандартта пайдаланылатын анықтамалар:

      1) аллерген-арнайы иммунотерапия (бұдан әрі – ААИТ) – аллерген препараттармен аллергиялық ауруларды этиотроптық емдеу іс-шараларының кешені;

      2) аллергологиялық көмек – аллергиялық реакциялар мен ауруларды, олардың пайда болу себептері мен даму механизмдері ескерілетін, диагностикалау, емдеу және профилактикалау шараларының кешені;

      3) арнайы аллергодиагностика (бұдан әрі – ААД) – in vivo (әр түрлі әдістермен адам организміне аллергендер енгізу арқылы) және in vitro (зертханалық жағдайда) жүргізілетін аллергиялық аурулардың патогенезінде әсер ететін әр түрлі аллергендерге сезімталдықты анықтау;

      4) дәрілік формуляр – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 23 қарашадағы № 762 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларын әзірлеу және келісу ережесіне сәйкес (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5900 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 762 бұйрық) уәкілетті орган айқындайтын денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекітетін денсаулық сақтау ұйымының бейіні ескерілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету үшін қалыптастырылған жеткілікті мөлшерде болуы міндетті дәрілік заттардың тізбесі.

      5) динамикалық байқау – халық денсаулығының жай-күйін жүйелі түрде байқау, сондай-ақ осы байқаудың нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;

      6) иммунологиялық көмек – бастапқы және қайталама иммундық тапшылық жай-күйлерді диагностикалау, профилактикалау және емдеу шараларының кешені;

      7) иммунотерапия – иммундық жүйеге әсер ету мақсатында препараттармен емдеу іс-шараларының кешені;

      8) пациент – медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке тұлға;

      9) пациенттің иммундық статусы - иммундық жүйенің жай-күйі көрсеткіштерінің кешені, жекелеген ағзалар мен иммундық жүйе жасушаларының функциялық жай-күйінің сандық және сапалық сипаттамасы;

      10) профилактика – аурулардың пайда болуының, олардың ерте сатыда өршуінің алдын алуға және орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің бүлінулерін бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;

2-тарау. Қазақстан Республикасында аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру

      4. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығының жай-күйлері бар халыққа медициналық көмек "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес ТМККК шеңберінде көрсетіледі.

      5. Медициналық ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ересектер мен балаларға аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымның (бұдан әрі – МҰ) құрамындағы құрылымдық бөлімшелердің штаттары "Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6173 болып тіркелген) денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтеріне сәйкес белгіленеді.

      6. Қазақстан Республикасында аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсету мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      1) амбулаториялық-емханалық көмек, оның ішінде консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі – КДК);

      2) стационарлық көмек;

      3) стационарды алмастыратын көмек;

      4) жедел медициналық көмек.

      7. Амбулаториялық-емханалық деңгейде аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсету:

      1) пациенттің жай-күйін анықтау және диагнозды белгілеу;

      2) аллергиялық аурулар мен иммунопатологиялық жай-күйлерді анықтау мақсатында азаматтарды зертханалық және аспаптық зерттеп-қарау;

      3) дәріден болатын аллергияны профилактикалау мақсатында ААД in vitro, сондай-ақ дәрілік препараттармен тері сынамаларын жүргізу;

      4) инъекциялық әдістермен аллергендер сығындысы бар ААД in vivo, сондай-ақ аллергендер сығындысы бар ААИТ жүргізуді;

      5) инъекциялық емес (сублингвальді, интраназальді, ауыз арқылы) әдістермен ААИТ жүргізуді;

      6) иммунопатологиялық жай-күйі бар немесе олардың болуына күдік туындағанда пациенттердің иммундық статусының параметрлеріне, оның ішінде дәрілік заттардың жанама әсерлеріне де зерттеу жүргізуді;

      7) анықталған нозологияға және клиникалық хаттамаларға (бұдан әрі – КХ) сәйкес ем тағайындауды;

      8) мамандандырылған медициналық көмек және жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсету үшін пациенттерді стационарды алмастыратын немесе жоспарлы емдеуге жатқызуға МҰ-ға жолдауды;

      9) халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді;

      10) аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді динамикалық байқауды;

      11) аурулардың созылмалы түрлерімен ауыратын науқастарды диспансерге хаттамаларына сәйкес аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді диспансерге жатқызуды ұйымдастыру және жүргізуді; 

      12) аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді медициналық оңалтуды;

      13) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 907 бұйрық) бастапқы медициналық құжаттаманы ресімдеу және жүргізуді;

      14) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 183 бұйрығымен бекітілген Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10964 болып тіркелген) сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізуді;

      15) аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге дәрілік заттарға арналған рецепттер беруді;

      16) мүгедектікті және еңбек ету қабілетін жоғалту дәрежесін белгілеу үшін аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі – № 44 бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 10589 болып тіркелген) Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдауды;

      17) аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді "Астма-мектебінде" және "Аллергия мектебінде" оқытуды;

      18) саламатты өмір салтын насихаттауды қамтиды.

      8. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге КДК Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 28 шілдедегі № 626 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11958 болып тіркелген) Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге КДК көрсету алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – МСАК) дәрігерінің немесе басқа бейінді маманның жолдамасы бойынша ТМККК шеңберінде жүзеге асырылады.

      10. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге стационарлық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12204 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 761 бұйрық) Стационарлық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге стационарлық көмек көрсету:

      1) пациенттің жағдайын анықтау және алдын ала клиникалық диагнозды белгілеуді;

      2) КХ сәйкес зертханалық және аспаптық зерттеп-қарау жүргізуді;

      3) клиникалық-аспаптық және зертханалық зерттеулердің мәліметтеріне бағалау жүргізуді;

      4) дәріден болатын аллергияны профилактикалау мақсатында ААД in vitro, сондай-ақ дәрілік препараттармен тері сынамаларын жүргізуді;

      5) аллергендер сығындысы бар ААД in vivo, сондай-ақ аллергендер сығындысы бар ААИТ жүргізуді;

      6) иммунопатологиялық жай-күйі бар немесе олардың болуына күдік пайда болған кезде пациенттердің иммундық статусы параметрлеріне, оның ішінде дәрілік заттардың жанама әсерлеріне де зерттеу жүргізу;

      7) емдеуші дәрігердің бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, КХ сәйкес емді тағайындауын;

      8) емдеуді;

      9) дәрігердің күн сайынғы қарап-тексеруін, емді түзетуді;

      10) келіп түскен кезде және кейіннен аптасына кемінде бір рет бөлімше меңгерушісінің қарап-тексеруін;

      11) бейінді мамандардың консультация жүргізуін (көрсетілімдер болған кезде);

      12) № 907 бұйрыққа сәйкес алғашқы медициналық құжаттарды ресімдеу және жүргізуді;

      13) мүгедектікті және еңбек ету қабілетін жоғалту дәрежесін белгілеу үшін аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді № 44 бұйрыққа сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдауды қамтиды.

      12. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге, оның іщінде балаларға стационарды алмастыратын көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 17 тамыздағы № 669 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12106 болып тіркелген) Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларына сәйкес көрсетіледі.

      13. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 269 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11263 болып тіркелген) Жедел медициналық көмек көрсету және санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Анафилаксикалық шок кезінде аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді диагностикалау мен емдеудің әдістері, тәсілдері және емшаралары кезек күттірмейтін жай-күйлерді диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес айкындалады.

      15. Балаларға көрсетілетін аллергологиялық көмек аллергиялық аурулары мен иммундық тапшылық жай-күйі бар балаларды анықтауға, емдеуге және олардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды уақтылы жүргізуге бағытталған.

      16. Балаларға көрсетілетін аллергологиялық көмек аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар балаларды уақытылы анықтауға, динамикалық байқауға, емдеуге және профилактиканы қамтиды.

      17. Балаларды МҰ-ға жоспарлы стационарлық емдеуге жолдауды емхананың педиатрлары, жалпы практика дәрігерлері мен балалар аллергологтары жүзеге асырады.

      18. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттер медициналық көрсетілімдері болған жағдайда оңалту іс-шараларын жүргізу үшін мамандандырылған медициналық және санаторийлік-курорттық ұйымдарға жіберіледі.

      19. МҰ-да аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ТМККК шеңберінде № 762 бұйрыққа сәйкес әзірленген дәрілік формулярлар негізінде ұсынылады.

3-тарау. МҰ қызметінің негізгі бағыттары

      20. МҰ қызметінің негізгі бағыттары:

      1) аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге білікті, мамандандырылған медициналық көмек және жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсету;

      2) медициналық көмектің қолжетімділігін және медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ететін тиімді жүйе құру болып табылады.

      21. Білікті медициналық көмекті жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері ("терапия", "педиатрия", "жалпы практика дәрігері", "жалпы хирургия" мамандықтары бойынша дәрігерлер) диагностика, емдеу және медициналық оңалту бойынша мамандандырылған әдістерді қажет етпейтін аурулар кезінде көрсетеді.

      22. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге мамандандырылған медициналық көмекті "аллергология және иммунология" (ересектер, балалар) мамандықтары бойынша дәрігерлер көрсетеді (бұдан әрі – аллерголог-иммунолог дәрігерлер) және өзіне арнайы әдістер мен күрделі медициналық технологияларды пайдалануды, сондай-ақ медициналық оңалтуды қажет ететін аурулар мен жағдайлардың профилактикасын, диагностикасын және емдеуді қамтиды.

      23. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациенттерге жоғары технологиялы медициналық көрсетілетін қызметтерді МҰ-да оториноларинголог дәрігерлер, сурдолог дәрігерлер көрсетеді және өзіне инновациялық, аз инвазивті және арнайы әдістер мен күрделі медициналық технологияларды пайдалануды, сондай-ақ медициналық оңалтуды қажет ететін аурулар мен жай-күйдің профилактикасын, диагностикалауды және емдеуді қамтиды.

      24. Пациентті МҰ-ның стационарлық бөлімшесіне емдеуге жатқызу:

      1) МСАК мамандарының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша жоспарлы тәртіпте № 761 бұйрыға сәйкес пациенттің МҰ еркін таңдау құқығы ескеріліп, Портал арқылы ТМККК шеңберінде емдеуге жатқызу жағдайларының жоспарланған санының шеңберінде;

      2) шұғыл көрсетілімдер бойынша жолдаманың болу-болмауына қарамастан жүзеге асырылады.

      25. Білікті, мамандандырылған медициналық көмек көрсету және тәулік бойы медициналық бақылау жүргізіп, жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету қажеттілігі аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйлері бар пациентті жоспарлы емдеуге жатқызу үшін көрсетілім болып табылады.

      26. Негізгі емдеу курсынан кейін пациент медициналық көрсетілімдер бойынша амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйым жағдайында жүргізілетін қалпына келтіру еміне жіберіледі.

      27. Меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан МҰ-ның көрсетілетін медициналық қызметтерінің сапасын ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 173 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10880 болып тіркелген) Медициналық көрсетілетін қызметтер сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      28. Аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы бөлімшелерінің өзінің процестері мен емшараларын бағалау, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды енгізу, ішкі индикаторларды және сыртқы индикаторларды қолдану бойынша қызмет тиімділігін талдау динамикадағы индикаторлардың шекті мәндерінің сәйкестігіне бағалау арқылы жүзеге асырылады.

      29. Аллергиялық аурулары және иммун тапшылығы жай-күйі бар пациенттерге ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 304 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11341 болып тіркелген) Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарына сәйкес көрсетіледі.