"Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің м.а. 2017 жылғы 27 маусамдағы № 452 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 шілдеде № 15366 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған "Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң Көшi-қон қызметі комитеті:

      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрiнiң орынбасары Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң Көшi-қон қызметі комитетіне (М.Т. Қабденов) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
міндетін атқарушы
полиция генерал-лейтенанты
М. Демеуов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2017 жылғы 27 маусымдағы
№ 452 бұйрығымен бекітілген

"Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті

1-тарау . Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті (бұдан әрі - регламент) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 14 мамырдағы № 188 бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына (Нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15129 тіркелді) (бұдан әрі - стандарт) сәйкес көрсетілетін қызметті алушының тұратын орны бойынша көрсетіледі.

      2. Мемлекеттік қызметті Министрліктің www.mvd.gov.kz интернет-ресурсының "Ішкі істер органдарының қызметі туралы" бөлімінде көрсетілген мекенжайлар бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөліністері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      3. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: қағаз түрінде.

      4. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің қолдаухатының бірінші данасына уәкілетті қызметкердің қолымен куәландырған және көрсетілетін қызмет берушінің мөрімен бекітілген келісу нөмірін қою арқылы Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын келісу не осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 10-тармағында көзделген жағдайлар мен негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны – қағаз түрінде.

2-тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөліністерінің (қызметкерлерінің) мемлекеттік қызмет көрсету процесіндегі іс-әрекеттері тәртібінің сипаттамасы

      5. Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі рәсімдерді (іс-қимылдарды)

      бастау үшін негіз көрсетілетін қызметті алушының (көрсетілетін қызметті уәкілетті алушының өкілінің) шақырылатын адамның келу мақсатына қарай стандарттың 9-тармағында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, стандартқа 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада толтырған кестесі (бұдан әрі – кесте) болып табылады. Құжаттар көрсетілетін қызметті берушіге қағаз түрінде беріледі.

      6. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің құрамына кіретін әрбір рәсімнің (іс-қимылдың) мазмұны, оны орындау ұзақтығы:

      1) көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге берген кестені, онда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын, сондай-ақ құжаттарды стандарттың 9-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес келуін тексеру; мемлекеттік қызметті алуға арналған құжаттарды көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде тіркеу; ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу үшін көрсетілетін қызметті беруші орындаушысының көрсетілетін қызметті алушы және шақырылатын адам туралы ақпаратты "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесінің "Бүркіт-ІІМ" (бұдан әрі – Бүркіт-ІІМ) кіші жүйесіне енгізу; бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушы мен шақырылатын адамды стандарттың 10-тармағында көзделген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздердің бар-жоғына Ішкі істер министрлігінің Ақпараттық деректер базасы (бұдан әрі – АДБ) арқылы қашықтықтан қолжеткізу арқылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есептері бойынша тексеруі;

      2) материалдарды ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу "Бүркіт-ІІМ" жүйесі арқылы 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады;

      3) орындаушының АДБ арқылы тексеру нәтижелерінің негізінде және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша шақыруды не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты бір жұмыс күні ішінде ресімдеуі;

      4) көрсетілетін қызметті берушінің басшылығы Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша шақыруға және мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапқа қол қояды және елтаңбалы мөрмен куәландырады; орындаушының Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша шақырудың тіркеу нөмірі, берілген күні мен жарамдылық мерзімі туралы деректерді "Бүркіт-ІІМ" жүйесіне енгізуі;

      5) көрсетілетін қызметті берушінің Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша шақыруды немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты беруі.

      7. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды.

3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінде көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөліністерінің (қызметкерлерінің) өзара-іс-қимыл жасасу тәртібінің сипаттамасы

      8. Мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қатысатын көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөліністерінің (қызметкерлерінің) тізбесі:

      1) көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын орындаушы;

      2) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері;

      3) көрсетілетін қызметті берушінің бастығы (бастықтың орынбасары).

      9. Әрбір рәсімнің (іс-қимылдың) ұзақтығын көрсете отырып, құрылымдық бөліністер (қызметкерлер) арасындағы рәсімдердің (іс-қимылдар) реттілігін сипаттау:

      1) отыз минут ішінде құжаттарды қабылдау, көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың толықтығы мен шынайылығын тексеру;

      2) он минут ішінде қағаз тасымалдағышта келіп түскен мемлекеттік қызметті алуға өтінішті келіп түскен күні тіркеу;

      3) көрсетілетін қызметті беруші басшылығының орындаушыны таңдауы;

      4) орындаушының бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші (көрсетілетін қызметті алушының уәкілетті өкілі) ұсынылған құжаттарды тексеруі және ұлттық қауіпсіздік органдарымен мемлекеттік қызмет көрсету үшін негіздердің болмауына келісу үшін сұрау салуды қалыптастыруы;

      5) бір жұмыс күні ішінде орындаушының нәтижелердің негізінде Қазақстан Республикасының визаларын беру шақыруларды келісу туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты ресімдеуі;

      6) он минут ішінде көрсетілетін қызметті беруші бастығының Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша шақыруға не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапқа қол қоюы;

      7) Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша шақырудың берілген күні мен жарамдылық мерзімін және тіркеу нөмірін "Бүркіт-ІІМ" жүйесіне енгізуі.

      10. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінде көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөліністерінің (қызметкерлерінің) өзара іс-қимыл жасасу рәсімдерінің (іс-қимылдарының) реттілігінің толық сипаттамасы, сондай-ақ өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимыл жасасу тәртібінің сипаттамасы осы регламентке қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процестерінің анықтамалығында (бұдан әрі – бизнес-процестерінің анықтамалығы) көрсетіледі.

      Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және қажетті құжаттар, оларды толтыру үлгілері туралы толық ақпарат, сондай-ақ бизнес-процестерінің анықтамалығы Ішкі істер министрлігінің www.mvd.gov.kz, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының интернет-ресурстарында, сондай-ақ ресми ақпарат көздері мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөліністерінде орналасқан стенділерде орналастырылады.

  "Қазақстан Респуликасының
визаларын беру бойынша
қабылдаушы тұлғалардың
шақыруларын қабылдау және
келісу" мемлекеттік көрсетілетін
қызмет регламентіне
қосымша

"Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу" мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процесінің анықтамалығы