Ұлттық пошта операторы үшін пруденциялық нормативті, сондай-ақ оның орындалуы туралы есептіліктің нысанын, табыс ету мерзімін белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 307 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 9 ақпанда № 14786 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 214 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі, "Мемлекеттік статистика туралы" 2010 жылғы 19 наурыздағы және "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 214 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Мыналар:

      1) Ұлттық пошта операторына арналған пруденциялық норматив – меншікті қаражат жеткіліктілігі.

      Меншікті қаражат жеткіліктілігі Ұлттық пошта операторының меншікті капиталының оның активтері сомасына қатынасы ретінде есептеледі.

      Меншікті қаражат жеткіліктілігінің ең төменгі мәні кем дегенде 0,12 құрайды;

      2) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес пруденциялық нормативтің орындалуы туралы есептіліктің нысаны (бұдан әрі – есеп) белгіленсін.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 214 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Ұлттық пошта операторының меншікті капиталы мыналардың:

      материалдық емес активтердің;

      өткен жылдардағы шығындардың;

      ағымдағы жылғы шығыстардың ағымдағы жылғы кірістерден асып түсуі;

      басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу сомалары шегерілген

      төленген жарғылық капиталдың (ақшалай төленген сомалар шегінде);

      қосымша капиталдың;

      өткен жылдардағы бөлінбеген таза кірістің (оның ішінде бөлінбеген таза кіріс есебінен қалыптастырылған қорлар, резервтер);

      ағымдағы жылғы кірістердің ағымдағы жылғы шығыстардан асып түсуі сомасы ретінде есептеледі.

      Ұлттық пошта операторы есепті айдың соңына өтімділігі жоғары активтер мөлшерінің талап етілгенге дейінгі міндеттемелердің көлеміне қатынасы ретінде есептелетін өтімділікке қойылатын талапты сақтайды.

      Ұлттық пошта операторының өтімділігіне қойылатын талап кем дегенде 0,3 құрайды.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 214 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Өтімділігі жоғары активтердің есебіне мыналар:

      1) ақша, оның ішінде:

      кассадағы ақша, Ұлттық пошта операторының балансы бойынша активтер сомасының 10 (он) пайызынан аспайды;

      Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі ағымдағы шоттардағы ақша;

      орталық депозитарийдегі шоттардағы меншікті ақша;

      клирингтік ұйымдағы шоттардағы Ұлттық пошта операторының кепілдік берілген, маржалық жарналар болып табылатын меншікті ақша;

      Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-" санатынан төмен емес ұзақмерзімді және (немесе) қысқамерзімді жеке рейтингі немесе Moody's Investors Service, Fitch рейтингтік агенттіктердің немесе олардың еншілес рейтингтік ұйымдарының (бұдан әрі – басқа рейтингтік агенттіктер) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктеріндегі ағымдағы шоттардағы ақша;

      ұйымдарға ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында операцияларды жүзеге асыру үшін банктік қызметтер көрсететін Қазақстан Республикасының бейрезидент ұйымдарындағы шоттардағы ақша;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес эмиссияланғандарды қоса алғанда);

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі талап етілгенге дейінгі депозиттер;

      4) ықтимал шығындарға арналған резервтер шегерілген, Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В"-дан төмен емес ұзақмерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі, немесе Standard & Poor’s агенттігінің ұлттық шкаласы бойынша "kzB"-дан төмен емес рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің ұлттық шкаласы бойынша осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының акциялары және осы акциялар базалық активі болып табылатын депозитарлық қолхаттар;

      5) ықтимал шығындарға арналған резервтер шегерілген, Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған, Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В"-дан төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы немесе Standard & Poor’s агенттігінің ұлттық шкаласы бойынша "kzB" төмен емес рейтингтік бағасы бар "борыштық бағалы қағаздар" санатына енгізілген мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздар (негізгі борыш пен есептелген сыйақы сомаларын ескергенде);

      6) ықтимал шығындарға арналған резервтер шегерілген, Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетелдік мемлекеттердің бағалы қағаздары (негізгі борыш пен есептелген сыйақы сомаларын ескергенде);

      7) ықтимал шығындарға арналған резервтер шегерілген, Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетелдік эмитенттердің мемлекеттік емес борыштық бағалы қағаздары (негізгі борыш пен есептелген сыйақы сомаларын ескергенде);

      8) ықтимал шығындарға арналған резервтер шегерілген, Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетел эмитенттерінің акциялары және осы акциялар базалық активі болып табылатын депозитарлық қолхаттар;

      9) ашық инвестициялық пай қорының пайлары;

      10) Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы (London billion market association) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін және осы қауымдастықтың құжаттарында "Лондон сапалы жеткізілім" ("London good delivery") стандарты ретінде белгіленген тазартылған бағалы металдар және металл депозиттері, оның ішінде Standard & Poor's агенттігінің "А"-дан төмен емес халықаралық рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банктеріндегі металл депозиттері;

      11) бағалы қағаздың және (немесе) эмитенттің Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В"-дан төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар исламдық қаржыландыру құралдары;

      12) мынадай:

      ислам банкінің ірі акционері болып табылатын ұйымда Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ+"-тен төмен емес рейтингтік бағасының немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасының болуы;

      Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес ислам банкі үшін белгіленген пруденциялық нормативтерді сақтау бойынша талаптардың орындалуы жөніндегі талаптар сақталған жағдайларда ислам банкінің исламдық қаржыландыру құралдары кіреді.

      Осы тармақта көрсетілген бағалы қағаздар мынадай:

      Ұлттық пошта операторының бағалы қағаздарды оларды кері сатып алу немесе кепілге беру, немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге тәсілмен ауыртпалық салу шартымен сатуы;

      Ұлттық пошта операторының бағалы қағаздарды автоматты "репо" нарығында оларды кері сату шартымен сатып алуы;

      егер осы бағалы қағаздарды Ұлттық пошта операторына қатысты үлестес тұлғалар болып табылатын заңды тұлғалар шығарған жағдайларда өтімділігі жоғары активтердің есебіне кірмейді.

      4. Талап етілгенге дейінгі міндеттемелердің есебіне:

      1) клиенттердің және корреспондент банктердің талап етілгенге дейінгі депозиттері;

      2) талап етілгенге дейінгі басқа да міндеттемелер, оның ішінде жүзеге асыру мерзімі 1 (бір) айдан аспайтын немесе оларды жүзеге асыру мерзімі белгіленбеген ақша төлемі және аударымы, қолма-қол ақша беру жөніндегі міндеттемелер кіреді.

      5. Ұлттық пошта операторында есепті кезең ішінде кредиторлар мен депозиторлар алдында мерзімі өткен міндеттемелері болған кезде өтімділікке қойылған талап орындалмады деп есептеледі.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      6-тармақты алып тастау көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 214 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Ұлттық пошта операторы ай сайын, есептi айдан кейiнгi айдың 25 (жиырма бесiнен) кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы қаулының 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген есепті электрондық форматта ұсынады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      7-тармақты алып тастау көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 214 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Есепті күнгі жағдай бойынша қағаз тасымалдағыштағы есепке Ұлттық пошта операторының бірінші басшысы, бас бухгалтері немесе олардың орнындағы адамдар қол қояды және Ұлттық пошта операторында сақталады.

      Электрондық форматта ұсынылатын деректердің қағаз тасымалдағыштағы деректермен сәйкестігін Ұлттық пошта операторының бірінші басшысы, бас бухгалтер немесе олардың орнындағы адамдар қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 10.09.2019 № 151 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      9. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      10. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      11. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      12. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      Статистика комитетінің Төрағасы

      ______________ Н. Айдапкелов

      2017 жылғы 11 қаңтар

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 307 қаулысына
1-қосымша
  Нысан

Әкімшілік деректер нысаны www.nationalbank.kz интернет-ресурсында орналастырылған
"Пруденциялық нормативтің орындалуы туралы есеп"

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 10.09.2019 № 151 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Есепті кезең: 20 __ жылғы "___" ________ жағдай бойынша

      Индекс: 1- PN

      Кезеңділігі: ай сайын

      Ұсынады: Ұлттық пошта операторы

      Нысан қайда ұсынылады: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      Ұсыну мерзімі: ай сайын, есептi айдан кейiнгi айдың 25 (жиырма бесiнен) кешіктірмей

      (мың теңгемен)

Құрауыштарының атауы

Мәндері

1

2

3

1

Меншікті капитал


2

Активтер


3

Өтімділігі жоғары активтер


4

Талап етілгенге дейінгі міндеттемелер


5

Өтімділікке қойылатын талаптар


6

Ұлттық пошта операторында есепті кезең ішінде кредиторлар мен депозиторлар алдында мерзімі өткен міндеттемелердің болуы (Иә/Жоқ)


7

Меншікті қаражатының жеткіліктілігі



Атауы
_____________________________
_____________________________

Мекенжайы
_____________________________
_____________________________

      Телефоны _____________________________________________________

      Электрондық пошта мекенжайы __________________________________

      Орындаушы ______________________________________________ ________________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)            қолы

      Бас бухгалтер (не орның орнындағы адам)

      ______________________________________________ ________________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)            қолы

      Бірінші басшы (не орның орнындағы адам)

      ______________________________________________ ________________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)            қолы

  Әкімшілік деректер жинауға
арналған "Пруденциялық
нормативтің орындалуы туралы
есеп" нысанына
қосымша

Әкімшілік деректер жинауға арналған "Пруденциялық нормативтің орындалуы туралы есеп" нысанын толтыру бойынша түсіндірме (индекс –1- PN, кезеңділігі – ай сайын) 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы түсіндірме (бұдан әрі - Түсіндірме) әкімшілік деректерін жинауға арналған "Пруденциялық нормативтің орындалуы туралы есеп" нысанын (бұдан әрі - Нысан) толтыру бойынша бірыңғай талаптарды айқындайды.

      2. Нысан "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына, "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 3-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес әзірленді.

      3. Ұлттық пошта операторы Нысанды ай сайын жасайды. Нысандағы деректер мың теңгемен толтырылады. Бес жүз теңгеден кем сома нөлге дейін дөңгелектенеді, ал бес жүз теңгеге тең және одан жоғары сома мың теңгеге дейін дөңгелектенеді.

      4. Нысанға бірінші басшы, бас бухгалтер не олардың орнындағы адамдар және орындаушы қол қояды.

2-тарау. Нысанды толтыру бойынша түсіндірме

      5. Меншікті қаражаттың жеткіліктілігі мәндері мен өтімділікке қойылатын талаптар үтірден соң екі таңбасы бар санмен көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 307 қаулысына
2-қосымша

Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Ұлттық почта операторына арналған пруденциалдық нормативтерді, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептердің нысандарын және ұсыну мерзімін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 2004 жылғы 12 шілдедегі № 200 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2988 тіркелген, 2005 жылғы 21 қыркүйекте "Заң газеті" газетінде № 109 (733) жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтiк құқықтық актілеріне ипотекалық ұйымдардың, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін пруденциалдық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 24 желтоқсандағы № 280 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5122 тіркелген) 1-тармағының 1) тармақшасы.

      3. "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Ұлттық почта операторына арналған пруденциалдық нормативтерді, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептердің нысандарын және ұсыну мерзімін белгілеу туралы" 2004 жылғы 12 шілдедегі № 200 қаулысына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 22 тамыздағы № 124 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5313 тіркелген, 2008 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында № 10 жарияланған).

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтiк құқықтық актілеріне қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 131 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6554 тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының кейбір нормативтiк құқықтық актілеріне қаржы ұйымдары ұсынатын есеп беру нысанын жетілдіру бойынша енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулар тiзбесiнің 4-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы ұйымдарының қызметін пруденциялық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 152 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9732 тіркелген, 2014 жылғы 18 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін пруденциялық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 1-тармағы.