Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 13 қазандағы № 719 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 19 қаңтарда № 14697 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрыққа өзгеріс көзделген – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 16.06.2020 № 354 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Экспорттық бақылау туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар министрі

      __________________ Д. Абаев

      2016 жылғы 3 қараша

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Премьер-Министрінің орынбасары –

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрі

      __________________ А. Мырзахметов

      2016 жылғы 5 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      __________________ Е. Сағадиев

      2016 жылғы 4 қараша

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      __________________ Б. Сұлтанов

      2016 жылғы 26 қазан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрі

      __________________ С. Жасұзақов

      2016 жылғы 7 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Сыртқы істер министрі

      __________________ Е. Ыдырысов

      2016 жылғы 13 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы

      __________________ К. Мәсімов

      2016 жылғы 21 қараша

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      __________________ Қ. Бишімбаев

      2016 жылғы 21 қазан

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      __________________ Қ. Қасымов

      2016 жылғы 14 қараша

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      __________________ Қ. Бозымбаев

      2016 жылғы 1 қараша

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2016 жылғы 13 қазандағы
№ 719 бұйрығымен бекітілген

Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Экспорттық бақылау туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 14) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзірленген және өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда өтініш беруші өнімнің экспортын және импортын жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлға деп түсініледі (бұдан әрі – өтініш бруші).

      3. Экспорттық бақылауға жататын өнімнің экспорты мен импорты саласындағы лицензия және (немесе) лицензияға қосымша (бұдан әрі – лицензия) иеліктен айырылмайтын болып табылады және оны лицензиат басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.

      4. Лицензия осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген мерзім ішінде лицензияны қолдану шартында өтініш берушіге экспорттық бақылауға жататын өнімнің экспортын және (немесе) импортын жүзеге асыруға рұқсат беретін ресми құжат болып табылады.

      5. Экспорты немесе импорты лицензиялауға жататын экспорттық бақылауға жататын өнімнің тізбесі экспорттық бақылаудың халықаралық режиміне сәйкес және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында "Экспорттық бақылауға жататын өнімнің номенклатурасын (тізімін) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 ақпандағы № 104 қаулысымен бекітілген.

2. Лицензияны беру тәртібі

      6. Лицензияны алу үшін өтініш беруші немесе тиісті өкілеттілігі жазбаша түрде расталған оның уәкілетті тұлғасы мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) "Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға және қайта ресімдеуге арналған өтініштердің нысандарын, лицензиялардың және (немесе) лицензияларға қосымшалардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 3 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша өтініш (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10195 болып тіркелген);

      2) өтініш берушінің заңды тұлғасының мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы анықтама – заңды тұлға үшін;

      3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi – жеке тұлға үшiн;

      4) "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 471-бабына сәйкес жекелеген қызмет түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымның төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi;

      5) өтініш берушінің "Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және олардың сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 949 бұйрығына сәйкес біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13512 болып тіркелген).

      Өтініш электрондық түрде рұқсаттар және хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйелері арқылы тапсырылған жағдайда құжаттар өтініш берушінің электрондық цифрлық қолын куәландыратын құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде тапсырылады.

      7. Заңның 16-бабына сәйкес лицензиар Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жүйесінің мемлекеттік органдарынан және шет мемлекеттердің органдарынан, өтініш берушілерден экспорттық бақылау саласына жататын қажетті құжаттар мен ақпаратты сұратады және алады.

      8. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсыну лицензиарда тиісті мемлекеттік акпараттық жүйелерден осы құжаттарда бар ақпаратты алу мүмкіндігі болған жағдайда талап етілмейді.

      Лицензия беру туралы өтінішке өтініш беруші қол қояды (заңды тұлға үшін – ұйымның басшысы немесе оның тиісті өкілеттілігін растайтын жазбаша құжатын ұсына отырып, уәкілетті тұлғасы).

      Лицензия алу үшін лицензиарға ұсынылған құжаттардың барлығы тізім бойынша қабылданады және оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдау күні туралы белгілемесімен өтініш берушіге жолданады (беріледі). Бұл ретте тізімді өтініш беруші жасайды.

      Шет тілдердегі құжаттар (құжаттардың көшірмелері) мемлекеттік және орыс тілдерінде аударылған аудармасымен бірге ұсынылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 29.12.2018 № 964 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Лицензиар өтініш берушінің лицензия алуға арналған құжаттарын алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда лицензиар өтініш берушінің лицензия алу үшін ұсынған құжаттарын алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту жауабын береді.

      Өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігі жөнінде мемлекеттік органдардың келісімін алу үшін лицензиар өтініш берушінің құжаттарын тіркеген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жібереді.

      Мемлекеттік органдар лицензиардың сұрау хаты негізінде өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы жауапты лицензиарға он жұмыс күні ішінде жібереді.

      10. Растауды алған соң лицензия берілетін импорттаушы елдің түпкі пайдаланушылары сертификатының түпнұсқалылығын тексеру қажет болған жағдайды қоспағанда, лицензиар лицензияны өтініш пен осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген құжаттар ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей береді.

      Импорттаушы елдің түпкілікті пайдаланушысының сертификатының түпнұсқалылығын тексеруді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.

      Лицензия өтініш берушіге бір жылдан аспайтын кезеңге беріледі. Лицензияның қолданылу мерзімі осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген құжаттардың қолданылу мерзімімен шектеледі.

      Лицензия Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 16 шілдедегі № 54 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – СЭҚ ТН) сыртқы экономикалық қызметінің және Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес, шартқа (келісімшартқа) енгізілген тауарлар атауының санына қарамастан 10-бірлікті коды көрсетіле отырып әрбір тауар түріне беріледі. Берілген лицензияларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат етілмейді.

      Экспорттық бақылауға жататын өнімдердің номенклатурасында (тізімінде) жоқ СЭҚ ТН кодтарын пайдалануға рұқсат беріледі, себебі қосарлы және әскери мақсаттағы өнімдерге сәйкестендіру және ара қатынасын белгілеу бойынша түпкі шешім бақылау тізімдері бойынша белгілі бір кодқа сәйкес келетін осы тізімнің бақылаудағы өнімнің техникалық параметрлерімен айқындалады.

      Лицензия Еуразиялық экономикалық одақтың ішінде тасымалдау үшін, сондай-ақ үшінші елдерге және үшінші елдерден тасымалдау үшін ресімделеді.

      11. Лицензия беруден бас тарту "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Рұқсаттар және хабарламалар туралы заң) 32-бабында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

      Лицензиялар беруден бас тарту үшін қосымша негіздер Заңның 15,16-баптарына сәйкес белгіленген.

      12. Лицензиардың және (немесе) оның лауазымды түлғаларының лицензиялауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешіміне, іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) өтініш беруші Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға жатады.

      13. Рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру лицензияның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау, қолданысын тоқтату, Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңда көзделген тәртіпте және негіздер бойынша жүзеге асырылады.