"Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының бөліністерінде көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктердің бланкілерін дайындау, сақтау және есепке алу, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру және дайындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 386 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 12 желтоқсандағы № 1152 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 12 қаңтарда № 14667 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының бөліністерінде көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктердің бланкілерін дайындау, сақтау және есепке алу, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру және дайындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 386 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11186 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 10 маусымда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының бөліністерінде көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктердің бланкілерін дайындау, сақтау және есепке алу, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру және дайындау қағидаларында:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жеке және заңды тұлғаларға МТНБ-ны беру "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжатты алғаннан кейін:

      1) жаңа МТНБ-лар – Тізілімге қол қойғызып;

      2) МТНБ телнұсқалары – осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берілген МТНБ телнұсқалары тізіліміне қол қойып жүргізіледі.

      Мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат МТНБ-ны, оның ішінде телнұсқаларды беруге негіз болған құжаттармен бірге тігіледі.

      МТНБ-ны беру көлік құралының иесіне МТНБ-ны, оның ішінде сақтауға тапсырылған МТНБ-ны нақты беруді білдіреді. МТНБ-ны иелікке беру КҚТК-ге және "Автомобиль" автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесіне" МТНБ-ның жеке әріптік-цифрлық белгіленуін енгізу болып табылады.".

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Ұлттық стандарттың және бір өңірдің шегінде көлік құралын мемлекеттік тіркеу талаптарына сәйкес келген кезде автомобиль үшін АЕК-ның 280 пайызы көлемінде және мотокөлік құралдары мен тіркемелері үшін АЕК-ның 140 пайызы көлемінде мемлекеттік баждарды төлей отырып, мынадай жағдайларда:

      1) МТНБ берілген, бұрын оған тіркелген көлік құралын есептен шығарған жағдайда, оның атына жаңадан тіркелетін көлік құралына иесінің еркі бойынша;

      2) МТНБ берілген, КҚТК ауыстырған және көлік құралының тіркеу деректері өзгерген кезде иесінің еркі бойынша, егер біруақытта бұрын берілген МТНБ-ның телнұсқасын дайындау немесе жаңа МТНБ беру жүргізілетін болса, бұрын пайдалануда болған МТНБ-ларды бұрынғы иелерінің көлік құралдарына қайта беруге жол беріледі.

      Иесін өзгертпей, КҚТК ауыстырған және (немесе) көлік құралының тіркеу деректері өзгерген кезде бұрынғы МТНБ-ны бергені үшін мемлекеттік баж төлеу жүргізілмейді.

      Ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келген және көлік құралын бір өңірдің шегінде мемлекеттік тіркеген кезде Кодексте белгіленген мемлекеттік баждарды төлей отырып, құқық мирасқорының (мұрагерінің) ерік білдіруі бойынша мұрагерлік мәні болып табылатын көлік құралына бұрынғы МТНБ-ны қайта беруге жол беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жолдауды;

      3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына мемлекеттік және орыс тілдерінде қағаз және электронды түрде бір данада жолдауды;

      4) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1, 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Облыстардың, Алматы және Астана қалалары ішкі істер департаменттерінің бастықтары:

      1) ішкі істер органдары жеке құрамының осы бұйрықты зерделеуін және талаптарын сақтауын қамтамасыз етсін;

      2) ішкі істер органдарының жұмысын осы бұйрықтың талаптарына сәйкес ұйымдастырсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің орынбасары Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ішкі істер министрі
      полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі ___________ Б. Сұлтанов

      2016 жылғы "___" ________