"Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 10-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3)осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Энергетика министрі | Қ. Бозымбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрi
Қ. Бишімбаев_____________
2016 жылғы 9 қараша
|
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 10-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
2) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) – қалыптастырылатын және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізімі.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі
3. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым (бұдан әрі – энергия өндіруші ұйым) оны Тізбеге қосу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша энергия өндіруші ұйымды Тізбеге қосуға өтінім;
2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу үшін жер учаскесін беру туралы жергілікті атқарушы орган шешімінің көшірмесін;
3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі жаңа объектіні салуға техникалық-экономикалық негіздемелерге немесе жобалау-сметалық құжаттамаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының көшірмесін;
4) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін электр желілеріне қосуға техникалық шарттың көшірмесін;
5) өтінім берілген электрлік қуаты 5 МВт және одан жоғары "Электр станцияларының қуатын беру схемасының" Жүйелік операторының келісу хатының көшірмесін;
6) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін (бұдан әрі – ЭКЕАЖ) жүйелік оператордың ықпалдастырылған ЭКЕАЖ қосуға техникалық шарттың көшірмесін;
7) энергия өндіруші ұйымның құрылтай құжаттарының көшірмелерін;
8) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы жасалған шарттың көшірмесін ұсынады.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 4 шілдегі Заңы 2-бабының 2-тармағына сәйкес егер жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі қолданыстағы негізгі генерациялайтын жабдықты ауыстыра отырып, реконструкцияланған болса, онда реконструкцияланатын объектіде пайдалануға берілетін жаңа жабдықтың құны осы объектіні реконструкциялау жұмыстары басталған сәтінде реконструкциялау объектісінің баланстық құны кемінде елу пайыз құрайтынын растайтын аудиторлық ұйым қорытындысының көшірмесі қосымша ұсынылады.
4. Заңның 6-бабы 5) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін Жаңартылатын энергия көздері секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының бар болуы энергия өндіруші ұйымды Тізбеге қосу үшін негіз болып табылады.
5. Өтінім беруші осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуін ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қайтару себептерін көрсете отырып, өтінімді қайтарады.
Өтінім беруші уәкілетті органның ескертулерін жойғаннан кейін өтінімді қайта жолдайды.
6. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген энергия өндіруші ұйымның өтінімін оны алған сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарастырады және оны мақұлдаған жағдайда, энергия өндіруші ұйымды Тізбеге қосады.
7. Уәкілетті орган энергия өндіруші ұйымды Тізбеге қосқан сәттен бастап бес жұмыс күн ішінде ол туралы энергия өндіруші ұйымға және қаржы-есеп айырысу орталығына жазбаша хабарлайды.
8. Тізбе қалыптастырылады және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
| |||||||||||
Нысан |
Тізбеге энергия өндіруші ұйымды қосуға өтінім
_________________________________________________________________
(энергия өндіруші ұйымның толық атауы)
ұйымды жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне қосуды сұрайды.
Осы өтінімге жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі бойынша мынадай ақпарат қоса беріледі:
1. Энергия өндіруші ұйым туралы жалпы мәліметтер (атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері, Қазақстан Республикасындағы пошталық мекенжайы, Қазақстан Республикасындағы нақты мекенжайы, Қазақстан Республикасындағы байланыс телефоны, электрондық поштаның мекенжайы).
2. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі (бұдан әрі – Объект) туралы деректер:
1) Объектінің атауы (электр энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерінің қай түрін пайдаланатындығына байланысты);
2) Объектінің генерациялайтын жабдығының пайдаланылатын жаңартылатын энергия көздерінің түрлері бойынша бөле отырып, белгіленген жиынтық қуаты;
3) Объектіні пайдалануға берудің жоспарланған күні;
4) Объектіні пайдаланудың жоспарланған мерзімі (жылмен);
5) Объектінің қуатын пайдаланудың болжамды коэффициенті;
6) Объектіні пайдалануға қабылдағаннан кейінгі 15 жыл ішінде және Объектіні пайдаланудың жоспарланған барлық мерзімі ішінде өндірілетін электр энергиясының болжамды көлемі;
7) жер учаскесінің кадастрлық нөмірін (болған жағдайда) көрсете отырып, Объектінің орналасқан ауданының мекенжайы, алаң ауданы туралы мәліметтер;
8) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі орналасқан жер учаскесіне өтінім берушінің күні, пайдалану немесе жекеменшік құқығын және оның қолданылу мерзімін көрсете отырып, құқық белгілейтін құжаттары туралы мәліметтер;
9) айларға бөле отырып және контрагенттерді көрсете отырып, екіжақты шарттар бойынша тұтынушыларға сатылған электр энергияның нақты көлемі туралы ақпарат.
3. Объектінің жабдықтары туралы деректер:
1) Объектідегі генерациялайтын жабдықтың жеке бірлік қуатын көрсете отырып, генерациялайтын жабдықтың саны және түрі;
2) Объект жабдығын пайдаланудың болжамды мерзімі (аймен).
4. Жобаның қаржылық-экономикалық көрсеткіштері:
1) Объектіні салуға немесе қайта құруға жоспарланған инвестиция көлемі (жобаны әзірлеу құнын, жабдық құнын, жеткізу құнын, кедендік төлемдер шығынын және салу-монтаждау жұмыстарының құнын көрсете отырып);
2) жобаны қаржыландыру құрылымы (өзіндік және қарыз қаражат көлемін көрсете отырып);
3) жобаның өтімділігінің жоспарланған болжанған қарапайым мерзімі.
5. ___________ (Өтінім беруші) осы өтініммен электр энергияны шарттық бағалар бойынша сатып жатқан немесе сатқан екіжақты шарттардың жоқтығын растайды.
6. Қоса берілетін құжаттар тізімі:
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
(Басшы немесе уәкілетті тұлға, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), қолы, күні)