"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану және танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беру бағдарламаларының тізілімін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (А. Пірімқұлов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін елтаңбалы мөрмен куәландырылған электрондық қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;
3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Білім және ғылым министрі | Е. Сағадиев |
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 1 қарашадағы № 629 бұйрығымен бекітілген |
Аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу
органдарын тану және танылған аккредиттеу органдарының,
аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беру
бағдарламаларының тізілімін қалыптастыру қағидалары
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану және танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беру бағдарламаларының тізілімін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.
2. Қағида Қазақстан Республикасының аумағында білім беру ұйымдарын және білім беру бағдарламаларын аккредиттеуді жүзеге асыратын аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану тәртібін регламенттейді және танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беру бағдарламаларының тізілімін қалыптастыру тәртібін белгілейді.
3. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) аккредиттелген білім беру бағдарламасы – аккредиттеу органдарында мазмұны мен бағыттарының (міндеттерінің) белгіленген аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкестігін тану рәсімінен өткен білім беру бағдарламасы (мамандығы);
2) Аккредиттелген білім беру бағдарламаларының тізілімі (бұдан әрі – 3-Тізілім) – аккредиттелген білім беру бағдарламаларының (мамандықтардың) тізбесі;
3) аккредиттелген білім беру ұйымдары – аккредиттеу органдарында білім беру қызметтерінің белгіленген аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкестігін тану рәсімінен өткен білім беру ұйымдары;
4) Аккредиттелген білім беру ұйымдарының тізілімі (бұдан әрі – 2-Тізілім) – аккредиттелген білім беру ұйымдарының тізбесі;
5) аккредиттеу органдары – стандарттарды (регламенттерді) әзірлейтін және өздері әзірлеген стандарттар (регламенттер) негізінде білім беру ұйымдарын аккредиттеуден өткізетін заңды тұлғалар;
6) аккредиттеу стандарттары (регламенттері) – аккредиттеу органының аккредиттеу рәсіміне қойылатын талаптарды белгілейтін құжаттары;
7) білім беру бағдарламаларын аккредиттеу - білім беру бағдарламаларының (мамандығының) сапасы туралы объективті ақпарат беру және оны арттырудың тиімді тетіктерінің бар екенін растау мақсатында аккредиттеу органының олардың белгіленген аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкестігін тану рәсімі;
8) білім беру ұйымдарын аккредиттеу – білім беру қызметтерінің сапасы туралы объективті ақпарат беру және оны арттырудың тиімді тетіктерінің бар екенін растау мақсатында аккредиттеу органының олардың белгіленген аккредиттеу стандарттарына (регламенттеріне) сәйкестігін тану рәсімі;
9) институционалдық аккредиттеу – білім беру ұйымы сапасының мәлімделген мәртебесіне және аккредиттеу органының белгілеген стандарттарына сәйкестігін аккредиттеу органының бағалау процесі;
10) мамандандырылған аккредиттеу - білім беру ұйымы іске асыратын жекелеген білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау;
11) Республикалық аккредиттеу кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) – уәкілетті орган құрған тұрақты негізде жұмыс істейтін алқалық орган.
12) Танылған аккредиттеу органдарының тізілімі (бұдан әрі – 1-Тізілім) – институционалдық және (немесе) мамандандырылған аккредиттеу өткізу үшін Қазақстан Республикасының аумағындағы уәкілетті орган таныған, білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық еуропалық желілердің толық мүшелері болып табылатын аккредиттеу органдарының тізбесі;
13) уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
14) ұлттық аккредиттеу – 1-Тізілімге енгізілген ұлттық аккредиттеу органы өткізетін білім беру ұйымдары қызметінің (институционалдық аккредиттеу) және жекелеген білім беру бағдарламаларының (мамандандырылған аккредиттеу) білім беру сапасын қамтамасыз ету стандарттарына сәйкестігін бағалау процесі;
15) ұлттық және шетелдік аккредиттеу органын тану – заңды тұлғаның білім беру ұйымдарын институционалдық аккредиттеуден және (немесе) білім беру бағдарламаларын мамандандырылған аккредиттеуден өткізу өкілеттігін ресми тану тәртібі;
16) халықаралық аккредиттеу – 1-Тізілімге енгізілген ұлттық немесе шетелдік аккредиттеу органы өткізетін білім беру ұйымдары қызметінің (институционалдық аккредиттеу) және жекелеген білім беру бағдарламаларының (мамандандырылған аккредиттеу) білім беру сапасын қамтамасыз ету стандарттарына сәйкестігін бағалау процесі.
2-бөлім. Аккредиттеу органдарына қойылатын талаптар
4. Аккредиттеу органы танылып, уәкілетті органмен 1-Тізілімге енгізілу үшін мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:
1) коммерциялық емес нысанда заңды тұлға мәртебесінің болуы;
2) білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық еуропалық желінің толыққанды мүшесі болуы;
3) білім беру ұйымдарын, білім беру бағдарламаларын аккредиттеу міндеттерін орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстарының болуы;
4) білім беру бағдарламаларын аккредиттеу саласындағы жұмыс тәжірибесі бес жылдан кем емес, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы, РhD докторы немесе бейіні бойынша доктор дәрежелері бар кемінде он тартылған сарапшылардың болуы;
аккредиттеу органдары үшін аккредиттеу рәсімін жүргізу кезінде сарапшылар комиссиясы құрамының 3/1 бөлігін құрайтын, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы, РhD докторы немесе бейіні бойынша доктор дәрежелері бар және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері болып табылатын, білім беру бағдарламаларын аккредиттеу саласында не аккредиттелетін білім беру ұйымының мамандар дайындау бейіні бойынша кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар қазақстандық сарапшылардың болуы қосымша талап етіледі.
5) білім беру сапасын кепілдендіру үшін стандарттар мен ұсынымдарға сәйкес келетін аккредиттеу стандарттарының (регламенттері) болуы қажет.
3-бөлім. Аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік
аккредиттеу органдарын тану тәртібі
5. Аккредиттеу органы 1-Тізілімге қосу үшін уәкілетті органға осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша өтініш және құжаттарды ұсынады.
Қазақстан Республикасының аккредиттеу органы өзінің талаптарға сәйкестігін дәлелдеу үшін осы Қағиданың 2-бөлімінде бекітілген құжаттарды ұсынады.
Аккредиттеу органы танылу үшін уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсына отырып 1-қосымшаға сәйкес өтініш тапсырады:
құрылтай құжаттарының нотариалдық расталған көшірмесі. Егер құрылтай құжаттары шет тілінде ұсынылған болса, олардың қазақ немесе орыс тілдеріне аударылған және нотариалдық расталған көшірмелері талап етіледі.
білім сапасын қамтамасыз ету бойынша халықаралық еуропалық желілерде толыққанды мүшелігін дәлелдейтін құжатты;
растайтын құжаттарды қоса бере отырып материалдық ресурстар туралы құжаттарды;
тартылған сарапшылар туралы құжаттарды;
Заңның 9-1-бабының 3 тармағы негізінде әзірленген аккредитация стандарттары (регламенттері);
Шетелдік аккредитеу органдарының құжаттары нотариалдық расталған қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасы беріледі.
6. Осы Қағиданың 5-тармағында көрсетілген құжаттарға аккредиттеу органының уәкілетті тұлғасы қол қояды, мөрмен расталады.
7. Аккредиттеу органының 1-Тізілімге қосу үшін ұсынған құжаттары Кеңесте қаралады. Кеңестің құрамы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелері мен ведомостволарының, өзге орталық атқарушы органдарының басшыларынан, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық бірлестіктердің, оның ішінде білім беру ұйымдарының, білім беру саласы қызметкерлерінің қоғамдық қауымдастықтарының өкілдерінен қалыптастырылады.
Кеңес мүшелерінің саны кемінде 9 адам болуы керек.
8. Аккредиттеу органын тану үшін құжаттарды қарастыру мерзімі осы Қағиданың 10-тармағына сәйкес Қағиданың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдаған күнінен бастап отыз жұмыс күнін құрайды.
9. Құжаттарды қарастыру нәтижесі бойынша аккредиттеу органын тану үшін Кеңес аккредиттеу органын тану және 1-Тізілімге қосу немесе танудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
10. Уәкілетті орган Кеңестің шешімі негізінде аккредиттеу органын 5 жылға тану және 1-Тізілімге қосу туралы бұйрық шығарады.
11. Аккредиттеу органын 1-Тізілімде тану бес жылда бір рет расталады.
1-Тізілімдегі аккредиттеу органының өкілеттігін растау үшін аккредиттеу органы тану мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік алпыс күн бұрын уәкілетті органға осы Қағиданың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
Кеңес аккредиттеу органын тану мерзімін ұзарту бойынша құжаттарды қарастыру нәтижесі бойынша аккредиттеу органын тану мерзімін ұзарту немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды.
12. Аккредиттеу органы қайта ұйымдастырылған жағдайда уәкілетті орган аккредиттеу органы өтініш берген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде 1-Тізілімге тиісті өзгерістер енгізеді.
13. Осы Қағиданың 5-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттар толық болмаған жағдайда, бес жұмыс күнінің ішінде аккредиттеу органының өтініші пысықтау үшін қайтарылады.
14. Аккредиттеу органына өзімен үлестес тұлға болып табылатын білім беру ұйымдарына институционалдық және (немесе) мамандандырылған аккредиттеу жүргізуіне тыйым салынады.
4-бөлім. 1-Тізілім, 2-Тізілім, 3-Тізілімдерді қалыптастыру тәртібі
15. 1-Тізілім осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес заңды тұлғаның деректемелері мен байланыстары туралы ақпаратты, аккредиттеу органын тану туралы бұйрықтың күні мен нөмірін және оның әрекет ету мерзімін, білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық еуропалық желінің толыққанды мүшелігі туралы мәліметтерді қамтиды.
16. Аккредиттеу органы білім беру ұйымын аккредиттеу туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға аккредиттелген білім беру ұйымын осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес 2-Тізілімге енгізу үшін ақпарат (аккредиттеу туралы куәлік) ұсынады және оны аккредиттеу органының интернет-ресурсында орналастырады.
Уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде аккредиттелген білім беру ұйымдарын 2-Тізілімге енгізеді.
17. Аккредиттеу органы білім беру бағдарламасын аккредиттеу туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға аккредиттелген білім беру бағдарламасын осы Қағидаға 4-қосымшаға сәйкес 3-Тізілімге енгізу үшін ақпарат (аккредиттеу туралы куәлік) ұсынады және оны аккредиттеу органының интернет-ресурсында орналастырады.
Уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде аккредиттелген білім беру бағдарламаларын 3-Тізілімге енгізеді.
18. Аккредиттеу органдары жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде уәкілетті органға өткен кезең бойынша осы Қағидаға 5-қосымшаға сәйкес білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларын аккредиттеу туралы ақпарат ұсынады.
19. Аккредиттеу нәтижелері бойынша аккредиттеу органы қажеттілігіне қарай уәкілеті органға білім беру ұйымының қызметінде анықталған жүйелі олқылықтарды жою жөніндегі ұсынымдардың көшірмесін жібереді (бар болған жағдайда).
5-бөлім. Аккредиттеу органдарының 1-Тізілімдегі өкілеттігін
тоқтату және 1-Тізілімнен шығару тәртібі
20. 1-Тізілімдегі аккредиттеу органдарының өкілеттігі мынадай жағдайларда тоқтатылады:
1) уәкілетті органға осы Қағиданың 15, 20, 21 және 23-тармақтарына сәйкес ақпарат уақытылы ұсынылмаса;
2) білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларын аккредиттеу нәтижелері бойынша уәкілетті органға анық емес немесе бұрмаланған мәлімет берілгені анықталса;
3) аккредиттелген білім беру ұйымымен үлестестік фактісі анықталса.
1-Тізілімдегі аккредиттеу органының өкілеттігін тоқтату мерзімі тоқтату туралы шешім қабылдауға негіз болған бұзушылықтарды жойғанға дейін, бірақ алты айдан артық емес мерзімге белгіленеді.
21. Аккредиттеу органы 1-Тізілімнен мынадай жағдайларда шығарылады:
1) аккредиттеу органы өз еркімен қызметін тоқтату туралы өтініш берсе немесе аккредиттеу органы таратылса;
2) аккредиттеу органы білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық еуропалық желілерден шығарылса;
3) 1-Тізілімдегі аккредиттеу органының өкілеттігін тоқтатуға негіз болған бұзушылықтарды жоймаса;
4) уәкілетті орган күнтізбелік бір жыл ішінде жүргізген мемлекеттік бақылау шараларының нәтижесінде аккредиттеу органы аккредиттеген үш немесе одан артық білім беру ұйымдарының білім беру қызметінде аккредиттеу стандарттарында (регламенттерінде) көзделген Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнама талаптарын ұқсас бұзушылықтар анықталса.
22. Аккредиттеу органының 1-Тізілімдегі өкілеттігін тоқтату, аккредиттеу органын 1-Тізілімнен шығару Кеңестің шешімі негізінде шығарылатын уәкілетті органның бұйрығымен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрлігіне
(білім беру саласындағы уәкілетті орган)
_______________________________________
(заңды тұлғаның толық атауы)
_______________________________________
(мекен жайы, БСН)
Өтініш ________________________________________
(заңды тұлғаның толық атауы)
аккредиттеу органы ретінде тануды (растауды) және аккредиттеу органдарының 1-Тізіліміне енгізуді сұраймын.
Заңды тұлғаның мекен-жайы ______________________________
Электрондық поштасы ____________________________________
Телефондары ____________________________________________
Факс ___________________________________________________
Нысан
Аккредиттеу органдарының тізілімі
(1-Тізілім)
№ | Аккредиттеу органының атауы | Аккредиттеу органының деректемелері мен байланыстары | Аккредиттеу органын тану туралы бұйрықтың берілген күні мен нөмірі | Аккредиттеу органын танудың қолданыс мерзімі | Кіру мерзімінің басталуын көрсете отырып, білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық еуропалық желілердің толыққанды мүшесі болуы. |
Нысан
Аккредиттелген білім беру ұйымдарының тізілімі
(2-Тізілім)
№ | Білім беру ұйымы | Аккредиттелген білім беру ұйымының деректемелері | Аккредиттеудің әрекет ету мерзімі |
Нысан
Аккредиттелген білім беру бағдарламаларының тізілімі
(3-Тізілім)
№ | Білім беру ұйымының атауы, деректемелері | Білім беру бағдарламасының атауы | Аккредиттеудің әрекет ету мерзімі |
Аккредиттеу органының аккредиттеу туралы есебі
___________________________________________________
(ұйымның атауы)
1) Аккредиттеу органының толық атауы, орналасқан жері, заңды мекен жайы, құрылымы, қызметкерлер штаты;
2) Аккредиттелген білім беру ұйымдарының, білім беру бағдарламаларының атаулары, аккредиттеудің өткізілу мерзімі, аккредиттеу стандарттарына (регламенттерге) сәйкестігі, ұсынымдар;
3) Аккредиттеу органының білім беру ұйымдарына немесе олардың білім беру бағдарламаларына сырттай аудит жүргізілгендігі туралы есеп берілген интернет-ресурстарға сілтемелер.