Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 қыркүйектегі № 179 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 28 қазанда № 14377 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс департаменті (В.В. Ярошенко):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ақпарат және коммуникациялар


министрі

Д. Абаев


  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2016 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 179 бұйрығымен
бекітілген

Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді
шығару, өткізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Пошта туралы" Қазақстан Респубикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына және Дүниежүзілік пошта одағының (бұдан әрі – ДПО) актілеріне сәйкес әзірленді және:

      1) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің түрлерін және көлемдерін бекіту тәртібін;

      2) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің пошталық айналымға енгізу және оларды айналымнан алу тәртібін;

      3) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді жасауды, шығаруды және өткізуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Ұлттық пошта операторы пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығаруды және өткізуді ұйымдастырады.

      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) айналымға енгізу күні – пошта төлем белгілерінің пошта айналымына енгізу күні;

      2) жауап қайтарылатын Халықаралық коммерциялық хат-хабар (бұдан әрі - ЖКХКХ) хатқалтасы – арнайы ажырату жазбалары бар алдын ала жауабы төленген ЖКХКХ хатқалталары;

      3) көркемдік таңбаланған хатқалталар және пошта карточкалары – түпнұсқалы маркалармен қоса, толық түсті типографиялық тәсілмен, шектелген таралыммен басылған, таңбаланған хатқалталар мен суретті пошта карточкалары;

      4) таңбаланған хатқалталар және пошта карточкалары (оның ішінде түпнұсқалық маркамен қоса) – пошта маркасының және (немесе) пошта төлемінің электронды белгісінің суреті типографиялық тәсілмен басылған хатқалталар мен пошта карточкалары;

      5) номинал (төлем сомасы) – пошта төлем белгісінде Ұлттық пошта операторының жазбаша хат-хабарын жіберу қызметін төлеу үшін жарамды, латын әрпімен немесе араб цифрлерімен белгіленген ақша құны;

      6) өшіру – пошта жөнелтілімі қабылданғанын растайтын пошта мөртабанының бедерін қою;

      7) пошта айналымынан алу – пошта төлемінің белгілерін Ұлттық пошта операторының арнайы құрылымына тапсыру үшін өндіріс объектілерінде өткізуден шығару және филателиялық өнім ретінде одан әрі қарай өткізу процесі;

      8) пошта айналымынан шығару – пошта төлемінің белгілерін кейінгі жою мақсатында пошта айналымынан алу;

      9) көркемдік пошта маркасы (пошталық блок) – толық түсті типографиялық тәсілмен шектеулі таралыммен басылған пошта маркасы (пошталық блок); пошталық блок – бір немессе бірнеше пошта маркаларынан тұратын, суреттері мен жазбалары бар жиектерімен қоршалған парақ;

      10) пошта маркасы – пошта операторының жазбаша хат-хабарды жіберу бойынша қызмет төлемін растайтын пошта төлем белгісі;

      11) пошта төлемінің электрондық белгілері – Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылатын Ұлттық пошта операторының ақпараттық жүйесінде пошталық жөнелтілім туралы ақпаратты қамтитын, сканерлермен танып білінетін, екі өлшемді және (немесе) бір өлшемді шртихкодты арнайы баспа-таңба түріндегі пошта төлем белгісі;

      12) пошталық эмиссиялар жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – уәкілетті орган, Ұлттық пошта операторы және қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатарынан тұратын, пошта байланысы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жанында құрылған тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган.

      Ескертпе: Комиссия пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығару мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      13) стандартты пошта маркасы – бір түсті немесе толық түсті мөрмен үлкен таралыммен басылған пошта маркасы;

      14) стандартты таңбаланған хатқалталар және пошта карточкалары – бір түсті немесе толық түсті үлкен таралыммен басылған таңбаланған хатқалталар мен пошта карточкалары;

      15) үстінен қайта басу – бұрын шығарылған пошта маркасының үстінен баспа-таңбасының қойылуы;

      16) филателиялық өнім – осы Қағидаларға сәйкес пошта айналымынан алынған, коллекциялаудың объектісі болып табылатын пошта төлемінің мемлекеттік белгілері.

      4. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне мыналар жатады:

      1) пошта маркалары;

      2) пошталық блоктар;

      3) таңбаланған хатқалталар және (немесе) пошта карточкалары;

      4) франкирлеу машиналарының бедерлері;

      5) Ұлттық пошта операторы қызметінің төленгенін растайтын, пошта айналымына уәкілетті орган енгізетін электрондық және өзге де белгілер.

2-тарау. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің
түрлері мен көлемдерін бекіту тәртібі

      5. Пошта байланысы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жыл сайынғы тақырыптық жоспарларда пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығару түрлерін бекітеді, оған сәйкес Ұлттық пошта операторы пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің шығарылымы мен өткізілуін ұйымдастырады.

      6. Қазақстан Республикасы Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығарудың тақырыптық жоспарының (бұдан әрі – Тақырыптық жоспар) жобасы жыл сайын шығарылым жоспарланатын жыл басталғанға дейін 6 айдан бұрын кешіктірмей түскен мемлекеттік органдардың, Ұлттық пошта операторының, халықаралық ұйымдардың, пошта маркаларын бірлесіп шығару туралы басқа елдердің пошта әкімшіліктерінің, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

      7. Тақырыптық жоспардың жобасына жолданған ұсыныстар уәкілетті органмен алдыңғы шығарылым жылының 1 тамызына дейін қаралады.

      8. Тақырыптық жоспар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бекітіледі.

      9. Тақырыптық жоспарлардың жобаларын қалыптастыру кезінде пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің келесі тақырыптары мен сюжеттері рұқсат етіледі:

      1) қазақ және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын басқа да халықтардың тарихи және мәдени мұрасының оқиғалары;

      2) Қазақстан Республикасының флора мен фаунасы;

      3) білімнің барлық салаларындағы жетістіктері;

      4) ішкі және халықаралық өмірдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының филателия саласындағы негізгі оқиғалары;

      5) мемлекеттік және саяси қайраткерлердің, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, олардың өлімінен он жыл өткеннен кейін ерте емес немесе жиырма бес жылға еселі мерейтойына себепті суреттері;

      6) облыстардың, қалалардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, Қазақстан Республикасының оқу орындарының жиырма бес жылға еселі мерейтойлық күндері;

      10. Тақырыптық жоспарлардың жобаларын қалыптастыру кезінде пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің келесі тақырыптары мен сюжеттері рұқсат етілмейді:

      1) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қазірде өмірде бар адамдарға арналуы;

      2) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін саяси партиялардың, қоғам, діни және қайырымдылық ұйымдардың құрметіне шығаруға;

      3) саяси және (немесе) жеке тұлға немесе ел үшін тіл тигізуші сипаттағы пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығаруға.

      11. Жыл сайын бекітілетін Тақырыптық жоспар пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің шығарылымын ұйымдастыру үшін Ұлттық пошта операторына жолданады.

      12. Ұлттық пошта операторы өзінің өндіріс объектілерінің тапсырыстары негізінде пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қажеттілік жоспарын құрайды.

      Пошта төлемінің электронды белгілерін қоспағанда, пошта төлемінің мемлекеттік шығарылатын белгілерінің таралымы Ұлттық пошта операторымен халықтың қажеттілігі, коммерциялық қызметі және резервтің халықаралық міндеттемелері ескеріле отырып анықталады және уәкілетті органға бекітілуге ұсынылады.

      13. Уәкілетті органның шешімі бойынша мыналарға:

      1) таралымның 10 пайызынан артық емес, пошта төлемі белгілерінің таралымдар бөлігін бастырылған түрде әзірлеуге;

      2) негізгі таралымның 10 пайызынан артық емес, көркемдік маркалардың қосымша таралымның шұғыл шығарылымын ұйымдастыруға рұқсат етіледі;

      3) жеке және заңды тұлғалардың тапсырысы бойынша пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін жарнама мақсатында (коммерциялық шығарылым) шығару Ұлттық пошта операторының шешімі бойынша ұйымдастырылады. Мемлекеттік пошта төлемінің белгілерін әзірлеу және дайындау тапсырыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады;

      4) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін айналымынан шығару.

3-тарау. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін айналымға енгізу және айналымнан алу тәртібі

      14. Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша пошта төлемі мемлекеттік белгілерінің түрлері мен көлемдерін бекіту арқылы пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін пошта айналымына енгізеді.

      15. Ұлттық пошта операторының шешімі бойынша пошта маркасын (пошталық блок) айналымға енгізу күнінде, арнайы пошта штемпелін және алғашқы күн хатқалтасын қолдана отырып, айналымға енгізілетін пошта маркасының (блоктың) бастыруы жасалынады.

      16. Арнайы пошта штемпелі мен алғашқы күн хатқалталарына қойылатын талаптар Ұлттық пошта операторымен белгіленеді.

      17. Ұлттық пошта операторы пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін өндіріс объектілеріне айналымға енгізуге дейін үш жұмыс күннен кешіктірмей таратуды жүзеге асырады.

      18. Уәкілетті орган Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша филателиялық өнім ретінде қолдану мақсатында пошта айналымынан пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін алуды жүзеге асырады.

      19. Пошта айналымынан алынған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері филателиялық өнімдер ретінде қолданылады.

      20. Қазақстан Республикасының ішкі пошта жөнелтілімдерінде пошта төлемінің электронды белгісі қолданылуы мүмкін.

4-тарау. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілері мен филателиялық
өнімдерді жасауды, шығаруды және өткізуді ұйымдастыру тәртібі

      21. Шығарылымға жоспарланған пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің эскиздерін әзірлеу тиісті суретшілер, дизайнерлер және мамандар (ғылым, мәдениет, тарих және спорт саласындағы) тартыла отырып, Ұлттық пошта операторымен жүзеге асырылады.

      22. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің эскиздері уәкілетті органға бекітуге ұсынатын Комиссиямен қаралады.

      23. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің эскиздері Комиссияның төрағасымен осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бекітіледі.

      24. Комиссия пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығару саласындағы эмиссионды саясаттың жалпы қағидаттарын анықтау жөніндегі алқалы орган болып табылады.

      25. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасымен ратификацияланған халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Қағидаларды басшылыққа алады.

      Комиссия өз қызметін ақысыз негізде жүзеге асырады.

      26. Комиссияның құрамына уәкілетті органның мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, оның ішінде Ұлттық пошта операторының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

      27. Комиссия төрағадан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы бес адамнан кем емес. Комиссияның хатшысы Комиссия құрамына кірмейді.

      Комиссияның құрамы уәкілетті органмен бекітіледі.

      28. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің үстінен қайта басуды дайындау Ұлттық пошта операторының өтініш жасауы бойынша жүзеге асырылады.

      29. Жоспардан тыс пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығару бойынша ұсыныстар және шот резервіне Уәкілетті органға оларды айналымға енгізуге дейін алты айдан кешіктірмей қаралуға қабылданады.

      30. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін іске асыру жазбаша хат-хабарларды жіберуді төлеу үшін, сондай-ақ филателиялық өнім ретінде жүзеге асырылады.

      31. Филателиялық өнімді іске асыру Ұлттық пошта операторымен жүзеге асырылады. Филателиялық өнімнің іске асыру құны Ұлттық пошта операторымен айқындалады.

      32. Ұлттық пошта операторының коллекционері үшін Ұлттық оператор белгілеген тәртіпте пошта төлемінің және филателиялық өнімдердің белгілерін өткізу бойынша мамандырылған бөлімшелерде абоненттік қызмет көрсету ұйымдастырылады.

      33. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін сақтау және есепке алу Ұлттық пошта операторымен жүзеге асырылады.

      34. Уәкілетті органның шешімі бойынша Ұлттық пошта операторы пошта төлемінің электрондық белгілерін қоспағанда, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін Қазақстан Республикасының пошта төлемі белгілерінің мемлекеттік коллекциясына екі дана көлемінде енгізеді.

      35. Заңсыз шығарылған пошта маркалардың айналымынан сақтану мақсатында Ұлттық пошта операторы ДПО Халықаралық Бюросына ДПО мүше елдердің түпнұсқа маркалардың тізіліміне енгізу үшін әр жаңа шығарылымның және әр номиналды қажетті ақпаратымен (шығарылым күні, техникалық сипаттама және басқа қажетті ақпараттар) қоса, маркалардың үш данасын жолдайды.

  Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін
және филателиялық өнімді шығару,
өткізу қағидаларына
1-қосымша

      Үлгі

Қазақстан Республикасының
пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін шығарудың 2016 жылға
арналған тақырыптық жоспары

Шығалырымдардың (сюжеттердің) атауы

Шығарылымдардың саны

Ескертпе

1-бөлім. Пошта маркалары және блоктар

1.1. " " сериясы

1.1.1

" " тақырыбы



2-бөлім. Таңбаланған хатқалталар

2.1. " " сериясы

2.1.1

" " тақырыбы



3-бөлім. Таңбаланған пошта карточкалары

3.1. " " сериясы

3.1.1

" " тақырыбы



4-бөлім. Резерв

4.1.

Резерв




Барлығы:



  Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін
филателиялық өнімді шығару,
өткізу қағидаларына
2-қосымша

      Үлгі

БЕКІТЕМІН:

Пошталық эмиссиялар жөніндегі комиссия төрағасының Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)


      Пошта төлемінің мемлекеттік белгісінің эскизі

      2:1 1:1







Келісілді:

Комиссияның мүшелері:

Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) (қолы)

Суретші:

Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) (қолы)