РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрыққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.07.2018 № 157 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту қағидалары бекітілсін.
2. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Д. Ақышев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Министр _____________Е.Досаев
2016 жылғы 23 ақпан
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрлігі
Министр _______________Ә.Исекешев
2016 жылғы 24 ақпан
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 15 қаулысымен бекітілген |
Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат
беру және рұқсат беруден бас тарту қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат (бұдан әрі - банкті айналдыруға рұқсат) беру тәртібін айқындайды.
2. Банкті айналдыруға берілген рұқсат Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4521 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 295 қаулысымен бекітілген Банкті (банк холдингін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру не рұқсат беруден бас тарту, банктерді ерікті түрде таратуға рұқсат беру, сондай-ақ жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару, оларды басқа банкке аудару қағидаларында көзделген банктерді (банк холдингтерін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға берілген рұқсаттардың тізіліміне енгізіледі.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Банкті айналдыруға рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту тәртібі
3. Банк уәкілетті органға Банктер туралы заңның 52-14-бабының
2-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру туралы өтінішті (бұдан әрі - өтініш) ұсынады.
Банктер туралы заңның 52-14-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтініш қағаз тасымалдағышта не электрондық түрде "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы ұсынылады.
4. Уәкілетті орган өтінішті Банктер туралы заңның 52-14-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімде қарайды.
Ұсынылған құжаттарға ескертулер болған кезде уәкілетті орган банкке осы ескертулерді көрсете отырып почталық, факсимильдік байланыс және (немесе) электрондық почта арқылы оларды жою мерзімін көрсете отырып хат жібереді.
Банк уәкілетті органның ұсынылған құжаттар бойынша ескертулерін ол белгілеген мерзімде жоймаған жағдайда, уәкілетті орган Банктер туралы заңның 52-14-бабы 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша банкті айналдыруға рұқсат беруден бас тартады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган айналдыру мерзімін көрсете отырып банкті айналдыруға рұқсат береді немесе банкті айналдыруға рұқсат беруден бас тартады.
5. Банкті айналдыруға рұқсат беруден бас тарту Банктер туралы заңның 52-14-бабының 5-тармағында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.
6. Банктер туралы заңның 52-14-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттар мынадай ақпаратты қамтиды:
1) банкті ислам банкіне айналдыру салдарының қаржылық болжамына мынадай көрсеткіштерді қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді талдау кіреді:
айналдыру рәсімі аяқталғаннан кейін қаржылық есептіліктер негізінде меншікті активтерге және меншікті капиталға рентабельділік (таза пайданың активтердің орташа мәніне және меншікті капиталдың орташа мәніне қатынасы);
айналдыру рәсімі аяқталғаннан кейін салалар, валюталар, қаржы құралдарының түрлері, өтеуге дейінгі мерзімдер бойынша инвестициялық портфельдің құрылымы бойынша болжам;
2) банкті ислам банкіне айналдыру кезеңіне банктің жан-жақты жылдық қаржылық жоспары және банкті ислам банкіне айналдырғаннан кейінгі үш қаржы (операциялық) жыл негізгі қаржылық көрсеткіштердің есебін, бюджетті, бухгалтерлік балансты, пайда мен зиян туралы есепті, бизнес-жоспарды қаржыландыру көздерін және көлемін қамтиды;
3) тәуекелдерді басқару жоспары банктің қызметін және оның қаржылық жай-күйін директорлар кеңесінің, басқарманың тарапынан тиімді бақылауды, оның ішінде мыналарды:
корпоративтік басқарудың тиісті практикасын және іскерлік этика мен мәдениеттің тиісті деңгейін;
банктің және оның қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын;
банк капиталының ол қабылдайтын тәуекелдердің деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді уақтылы анықтау, өлшеу, бақылау және мониторингі арқылы банктің тәуекелдерін тиімді басқаруды;
банктің және оның қызметкерлерінің қызметіндегі кемшіліктерді уақтылы анықтау мен жоюды;
болжанбаған немесе төтенше жағдайларды шешу үшін банкте барабар тетіктер құруды;
банкті қаржылық қалпына келтіру жөнiндегi іс-шаралардың (банктің меншікті капиталын пруденциялық нормативтер және басқа да сақталуы мiндеттi нормалар мен лимиттер орындалатын мөлшерге дейін қалпына келтіруге бағытталған шығыстарды төмендету жөніндегі шаралар, қосымша қаржылық салымдар (ақша сомасын жәе ақша салу көздерін көрсете отырып), қосымша кiрiстер алу жөнiндегi іс-шаралар және басқа да іс-шаралар) егжей-тегжейлі сипаттамасын;
банкті қаржылық қалпына келтіру жөнiндегi iс-шаралардың күнтiзбелiк орындалу мерзiмдерiн;
қалпына келтiру жөнiндегi іс-шаралардың болжамды экономикалық нәтижесiн (пруденциялық нормативтердің өзгеру динамикасы, банктің меншiктi капиталы мөлшерiнiң өзгеруі, банктің қаржылық және басқа да көрсеткiштерiнiң өзгеруі) қамтамасыз ету арқылы жүзеге асыруды қамтамасыз ететін ақпаратты қамтиды.
7. Банктер туралы заңның 52-14-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттар банктің осындай құжаттарға қол қою құқығы бар лауазымды адамдарының қолдарымен және банктің мөр бедерімен (бар болса) расталады.
8. Банкті айналдыруға рұқсатты алғаннан кейін банк Банктер туралы заңның 52-16-бабының 3-тармағында көзделген рәсімдерді жүргізеді.
Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту қағидаларына қосымша |
Нысан
№ __________________
күні _______________
____________________
____________________
(уәкілетті органның
бірінші басшысы)
Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде
қайта ұйымдастыруға рұқсат беру туралы өтініш
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
(банктің атауы)
банктің акционерлерінің жалпы жиналысының ______ жылғы "__" _________
№ ___ шешіміне сәйкес, ______________________________________________
_____________________________________________________________________
(өткізілетін орны)
банкті ______________________________________________________________
(банкті айналдыру нәтижесінде құрылатын ислам банкінің атауы)
ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беруді сұрайды.
Банк өтінішке қоса берілген құжаттар мен мәліметтердің дәйектілігін, сондай-ақ өтінішті қарауға байланысты сұратылатын қосымша ақпараттың және құжаттардың уәкілетті органға уақтылы берілуін толығымен растайды.
Қоса берілетін құжаттар (жіберілетін құжаттардың атаулы тізбесін, әрқайсысы бойынша дана және бет санын көрсету қажет):
Банк акционерлерінің атынан уәкілетті адам (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), аталған өкілеттіктерді алуға негіз болып табылатын құжатқа сілтеме).
______________________
қолы
Мөр орны (бар болса)