Атом энергиясын пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 5 ақпандағы № 37 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 15 наурызда № 13466 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 23 сәуірдегі Заңының 6-бабының 8-1) тармақшасына және «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 20-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
      2. «Атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 81 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10518 болып тіркелген, 2015 жылғы 9 cәуірде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрі                        В. Школьник

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _______________ Е. Досаев
      2016 жылғы 17 ақпан

Қазақстан Республикасы 
Энергетика министрінің 
2016 жылғы 5 ақпандағы 
№ 37 бұйрығымен    
бекітілген      

Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптары «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 23 сәуірдегі Заңының 6-бабының 8-1) тармақшасына және «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 20-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналға қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды.
      2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал мынадай санаттарға бөлінеді:
      1) мамандар – жоғары буын басшыларын, аға басшыларды (бөлімдер мен секторлардың бастықтарын); кіші буын басшыларын (аға операторларды, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау топтарының бастықтарын және олардың орынбасарларын) қамтитын персонал; қызметі атом энергиясы пайдаланылатын объектіні пайдалануға байланысты инженерлік және (немесе) ғылыми персонал;
      2) техниктер – бақылау-өлшеу аппаратурасының техниктерін, радиациялық бақылау техниктерін, химиялық зертхана техниктерін, техник-механиктерді, техник-электриктерді және электрондық аппаратура техниктерін қамтитын персонал, сондай-ақ ядролық қондырғыны пайдалануға байланысты жұмыстармен тікелей айналысатын өзге де мамандандырылған персонал;
      3) жұмысшылар – дәнекерлеушілерді, слесарьларды, механиктерді, электриктерді, механизмдер операторларын қамтитын персонал және басқа да білікті жұмысшы персонал.

2. Мамандарға қойылатын біліктілік талаптары

      3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін мамандарға қойылатын біліктілік талаптары:
      1) ұйым жұмысының бағдарына сәйкес келетін техникалық мамандықтар бойынша дипломмен расталған жоғары білімі;
      2) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35 бабына сәйкес құжат түрінде расталған атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде кемінде бес жыл жұмыс өтілі;
      3) біліктілігін және тиісті лауазымның функционалдық міндеттеріне сәйкес дайындықтан өткенін растайтын сертификаттар мен куәліктер;
      4) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген 086/е нысанды медициналық анықтама, (бұдан әрі - 086/е нысанды медициналық анықтама) болуын қамтиды.

3. Техниктерге қойылатын біліктілік талаптары

      4. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін техниктерге қойылатын біліктілік талаптары:
      1) ұйым жұмысының бағдарына сәйкес келетін мамандықтар бойынша дипломмен расталған жоғары немесе орта білімі (техникалық және кәсіптік);
      2) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 35–бабына сәйкес атқаратын функционалдық және лауазымдық міндеттерге сәйкес құжат түрінде расталған кемінде екі жыл жұмыс өтілі;
      3) техникалық даярлығын және жұмыс істейтін қызмет саласы үшін базалық болып табылатын (физика, химия, математика, термодинамика және т.б.) ғылым мен техника бөлімдерінің білімін растайтын сертификаттар, куәліктер;
      4) ақпаратпен ауызша, жазбаша және техникалық алмасу дағдылары, сондай-ақ ядролық техника саласындағы және өз қызметі жүзеге асырылатын нақты қондырғының құрылғысы бойынша пайдаланушы ұйым өткізетін емтиханның нәтижелерімен расталған радиациялық қорғау және бақылау, қауіпсіздік техникасы және өртке қарсы қорғау жөніндегі білімі;
      5) 086/е нысанды медициналық анықтама;
      6) пайдаланушы ұйым өткізетін емтиханның нәтижелерімен расталған функционалдық міндеттерге сәйкес міндеттерді немесе жұмыстарды орындау үшін алғашқы кәсіби даярлығы болуы тиіс.

4. Жұмысшыларға қойылатын біліктілік талаптары

      5. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін жұмысшыларға қойылатын біліктілік талаптары:
      1) ұйым жұмысының бағдарына сәйкес келетін мамандықтар бойынша дипломмен расталған орта білімі (техникалық және кәсіптік);
      2) мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі;
      3) 086/е нысанды медициналық анықтама;
      4) пайдаланушы ұйым өткізетін емтиханның нәтижелерімен расталған функционалдық міндеттерге сәйкес міндеттерді немесе жұмыстарды орындау үшін алғашқы кәсіби даярлығы болуы тиіс.