Мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға қойылатын талаптарды және Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 14 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 15 наурызда № 13460 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Мыналар бекітілсін:

      1) осы қаулаға 1-қосымшаға сәйкес Мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға қойылатын талаптар;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау қағидалары.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сарсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 14 қаулысына
1-қосымша

Мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға қойылатын талаптар

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес әзірленді және көлік құралына (бұдан әрі - КҚ) келтірілген зиянның мөлшерін айқындау кезінде сақтандырушы пайдаланатын мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға (бұдан әрі - МБҚ) қойылатын талаптарды айқындайды.

2-тарау. Мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға қойылатын негізгі талаптар

      2. Сақтандырушы МБҚ-ны сақтандырушының үлестес тұлғасы болып табылмайтын МБҚ-ның құқық иеленушісі қол қойған лицензиялық шарт негізінде пайдаланады.

      3. МБҚ-да КҚ қалпына келтіру жөндеу құнының калькуляциясы (есебі) Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілген әдістемеге және сақтандыру омбудсманының интернет-ресурсында орналастырылатын, КҚ иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру ерекшеліктерін ескере отырып, пайдаланылатын әдістеменің жекелеген ережелерін қолдану жөніндегі сақтандыру омбудсманының шешімдеріне сәйкес жасалады.

      4. МБҚ КҚ қалпына келтіру жөндеуінің құнын есептеу үшін жұмыстардың еңбек сыйымдылығының нормативтері туралы калькуляция жасау сәтінде КҚ дайындаушы кәсіпорындарынан және уәкілеттік өндіруші зауыт берген ұйымдардан өзекті және шынайы ақпаратты пайдаланады және КҚ өндіруші құрастырған КҚ нақты маркасы (моделі, түрлендірулері) үшін бөлшектердің каталогтық нөмірлері мен қосалқы бөлшектердің каталогтарынан тұрады.

      5. МБҚ қамтамасыз етеді:

      1) калькуляцияны құрайтын пайдаланушыны және калькуляцияны бекіткен тұлғаны сәйкестендіру;

      2) калькуляцияға кез келген өзгеріс енгізетін тұлғаны, сондай-ақ өзгерістерді енгізу күнін, уақытын сәйкестендіру;

      3) есептеу жүргізілген сәттен бастап 3 жыл ішінде калькуляцияны сақтау, сондай-ақ редакциялау және калькуляцияға енгізілген өзгерістердің хронологиясын 1 жыл бойы сақтау;

      4) калькуляцияда пайдаланушы лицензиясының нөмірін жасау сәтіндегі оның қолданылуын растай отырып көрсету;

      5) электрондық форматтағы калькуляцияны шығару және калькуляцияны сақтандыру ұйымының ақпараттық базасына беру;

      6) дерекқорды автоматты түрде жаңаруды;

      7) Қазақстан Республикасының нарығында ұсынылған және бөлшектерді (материалдарды) өткізуге мамандандырылған интернет желісіндегі сыртқы көздерден алынған ақпарат негізінде бөлшектердің (материалдардың) нарықтық құнын айқындау мүмкіндігі;

      8) калькуляцияны құрастырған тұлға бөлшектің (материалдың) бағасын көрсеткені туралы белгі қою;

      9) МБҚ серверіндегі ақпараттың Талаптардың 5-тармағының 3) тармақшасында белгіленген мерзім ішінде сақталуы.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 14 қаулысына
2- қосымша

Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау қағидалары

      Ескерту. Қаулы 2-қосымшамен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзірленді және көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін анықтау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау тәртібі

      2. Көлік құралына келтірілген зиян мөлшерін есептеуді (бұдан әрі – зиян мөлшерін есептеу) сақтандырушы немесе бағалаушы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау туралы өтініш негізінде лицензияланған мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды (бұдан әрі-МБҚ) қолдана отырып жүзеге асырады.

      Жасырын ақаулар болған кезде көлік құралына қосымша тексеру жүргізу осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша, мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау туралы өтініш негізінде де жүзеге асырылады. Бұл ретте бүлінген көлік құралын қарап-тексеруді сақтандырушы жүзеге асырады және Қағидаларға 2-қосымшада көзделген мәліметтерді қамтитын қарап-тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді. Жасырын ақаулар болған кезде зиян мөлшерінің есебін түзету зиян мөлшері туралы есепке толықтыру түрінде ресімделеді.

      Көлік құралына зиян келтірілген зардап шегуші (пайда алушы) немесе олардың өкілі ол немесе сақтанушы (сақтандырылушы) Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау туралы өтініш берген күннен бастап зақымданған мүлікті ол көлік оқиғасынан кейін болған жағдайда сақтайды және сақтандырушыға зиянның мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді.

      3. Сақтандырушының қарап тексеру және қарап тексеру актісін жасау, мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау мерзімдері Заңның 22-бабының 3-тармағымен реттеледі.

      Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін есептеу рәсімі аяқталғаннан кейін сақтандырушы зиянның мөлшері туралы есепті зардап шегушіге (пайда алушыға) немесе олардың өкілдеріне танысу үшін ұсынады.

      Зардап шегуші (пайда алушы) немесе олардың өкілі зиянның мөлшері туралы есепті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде алған есепте зиянның мөлшеріне жүргізілген есептің нәтижелерімен келісетіні не келіспейтіні туралы белгіні көрсетеді. Зардап шегушінің (пайда алушының) немесе олардың өкілінің сұратуы бойынша сақтандырушы зиянның мөлшері туралы есепке қосымша түсіндірме береді.

      Зиянның мөлшері туралы есепті сақтандырушы жасайды және МБҚ-да қалыптастырылатын көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау калькуляциясын қамтиды. Зиян мөлшері туралы есепті ресімдеу Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Сақтандырушы зардап шеккен көлік құралын тексерген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде зардап шегушіге (пайда алушыға) немесе олардың өкіліне зиян мөлшері туралы есеп бермеген жағдайда, зардап шегуші (пайда алушы) немесе олардың өкілі Заңның 22-бабының 3-1-тармағына сәйкес анықталған мөлшерде сақтандыру төлемін алады.

      4. Қағидалардың 2 және 3-тармақтарында көзделген көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау тәртібі сақтандырушы қызмет көрсету туралы шарт негізінде тартқан бағалаушыға да қатысты қолданылады.

      5. Зардап шегушінің (пайда алушының) немесе олардың өкілдерінің зиянның мөлшерін есептеу нәтижелерін даулауы Заңның 29-1-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      6. Келтірілген зиянның мөлшерін есептеуді ұйымдастыруға мынадай кезеңдер кіреді:

      1) сақтанушымен (сақтандырылушымен) не зардап шегушімен (пайда алушымен) немесе олардың өкілдерімен және сақтандырушымен келісім бойынша зақымданған көлік құралын қарап-тексеру орны мен уақытын айқындау;

      2) зақымданған көлік құралын қарап-тексеру және қарап-тексеру актісін жасау;

      3) МБҚ-ны пайдаланып, зақымданған көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерінің есебін жасау.

      7. Көлік құралын қарап-тексеру мүмкін болған жағдайда, жүзеге асырылады:

      көлік құралына кедергісіз қол жеткізу;

      көлік құралын сәйкестендіру;

      одометр көрсеткіші бойынша көлік құралы жүру жолының шамасын белгілеу;

      көлік құралының жинақтылығы мен жинақталуын, қосымша жабдықтың болуын анықтау;

      осы нақты жол-көлік оқиғасынан туындаған ақаулар мен зақымданулардың тізбесі мен көлемін анықтау;

      белгіленген талаптарға сәйкес зақымдануларды фото суретке түсіру;

      осы көлік құралына бұрын жүргізілген жөндеу белгілерін анықтау, агрегаттарды, тораптарды және қымбат тұратын жинақтаушы бұйымдарын ауыстыру (көлік құралын бөлшектемей).

      Көлік құралын қалпына келтіру үшін жөндеу құнын айқындау кезінде тексеру осы жол-көлік оқиғасында зақымданғанын растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі.

      Зақымданған көлік құралын қарап-тексеру нәтижелерін сақтандырушы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған, қарап тексеру актісінде тіркейді.

      Тексеру актісіне қосымша ақпарат көздері зақымдалған көлік құралының фотоматериалдары болып табылады.

      8. Зардап шегуші (пайда алушы) немесе олардың өкілдерінің келісімі бойынша сақтандырушы сақтандыру төлемінің есебіне зақымданған көлік құралын жөндеу ақысын ұйымдастырады және жүзеге асырады.

      9. Егер көлік құралы техникалық тұрғыдан алғанда қалпына келтіруге мүмкін болмаса немесе экономикалық тұрғыдан алғанда орынды болмаса, ол жойылған болып саналады. Егер көлік құралын қалпына келтіру үшін күтілетін шығыстар зиян мөлшері туралы есепті қалыптастырған күнгі нарықтық бағасының 80 (сексен) пайызынан асатын болса, көлік құралын қалпына келтіру экономикалық тұрғыдан алғанда орынсыз болып саналады.

      Көлік құралы істен шыққан жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемін зақымданған көлік құралының зиян мөлшері туралы есепті жасаған күнгі нарықтық құны мөлшерінде жүзеге, бұл ретте зардап шегуші (пайда алушы) немесе олардың өкілі зақымданған көлік құралының қалдығын сақтандырушының меншігіне өткізеді не өткізуге жарамды тетіктердің, тораптардың, агрегаттардың, материалдардың құнын шегере отырып, сақтандыру төлемін жүзеге асырады.

      10. Сақтандырушы көлік құралына келтірілген зиян мөлшерінің калькуляциясын жасау кезінде бөлшекті ауыстыру қажет болған жағдайда тозуды есепке алмай, жаңа бөлшектің нарықтық құнын қолданады. Бұл жағдайда пайда алушы ауыстырылатын бөлшекті сақтандырушының меншігіне береді.

  Көлік құралына келтірілген
зиянның мөлшерін
айқындау қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

Келіп түскен күні
_______________
(жылы, күні, айы)

Кіріс тіркеу нөмірі № _________
Басқарма Төрағасына ___________________________________
(Сақтандыру ұйымының атауы)
_________________________________-дан
(заңды тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)),
___________________________________
тұрғылықты жері не атауы __________________________________
орналасқан орны, байланыс деректері),
Электрондық төлем ісінің бірегей нөмірі
Сақтандыру шартының бірегей сәйкестендіргіші

Мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау туралы өтініш

      Мүлікке/көлік құралына (маркасы, моделі), мемлекеттік тіркеу нөмірі (кадастр нөмірі, сәйкестендіру нөмірі) келтірілген зиянның мөлшерін айқындауыңызды сұраймын.

      _____ жылғы "____" ___________ _____ сағат ____ минутта

      мына мекенжай бойынша:

      _________________________________________________________________________,

      (мүліктің/көлік құралының орналасқан жері)

      Бүлінген ____________________________________________

      мүлікті (көлік құралын) қарап-тексеруді сұраймын.

      Өтініш берушінің байланыс деректері:

      __________________________________________________.

      (телефоны)

      Бүлінген мүлікті (көлік құралын) қарап-тексеруді тараптар тексеру уақытын, күнін және орнын алдын ала келісе отырып жүзеге асырады.

      ________________ _________________

      (өтініш берушінің қолы) (толтырған күні)

  Көлік құралына келтірілген
зиянның мөлшерін
айқындау қағидаларына
2-қосымша

Қарап-тексеру акті

      1. Зақымданған көлік құралын қарап-тексеру актісін жүргізу және жасау күні, уақыты.

      2. Жеке тұлға көлік құралының иесі туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) немесе заңды тұлғаның толық атауы).

      3. Көлік құралын қарап-тексеруге ұсынған адам туралы мәлімет:

      3.1. тегі, аты, әкесінің аты;

      3.2. ЖСН және жеке куәлігінің нөмірі;

      3.3. көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (көлік құралын тіркеу туралы куәлік).

      4. Көлік құралы туралы мәлімет:

      4.1. VIN;

      4.2. көлік құралының маркасы, моделі;

      4.3. көлік құралының мемлекеттік нөмірі;

      4.4. көлік құралының шығарылған жылы;

      4.5. жүрген жолы;

      4.6. қосымша жабдық;

      4.7. көлік құралында көрсетілген көлік құралының сәйкестендіру нөмірінің (VIN, ол болмаған кезде шанақ немесе рама нөмірінің) суреті;

      4.8. одометр суреті (бар болса).

      5. Көлік құралының зақымданған элементтері туралы мәліметтер:

      5.1. зақымданған бөлшектердің (тораптардың, агрегаттардың) атауы;

      5.2. зақымданған жерінің суреті;

      5.3. ықтимал жасырын зақымданулар туралы ақпарат (зақымданулардың болжамды жерін және сипатын көрсете отырып).

      6. Көлік құралын қарап-тексеруді жүзеге асырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса).

  Көлік құралына келтірілген
зиянның мөлшерін
айқындау қағидаларына
3-қосымша

Көлік құралына келтірілген зиян мөлшері туралы есепті ресімдеу

      1. Көлік құралына келтірілген зиян мөлшері туралы есеп мына мәліметтерді қамтиды:

      1) титул парағында:

      есеп нөмірі;

      жасалған күні;

      көлік құралының маркасын, моделін және мемлекеттік тіркеу нөмірін көрсету;

      объектіні қарап-тексеру күні;

      өтініш берушінің (пайда алушының) толық атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты(бар болса);

      зиянның мөлшерін анықтайтын сақтандырушы туралы мәліметтер: толық атауы, БСН, банктік деректемелері, заңды мекенжайы;

      тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) көрсете отырып, мөрмен (бар болса) және есепті бекітетін адамның қор қоюымен расталады;

      жалпы ақпарат және объектінің сипаттамасы;

      2) есептеу бөлігі:

      амортизациялық тозуды есептеу;

      3) тозуды ескере отырып, ауыстырылатын бөлшектердің құнын көрсету, қалпына келтіру жұмыстарының көлемі мен құнын көрсету, материалдардың құнын көрсету, қалпына келтіру үшін жөндеудің қорытынды құнын көрсету;

      4) есепке қосымшалар мыналарды қамтиды:

      МБҚ-да жасалған калькуляцияны;

      объектінің суретін;

      калькуляция жасау үшін бастапқы деректер: есеп жүргізуге арналған өтініш, қарап-тексеру актісі, олардың негізінде есеп жасалған өзге де құжаттар.

      2. Құнның жиынтық шамасы Қазақстан Республикасының валютасында (теңгемен) көрсетіледі және жақшаның ішінде соманың жазбаша талдамасы бар, теңгеге дейін дөңгелектенген цифр түрінде көрсетіледі.

      3. Зиянның мөлшері туралы есепті сақтандыру ұйымының басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам бекітеді.

      4. Есеп қандай да бір өзгерістер енгізуге мүмкіндік бермейтін форматта, қағаз немесе электронды түрде жасалады және пайда алушыға ұсынылады.