«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңы 5-1-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділем министрлігінің Республикалық құқтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жолдауды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Ғ.Демеуовке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр
полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2016 жылғы 16 қаңтардағы
№ 32 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.
2. Қағидалар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында (бұдан әрі – ІІМ білім беру ұйымдары) оқу процесін қашықтықтан білім беру технологиялары (бұдан әрі – ҚБТ) түріндегі білім беру технологияларын қолдана отырып ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
3. ІІМ білім беру ұйымдарында ҚБТ сырттай оқыту факультеттерінде, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттарында (факультеттерінде) қолданылады.
4. ҚБТ-ны қолдану ІІМ білім беру ұйымдарында мынадай түрлері: телевизиялық технология, желілік технология және кейс-технология бойынша жүзеге асырылады:
1) желілік технология – оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесіне әкімшілік етуді қамтитын технология;
2) кейстік технология – қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды білім алушыларға өздігінен зерделеу үшін таратуға негізделген технология;
3) телевизиялық технология – телевизияның эфирлік, кәбілдік және спутниктік жүйелерін қолдану негізіндегі технология;
5. ҚБТ-ның субъектілері білім алушылар, профессорлық-оқытушылық құрам және ІІМ білім беру ұйымдары болып табылады.
2. Оқу процесін білім беру технологияларын (ҚБТ) қолдана отырып ұйымдастыру тәртібі
6. Оқу процесін ҚБТ-ны қолдана отырып ұйымдастыру үшін ІІМ білім беру ұйымдары:
1) білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпаратты қамтитын парақтары бар білім беру порталын;
2) телекоммуникациялық желіге (Интернет, спутниктік телевидение) шығу мүмкіндігі бар жабдықты;
3) мультимедиалық сыныптар мен электрондық оқу залдарын;
4) оқу контентін;
5) тестілеу кешенін;
6) оқытуды басқарудың желілік жүйелерін (Learning Management System) пайдаланады.
7. Оқу процесін ҚБТ-ны қолдана отырып жүзеге асыру үшін ІІМ білім беру ұйымдары:
1) оқытушыларды және қызметтердің қызметкерлерін оқытады;
2) білім беру ресурстарын әзірлеу және жаңарту үшін қызметкерлерге және профессорлық-оқытушылық құрамға жағдай жасайды;
3) білім алушыларға ақпараттық технологиялар немесе қағаз тасымалдағыштар арқылы оқу материалын жеткізеді;
4) «on-line» (онлайн) режимінде консультациялар ұйымдастырады және өткізеді;
5) «off-line» (офлайн) режимінде білім алушылармен кері байланысты ұйымдастырады;
6) «on-line» (онлайн), «off-line» (офлайн) режимінде білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бақылайды;
7) аутентификация жүйесі арқылы білім алушылардың жеке басын сәйкестендіреді.
8. Білім алушыларды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін ІІМ білім беру ұйымдарында ҚБТ-ны пайдалану арқылы іске асырылатын оқу жоспарларының барлық пәндері бойынша электрондық оқу-әдістемелік кешендер жасалады.
Электронды оқу-әдістемелік кешендерді дайындауды бекітілген оқу бағдарламалары бойынша курстың әзірлеушісі жүзеге асырады.
9. Пәннің электрондық оқу-әдістемелік кешені міндетті және қосымша жинақтардан тұрады.
10. Міндетті жинақ:
1) пәннің мазмұнын, тақырыптық жоспарды, ұсынылатын әдебиеттер (негізгі және қосымша) тізімін, пәндерді модульдерге бөлуді қамтитын силлабустан;
2) дәрістің электрондық конспектісінен;
3) практикалық және семинар сабақтарының материалдарынан;
4) білім алушының өзіндік жұмысының және оқытушының басшылығымен жүргізілетін өзіндік жұмыстарының тапсырмаларынан;
5) аралық бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (бақылау жұмыстары, тестілік тапсырмалар, жеке тапсырмалар);
6) қорытынды бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (тестілеу емтихандық тапсырмалар, емтихан сұрақтары, билеттер, емтихандық бақылау жұмыстары);
7) қашықтықтан консультациялар жүргізу кестесінен тұрады.
11. Қосымша жинақты білім беру ұйымы дербес анықтайды.
12. ҚБТ-ны енгізетін ІІМ білім беру ұйымында білім алушылардың деректер базасын (білім алушыларды қабылдау, ауыстыру, қайта қабылдау туралы бұйрықтар, олардың ағымдағы үлгерімі туралы мәліметтер) қамтитын ақпараттық басқару жүйесі құрылады.
13. ІІМ білім беру ұйымдарында ҚБТ-ны қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыруды тиісті білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөліністер жүзеге асырады.
14. ҚБТ-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс ҚБТ-ны қолдана отырып оқу процесін жоспарлайды және ұйымдастырады, ҚБТ-ға байланысты құжаттаманы жүргізеді.
15. ҚБТ-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс электрондық оқулықтар, мультимедиалық курстар, әдістемелік құралдар әзірлеуді, сатып алуды және игеруді жүзеге асыруға консультативтік көмек көрсетеді, білімді бақылаудың тестілеу жүйесіне және басқа да білімді бақылау құралдарына әкімшілік етеді, ҚБТ үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану әдістемесін әзірлейді.
16. ҚБТ-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс қашықтықтан оқытудың бағдарламалық, ақпараттық және техникалық құралдарын әзірлеуге, игеруге және қолдауға белсене қатысады.
17. ҚБТ-ны қолданатын білім беру ұйымы оқу процесіне қатысушылардың барлық қолжетімді қазіргі заманғы телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, өзара іс-қимыл жасасуы арқылы білім алушыларға әдістемелік көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
18. Білім беру қызметінің барлық түрлері:
1) ҚБТ-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс қызметкерінің немесе оқытушының білім алушылармен телекоммуникациялық құралдарды пайдалану немесе ІІМ білім беру ұйымында тікелей байланыс орнату арқылы (білім алушының бастамасы бойынша) қарым-қатынаста болуы;
2) білім алушының оқыту құралдарымен өзіндік жұмысы (оқу-әдістемелік кешен, қосымша әдебиет) арқылы жүзеге асырылады.
19. ҚБТ қашықтықтан оқу сабақтарын «оn-line» (онлайн), «off-line» (офлайн) режимінде өткізуге негізделген.
20. «Оn-line» (онлайн) режиміндегі оқу сабақтары нақты уақыт режимінде оқудың өзара іс-қимыл процесін көздейді (бейнеконференция, Интернет желісі бойынша хабар алмасу, телефон аппараты арқылы келіссөздер).
21. «Оff-line» (офлайн) режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы қарым-қатынас асинхронды болатын (электрондық пошта, одан әрі аралық және/немесе қорытынды бақылау тапсыра отырып оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулықпен жұмысы) оқудың өзара іс-қимыл процесін көздейді.